Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!
Сізді мерейтойыңызбен ел ардагерлерінің атынан шын жүректен құттықтаймын!
Сізді қазақ жұртшылығы игілікті істердің бастамашысы, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері, жақсылықтың жаршысы деп таниды және құрметтейді. Республикалық ардагерлер ұйымымен кейінгі 5-6 жылда тығыз байланыста болып, Орталық кеңестің көптеген маңызды іс-шараларына қатысып келесіз. Ардагерлер ұйымының тыныс-тіршілігі жайлы газет бетінен толымды мақалалар жариялап, оқырманға ұсындыңыз. Өзіңіз басқарып отырған «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті ардагерлердің сүйікті басылымына айналды.
Сіздің ізденімпаз, көрегенді, ұлтжанды қаламгер екеніңізге, ардагерлерге деген ерекше көңіліңізге куәміз, ризамыз.
Қадірлі Сәуле Мешітбайқызы! Мерейтойыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр, шығармашылығыңызға толағай табыстар тілеймін!
Құрметпен Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы
Өмір бойы ұлтқа қызмет етіп келесіз
Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!
«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген халық даналығы Сіздей қазақтың маржандай асыл қыздарының ерлігінен туындаса керек-ті.
Еңбек жолын қарапайым ұстаз ретінде бастап, Мәңгілік елдің ұлы мінберлерінде биік мәртебе иесіне айналып, лайықты марапаттар иесі болу, солай жүріп жапырағын жайқалту тек сіздің ғана – қазақ әйелінің ғана қолынан келген көзсіз ерлік!
Өзіңіздің бай тәжірибеңіз бен қарім-қабілетіңізді Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолына мүлтіксіз жұмсап, алғаусыз қызмет етіп келесіз. Бойыңыздағы қайрат пен жігер, ақыл мен парасат Сізді өмір бойына ұлтқа қызмет етуге жетелеп келеді. Бүгінгідей жан-жақты кемелдетіп, толысқан шағыңызда, сізді мерейлі тойыңызбен шын пейілден құттықтай отырып,мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Бала, немерелеріңіздің қызық-қуанышы мен еңбегіңіздің ырзығына кенеле беруіңізге тілектеспін!
Құрметпен Нұрлан НОҒАЕВ, Маңғыстау облысының әкімі
Журналистикада жарқ еткен саңлақ
Жасы ұлғайған шағында журналистикаға келіп, жарқ ете қалған санаулы саңлақтар болса, солардың бірі Сәуле Мешітбайқызы. Арыны да, қарымы да қайтпаған Сәуле апайымызды бүгінде жемісті 75 жасымен құттықтаймыз!
Шамасы, Сәуле апайымыздың журналистикада қарқынды еңбек етіп, қайрат көрсетуі оған дейінгі еңбек жолындағы қайраткерлік қасиет те болуы керек. Отыз жыл мектепте ұлағатты ұстаздық ету, А.Жұбанов атындағы музыка мектебіндегі ұлттық мүддені қорғаудағы қайсарлығы, Алматы қаласы бойынша осы мектепте Наурыз мерекесінің аталып өтуіне күш салу, «Қазақтелеком» ұлттық компаниясына қазақ тілін дамытуы және тағы басқа табанды қарекеттері Сәуле Мешітбайқызының жарқын келбетін айқындай түседі.
Ол қазақ баспасөзінің қазіргі замандағы жаңа тынысын ашу жолында да бірқатар шараларды ұйымдастыра білді. Қазақ басылымдарының қиын жағдайын айтып, Президентке ашық хат жазылуының басы-қасында жүрді. Біздің ұлттық мүддені қорғау, мемлекеттік тілді қолдау жолындағы істерімізге әрдайым өз үлесін қосып келеді.
Сәуле Мешітбайқызы осындай ерен еңбектері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» марапатына да ие болды. «ҚазССР-інің білім саласының үздігі», «Ауылшаруашылық саласының үздігі» медалі, Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» атағын алып, «Еңбек ардагері» медалінің иегері болды. 2020 жылғы «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпазы. Тұлғалы қайратының арқасында «Тұлға» сыйлығының иегері атанды.
2017 жылдан бері «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.
Қадірлі Сәуле Мешітбайқызы!
Тәуелсіз қазақ елінің өркендеуі жолында еселі еңбектеріңізбен өрлей беріңіз!
Абзал ана, әзиз әже, қайраткер тұлға ретінде атыңызға сай Сәулеңізді шаша беріңіз, Сәуле апай! Шаңырағыңызда шапағат пен шаттық шалқи бергей! Жүзіңіз жарқын күйде жүзге жетуіңізге тілектеспіз! Алла жар болып, жұлдызыңыз жарқырай берсін!
