Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Онда көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүруде. Елдің бірлігі мен тұрақтылығы қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықтың басты негізі болып табылады. Қазақстандағы тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет көпұлтты қоғамды біріктіретін саясатты қолдайды. Осы саясаттың аясында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған қоғамдық ұйымдар көп шаралар атқаруда. Бұл бірлік пен тұрақтылық елдің дамуына әсер етіп, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Қазақстандық тұрақтылық – мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріндегі бейбіт дамудың негізі. Бұл тұрақтылық елдің ішкі бірлігі мен сыртқы саясаттағы бейбітшіл ұстанымының нәтижесі болып табылады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстан бейбіт даму жолын таңдап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған реформаларды жүзеге асырды. Тұрақтылықтың арқасында елдің экономикасы дамып, қоғамда татулық пен келісім орнады. Елдегі тұрақтылық мемлекет пен халықтың бірлесіп жұмыс істеуіне, заң үстемдігін сақтауға және азаматтардың құқықтарын қорғауға негізделген.
Тұрақтылық пен бейбітшілік – кез келген елдің гүлденуінің басты шарттары және Қазақстан осы қағиданы ұстанып келеді. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау елдің халықаралық аренада да беделін нығайтып, оны сенімді серіктес ретінде көрсетеді.
Ел бірлігі – еліміздегі тұрақтылықтың басты қайнар көзі. Қазақстанның көпұлтты құрылымы елдегі ұлттар арасындағы татулық пен келісімнің маңызын көрсетеді. Қазақстан халқының бірлігі мемлекет үшін ең үлкен құндылық болып табылады, өйткені тек бірлік пен татулық арқылы қоғамдағы әртүрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністігі мен ынтымақтастығы сақталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде былай деген болатын.
«Еліміз жақында Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат.
Ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналды. Бұл сессия – көктем мезгілінде мемлекеттік деңгейде өтетін ең ауқымды іс-шара. Мұнда еліміз үшін өте маңызды ұсыныстар айтылады.
Мен былтырғы сессияда Ата Заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді. Бұл – Ата Заңымыз қабылданғаннан кейінгі алғашқы референдум. Біз осы бастама көтерілген кезде ел тағдырын айқындайтын маңызды жолдың бастауында тұрдық. Мақсатымызды айқындап, нақты жоспар құрдық. Дәл осындай тарихи сәтте халықтың бірауыздан қолдау білдіруі өте маңызды болды. Осыған орай түрлі ұсыныс айтылды. «Өзгерісті Парламент арқылы жасау қажет» деген пікірлер де болды. Бірақ біз әрбір азаматтың пікірін білген жөн деп шештік. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағидатты ұстандық. Осылайша, «Келісіп пішкен тон келте болмайтынына» бүкіл ел болып көз жеткіздік.
Бір жылдың ішінде атқарылған жұмысқа зер салсақ, былтырғы референдумның тарихи маңызы зор екенін түсінеміз. Бұл Әділетті Қазақстанды құру ісіне бүкіл халықты жұмылдырған науқан болды. Жұртымыз жауапты сәтте ұлт ретінде ұйыса алатынын көрсетті. Референдумның түпкі нәтижесі және халқымыздың басты жетістігі – осы.
Біз «бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі.
Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек.
Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!» – деді Президент. Бұдан асырып не айтуға болады?
Дайындаған –
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК