Бейбіт өмірде де ерлік жасауға болады

Бейбіт өмірде де ерлік жасауға болады

Мен  еңбекпен маңдай терін төгіп, жақсылық парызын еліне,  дос-жарандарына, туған-туысқандарына, өзі өмір сүрген қоғамына арнаған туған ортасына қарапайымдылығымен сыйлы, 45 жылдан астам уақыт мақсатымыз бір, тілегіміз бір етене араласып жүрген  бүгінде 75 жасқа толып отырған Әлібек Жапеков туралы бірер жылы сөз айтпақпын.

Ол Алматы облысы Кеген ауданы Қарқара ауылында 8 мамыр 1951 жылы дүниеге келген. Шелек ауылындағы  Абай орта мектебінде, Алматы гидромелиоративтік техникумында, Жамбыл гидромелиоративтік институтында, Қарағанды  Жоғарғы милиция мектебінде білім алған.

         

Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ арда азамат   

Әлібек еңбек жолын Шелек ауылы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында бастаған. Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеген. Ішкі істер органында 1980 жылдан Шелек аудандық ішкі істер бөлімінің қатардағы инспекторы, 1995 жылдан аудандық салық полициясының тергеу бөлімінің бастығы, 1998 жылдан Алматы облыстық ІІД әкімшілік қызмет басқармасында патрульдік полиция басқармасының басшысы, 2000 жылдан Еңбекшіқазақ аудандық паспорт бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2004 жылдан әділет басқармасында басшы, 2006 жылы Шелек ауылында әділет басқармасының бөлімін басқарды. Елордаға барып, Әділет министрінің қабылдауында болып, халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратына қаржы бөлгізіп, Шелек ауылында облыста бірінші болып ХҚКО ашуға жұмыс жасады. Әлекең жауапты қызметтерде болып, биліктің биік тұтқасын ұстап, ауданның экономикалық дамуына, мәдениеттің өркендеп өсуіне зор үлесін қосқан беделді әрі абыройлы тұлға болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ол әділ әрі кең ойлап, күрделі мәселелерді тура шешетін басшы ретінде танылды. Ең бастысы – талантты ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде өзін көрсетіп, қызметте қарапайым, ашық сөйлесетін, оның үстіне тәртіп пен адами мәдениетті қатаң ұстанатын. Ол қызмет бабында пендешілікке бармады. Кадрларды бір қызметтен екінші қызметке ауыстырғанда әбден ойланатын. Қарамағындағылардың отбасы жағдайына да қарайтын. Олардың адами қасиеттеріне терең назар аударды.

Ол қарапайым адамдардың талап-тілектерін жақсы біліп, түсінді, оларға үлкен құрметпен қарап, қиын сәттерде ұдайы көмегін аямады. Сондықтан да жоғары беделге ие болды.

Әлекең өз өмірін, жасаған еңбегін ел болашағына арнап, барлық білімін, тәжірибесін сол жолға жұмсап келеді. Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ. Өмірдің бейнеті мен зейнетін қызу шабытпен, түзу бағытымен, алған бетінен айнымай, ауыспалы кезеңдерде ауытқымай, адаспай, туған халқының келешегіне сарабдал оймен қарап, заман ағысын қатесіз аңдай білді. Адамның белгілі бір іске, тапсырылған міндетке жауапкершілікпен қарап, оны қалай да орындап, жүзеге асырып отыратын адамгершілік қасиетінің көрінісі. Еңбек жолын қарапайым халыққа қызмет ету комбинатында бастаған Әлібек Жапекұлымен өткен ғасырдың 80 жылдарының басынан Шелек өңірінде қызметтес болдық. Аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілері халық депутаттары аудандық Кеңесінің тұрақты комиссияларына жетекшілікке сайланатын. Әлекең ішкі істер бөлімі бастығының тәрбие, саяси жұмыстары туралы орынбасары, бастауыш партия ұйымы жетекшісі болды. Кеңестің қоғамдық тәртіпті сақтау тұрақты комиссиясы отырыстарында келелі мәселелерді талқылау барысында белсенділік танытушы еді. Тәртіп бұзушылықтардың алдын алу жолдары туралы шаруашылықтарды аралап, сала мамандарымен, қатардағы жұмысшылармен кездесіп, жұмыс жағдайларымен, отбасындағы проблемаларды шешуге араласып жүрдік.

