«біз де алаңда болғанбыз». ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНЕ БАСҚА ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ДЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

«біз де алаңда болғанбыз». ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНЕ БАСҚА ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ДЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

Жұртшылықпен кездесулерде «Желтоқсан көтерілісіне басқа ұлт өкілдері қатысты ма, жоқ па?» деген сауал жиі қойылады. Алаңда ұсталған өзге ұлт өкілдері туралы мәліметтерді тергеу орындары қоғамнан жасырып қалғандықтан, 1986 жылғы жастардың бас көтеруі әуелден-ақ «қазақ ұлтшылдығының» әрекеті болып қана қалды. Шын мәнінде, алаңға шыққан шерушілердің қатарында көптеген өзге ұлт өкілдері жүрді. Әрине, 40-50 мың адамның ішінде олардың саны тым аз еді, бірақ шеруге шыққан қазақ жастарының қатарында болғаны анық. Оны мына мысалдан-ақ байқаймыз. ІІМ-нің мәліметіне сүйенсек, алаңда ұсталып, милиция бөлімшесіне әкелінген 2400 шерушінің 2302-сі қазақ, 25-і орыс, 18-і ұйғыр, 10-ы татар, 7-і қырғыз, 4-і өзбек, 4-і кәріс және бірнеше қарақалпақ, түрік, грузин, шешен, грек, украин, башқұрт, армян т.б. ұлттың өкілдері болғаны көрсетілген. Бұл дерек нені білдіреді? Қазақ Желтоқсаны демократиялық пиғылдағы басқа ұлт өкілдеріне де ықпал еткенін білдіреді, Желтоқсан идеясына сенгенін білдіреді. Тоталитарлық жүйеден жапа шегіп отырған жалғыз қазақ емес, барша Кеңес халқы, оның ішінде орыс халқының да бар екендігінің дәлелі. Алайда, Орталық Комитеттің қатаң нұсқасымен олардың басым көпшілігі шұғыл түрде қамаудан босатылды. Осыдан кейін-ақ, бас көтерілісшілер кілең қазақтар болып шыға келді. Ал, расында көтеріліс кезінде жергілікті өзге этностар арасында қазақ Желтоқсанына қолдағандар аз болмаған. Мысалы, К.Байсейітова көшесінің тұрғыны, алаңдағы аласапыран кезінде 24 қазақ баласын пәтеріне жасырып, жазалаушылардан аман алып қалған Э. Чадаева былай дейді: «Менің осы оқиғаның куәсі ретінде айтарым, ешқандай да ұлтшылдық көрініс болған жоқ. Егер жергілікті халық өз басшыларының қазақ болмағаны үшін ғана көшеге шықса, онда алаңның жанында тұратын біз сияқты өзге ұлт өкілдерін үйлеріне аман өткізбес еді ғой». Бұл – орыс ұлты өкілінің қазақ жастарының әрекетіне берген әділетті бағасы. Бірақ, кезінде оған құлақ асқан ешкім болған жоқ.

Сол секілді форма киген өзге ұлт өкілдерінің бәрі жендеттер жағында жүрді десек те, жалған айтқан боламыз. Олардың арасында жастардың демократияшыл көзқарасын қолдаушылар да табылды: командирлер мен парткомдардың бұйрығын орындаудан бас тартты, ұсталып қалған шерушілерді босатып жіберді, жастарды балағаттап, жер-жебіріне жеткен безбүйрек басшылардың жендеттік іс-әрекеттерін беттеріне басты. Бірақ, жазалаушылардың дені, олардың дем берушілері негізінен орыс ұлтынан құралғандықтан, бұл көрініс қазақ жастарының орыс ұлтына деген реніші мен наразылығын одан әрі қоздыра түскен еді.

 

«Қазақтың намысы – ұйғырдың да намысы, сол үшін алаңға шықтым»

Кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы шығып, Қазақ Желтоқсаны идеясын қолдап, алаңға шыққан сондай жігіттердің бірі – ұйғыр ұлтының қайсар ұлы Абайдулла Рузиев. Алаңдағы қақтығыстың қақ ортасында жүріп, қасіретті күндерді басынан кешкен Абайдулла көтеріліске қатысқаны үшін 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған. Желтоқсаншы жігіт өзінің басынан өткерген қиындықтары туралы былай әңгімелеп берді.

