БІЗДІҢ ҒАСЫРДЫҢ ТӨБЕ БИІ

БІЗДІҢ ҒАСЫРДЫҢ ТӨБЕ БИІ

– Сейітқали аға, әңгімеңізді мынау өзіңіз имам болып отырған «Сәт» мешітінен бастасаңыз.   

– Өткен ғасырда дулат руынан шыққан, Сәт Ниязбекұлы деген атақты кісі өткен. Сол кісі өз кезінде 1886 жылы осы мешітті    салдырған екен. Міне, 135 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бір қызығы социализмнің кезінде Қазақстанның өзге өңірлеріндегі мешіттердің бәрі жабылып, шағылып жойылғанда, осы «Сәт» мешітінің есігі ашық болып, аз болса да жамағат үзілмепті. Сәт деген кісі Ресейдің патшасы Романовтардың 300 жылдық тойына Жетісудың генарал-губернаторы Фольбаум Семиречинскиймен бірге барып қатысқан адам. Сол тойдың үстінде патшамен бірге суретке түскен екен. Міне, мынау қабырғада тұрған сурет сол кезден бізге жеткен тарихи естелік. 1996 жылы мешіт мүлде басқаша болатын. Содан бастап осы мешіттің жаңарту және жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Мешіт жамағатын көбейттік. Мешіт құрылысына ізгі жолдағы көптеген азаматтар қолғабыс тигізді. Ерлан Атамқұлов, Азиз, Ғани Көпбаев секілді бауырларымыздың көмегімен мешіт құрылысы өңделді, өзгертілді. Бұл мешіт Қазақстандағы сақталып қалған, бүгінде республикамызға белгілі тарихи мұраға айналған мешіттің бірі. 

Өзім туралы аздап айтар болсам, мен 1953 жылқы жылы, күн мен түннің теңелген мезгілі 21 наурызда туыппын. Содан ба бір орында ұзақ тұра алмайтын, жылқы мінезді, дүбірге жақын, топтың алдында жүргім келетін адаммын. Мен екі айлық кезімде шешем өзінің өмірден қайтатынын біліп, баласы жоқ төркіні жағындағы туысына бағып алуға өз қолымен беріпті. Содан екі айдан соң, яғни менің төрт айлық кезімде туған анам дүние салыпты. Мені бағып алған әкем де мен алты жасқа толған жылы қайтыс болыпты. Сонымен мен алты жастан бастап, жетім бала болып, жесір кемпірдің қолында ержеттім. 7 жасымнан 9 жасыма дейін үш жыл қойдың артында күнім өтті. Үлкенсаз, Ботасаз деген жерлерде малдың соңында жүрдім. Одан кейінгі өмірім интернатта жалғасты. Бұйрық солай болған шығар, мен әскери адам болып қалыптастым. Ұлттық қауіпсіздік саласы бойынша көп жыл барлаушы болып қызмет атқардым. Шығыстағы соғыс шиеленіскен отты нүктелерде болдым.

1973 жылы Сирияда 6 ай, 1980 жылы Ауғанстанда 10 ай, 1981 жылы Иранда, 1988-1992 жылдары Түркияда болдым. Ол кезде Түркия НАТО-ның құрамындағы әскери әлуеті ең күшті мемлекет еді. Қару-жарақ озық, экономикалық қуаты мығым, әскер саны жағынан басым болды. Сол кезде тіс-тырнағына дейін қаруланған 1 миллион әскері сақадай сай тұрды. Қазір де Түркия  айналасы санасатын бірегей мемлекет. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, 1992 жылы елге келдім. Ол жақта бекер жүрген жоқпын, дін оқыдым, білім алдым. Келген соң Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасында жұмыс істедім.

