Кез-келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені мәлім. Халқымызда "Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ” деп бекер айтылмаған және айтудан жалыққан да емес.
Өйткені татулықсыз, бірлік-берекесіз, ынтымақсыз ештеңенің де өнбесі анық. Еткен еңбектің де жемісі бекер болмақ. Ауызбірлігі жарасқан елді ешқандай қиындық қыспағына ала алмайды. Сондықтан бірлік пен береке домбыраның қос ішегі іспеттес. Ата-бабамыздың бірлік жайлы айтып кеткен даналық сөздері бүгінгі ұрпақ үшін мәңгі мұра болып қалғаны рас. Мәселен, "Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас”, "Бірлік қайда болса, ынтымақ сонда”, "Саусақ бірікпей, ине ілікпейді”, "Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп”, "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, "Тірлік, тірлік түбі – бірлік”. Қандай мағыналы, мәнді асыл сөздер десеңізші!
Қазақ тарихына көз жүгіртіп қарасақ, ата-бабаларымыз бірлік пен татулықтың үлгісін көрсете білген. Қазақ қазақ болғалы тәуелсіз ел атанып, күллі әлемге ұлан-ғайыр жерімен, өзіндік салт-дәстүрімен, ғасырлар бойы атадан балаға аманатқа қалған діні, дала тарихынан сыр шертетін тілі арқылы қазақ деген ел бар екенін әлемге танытты. Алайда осының бәріне оңай қолымыз жеткен жоқ. Бұл еркіндікке бабаларымыздың қаны, аналарымыздың көз жасы, сонымен қатар ауызбіршіліктің, ыңтымақтың мықтылығымен қол жеткіздік.
Иә, елдің иесі – қазақ ұлтына өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға септесетін жалпыұлттық тарихи сананы дамыту қажет. Осы мақсатта Мойынқұм ауданында игілікті ісшаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Осындай шара бүгін аудан əкімшілігінің ұйымдастыруымен Биназар ауылында "Бірлікке бастар - ынтымақ" атты қоғамдық форум түрінде ұйымдастырылды. Берері мол форумға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Көдеков, ауданның төбе биі Ж.Қалыбаев, аудан имамы Р.Еспанбетов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғ.Шубаевалар қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесуге ұласты, Кездесу барысында " Бірлікке бастар - ынтымақ" тақырыбында пікір алыстық. Осындай форумдар аудан көлемінде алдағы уақытта да жалғасын таппақ.