«Өзім Алматы маңындағы Шелек ауданы, Қаратұрық ауылының тумасымын. 1964 жылғымын. Ауылдағы сегізжылдық мектепті бітірген соң, совхозда темекі шаруашылығында істедім. 1986 жылы Алматыға келіп, Киров атындағы машина жасау зауытына жұмысқа тұрған едім. Сонда небәрі 22 жастағы балаң жігітпін ғой.

Мәскеу басшылары құрметті ақсақалымыз Д. Қонаевты еш себепсіз қызметінен босатып, орнына орыс ұлтының өкілі Г. Колбинді отырғызуы бәріміздің намысымызға тиді. Ертесіне бірге істейтін жігіттер жатақханаға жиналып, алаңға барамыз деп келістік. Жанымызда Қыздар педагогикалық институтының жатақханасы жайғасқан болатын. Таңертең соларға барып, алаңға бірге баруға үгіттедік, ақыры оларды да көндірдік».

17 желтоқсан күні сағат 11-лерде Орталық алаңға келсек, жастар біраз жиналып қалыпты. Одан кейін шерушілер жан-жақтан ағылып, алаңға кіре бастады. Студенттер мен жұмысшыларға лық толған алаң теңіздей толқып тұрды. Осы кезде қарама-қарсы бетте әскерилер мен милиция жасақтары, курсанттар шоғырлана бастаған болатын. Олар алдымен біздің арамызға сіңіп еніп, шағын топқа бөлшектеуге әрекет жасады, ақыры қоршауға алып тынды. Сағат 4-терде бұрын-соңды мен көрмеген қырғын басталды. Жастардың қолында ешқандай қару болған жоқ, бейбіт түрде Қонаевпен кездестіруін ғана талап етіп тұрғанбыз. Бірақ, резина шоқпармен қаруланған әскерлер бізді тыңдамады, құлақ-шекеден пергілей жөнелді. Біздің топтың жігіттері қатты қарсылық көрсетті. Әсіресе, қоршауда қалған қыздарды босатып алуға ұмтылдық. Өйткені, оларды солдаттар құрсаулап, өткізбей тастаған болатын. Алдымызда екі таңдау тұрды: құрсауды бұзып өтіп, қыздарды құтқару немесе жазалаушылардың дегеніне көну. Біз бірінші жолды таңдадық. Солдаттармен қоян-қолтық ұрыс салдық. Айнала опыр-топыр, айқай-шуға толды да кетті. Біреуді біреу біліп болмайды. Сөйтіп, қоршауда қалған қыздарды босатып ала бастадық. Біз қызды-қыздымен ортаны жарып, алға озып кетіппіз. Сосын трибуна жақты айналып, ұрыс салдық. Сол жерде солдаттардың қоршауына түсіп, бірнеше жігітпен бірге мен де ұсталдым. Бірден тергеу изоляторына апарып тықты. Тергеуде 15 күн жаттым. Күн демей, түн демей тергеуге алып, әбден азаптады. Сұрайтындары: «Ұйымдастырушыларың кім? Ұйымдастырушыны айтсаңдар – босатамыз» дейді. Бірақ, біз оны білмейтін едік. Тергеушілер ешқандай нәтиже шығара алмаған соң, 15 күннен кейін бізді босатты. Тергеуден шыға салысымен жатақханаға келдім. Алаңға бірге барған жігіттерден ешкімді кездестірмедім. Тым-тырыс. Сосын қалада туысым тұратын еді, соның үйіне бардым. Ол жерде сақал-мұртымды қырып, өзімді жөнге келтіріп, ауылға тарттым. Шешем байғұс жылап қарсы алды. Сөйтсем, бауырларым мені жан-жақтан іздестіріп, таба алмаған екен, енді неге жорырларын білмей, мазасыздана бастапты... Үш күннен кейін Алматыға жұмысыма оралдым. Бірақ, көретін азабым мұнымен бітпепті. Араға бір ай салып, мені милиция қайта алып кетті. Тергеуде бір айдай жаттым. КГБ-нің сілімтіктерінің маған істемегені қалмады. Ұрды, соқты, намысыма тиетін небір сөздермен қорлады. Бірақ, тіс жармадым. «Жалғыз бардым» деп тұрып алдым. Кейін мені басқа изоляторға ауыстырды, ол жерде екі айдай тергеді. Ақыры ештеңе шығара алмады. Сонан соң жала жаба бастады. Істемеген нәрсемді істедің деп, ақыры 5 жылға үкім кесті. Сөйтсем, жазалаушылардың «дәлелінше», мен «екі курсантты темір таяқпен ұрып, ауыр жаралаппын. Олар өлім аузынан қалыпты». Бұлары барып тұрған жала енді! Жұмыста жүргенде үздік қызметкер атанып, таңдаулылар тақтасында суретім ілініп тұрса деген арманым болатын. Желтоқсаннан кейін ол арманымның быт-шыты шықты.

