ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰР АТАҚҚА ЕМЕС, ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ БОЛҒАЙ!

ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰР АТАҚҚА ЕМЕС, ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ БОЛҒАЙ!

Тәуелсіздік алған отыз бес жылда қазақ халқы сайлаудың түр-түрін көрді. Сайлау деп шабылды, сабылды, қастарынан табылды. Сондықтан сайлау өткізу қазаққа таңсық емес. Қай партияның қанша дауыс алатынын құмалақ шашпай-ақ айтып беретіндер көп. Додада қай партияның жүйрігі мәрені бірінші кесіп өтеді, қайсысы екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші келеді, бәрін іштей жобалап, долбарлап болса да көрегендік танытып отыратындарға не дерсің. Қазақ атамыздың «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегеніне тағы басыңды иесің амалсыздан. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсілді де еріксіз мойындайсың.

Сайлауға кететін қаржыға да көзі үйренген халықтың. Қыңқ етпейді. Себебі «Көп – қорқытады, терең – батырады». Қолында үлкен күш болғасын, кейде тізеге де салып жібереді үстем тап. Халық ыңқ демейді. Үйренген. Төзген... Сөйте тұра... «үміт соңында өледі» демекші, бұл жолғы Құрылтай сайлауына елдің үлкен үмітпен қарап, сайлауға белсенді қатысып, өздері қалаған партияға дауыс беріп жатқанын көзіммен көрдім. Және разы болдым.

Қазақ ежелден әділдікті ту еткен, шындықты дос еткен халық қой. Жылағанын да тез ұмытады. Отыз жылдан аса әділдікті аңсап, туралықты көксеп келе жатқан ұлттың қазіргі хал жағдайында түсінуге болатындай. Тек сенімдері алдап, үміттері күңірентіп кетпесе екен дейсің! Онда халыққа обал! Шыдамның да шегі бар дейді қазақ. Төзімділігі жағынан қазаққа жететін халық жер бетінде жоқ-ау. Соны билікте отырғандар сезінсе ғой...

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Төзім – тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзуге өмір тым қысқа ғой» дегенін жоғарыдағылар есте ұстағаны абзал. Ұлы жазушының бұл айтқанынан адамның шыдамдылығы бағалы қасиет екенін, бірақ барлық қиындыққа шексіз төзе беруге уақыт жетпейтінін білдіріп тұр емес пе!

Айтпақшы, шетелдегі сайлау учаскелерінде 6 мыңнан астам отандасымыз Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беріпті. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг барысында осылай деді. Бұл – қуанарлық жағдай. Шетте жүрсе де елінің тағдырына алаңдаған ағайынға мың алғыс! 

Шіркін, сол сырттағы ағайындардың қай партияға дауыс бергенін білер ме еді? Осы жолы көпшілік Қазақстанның азаматтық белсенділігі айтарлықтай жоғары болғанын айтып жатыр. Демек, қоғамда өзгеріске деген сұраныс бар. «Әрі қарай не болады» деп келешектен үміт күтіп отырған жұрттың да қарасы мол сияқты!

Дауыс беру барысын «көлденең көк атты» бақылаған жоқ деген ақпарат оқыдым. Лайым солай болғай! 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушы, оған қоса 258 отандық ұйымнан 80 мың байқаушы әр бюллетеньді мұқият қарап отырыпты. Олардан әзірге сайлау әділ өтпеді деген сыпсың сөз шыққан жоқ. Демек, бәрі заңға сай секілді.

Жә, сонымен жарнамасынан тау құлап, дақпыртынан шың қозғалған Құрылтай сайлауы да мәресіне жетті. Тойдың болғанынан боладысы қызық дегендей, екі ай дегенің де сыныптай сырғып өте шығыпты.