 Әуелі Бас мүфти Ратбек қажы Нысанбай қазіреттің алдына барып, діни білімімді көрсетіп, сынақтан өттім. Мүфтиятта бірінші рет үгіт-насихат бөлімі ашылып, соның басшысы болдым. Мүфтидің орынбасары болып істедім. Қазірет Ратбек Қажы өте жоғары білімді, кезінде Ливияда оқыған, исламтанушы-ғалым және көрнекті халықаралық заңгер. Ол діни басқарманы Өзбекстандағы Орта Азия мүфтиятынан бөліп алып, діни тәуелсіздігімізді алып келген қайраткер. Еңбегі зор, үлесі мол, ерекше тұрпатты ФиқҺ ғалымы. Мен қазіреттің шәкіртімін.  Осы «Сәт» мешітіне келгеніме де 25 жыл болды. 10 жыл бұрын Жамбыл ауданының, биыл көктемде Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» деген атақ берілді. 

– Соңғы кезде ақпараттан естіп  жатырмыз, сіз Қазақстанның Төбе биі болып сайланыпсыз. Халық аманаттаған мәртебеңіз құтты болсын! Осы қоғамдық бірлестік жөнінде айтып берсеңіз.

– Былтыр 2020 жылы қараша айында «Қазақ билері» орталығы құрылды. Шымкенттегі Бақытжан Нұсқабаев, Бақытжан Ермағамбетов, Мерейлі ақсақал, кезінде Отырар ауданын басқарған Бақтыбек Жүніс, Дүйсенбек Дайрабаев деген азаматтардың идеясымен жаңа сипаттағы қоғамдық ұйым құрылды. Осы кісілерге мен келіп қосылдым. Мәселе құр сөзбен шешілмейді, ұйымды заңды түрде тіркеудің шараларын қолға алдық. Барлығымыз үздіксіз ақылдасу арқылы жарғының баптарын жазып, толықтап, кемелдендірдік. Әділет министрлігіне барып «Қазақ билер орталығы» деген ұйымды тіркедік. Қазақстанның барлық өңірлерінен филиалдар ашуға құқымыз бар. Ұйымның басына Дүйсембек Дайрабаев деген азамат Төраға болып белгіленді. Сол кісінің айналасында 11 адам бар. Мен кеңесші, ақылшы ретінде жұмысты жылжыттық. 11 айдың ішінде құжаттық жұмыстарын талқыладық, тәртіпке келтірдік. Еліміздің 14 облысынан билер тобы жасақталды. 

Түркістан облысы, Қазығұрт тауының бір жақ қапталында Ғайып-Ерен қырық шілтен деген қасиетті жерге жиналдық. 9-10 қазан күндері «Бауырбас» деп аталатын құрылтай өтті. Қазақстан бойынша 9 облыстан 97 би жиналды. Екінші күні дастарханда Төбе би сайланды. Төбе би болуға 12 адамның кандидатурасы ұсынылды. Екеуі өз кандидатурасын қайтарып алды. Қалғандары өздерінің мұрат-мақсаттарын, жоспар-жобасын алға қойды. «Мен Төбе би болсам, не істер едім?» деген тақырыпта баяндама жасалып, жұртты хабарландырып, көптің талқысына салды. Сол билердің қатарында мен де өз мақсатымды түсіндіріп шықтым. 

Жиналыс залындағы төрде Үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүз Әйтеке бидің портреті тұрды. Ұстанған ұранымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бабалар жолы. Сол баяндамалар мен емін-еркін әңгімеден кейін билер толық келісіп, мені Төбе би етіп сайлады. Ол құрылтайға менімен бірге 2 адам барды. Біреуі жаныс жігіт, біреуі керей спортшы жігіт   Жәмәли Диқанұлы.  Мен руды айтқанда арасына сына қағып ажырату емес, жіпке тізіп арқан етіп есіп, бір қазаққа айналдыруды көздеймін. «Үш жүздің бәрі қазақ, бір-бірінен айырмашылығы аз-ақ» деген мақалым бар. Сабыр Адай «Әр қазақ менің жалғызым» деп айтса, мен оған «Әр қазақ жалғызымыз болса, сол жалғызымыз елге айналсын»  деген сөзді қостым. 