Кесілген 5 жылдың 3 жарым жылын отырдым. Отырғанның аты – отырған, саған ешкім адам екен деп дұрыс қарамайды. Ол кезде қоғамның көзқарасы сондай теріс болды. Кеңес үкіметіне қарсы шыққан «ұлтшыл қылмыскерлер» деп қарады бізге. Тіпті жақын туыстарыма дейін солай ойлады. Өйткені, түрмеден ақталып шыққан соң да, сенімсіз адам ретінде учаскелік полицияда бақылауда болдық емес пе?! Әрине, теріс пікір қалыптасады.

Қазір ол көзқарас өзгерді. 1993 жылы мемлекет тарапынан толық ақталдым. Бүгінде қазақ достарыммен бірге алаңға шыққанымды мақтан тұтатын болдым. Өз басым желтоқсаншы жігіттердің бәрін толық қаһарман деп есептеймін. Желтоқсан айы жақындағанда түрмеде бірге болған, қиындықтарды бірге жеңген достарым есіме түседі. Олардың көбі түрмеде денсаулығынан айырылды, ішінде өмірден ерте кеткендері де бар. Өзім жеке танитын Еркінбек, Құттыбек, Құрманбай, Ермек, Гүльвира, Күлімхан есімді желтоқсаншылар бүгінде арамызда жоқ, өмірден өтіп кетті. Ақтау қаласында (бұрынғы Шевченко) Қасым Әбілқайыров, Жармұхамед Тілегенұлы, тағы басқа жігіттермен бірге жазамды өтедім. Қасым елде жүр, ал Жармұхамед бүгінде Германияға қоныс аударған, сонда архитектор. Әлі күнге дейін хат-хабар алысып тұрамыз. Қиын кезде бір тілім нанды бөліп жеген бауырларым қайда жүрсе де аман болсын.

1986 жылы желтоқсанда жастар алаңға бүлік салу немесе мемлекетті төңкеру үшін алаңға шыққан жоқ, тек «қазаққа – қазақ басшы болсын!» деп қарсылық білдірді. Мақсатымыз – әр ұлттың өз көсемі болу керек деп түсіндік. Ал араға от тастаған, сөйтіп қантөгіске апарған – биліктің өзі. Иә, алаңға шыққандардың көпшілігі қазақтар болды, бірақ мен сияқты басқа ұлттың өкілдері де шерушілердің қатарында бірге жүрді. Ұсталып таяқ жегендері де, сотталғандары да бар. Бірақ, олар туралы бүгінде аз айтылады, сол өкінішті.

Соңғы сөз ретінде айтпағым, біз Қазақстанда тұрамыз, Қазақстан мемлекетінің азаматымыз. Яки, қазақ қайда болса, біз де сондамыз, қазақ елінің патриотымыз. Қазақтың намысы – ұйғырдың да намысы, мен сол үшін алаңға шыққан едім. Осыны басқалар да түсінсе екен деймін».

 

«Желтоқсанға қатысқаным үшін мені оқудан шығарды»

Желтоқсан көтерілісі кезінде қолға түсіп, оқудан шығарылып, жұмыстан қуылғандардың арасында өзбек ұлтының өкілі – Хасанбай Гаюбов та бар еді. Бүгінде Тәжікстанның Тұрсынзада қаласында тұратын белгілі өзбек шайыры, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей Жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше жыр кітаптары мен публицистикалық шығармалардың авторы. 1986 жылы Алматыдағы Сәтбаев атындағы (бұрынғы Ленин) ҚазПТИ-ге оқуға түсіп, кешкі мезгілде қаладағы Машина жасау зауытында жұмыс істеген. Әскери борышын өтеп келген соң, табандылығының арқасында оқуын қайта жалғастыруға мүмкіндік алған. Мамандығы – инженер-механик.