Кейбір сайлаушылардың дауыс беруге келген түрі, сықпыты жұртты таңғалдырғанын несін жасырайын. Біреулер сүйсініп жатты. Біреулер күрсініп, уайымға батты. Дауыс берушілер арасында қолда барын жалаң денеге іле салғаны да, жансыз құлтемірлерін ертіп жүргені де кездесті. Тіпті судан шыға сала, сайлау учаскесіне асыққан сүңгуірдің де қылығы көпшілік назарына ілікті. Елді қызықтырып қана қоймай, үстіндегі киген киімімен тұрғындарды шошытқан жағдай да осы сайлауда көрініс берді. Бұны енді әркім әртүрлі қабылдады. Өз басым кей қылықтарды ерсі көрдім. Мен үшін сайлау мекемесі –  тазалықтың, мәдениеттің ошағы. Ол жерге қалай болса солай жетіп бару ұят тірлік. Бәлкім, мен ескіліктің көзі болармын, қазақы тәрбиенің шәрбатын ішкен адамдар бәлкім менімен келісер, бәлкім келіспес. Алайда мың жерден демократия атын жамылсақ та, сайлауға дауыс беруге мұнтаздай таза киіммен, таза көңілмен баруға шақырамын.

ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІ КӨҢІІЛГЕ ҚУАНЫШ, САНАҒА ЖҰБАНЫШ ҰЯЛАТТЫ

Баяғыда Түйе мен Есекке жүк артып, олар жүгін қыр басына әрең шығарып тынығып тұрса, жүктің арасында отырған бір құмырсқа «сіз болып, біз болып әйтеуір төбеге жүкті шығардық қой» деген екен. Сол айтпақшы, сіз болып, біз болып, билік болып, партия болып әйтеуір Құрылтайды өткіздік. Артының қайырын берсін!

Ел ішінде «еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін» деген тіркес бар. Еңбектеген демей-ақ қояйын, есі кірген жігіттен еңкейген қартқа дейін соңғы екі айда саясаттың бесігінде тербелгеніміз рас. «Махаббаттың бесігінде тербелейік тағы да» ескіріп қалды. Себебі бізге Ес кірген... Бұрын естімеген, білмеген есімдер мен партиялар жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай гүрр ете қалды. Ешқашан есігінен бөтен адам кірмеген мекемелер мен мәдениет ошақтары, мектептер мен оқу орындары, егіс алқаптары мен зауыт-фабрика жұмысшылары партия өкілдерімен кездесті. Біреулер уәде берді, енді біреу осыған куә болды. Қызды-қыздымен есіп сөйлегендер мен бөсіп сөйлегендер, айқайлап сөйлегендер мен абайлап сөйлегендер де болды. Тіпті бұрын-соңды ТВ форматтағы дебатты көруді маңдайымызға жазды. Халық алдына шығудың жауапкершілігінің қандай ауыр екенін көбі енді ұққандай... Теледидар алдында терлеу ...қиналыс... Хош делік...

Сонымен сайлауға бардық. «Партияда жоқ адамның партияға дауыс бергені қалай?» – деп ойлауыңыз мүмкін. Ол да дұрыс сауал болар. Дей тұрғанмен менің ойым басқа... Сайлаудың 35 жылда түр-түрін көрдік қой. Дегенмен бұл сайлау ерекше болған сыңайлы.

Меніңше, сайлау дегеніміз – үмітіңді үкілейтін күн. Ұлыңды ұяға, қызыңды қияға ұшырған сияқты үмітімізді бүгін ұшырып келдік... Адамның адамдығы да осы үміттен тұрады. Президентіміз қысқа да нұсқа брифинг өткізді. Вице Президенттен бастап біраз дүниенің пердесін ашқан сияқты. Көңілге тағы да үміт ұялатты. «Көп өмір сүргеннен сұрама, көпті көргеннен сұра» деген сөз бар...