Қандай да бір қайраткердің еңбегін бағалағанда, ең алдымен, оның өзі өмір сүрген қоғамға сіңірген еңбегі басты өлшем ретінде алынары даусыз. Ауданда қоғамдық қатынастар өзгеріп, аумалы-төкпелі заманда жұмыс істеп, жағдайды түзеу оңай болмады. Мемлекеттік бюджетті толтыру, қызметкердің еңбекақысы, зейнеткерлерге пенсиясын уақытылы беру, т.б. мәселелерді шешуге көп ұйымдастырушылық жұмыстарды жүргізу керек болды. 1996 жылы Шелек ауылында қызмет атқарып, салықты есепте тұрған «Филипп Моррис» компаниясының Алматы қаласы Ленин аудандық кіріс бөліміне 3 жыл қатарынан салық аударып келгенін анықтап, тексеру барысында 1 млн 500 мың теңгені Шелек аудандық кіріс бөліміне қайтартып, зейнеткерлердің зейнетақысын толығымен жапқызған еді. Айта берсе, басқа да жүзеге асқан жарқын істер жетерлік.

Ел басына қиыншылық түскен заманда туған жерін басқыншылардан қорғаған Малай, Шадай, Ескелді, Теберік, Онтағар сынды халық батырларының ерлігін, екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Төле Кенжебаев пен Төлен Қабыловтың ерліктерін, бейбіт заманда қажырлы еңбектерімен танылған Еңбек Ерлері құрылысшы Сәлім Жарылқасынов, темекіші Алтынбике Бертаева туралы, ел бірлігін ту қылып ұстанған Сәйбекұлы Сабыншы биді жастарымызға насихаттауда ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді.

 

Қылмыскерлер қолынан екі рет жарақат алған

Мемлекеттік қызметті кіршіксіз абыроймен атқарған ол ел экономикасының өркендеуіне қосқан үлесі мол. Іскер азаматтың адами қасиетін, азаматтығын айнадан көргендей аңғарасың. Оның ақыл-ойын, намысын, парасатын, қастерлі тұғырлы бейнесін көресің. Ол адам жанының сұлулығы мен мәндігі еңбекте деп түсінген. Оның өміріндегі басты тағылым еңбек болды. Көңілге кір шалдырмау асқақ мұраты болса, жақсы жандардың жасампаз өнегесін үлгі тұту – мызғымас ұстанымы.

Өзіне тән өр мінезі, рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, халқына ерекше жүрегі соққан, ішкі тегеуріні айқын сезіліп тұратын ерекше тұлға. Ел жадында азаматтық болмысымен, еңбексүйгіштік қасиетімен мәңгі есте қалатыны сөзсіз.

Ұрпақ жалғастыру мен үрім-бұтақты өмірге әкеліп тәрбиелеу адам өмірі үшін ең басты бақыт және байлық екенін ата-баба аманаттаған. Әлібек жолдасы Күлиза екеуі дүниеге бір ұл мен екі қыз әкелген. Ұлы Мұрат ұяға, қыздары қияға қонды. Бәрі ат жалын тартып мінген азамат болды. Оқыды, білім алды, тоқыды, ел тірлігіне араласты. Адал еңбек иесі атанды. Кісілікті мұра еткен кішіліктен танбайды. Әкеге бұдан асқан бақыт, асқан байлық бар ма?

Бойындағы ең жақсы әрі үздік қасиет – еңбекқорлығы, ұқыптылығы, білімі мен біліктілігі, өзге де бойына терең дарыған өте жақсы қасиеттері оны үлкен құрмет биігіне көтерген. Өзгеге, әріптестеріне жақсы үлгі болды. Сондықтан Әлібек Жапекұлы Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды.

Шелек өңірі белсенді қариялары елдімекендерде қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын жандандырып, өңірдегі 11 ауылдық округінде қоғамдық ұйымдардың жұмыстарымен танысып, Ардагерлер алқасы, Аналар кеңесі, Жастар қанаты мүшелерімен, жігіт басылары, имамдар және мекеме басшыларымен кездесулер өткізудеміз. Негізгі мақсат: ел тәуелсіздігін адал еңбекпен нығайту, тәрбие жұмыстарын жақсарту, ысырапшылдыққа жол бермеу, тәртіпті нығайту, ұлттық болмысымызды сақтау, жат діни ағымдардың ықпалынан жастарды сақтандыру, ауылшаруашылық науқанын ойдағыдай өткізіп, ауыл тіршілігінде күнбе-күн кездесетін проблемаларды бірігіп шешуде әр елдімекенде өзін-өзі басқаратын бір құрылым құруға ықпал жасауды қолға алу.