«Ақ жол» партиясының республикалық байқауында ең үздік журналист атанған сізге әрдайым Ақ жол тілейміз!
Құрметпен Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партия төрағасының орынбасары
Халық үнін жеткіздің жоғарыға
Мойынқұмның бір қызы мойымайтын,
Ісі де айқын, айтатын ойы да айқын.
Қайраткері қазақтың, ұлтым деген,
Сөзін естіп тыңдаушы тойынатын.
Сөзін естіп риза, ісін көріп,
Сүйінетін сыртынан түсінген жұрт.
Айшықталып бейнесі орнығатын,
Жүрегінде жалпының мүсінделіп.
Талас пен Шу, арасы өз ұясы,
Онда Хантау, ордамыз Қозыбасы.
Қазақ хандық орнатқан әйгілі жер,
Сол мекенде туған ол сөз расы.
Бабалардың жұрнағы, жалғастығы,
Рухы биік бір егей, алмас тілі.
Мойынқұмда Сексеуіл жалыны өктем,
Сәуле әпкемде дәл сондай ар-намысты.
Киелі жұрт, құт мекен, кең керегем,
Мойынқұмда даңқымыз өрлеген ең.
Сондай жерде туылған бір қара қыз,
Махаббатпен бой жеткен елге деген.
Күн дедіңіз, жүріс көп түн дедіңіз,
Жер дедіңіз, ұлтыма тіл дедіңіз.
Қазақ елін шиырлап араладың,
Шаршағанды еш қашан білмедіңіз.
Болғанымен бұқпалы жол ары да,
Ізкескендей түсесіз сорабына.
Билікпенен әлсізге көпір болып,
Халық үнін жеткіздің жоғарыға,
Қазақ қызы қауымғой жөні бөлек,
Ыждағатын салады бөліп ерек.
Дәстүрімен Домалақ анамыздың,
Жалғастырып келеді жолын елеп.
Уақыттың тынысын, заман әнін,
«Қазақстан дәуірін» шамаладың.
Сәуле болып санаға жағылдың да,
Әр адамның жүрегін араладың!
Дәуір – дала, құлағын көрдің бұрап,
Болашаққа ағыздың «Мөлдір бұлақ».
Ақылыңды, еркіңді елдік үшін,
Тәуелсіздік ақтаңға бердің бірақ!..
Отырмадың бір сәтте малдас құрып.
Дана жолын келесің жалғастырып.
«Еланасы» болуға лайықсың,
Жаратқаннан тілейміз бар жақсылық!..
Сәуле әпкеміздің туған күні құтты болсын!
Алла мықты денсаулық, ұзақ өмір берсін!
ақын, ҚЖО-ның мүшесі
Сіз де Желтоқсанның батырысыз, Сәуле тәтей!
Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!
«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің батыр ұл-қыздары сізді өте жақсы біледі. Біріншіден, қоғамдық ұйым баспанасыз қалғанда бір бөлме босатып бердіңіз. Екіншіден, газетіңіздің ең құрметті беттерінің бірінен орын бердіңіз. Үшіншіден, үнемі біздің кем-кетігімізді түгендеуде, рухымызды көтеруде көмектесіп отырдыңыз. Төртіншіден, Желтоқсан көтерілісі жөнінде мақалалар жазуда «Qazaqstan dauiri» газеті БАҚ ішінде ең алдыңғы орында екенін мақтанышпен сүйсіне айтамыз.
Менің өзімді де «Халық қаһарманы» атағына ұсынып, көлемді материал бердіңіз. Сізге зор рахмет!
Біз желтоқсаншылар түгелге жуық газетіңізге жазылдық. Басылым ұлттық мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын батыл көтереді. Әсіресе сіздің көкейтесті мәселелерді көтерген мақалаларыңызды сүйсіне оқып, риза боламыз. Өзіңізбен билік санасатынын жақсы білеміз. Мерейтойыңызға сіз туралы әріптестеріңіз жақсы материалдар шығарыпты. Ел Президентінен бастап, лауазымды тұлғалар құттықтапты. Бұл тек газет үшін емес, біз үшін де зор мерей. Иә, сіз жасыңызға қарамай елді көп аралайсыз. Бұл сапарлар сізге зор күш-қуат беретінін байқаймыз. Әлі де, Сәуле Мешітбайқызы, еліңізге береріңіз мол. Сізді біз Желтоқсан көтерілісінің бір батыры ретінде бағалаймыз. Аман-есен болыңыз. Алладан зор, денсаулық тілейміз. Балаларыңыздың, немерелеріңіздің, шөберелеріңіздің қызығын көре беріңіз. Зор шығармашылық табыс тілейміз.