Қасым-Жомарт Кемелұлы – көрген-түйгені көп адам... Сезімтал кісі... Әлемнің алпауыт мемлекеттерінен бастап, үлкенді-кішілі демократиясы дамыған елдерді көрді. Көп көрді... Таңданды... тамсанды... Біздің ел қашан осы мемлекеттердей болады екен деп қиялдады, қиналды, армандады... Қисыны келмесе қи да тұтанбайды. Біз соңғы 100 жыл бағы ашылмаған елдің біріміз. Оның себеп-салдарын мен айтпай-ақ қояйын... Бірақ біреудің жасаған қатесін біреу түземесе, Прогресс те, Адамгершілік те болмайды. Міне, соның сәті енді ғана келгендей... Ақ сарбас!!

Қазақстан ертең үлкен құрылыс алаңы болады деп қалды... Құрылыс – қырылыс емес... Енді бізге талпыныс керек. Президенттің бұл бастауы еліміздің ертеңі үшін... ертеңгі ұрпақ үшін керек. Бұл үміт кешегі Әлихан мен Абайдың, Ахмет пен Тұрардың, Мағжан мен Сәкеннің, Мұхтар мен Бауыржанның үміті. Үкілі үміт дейді. Шашақ таққан емес, қастерлі үміт дейді мұны.

«Қай партияның алда, қайсысының артта қалғанын ертең білеміз. Алайда бүгін барлық үміттің бір арнаға тоғысқан күні. Бір сөзбен айтсақ, ҮМІТ күні... Қай партияны алсаң да жарғысында, сөзінде, көзінде елге қызмет етсек деген тілек пен ниет бар екен... Ақ жол! Шындық пен ізгілік біреу, ал оған апарар соқпақ әртүрлі... Дей тұрғанмен осындай шақта есіме өткен кеткен түскені. Мысалға деймін ғой... Ғани Мұратбаев елге қызмет еткенде жиырманың ішінде, Мағжандар отызда... Кешегі Екінші Дүние жүзілік соғыста жиырмадан асқандардың ерлік жасағаны тағы да аян... Ал неге осы партиялардың ішінде жарқ еткен тұлға көзге түспеді (төбелесті айтпайын)?

Мүмкін бар да шығар. Менікі басқа дүние... Соңғы кезде әлемдік саясатқа жаңа тұлға келді. Америкада отызға толар-толмас Нью-Йорктің мэрі шықты. Ол Зохран Мамдани Угандада өмірге келген мұсылман жігіт. Алайда ол үлкен мегаполиске мэр болды ғой. Тұнып тұрған оратор. Ел-жұртпен қалай тіл табысады! Көп тіл білген жақсы, алайда халықтың тілі басқаша. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қыр аса алмайды» деген тәмсілді мен шығарған емеспін. Міне, тұлға... Міне, бақ!

Біз соңғы 35 жылда тамсануды да, паңдануды да көргенбіз. Енді бізге тамсану мен паңдану емес, бізге Мамдани керек. Иә... Саясатқа жол-жөнекей емес, сайланып келген дұрыс. Бұл жол Абылай мен Жәңгір ханның, Әлихан мен Ахметтің жолы... Басын бәйгеге тігер, елі үшін еңіреп туған тұлғаның жолы.. Иә, менікі жай пікір... «Мен жастарға сенемін» деген Мағжанның сөзі тағы жаңғырған. Осыны сен жадыңа тұт, жас жігіт!» – депті Қазақстанның Халық әртісі, кинорежиссер Талғат Теменов. Бұған менің алып-қосарым жоқ.

ҚҰРЫЛТАЙҒА ҚАРАЙ ҚАНАТ ҚАҚҚАН БЕСЕУ 

Құрылтай сайлауы бойынша дауыс берудің алдын ала қорытындысы жарияланды ертесінде. Өз басым талай сайлауды көрген кексе адам ретінде, ресми қорытынды бұдан алыстай қоймайтынына сенімді болғанмын. Айтқаным айнымай келді.

▪️ «Әділет» партиясы – 71,17% 

▪️ «ЖСДП» партиясы – 5,11% 

▪️ «Байтақ» партиясы – 1,07% 

▪️ «ҚХП» партиясы – 3,11% 

▪️ «Ауыл» партиясы – 6,26% 

▪️ «Ақ жол» партиясы – 5,21% 

▪️ «Respublica» партиясы – 5,56% 

▪️ «Бәріне қарсымын» – 2,51%.