«Жақсыдан – үйрен, жаманнан – жирен» дейді дана адамдар. Бұл қағида өмірі ескірмейді. Кейінгі ұрпаққа қалдырған мәңгілік мұрасына жастар әрдайым көз қырын салып, зерделеп, зерттеп, жаңғыртып отырса.

Адамның өлшемі – рухының биіктігі. Уақытта тоқтам жоқ. Әркімнің өзі өмір сүрген уақытында алар орны бөлек. Халқымызда «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» деген тәмсіл бар. Еліне қаншалықты қадірлі болғанын, оның үйдегі, түздегі өмірінің тағылымы мен тәлімінің тереңдігін Шелек, Есік өңірінің жұртшылығы жақсы біледі.

Полиция – қауіп-қатер ортасында жүретін, қылмыскерден қорғайтын, әлсізге зорлық қылдырмайтын бірден-бір билік пен заң өкілі. Тәртіп сақшысы күн-түн демей, кез келген уақытта азаматтарға қол ұшын созып, қылмыскерді жауапқа беру үшін еңбек етеді. Азаматтары тыныш ұйықтай алатын, жұмыспен, тұрғын үймен толық қамтылған қоғам – жақсы Үкіметтің белгісі. Түнгі ұйқының тыныш болуы әр азаматқа, қоғамға, құқық қорғаушыға тікелей байланысты. Әлібек Жапекұлы өңірдің ардагерлері мен жас ұрпақ байланысын жандандыру бағытындағы жұмыстарға мұрындық болуда. Полиция полковнигі: «Ішкі істер органдары қызметкер іс-әрекеті заңмен өлшенеді. Әр қызметкер бұл саланың айнасы іспеттес. Полиция мамандығына жүрек қалауымен келіп, кәсіби деңгейде алдыңғы толқынның үздік тәжірибесімен қалыптасқан дәстүрлеріне бой ұсынған тұлға болып қалыптасады. Зайырлы құқықтық, демократиялық мемлекетке ашық, сауатты, моральдық негіздегі мығым полиция қажет. Кәсіби қызметінде немқұрайдылыққа, ұқыпсыздыққа, білімсіздікке бой алдырмауы керек. Тәртіп сақшысы мәдениетті, әр нәрсеге байыппен қарап, алдын болжай білетін, түсінігі мол, саяси сауатты, жан-жақты білікті болуы қажет. Қызмет барысында біреуден жаман сөз естуің, не тосын жағдайға душар болуың мүмкін. Сонда сабырлық таныта алмай, ашуға салса, өрескел әрекет жасап, заңсыздыққа баруы мүмкін. Бір полиция қызметкерінің орынсыз қылығы бүкіл ішкі істер органына күйе жағады. Тәртіп сақшысы берілген тапсырманы тиянақты орындап, халық сеніміне ие болуы керек. «Мен елім мен азаматтардың қорғаушысы, әділетсіздікке қарсы тұра алатын маман боламын, борышымды абыроймен орындаймын» деген ой-санаға сіңгенде ғана, патриоттық сезімді, абыройлы болу ұстанымы адастырмас темірқазық болады», – деп тоқығанын жас мамандарға айтып отырады. Қызметтес әріптестері мен дүниеден өткен ардагерлерді еске алып, олардың отбасымен жылына 2 рет кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған.                                            

Әлекең бейбіт өмірде қылмыскерлер қолынан екі рет денсаулығына қауіпті жарақат алған. 1986 жылы кезекті еңбек демалысындағы Әлекең Шелек ауылы Западная көшесімен өтіп бара жатқанда бір үй жанында тәртіп сақшысымен бір адамның алысып жатқанын байқап қалады. Әлекең дереу көлігін тоқтатып, жүгіріп барып, милиция қызметкеріне пышақпен ұмтылған «Утка» деген лақап атты қылмыскердің пышақ ұстаған қолына жармасады. Ұстай берем дегенде, қылмыскердің пышағы Әлібектің сол жақ бұғана тұсын жарақаттап үлгереді. Оған қарамастан Әлібек қылмыскердің қолын қайырып, оны жерге жығып, қолынан пышақты тартып алады. Бұл оқиға «На страже» газетінде жарияланған еді. 1987 жылы Шелек ауылында түнгі сағат 12-де түрмеден қашып, іздеуде жүрген, 2 рет сотталған, лақап аты «Тотанды» қылмыскерді ұстау сәтінде қылмыскер пышақпен ұрғанда Әлібектің сол жақ қолының шынтағын қатты жаралап кеткен еді.