Зор құрметпен Мырзағұл ӘБДІҚҰЛОВ,
«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Шыншылдығыңыз әлі талай тақырыпқа тұздық болады
Жалғанда жан-жағына жылу шашып жүретін жандар бар. Солардың бірі және бірегейі Сәуле Мешітбайқызы. Бүгін жетпістің бесеуін бағындырып жатқан батыр қыз жайлы көп нәрсе жазуға болады. Алайда ойыңда жүрген көп дүние қағазға түскенде, кейіпкеріңнің бұдан да жақсы сөздерге лайық екенін түсінесің. Түсінген соң, жазбаңды құр шимай ғана секілді сезінесің. Себебі сенің жүрегіңе тым жақын адам жайлы ақтарылып айта алмағыныңа қиналасың. Асылында ақ апама «Ел Анасы» деген атты халық бекер бермеген. Себебі Сәуле Мешітбайқызының елге келген әрбір сапарында жамбылдықтарға деген сағыныштың артында жатқан жанашырлық пен жұртына деген үлкен сүйіспеншілікті көретінмін. «Отанды сүю иманнан» десек, қабырғалы қазақты сіз секілді шынайы сүю үшін де үлкен жүректің иесі болу керек екен-ау. Сіздің қазақ журналистикасына қосқан үлесіңіз, өзіңізге ғана тән мінезіңіз бен шыншылдығыңыз әлі талай тақырыпқа тұздық боларына мен сенемін.
Қазақты қалтқысыз сүйген жүрегіңіз тоқтамасын. Туған күніңіз құтты болсын!
Құрметпен Біржан САРТБЕКҰЛЫ,
«АР-АЙ» Жамбыл облыстық жастар газетінің бас редакторы
«Ел Анасы» болу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған
Әр адамның өмірінде жақсы адамдар кездесіп жатады. Олармен аралас-құралас болудың өзі бір ғанибет. Жақсы адамдармен жолықтырғаны үшін тағдырға разы болатынымыз бар. Мен үшін сондай сыйлы, құрмет тұтатын жанның бірі – Сәуле Мешітбайқызы.
Сәуле Мешітбайқызы біржолата ақпарат саласына ат басын бұрғаннан соң қарым-қатынасымыз ұлғайып, тіпті, отбасылық жағдайда араласатын дәрежеге жеттік. Апа менің Құдай қосқан қосағымды туған келініндей, ұл-қыздарымды туған немерелеріндей көріп кетті. Менің отбасым да Сәуле апаны туған әжесіндей жақсы көреді. Үйге қашан келеді деп ұдайы сұрап жүреді.
Сәуле апаның екініші есімі – «ЕлАна». Бұл бостан босқа қойыла салмаған құрметті есім. Шын мәнінде елдің анасы болып жүрген жан. Халықтық мүдде алға шыққанда апаны ешкім тоқтата алмайды. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» демекші, шындықты шыжғырып айтуда апа ешкімнен де тайсалмайды. Тіпті, «Дат!» ретінде мемлекет басшысына да назын айтып салатыны бар. Қай жерде қиын ахуал қалыптасса сол жерден ең алғашқылардың бірі болып Сәуле апаны көруге болады. Арыста жарылыс болып еді – апа сонда, Мақтааралды топан су басқанда да «айналайындарым-ай» деп тағы апа сонда жүрді. Кешегі Жамбыл облысындағы жарылыста да жаны тынбай, ел ішін жаяу аралаған журналистердің алдыңғы сапында Сәуле апа көрінді. Терең зерттеу жүргізіп, елдің шынайы ахуалын ақпарат арқылы дүйім елге ұсынды. Мұндай асыл қасиет бүгінгі журналистика саласы, әсіресе, өзі үйден қадам басып шықпаса да ақыл айтқанда алдына жан салмайтын жас блогерлер үшін өте қажет.
«ЕлАна» деген атты лайықты түрде көтеріп жүрудің өзі оңай шаруа емес. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы есім аталғанда Сәуле апаның бірнеше іс-әрекеті ойыма оралады. Соның бірі Алға есімді жігіттің анасыз қалған отбасына апаның көмегі туралы бүгін газетте жарияланап отыр.