Құрылтай сайлауына барлығы 9 351 539 адам қатысқан. Сайлаушылардың 74,08%-ы дауыс берген.

Сонымен  145 депутаттық мандаттың  «Әділет» партиясы 110-на  ие болды. 

«Ауыл» – 10,

  «Республика» – 9, 

«Ақ жол» – 8, 

«ЖСДП» – 8 мандаттан қанжығаларына байлады.  

 Осылайша бес партия Құрылтайға өтті. Оза шапқан бесеу. «Әділеттің» шаңын қапқан төртеу. Шаңын қапқан төртеу демеске шара жоқ. Жинаған дауыстары анау. 6-5-3 пайыз. Өте төмен. 

Бұрыннан аттары халыққа танымал төрт партияның жинаған дауыстары осы! Бұрынғы парламентте төбе көрсеткен партияларға бұл ұят. «Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озар» деген келді. Кеше ғана шыр етіп дүниеге келіп, халық ертегісіндегі Ер Төстіктей сағат емес, сәт санап есейген «Әділетке» ел сүйсінді. Өткір екен. Өршіл екен! Өзінен бірнеше жаялық ерте тоздырған «кәрі партияларды» көзге ілмей «жастығын» көрсеткен «Әділет» енді Құрылтайда әділеттің салтанат құруына жол аша ала ма? Бұл – үлкен сұрақ. Алайда қарқындары жақсы. Қадамдары алшаң!

Өкінішке қарай, «Байтақ» (1,07%) мен Қазақстан халық партиясы (3,11%) 5 пайыздық сайлау шегінен өте алмай қалды. Олар өздерінің халықтың қолдауына ие болғанын шырылдап айтып жатыр. Жаның ашиды. Жүрегің ауырады...

Байқауымша, халықтың «Байтақ» партиясы үшін күйзеліп, «Қазақстан халық партиясы» үшін үндемей тұрғандарын байқадым.

Әлеуметтік желіге бір адам «Бәрінен бұрын Қазақстан халық партиясының (ҚХП) өтпегеніне қуандым. Ана китель киіп алған «бұлбұлдың» сөздерін тыңдасам, қандай «батпаққа» сүйрегендерін білуге болады, ал, «Байтақ» жасылдар партиясына харизмалы тұлға керек» деп жазыпты. Ойланып қалдым.

ФБ желісіндегі досым, ақын Құдиярбек Ағыбай: «ҚХП Құрылтайға неге өтпеді? Олардың сайлауалды насихат жұмыстары қоғамдық немесе халықтың әлеуметтік жағдайын айтудан гөрі, тірегі «мықты» «любимая племянницаларды» (Баян Алагөзова) мадақтау боп кетті. Халық олардың жалған уәдесін түсініп, дауыс бермеді. Қазақстанда социализмді қайта орнатқысы келген Е. Ертісбаев мырза, өзінің қателескенін сезді ме, саясаттан кеткенін мәлім етті. Өмір деген де қызық» депті. Ақынның бұл ойы да көңілге қонады. Себебі халық бәрін көріп, біліп отыр. Халықпен ойнауға болмайды.