Мен өзбек ақынымен 2022 жылы Ташкент қаласында өткен Бүкілтүркі ақындарының фестивалінде танысып, төмендегі әңгімесін жазып алған едім.

«Мен өзім тәжікстандықпын, ұлтым – өзбек, 1968 жылы Тұрсынзада шаһарында дүниеге келгенмін. 1986 жылы орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына құжат тапсырып, жолым болды. Машина жасау зауытына кешкі жұмысқа орналастым. Өзім орыс мектебін бітіргендіктен, маған оқу аса қиын болған жоқ. Дегенмен, достарымның дені қазақтар болғандықтан, қазақ тілін тез-ақ үйреніп алдым. Қазақтар сияқты сөйлей алмасам да, тіл табысу үшін ол еш кедергі болмады.

Қазақстан Орталық Комитеті шұғыл өткізген Пленум шешімі онсыз да ширығып, шырпының оты тисе лап еткелі тұрған жастық жалынға сұмдық әсер етті. Әлі есімде, қазақ жігіттері Пленум шешімін естігенде бірден ашуға булығып, эмоцияларын білдіріп алды. Алғашқы күні гу-гу әңгіме, сан қилы пікірлермен алмасты. Ұлт саясатына, анығында – ұлт саясатындағы әділетсіздікке наразы әңгімелер жүрді. Осылай алғашқы күн дайындықпен өтті. 17 желтоқсан күні таңертең оқу корпусынан бір топ студент шығып, тіке алаңға бет алды. Курстас достарым топтасып жатқанда, мен қалай шеттеп қаламын, қатарларына қосылдым. Есімде, Сергей (тегін ұмыттым, Котов па еді, Катьков па еді?) атты орыс жігіті де біздің қатарымызға келіп тұрды. Алғашында шеру бейбіт сипатта өрбіді. Тәртіп бұзайық деген ой болған жоқ. Шерушілердің арасында Лениннің ұлт саясаты туралы әңгімелер айтылды, әр ұлттың өз көсемі болу керек десті. Тіпті, орыс ұлтынан болса да мейлі, жергілікті халықтың салт-дәстүрінен хабары бар қазақстандық болу керек деп ұрандатты. Бойларында намыс пен жігер, жастық жалын тулаған жастардың қарасы көп еді. Алаңда оң мен солыңды ажырату мүмкін емес-ті. Жиналғандар тұрып-тұрып аяқтары талды, кейбіреулері тоңа бастады. Өйткені, далада өңменіңнен өтердей ызғырық бар еді. Жастардың біразы сақтық жасап, жатақханаларына қайтадан бастады. Дәл осы кезде алаңның қызуы көтеріліп, жалыны аспанға шапшып қоя берсе бола ма?! Тыныштықты әскерилер бұзды. Іле топалаң басталды. Олар резина сойыл, кеспелдек күрек қолданды, біздің қолымызда дым да жоқ. Кеудемізді кернеген намыс қана бар. Солдаттар мынау қыз бала, мынау ұл бала демеді, қойға тиген аш қасқырдай шапты. Қазақтың жігіттері өз алдына, қыздары да өжет келетінін сонда көрдім, қайсарлығына қайран қалдым, намысшылдығына тәнті болдым. Арыстанша арпалысқан жігіттер қыздарды қорғап, кеуделерін оққа тосты. Ал, алдыңғы сапта тұрған жәудір көз қыздар ауыздарын арандай ашып алға ұмтылған иттерден де, ит тұқымды жендеттерден де қаймыққан жоқ. Артқа лықсыған қалың топ бір кезде сай-саланы қуалай аққан көктемдегі қызыл судай көбесі сөгіле түсті. Мен үй-үйдің арасынан жортып жүріп, жатақханама жетіп құладым. Бұл кезде сыртта ымырт түсіп қалған еді.