«Qazaqstan dauiri» газеті Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ұзақ жылдан бері «Ауыл – ел болашағы» атты экспедиция ұйымдастырып келеді. Осы шараның арқасында елімізде Сәуле апаның табаны тимеген ауыл қалмады. Бір таңқалатыным, жыл сайын қаншама аудан, ауылдарды аралап жүрсе де жергілікті азаматтарды толғандырған мәселені бір сәтке де естен шығармайды. Жергілікті биліктен, құзырлы орган қызметкерлерінен қысым көріп жүрген кәсіпкер немесе өзге де шаруа адамдарын кезіктірсе, оның мәселесін жоғарыдағыларға төтесінен қоя біледі.
Мерейтойыңыз құтты болсын, Сәуле апа! Алла сізге ұзақ ғұмыр, әлі де елге талай еңбек сіңіруді нәсіп етсін!
Сәуле Мешітбайқызы: «Ұлт тағдыры – жан қалауым, көтергенім – ар жалауым!» деп ұрандатқан қарапайым қызын ардақтаған, құрметтеген халқыма, баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін!
Аллаға шүкір! 75 жастың шыңына шығарып, алды-артымды бағамдатқаныңа, Жаратушы ием, саған алғысым шексіз! Өмірдің тәттісін де, қаттысын да көрдім, ащысын да, тұщысын да таттым. Сонау қияндағы Мойынқұм өңірінде дүние есігін ашқаннан бергі өмірім алақанымдағыдай көрініс береді. Адам тағдыры қызық қой өзі. Ұстаздық еңбек жолымды елде, ауылда бастап, Алматының табалдырығын қарапайым ғана мұғалім болып имене аттадым. Мектепте басшылық қызметке көтерілдім. «Қазақтелеком» АҚ-та мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге біраз жыл қызмет етіп, өзімше үлес қостым. 63 жасымда журналистика әлеміне келіп, үлкен халықаралық газеттің тізгінін ұстау маңдайыма жазылыпты. Үлкен ұжымға жақсы ортаға келдім. Көсемсөзбен тербеп, көкейтесті мәселелерді көтердім, ұлтымның тағдырына, адамдардың жанайқайына өз үнімді білдіріп, біршама мақалалар жаздым. Билік пен бұқараның арасына алтын көпір болуды мақсат тұттым. Елді көп араладым. Алыс-алыс ауылдарда болдым. Адамдардың мұң-мұқтажына ортақтасып, оларға қал-қадерім жеткенше көмектесуге тырыстым. Елімізде болып жатқан дүрбелең оқиғалар да, ұлттық мүдде тұрғысындағы жағдайлар да менің назарымнан тыс қалған жоқ деп ойлаймын. Бұл менің ғана еңбегім емес ұжымның еңбегі газетіміздің ұстанымы.
Әрине, «Тәте, 75 жасыңызға газетімізде арнайы бет арнасақ» деп інілерім маған өтінішпен шықты. Қарсы болдым. «Елдің жағдайы мынау. Жалаулатпайық. Рахмет. Ештеңенің қажеті жоқ» дедім үзілді-кесілді. «Газет пен елдің абыройы үшін. Мақтамайық. Халықтың өзіңізге деген ықыласын жеткізейік.» деген соң ойландым. Сол-ақ екен сонау Ел Президентінен бастап, Нығматулин қостап, сең қозғалып жүре берді. Мұндай құрметті күтпеп едім. Ыңғайсыз болды. Кешірім өтінемін! Алайда төгілген ыстық ықылас күш, рух береді екен. Тілектерден шынайылықты сезінгендеймін. «Алдағы уақытта да саяси-қоғамдық, тағылымы мол, әлеуметтік-ақпараттық, маңызы зор істерге бастамашы болып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін» деп ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенім білдіріп жатса, Ақтаудан өр ақын Сабыр Адай: «Төрлет апа, киелі Маңғыстаудың көр жайын!» деп жыр-шашуын жолдапты. Бәріңізге де көп рахмет! Облыс басшылары, саясаткерлер, ізгі жанды бауырларым, қарапайым ғана бұқара өкілдерінің аста-төк, ағыл-тегіл тілектерінің, ықыластарының шуағына шомылдым. Шын жүрегімнен бәріңізге, алғысымды білдіремін. Алланың разылығына бөленіңіздер! Халық мәуелі бақ болса, мен оның саясындағы жапырақпын. Көгеруім де, көктеуім де сол бәйтерекке тәуелді. Олай болса тамыры тереңге кеткен, діңі жуан, саясы кең, жұпары мол елім аман болғай!