Бұлардың жазғанына менің қосарым мынау. Шынында да күні кеше қазақтың қанын ішкен, арыстарын атып, тірі қалғандарын ит жеккенге айдаған коммунистік партияның «ізбасарларының» тәуелсіз елде Құрылтайға таласуы қаншалықты дұрыс? Алла біреуді табалаудан сақтасын! Алайда шындық осы ғой. «Халық – құдайдың бір аты» деген рас. Халық жақсылықты да, жамандықты да ешқашан ұмытпайды. Оған осы сайлау куә. Қызыл коммунистерге халық аз дауыс беруінің түбіне де үңілгеніміз дұрыс. Жап-жас болып, баяғыда сүйегі қурап қалған кеңестік көсемдердің жыртысын жыртқан әнші қыздарымызға обал болды бәрінен. Аша Матай мен Тамара Асарды айтам. Халықтың қарсылығына қарамай депутат болуды қиялдап еді, армандары орындалмапты. Айтпақшы, ҚХП-ның 2023 жылғы жеңісінен кейінгі «разборкадан да» хабарымыз бар ғой. Партия басшылығы өз қатарынан қазақтілді саясаткерлерді қуамын деп, ақыры қазақ халқының қарсылығына тап болып қалған жоқ па? Кез келген партия басшысына айтарым, қазақ халқымен, қазақтың ана тілімен ойнамаңдар! Аруақтардың мазасын алмаңдар. Тасып кетсеңдер, Алла Тағала төбелеріңнен бір-ақ ұрып, тәубелеріңе келтіреді! Осыны ұмытпаңдар!

Сонымен қызыл коммунистерге Құрылтай төрінен орын бұйырмапты. Оларға орын болмағаны тарихи бір әділеттілік пе деп ойлап отырмын.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы сайлаудың экзит-полл қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеді.

Партия төрағасының айтуынша, қолдарындағы сайлау хаттамаларына сәйкес, «Байтақ» партиясы сайлаушылардың кемінде 16 пайыз дауысын алған. Сондай-ақ партияның барлық филиал төрағалары мен шамамен 200 мың партия мүшесі де партия төрағасының ұстанымын қолдайтынын мәлімдеп отыр. «Аққа құдай жақ». Өздерін дәлелдеп жатса – қуанамыз, жеңіліп жатса – қуарамыз!

«Байтақ» партиясы сайлау нәтижесін мойындамай, жер тепкілеп, халықты алаңға шақырып қырғын салып жүрмесін» деп әлеуметтік желіде мысқылдап жатқандарға аналық ақылым: «Сабырлы болыңдар. Елдің ынтымағына сына қақпаңдар. Бір сөзден бүлік туып кетуі кәдік. Бір сөзден ел арасы суып кетуі мүмкін. Ойнасаң да ойланып сөйле, қарақтарым!» – дегім келеді.

ПАРТИЯЛАР АРАСЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ ДЕБАТТА КӨРІНДІ

Журналист Тоқтар Жақаштың әлеуметтік желідегі ойымен келісемін. Ойымыз бір жерден шығып тұр. «Ел тарихы үшін ең маңызды сайлау науқаны аяқталды. Жалпы, бұл сайлау тыныш әрі қоғам тарапы асқан ұйымшылдық танытты деп ойлаймын. Қоғамда үлкен резонанс тудырған, желіде ұзақ талқыланған өткір қақтығыстар болған жоқ. Керісінше, көптеген сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл күй ауаны қалыптасты. Біраз азамат дауыс беруге шығармашылық таңдаумен келді. Маған бұл сайлаудың ең маңызды нәтижесі – азаматтардың белсенділігі. Бұл қоғамда өзгерістерге деген сұраныс бар екенін және Мемлекет басшысының реформалар, елді жаңғырту, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру бағытына қолдау қалыптасқанын көрсетеді.

Енді ең бастысы – осы қоғамдық мандатты нақты істерге айналдыру. Жаңа Құрылтай Президент бастамашылық еткен өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілік алады.

Партиялар үшін де бұл сайлау маңызды сабақ болды. Енді 2, 3, 4, 5 орын алған «Ауыл», «Ақ жол», ЖСДП және «Республика» үшін саяси әлеуетін нақты іспен дәлелдейтін кезең басталды. Сайлаудағы нәтиже – мәреге жету емес, халық сенімін ақтауға берілген мүмкіндік.

Жалпы, биылғы науқан партиялар арасындағы бәсекенің бұрын-соңды болмаған деңгейін көрсетті. Бұл – саяси мәдениет пен азаматтық белсенділіктің өсіп келе жатқанының белгісі. Дауыс берудің ашықтығына келсек, сайлау процесін 42 мемлекеттен келген 777 халықаралық байқаушы, 13 халықаралық ұйым және 258 отандық ұйымнан 80 мыңға жуық байқаушы бақылағаны да назар аударарлық.