Таңертең түк болмағандай кейіп танытып, оқу корпусына келсем, топ-топ студенттер, гу-гу әңгіме. Әншейінде қарасын көрсете бермейтін факультет декандары, партком төрелері, қилы-қилы қоғамдық ұйымдардың басшылары жиналыпты, өріп жүр десе болады. Жастарды сабырға шақырып әуре. Жиналған жігіттердің біразы «бәледен аулақ» деп алаңға барудан бас тартты. Сосын Мақсат деген жігіт екеуміз корпустан сытылып шығып, Брежнев алаңына қайта тарттық. Ұлт теңдігін бұзған нағыз қырғынның үстінен түстік. Кейін білуімізше, 18 желтоқсан күні үкімет «Құйын» операциясын жүргізген екен. Тәртіп сақшыларына зауыт, фабрика жұмысшыларын қосып, оларды қазақ жастарына қарсы айдап салыпты. Қолдарында темір таяқ. Қазақтарға жеті атасынан қалған өші бардай желпініп жүр.

Біз алаң шетіне жақындай бергенімізде, ағаш таяқпен қаруланған бір топ орыс тап берді. Ұмыр-жұмыр болып қаша бергенде, менің аяғым оқыстан тайып кетіп, көше бойындағы арыққа етпетімнен құласам бола ма. Қуғыншылар таяқтай жөнелді. Бірнеше соққы басыма тиді. Есеңгіреп кетіппін. Есімді жисам, милиция бөлімшесінде отыр екенмін. Басымның ауырсынғанына шыдамай өзбекшелеп сыбап жіберсем керек. Менің өзбек тілінде тіл қатқанымды түсініп қойған бір офицер маған сынай қарап: «Сен не, қазақ емессің бе?» – деп сұрады. Мен: «Жоқ. Мен өзбекпін, әка!» – дедім. «Алаңда не істеп жүрсің?» – деді ол таңданған кейіпте. «Сіз не істеп жүрсеңіз, мен де соны істеп жүрмін», – дедім мен. Ол әлгіндей емес, жуасып қалды. Бөлімшеде кешке дейін отырдым. Кешке қарай тергеушілердің бастығы келіп, менің кім екенімді білген соң, мен туралы барлық деректерді мұқият қағазға түртіп алды да, босатып қоя берді.

Кейін институтқа милицияға түскенім туралы қағаз келіпті. Соны негізге алған басшылық мені алдымен комсомолдан, кейін оқудан шығарды. Жұмыстан да қуды. Алматыда бәрінен айырылған соң, елге қайтуды намыс көрдім. Өзім сұранып әскерге кеттім. Екі жыл екі күндей болмай жылдам өтті. Әскерден кейін Алматыға келіп, институт басшыларына қайта-қайта кіріп жүріп, оқуымды жалғастыратын болып рұқсат алдым. Оқуымды ойдағыдай тамамдап, еліме дипломымды алып бір-ақ оралдым.

Жалпы, біз өзбектер мен қазақтар – бақытты халықпыз. Құрбандықпен болса да тәуелсіздігімізді алдық. Жер бетінде бақытсыз халықтар қаншама! Татарлар, башқұрттар, шешендер, ұйғырлар, тағы басқа қандастарымыз әлі күнге дейін Ресей мен Қытайдың отары болып отыр. Украиндар ел азаттығы үшін соғысып жатыр. Сондықтан бостандықтың бағасын білуіміз керек. Азаттық жолында қаншама қан төгілді. Мысалы, орыс әскері тәуелсіздік үшін бас көтерген шешендердің жартысын қырып салды. Мұны ұмытуға бола ма? Болмайды. Желтоқсанда ше – орыс солдаты қаншама жас қазақтың обалына қалды. Үстем ұлттың осыншама қанқұйлы жауыздығын бізге ешқашан ұмытуға болмайды. Ал, сіз орыспен дос болу керек дейсіз?!».

 

«Тергеуде қазақпен бірге түрік, татар, қырғыз, өзбек, өзім сияқты ұйғырлар да отырды»

Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарын алғашқылардың бірі болып қолдап, алаңға шыққандардың қатарында тағы бір ұйғыр жігіті – Тұрғынжан Аутов та бар еді. Мен бұл желтоқсаншы жігітпен бір кездесуге барғанымда кездейсоқ таныстым. Ол менің Желтоқсан зерттеушісі екенімді естіп, арнайы танысуға келгенін айтты. Тұрғынжан 1986 жылы Желтоқсан кезінде басынан өткерген қиындықтары туралы оқиға барысын былай сабақтады.