 1987 жылы қоғамдық меншікті сақтау мәселесінде Әлібек Жапекұлы жүргізген «Сүт істері» бойынша облыстың бес ауданынан 16 адам, Алматы қаласында орналасқан сүт зауытынан 7 адамды жауапқа тартқан еді. КСРО БХСС қызметінің 80 жылдығына орай Қазақстаннан бұрынғы ОБХСС қызметкері Ә. Жапеков Мәскеу тарапынан арнайы медальмен марапатталды. Ә. Жапеков: «Түркі тілдері ішінде ең байы қазақ тілі екенін бүкіл зерттеуші мойындаған», – деген пікірді алға тарта отырып, мемлекеттік тілдің ішкі істер органдарында кеңінен қолданылуына көп мән берген.

Асы жайлауына шопандар слетіне қатысуға келген Республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтан Шелек қариялары ауылда мұсылмандар қауымына мешіт ашуға рұқсат алғанда, жергілікті басшылар электр жүйесін реттеу керек деп сылтауратқан кезде Әлібек 1982 жылы Шелек ауылында мешіт ашуға мұрындық болды. Әлібек қаржы полициясын басқарған 1995 жылы Кеген, Нарынқол, Шелек, Есік өңірлеріндегі заңды тұлғалардың бюджетке салық төлеулерін тексеріп, зейнеткерлерге кешіккен зейнетақыны реттеген. Әлібек Жапекұлы зейнетке шықса да, қоғамдық жұмысқа белсене араласып келеді. Шелек бойынша «БИ» болып сайланған. Шелек ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Шелек ауылдық округі жергілікті қауымдастықтың мүшесі. 2014 жылы тамызда Шелек ауылы азаматтарын жұмылдырып, жетім және көмек беретін ешкімі жоқ 54 оқушыны мектепке даярлауға араласып, әр оқушыға 19 мың теңгенің көлемінде киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге араласты. 2015 жылы наурыз айы мен желтоқсан айлары арасында Алматы Хоргос тас жолындағы Шелек ауылы жанындағы зираттың 253 метр қоршауын кірпіштен қалатуға және Ә. Молдағұлова атындағы орта мектеп жанындағы христиан зиратын қоршауға Шелек азаматы С. Поповпен бірге атсалысты. Әлекең 18 ғасырдың орта кезінде жоңғар қалмақтары жаугершілігі кезінде ел қорғауға соғыстарға қатысқан Мықтыбай батыр туралы, Жетісуда Малай батыр әскеріне мінетін ат, ат-тұрманмен үнемі қамтамасыз етіп отырған ХІХ ғасыр басындағы меценат Бахтияр Жалмәмбетұлы жайлы шығармашылық ізденумен шұғылданды. Ә. Жапеков 2017 жылы ақпан айында ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша құрылған жұмыс тобына жер сатуды тоқтатуға, Неке туралы кодекстегі және 20.12.1991 жылғы Азаматтық туралы заңына өзгеріс енгізіп, жердің шетелдіктерге өтіп кетуіне тосқауыл қоюына ұсыныс жасаған.

Полиция полковнигі Ә. Жапеков ішкі істер министрінің 10 медалімен марапатталған. Оның ішінде екеуі – «КСРО ІІМ Үздік қызметкері», «Қазақстан полициясының Үздігі». Әлібектің құқық қорғау саласында күн-түн демей белсенді қызмет атқаруына себепші болған өмірлік серігі, жан жары Күлиза Жарқынбекқызы 40 жыл бойы Шелек аудандық ауруханасында бас медбике қызметін атқарған, жоғары санаттағы маман. Әлібек пен Күлиза ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерінің сүйікті ата-әжесі атанған бақытты жандар.

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,     

Журналистер одағы мүшесі,  

Еңбекшіқазақ ауданының 

Құрметті азаматы, Алматы облысы

10.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26494
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25922
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43317
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39118
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43724