Ал алдын ала қорытынды бойынша «Әділет» партиясына берілген дауыстың 70 пайыздан астамы Мемлекет басшысының реформаларын қолдаудың бір көрінісі деп бағалауға болады. Партияның президентшіл бағытты ашық ұстануы да осы нәтижеге әсер еткен сияқты.

Ендігі мәселе – сайлау аяқталды деп тоқтап қалу емес. Қоғам берген мандатты пайдаланып, реформаларды жалғастыру, халықтың сенімін нақты нәтижелермен ақтау. Меніңше, ең маңыздысы – осы».

Сенім жауапкершілігі

Академик Дихан Қамзабекұлы былай депті: «Халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Сенім – адамшылыққа, адалдыққа, жанқиярлыққа, үмітке кепілдік. Мұнда есептесуден гөрі сын мен сынақ басым. Сөзге сенуден гөрі уәденің сұрауы болатыны анық. Бой көрсетіп, себеп айтудан гөрі тиянақты алға тарту, негіз бен тетікті ұсыну маңызды.

«Әділет» партиясы 71 пайыз арқылы халық сенімін арқалап тұр. Оның арғы жағында мемлекетшіл қуат, қоғамның береке-бірлігі, тәлімді тәжірибе айқын көрінеді.

Жауапкершілік – сенім үдесінен шығу, сөзде тұру, адалдықты өлшем ету. Бұл – тек партияға артып қоятын шарт емес, қоғамның да ортақтасатын, септесетін борышы. Сонда сұрау да, сұхбаттастық та артады».

Пендеміз ғой, кейде тұңғиық ойларға беріліп кетеміз. Құрылтайдан үміткер кандидаттар арасында, жалпы, партияішілік сауда қызып тұрған болар. Қайда барсаң да сауда ғой қазір. Әсіресе «Әділет» партиясында.

Кім қайда барады? Кімнің еңбегі сіңді? Кімнің жарнамасы елдің қолайына жақты. Кімнің дебаты халықтың жүрегін жаулап алды?

Осыдан барып, «Сіз Құрылтайға бармайсыз. Бірақ, әнебір ЖОО-ға ректор боласыз. Ал, сіз анау облыстың мәдениет басқармасын басқарасыз. Сіз әлбетте депутат боласыз», – дегендей келіссөздер жүретіні анық. «Сауда сақал сипағанша» деген ғой қазақ, әйтеуір Құрылтайға ұлтым деп жүрегі соғатын, халыққа жаны ашитын, ұлтын сатпайтын, ұлттық болмысын сақтайтын депутаттар келсе дейміз. Әйтпесе халықта уәдесін үйіп-төгіп, сайланып алғасын халықты беттен алып, төскейге шабатындар да кездескен. Сол жағдайлар қайталанбаса екен дейміз дағы.

«ӘДІЛЕТ» ӘДІЛДІГІН КӨРСЕТУГЕ МҮМКІНДІК АЛДЫ

Түйін:

Биылғы жыл табысты жыл болғай! Себебі референдум өтіп, Конституция жаңарды. Парламенттің қос палатасы – Мәжіліс пен Сенат – тарих қойнауына еніп, алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттары сайланбақ.

Ел дамуының кезекті бір белесі 1 қыркүйектен бастау алады. Оны бәріңіз біліп отырсыздар. Осы жерде шетін бір мәселе бар: жергілікті мәслихаттар сайлауы не болмақ? Онда «Аманат» партиясының мүшелері отыр. Жаңа партия құрылды. Басқа бірнеше партия өкілдері де мәслихат құрамында… Қоғам жаңарып жатыр. Демек, мәслихаттар да жаңаруы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда алдағы бір-екі айдың ішінде мәслихат депутаттарының сайлауын өткізген ақылға сыйымды секілді көрінеді маған.