«Менің ойымша, Желтоқсан құбылысын тудырған – елдегі әлеуметтік теңсіздік. Ал қазақ Қонаевты қызметінен босатып, орнына орыс Колбинді отырғызу онсыз да ісініп-пісіп тұрған жараның жарылуына түрткі ғана болды, – деп бастады әңгімесін Желтоқсан ардагері. – Менің кіндік қаным тамған жер – Ұйғыр ауданының Сұңқар ауылы. Отбасы жағдайына байланысты ауылдан ерте көшіп кеттік. Мектеп бітіргенде жоғары білім алу ниетім болған. 1986 жылы Абай атындағы педагогикалық институтқа құжат тапсырғанмын. Жолым болмады. Амалсыз Алматыдағы трамвай-троллейбус жүргізушілер дайындайтын курсқа жазылып, сонда оқып жүрдім. Қарындасым Тұрсынқыз Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы өнер адамдарына арналған жатақханада тұрды. Ол Ұйғыр театрында істейтін. Құрбылары гастрольдік сапарға кеткенде, мен қарындасыма қамқор болып, сонда қонып қалатынмын. Сол күні де сондай бір сәттің реті келген. Оның үстіне суық тиіп, тұмауратып қалғандықтан, Тұрсынқыздың күтіміне зәру едім.

Желтоқсанның 16-сынан 17-сіне қараған түні сырттағы айқай-шудан оянып кеттік. Мен орнымнан тұрып, терезеден көшеге көз тастасам, сыртта қаптаған адам, айқай-шу. Ойымда түк жоқ. Төсегіме жатып, көзім ілініп кетіпті. Таңертең «Қазақтар, шығыңдар!» деген дауыстан ояндық. Тұрғындар тасыр-тұсыр есік алдына шыға бастады. Біз неге көптен қаламыз? Біз де апыл-ғұпыл киініп, тысқа шықтық. Біраздан соң топ ішіне сүңгіп кеттік. Өз достарына қосылған Тұрсынқыз да көпшілік арасында көзден таса болды.

Мен өзім құралпы қазақ жастарымен бірге Абай даңғылына шығып, алаңға қарай бет түзедік. Мир көшесіне (қазіргі Желтоқсан) жеткенде, кілт оңға бұрылып, алаңға жеттік. Бірақ алдымызда кесе-көлденең тұрған милиция жасағы бізді ішке өткізбеді. Енді не істейміз? Бір топ жігіт кері бұрылып, Абайға қайта шықтық та, Ленин сарайына (қазіргі Республика сарайы) қарай бағыт алдық. Жол-жөнекей біздің қатарымызға жастар лек-лек болып қосылып жатты. Бұл кезде жастар үлкен күшке айналды. Жастар легі көшенің ортасымен жүріп отырды. Олар Орталық әмбебап дүкен мен Аэровокзал жақты жаяу айналып, қайтадан Брежнев алаңына қарай қозғалды. Жолда Жазушылар одағына соқтық. Ол жерде жастар: «Олжас! Олжас!» – деп айқайлады. Бірақ, жазушылардан ешбір жауап болмады. Осы орайда маңызды бір нәрсе – бейбіт шерудің ушығып кетуіне көпқабатты үйлердің балкондарынан гүл ыдыстарының лақтырылуы да себеп болды деп ойлаймын. Тіпті, Ленин көшесінің бойында атылған мылтықтың дауысын да естідік. Бірақ суық қару кімге және не үшін қолданылғанын сол күйі білмедік. Жоғарыдан тасталған ауыр заттардан бірнеше шеруші жарақат алғанын өз көзіммен көрдім...

Алаңға бұзып-жарып кірдік. Құқық қорғаушылар бірден су шашып, соққының астына ала жөнелді. 17-сі күні түнге дейін қақтығыс болды. Күн болса суық. Адам көп. Сол күні милиция жасағы да көп жұмылдырылды, олар шерушілерді ұрып-соға бастады. Ол күнгі қақтығысты жай сөзбен айтып жеткізу қиын. Жатақханаға бір топ жігіттермен бірге кештетіп оралдым. Бөлмеде Тұрсынқыз жоқ екен. Зәрем зәр түбіне жетті. Абырой болғанда, осы кезде ол да аман-есен келді. Мен әбден діңкелеп қалыппын. Ойымда бөтен ой жоқ. Алаңға теңдік сұрап шыққандар ертеңіне өздерін не күтіп тұрғанын қайдан білсін?!