2026 жылғы тарихи Құрылтай сайлауында өткізіп тастадық. Осылайша Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп санайық. Сайланған жаңа заң шығарушы орган – Құрылтайдың және Үкіметтің алдында ауқымды экономикалық, әлеуметтік және идеологиялық міндеттер тұр. Оңай емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген басты жоспарлар мен міндеттер мынадай бағыттарды қамтиды: 145 депутаттан тұратын жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай ел тарихындағы жаңа саяси жүйені қалыптастырады. Жаңа Құрылтайдағы әйелдер өкілдігі маңызды деңгейге (партиялық тізімдерде 44%-ға дейін) жетіп, шешім қабылдау үдерісін өзгертеді.

2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Смартфон мен заманауи технологиялар тек ойын-сауық емес, әсіресе ауыл тұрғындары үшін табыс табу мен бизнесті жүргізу құралына айналуы тиіс. Еліміздің әрбір облысы мен қаласында жаңа емханалар мен балаларға арналған оңалту орталықтары бой көтереді. Астанада жаңа көпір, зәулім Домбыра сарайы және суды зерттеу орталығы сияқты ауқымды нысандардың құрылысы жоспарланған. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны тұрақты түрде жалғаса береді.

Ертөстіктей күн санап өскен «Әділет» партиясы – жеңімпаз. Орыны – төр! Сол жерде отырады енді мол!

Құрылтайда:

«Әділет» партиясы – 110 орын.

«Ауыл» партиясы – 10 орын.

«Республика» партиясы – 9 орын.

«Ақ жол» партиясы – 8 орын.

ЖСДП-ға – 8 орын бұйырды.

Осы жерде бас айтқым келетін нәрсе, «Ауылдың» екінші орын алуы – қазақтың ауылдан кіндігі мен үмітінің үзілмегені! Ауылға билік ерекше көңіл бөлуі керек! Бұл мәселені ел болып көтеруіміз керек!

Осы жерде айта кеткім келеді, біз жалғыз «Ауыл партиясымен» ғана жұмыс істемейміз. Барлық партиямен біргеміз. Себебі мүдде ортақ. Ниет ортақ. Мақсат ортақ. Бәріміз де ауылдан шыққанбыз. Ауыл – бәріміздің табан тірер тұрағымыз. Отанымыз!

Мен басқарып отырған «Qazaqstan dauiri» халықаралық, қоғамдық-танымдық газеті ондаған жылдар бойы ауыл мәселесін көтерумен келеді. Алдағы уақытта да көтере бермек! Себебі ел Президенті өз Жолдауларында ауыл еңбеккерлерін, ауыл тұрғындарын, ауыл кәсіпкерлерін айтудан танған емес. Біз Президенттің Жолдауларын ауыл жұртына насихаттап, ел тұрғындарымен, шаруаларымен, кәсіпкерлерімен байланысымызды әлі күнге дейін үзген жоқпыз. Себебі ауыл – қазақтың жаны! Ауыл – қазақтың сары далада жайылған малы! Сондықтан «Ауыл» партиясының Құрылтайдан орын алуына біздің де, қылдай болса да, көмегіміз тигені анық! Себебі ауылдың жарнамасын, қазақтың байтақ даласын «Ауыл – ел бесігі» экспедициясымен бізден көп аралаған ешкім жоқ. «Ауыл» партиясы мұны ескереді деп ойлаймын! Өзге партиялар да бізбен ұлы мақсат жолында бірігіп іс етеріне де сенгім келеді!

«QAZAQSTAN DAUIRI» халықаралық газетінің «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы өңірлерді аралап, ауылдағы өзекті мәселелерді, ұлттық құндылықтардың сақталуын және ақпараттық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізгені тарих бетінде қатталып тұр. Бұл экспедиция әлі жұмысын жалғастыруда. Кез келген партиямен ауыл мәселесінде бірігуге, ынтымақтасуға әзірміз.

Ауылды жерге барғандағы басты мұрат: ұлттық құндылықтарды сақтау, жастарды кітап пен газет-журнал оқуға ынталандыру мәселесі талқыланды. Ауылдың болашағы басылымның назарынан түскен емес. Түспейді де! Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ауылдың тағдыры – ұлттың болашағы дегеніміз бекер емес. Экспедицияның мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін көріп, елдің үнін есту. Рухани құндылықты сақтап, жастарды газет-журнал оқуға тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Ұрпақ ұлттық рухпен сусындағанда ғана елдің ертеңі нық болады. Баспасөзді қолдау – елді қолдау деп білеміз. Кездесулер де ауыл жастарының ақпаратқа қолжетімділігі және олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың жолдары талқыланып, бірлескен жобалар іске асыру жайлы ұсыныстар қарастырылады. Экспедиция жұмысы аясында өзге де ұлтқа қатысты, жүргізіліп жатқан саясатқа қатысты да мәселелер айтылады.

Енді осы бес партияның тізімі ішінен тізім жасақталып, Құрылтайдың тұңғыш құрамын көреміз. Құрылтайдың тұңғыш төрағасы Айбек Дәдебай, орынбасарларының бірі Дания Еспаева болуы мүмкін. Гендерлік саясаттың көзімен қарасақ, сол лайық! Қалған екеуіне бал аша алмаймын. Одан кейін Үкімет тарап, қайта жасақталатыны анық. Кім допша ұшады, кім билікті «құшады», уақыт көрсетер.

Алда вице-президент, премьер-министр мен Халық кеңесі төрағалары сайланады. Ары қарай министрлер кабинетінің өзгерісі осы үшеуіне қарап тұр. Біраз ауыс-түйістің кезеңі басталады. Меніңше, бүгіндері «тұғырына» мығым қонып алған ханымдар мен мырзалар «шошып» ұша қоймайды-ау! Президент өзі «үркітіп» жібермесе!

«Әділетті Қазақстан» болу бір күнде қиындау шығар. Әділдік болу үшін «заң» күшті болу керек. Бізде заң әлсіздерге жүреді. Оны күнде көріп, сезіп жүрміз. Қашан Ата Заң әлділерді «ұрып» құлатады, сонда ғана халықтың сенімінен шығуы хақ. Ол үшін «Әділет» партиясында әділетсіздер болмауы керек. Депутаттарды сайлағанда осыған жіті көңіл бөлінсе дегім келеді.

Бұл жолы «Әділеттің» жүгі ауыр, жауапкершілігі зор. Өйткені, Мемлекет басшысы бастап кеткен реформаларды жүзеге асырудан үмітті Халық дауысын «Әділетке» берді. Демек, бір жақтан Халық Үміті, бір жақтан Президент Сенімі. Дәдебайдың сыналар шағы енді туды!

Өзге партиялар да жер шұқып отырып қалмас. Аз болса да дауыс берген халықтан ұялар. Ұйқыларынан оянар. Ел қамын ойлап, биік мінберден сөз алар! Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлініпті. Аз қаржы емес. Бұл қаражат сайлау комиссиясы мүшелерінің жалақысына, бюллетеньдерді басып шығаруға және учаскелерді материалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалған.

Осы жерде еланасы ретінде ақ батамды бергім келіп отыр. Алладан тілерім халықтың осынша ақшасына өткізілген Құрылтай ел сенімін ақтаса екен! Сайланған депутаттар ұлттық мінезін, болмысын сақтаса екен! Мемлекеттік тіл төрге озып, қазақтың жағдайы жақсарса екен! Әділетті Қазақстан орнап, бәрі жаңадан басталса екен! Әумин!

Бұйырса, бірінші қыркүйек жаңа оқу жылымен жарысып, жаңа саяси кезең басталады.

Ел үшін қайырлы, ел үшін пайдалы болғай!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
26.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰР АТАҚҚА ЕМЕС, ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ БОЛҒАЙ!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері - 26.08.2026 77

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27215
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26718
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44054
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39806
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44388