Көшемен ұрандатып бара жатқанда, әлдекімдер жолымызды кес-кестеп, бізді таяқтарымен ұрып-соққан болатын. Мен де сүйек пен еттен жаралған адам баласы емеспін бе, қорғану үшін оларға қарсы айқас бастағаным рас. МҚК-нің жансыздары сол жерде мені «танып» үлгеріпті. Ертесіне-ақ жатақханаға милиция келіп, қол-аяғымды қайырып алып кетті. «Целинный» кинотеатрының қасындағы тергеу изоляторына апарып тықты.

Изоляторда қалың қазақпен бірге жаттым. Айтып өтетін нәрсе – онда бірен-саран түрік, татар, қырғыз және өзім сияқты ұйғыр жігіттері де болды. Зу-зу еткен бір-екі жігіт болмаса, басқалардың бізбен ісі болған жоқ. Әркім өз қайғысымен әуре еді. Ал күмәнді екеу болса, әркімнің іші-бауырына кіріп, өздерінше жаны ашығансып, тіпті мені батырға теңеп, әңгімеге тартпақ болды. Қазір ойлаймын, сұр камера ішінде үнсіздікті жиі бұзып, не болса соны тәптіштеп сұрастыра бергеніне қарағанда, олар тергеу орындарының арамызға жіберген «жансыздары» сияқты. Өздеріне сенімді, қойған сұрақтары қарапайым адамдарға ұқсамайды, қысқасы, күмәнді типтер. Анда-санда басқалар тәрізді түрме күзетінің қадағалауымен сұрақ-жауапқа барады, бірақ мұрны қанап, не таяқ жеп қайтпайды; басқалардай аш-жалаңаш, еңсесі түскен де емес. Осындай сүмелектерді жер қалай көтереді екен деп ойлаймын қазір.

Мені жазадан курста сабақ беретін ұстазым қорғап қалды. «Тұмауратып, ыстығы көтеріліп кеткен соң, Аутовты өзім сабақтан босатқан болатынмын. Ол – тәртіпті оқушы. Оның өздігінен біреуге қол көтеруі мүмкін емес», – деген сөзі тергеушілерге оң әсер етсе керек, үшінші күні мені ың-шыңсыз қамаудан босатты. Қолыма тергеу изоляторынан шығуға рұқсат беретін түбіртекті ұстатқан офицер: «Аутов, бұл жолы сен оңай құтылдың. Екінші рет көзіме көрінсең, оңдырмаймын, түсіндің бе? Жердің түбінен болса да тауып алып, түрменің түбінде шірітетін боламын», – деді. Және ол бұл жерден көрген-білгенімді ешкімге тіл жармауымды қатаң ескертті.

Содан бері отыз сегіз жыл уақыт өтіпті. Өткен өмірімнің сол бір қиын-қыстау кезеңін есіме алғанда, қазақ жастарының қайсарлығына, өжеттігіне таңғаламын. Жарқылдаған алмас қылыштай жігерлі, қайратты жұрттың қашанда еңсесі биік, бағы басым болатынына сенім мол емес пе?!».

Р.S: Біз бұл жазбамызда «Желтоқсан көтерілісіне басқа ұлт өкілдері қолдау көрсетті ме, жоқ па?» деген сауалға қысқаша жауап беруді ғана мақсат еттік. Сондай-ақ, 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарын қолдап, алаңға шыққан басқа ұлт өкілдерінің Желтоқсан туралы жан сырының жарым парағын ғана жаза алдық. Айтатын естелік көп болғанымен, газет көлемі шектеулі. Әйтсе де теңіздің дәмі тамшысынан белгілі дегендей, біз сабақтаған сөздің астарындағы уытынан-ақ әңгіме айтушылардың желтоқсаншыларға деген құрметі мен ұлағатын ұғуға болатын сияқты.

 

    Болат ШАРАХЫМБАЙ

 

18.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21206
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20985
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36169
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34605
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38531