«Қазақ билер орталығында» оның Төбе биі, содан соң облыстарда 11 аға би, жергілікті жерлерде би-ағалар, әр облыста жора топтары бар. Кабинетіміз Шымкент қаласында, ұйымның заңды мөрі Дайрабаев Дүйсенбек деген азаматтың қолында.  «Қазақ билер орталығының» директорлық міндетін атқарып, жоғары мен төменнің арасындағы хат-қағаз жұмысын үйлестіріп отырады. Жоспарымыз, мақсатымыз, жазылған жарғымыз бәрі Дүйсенбек Дайрабаевтың алдында. Атқаратын жұмыстар мен іс-шаралар мемлекеттің заң-ережелері аумағында өзіндік тәртіппен жүргізіледі. Мемлекетіміздің кемелденіп, руханиятының толыса түсуі үшін билік пен халықтың арасында алтын көпір болып, қоғамдық негізде қызмет жасаймыз. Бізде билерден бөлек «Ұраншы» деген дәреже бар.

– Құрылтай ашылып, билер сайланды. Ендігі жерде жұмысты неден, қалай бастайсыздар?

– Біздер осы «Бауырбас» құрылтайынан кейін елге тарап, әр қайсысымыз өзіміз тұрған жердегі биліктің тармақтарына кіріп, құрылған ұйымның жарғысымен таныстырып, ой-мақсаттарымызды түсіндірдік. Олар түсіністікпен қабылдап отыр. Мен өзім Жамбыл ауданы әкімінің қабылдауына кіріп, сөйлесіп шықтым. Әкім маған «Алдымызда 1 қарашада аудан бойынша үлкен жиналыс ашылады, сол кезде сіздің Қазақстан бойынша Төбе би болғаныңызды салтанатты түрде жариялайтын боламыз» деді. Біздің өзге өңірлердегі билеріміз де әкімдермен, мәслихатпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Өйткені бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы. Ұрпақтарымызға ұлттық құндылықтарды сіңіру, елді руханияты бай халыққа айналдыру. 

– «Қазақ билері» қоғамдық бірлестік болып құрылған соң, ендігі жерде іске кірісуге тура келеді. Қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

– Алдағы жерде «Қазақ билері» орталығының аясында аналардың орталығын құру, аналар алқасын ұйымдастыру, балалар тәрбиесін қолға алу ойымыз да бар. Бұл біздің жоспарымызда нақтыланған. Бір нәрсе анық, аналардан би сайланбайды. Ол жерде бірлесіп жұмыс істейтін орталық құрылады. Әркім өз орнын білу керек. 

Мен білетін Әлима Ысқақ деген ана бар. Өзі қолөнердің шебері, этнографиялық білімі телегей, қаламгер, ақылман ана. Тағы бір Барбосын, «Ақ ана» деген атпен белгілі болған Зейнекамал деген кісі бар. Сол секілді әжелер бұл шаруаның бір жағында жүреді. Олар қыздар мен келіндердің тәрбиесін ұстайды. Кезіндегі Домалақ ана секілді арамыздан шығып келе жатқан иманды, инабатты жаңа заманның «домалақ аналары» бар. Бүгінгі күнде «Баталы ақсақалдар жоқ, бокалды шалдар бар» болса да, заманды өзгерту үшін, адамды тәрбиелеуді тоқтатпаймыз. 

Қолына стақан ұстағанда сөзден тоқтата алмайсың, бірақ алақан жайып бата сұрағанда кібіртіктеп, тілі күрмеліп қалатындар бар.  «Қазақша сөйлейін десе тіл білмейді, орыс болайын десе түрі келмейді» дегенім сондықтан. Біздің қоғамда осындай дүбаралар шетінен кездеседі. 

Ажырасу деген Алланың ең жеккөретін нәрсесі. Солай болса да, кейбір ақылы шолақ әйелдер, «Ішіме сыйған балам, сыртыма да сияды» деп, отбасы бүлігінің өртіне май құйып, көрік басады. Осы секілді қоғамға жайылған індеттерден аяқ алып жүре алмайсың. Оның бәрін заң реттеп, күшпен басып отыру қиын. Біздің ұлағаттылық пен ұлттық таңдаулы дәстүр-салттарымыз арқылы адамдардың жанына қызмет етеміз. Құл-Керім Елемес, Жүніс Бақтыбек секілді иманды, инабатты бауырларымыз бар. Солар «Сіз осы би тобын аяғынан тұрғызып, жұмысын жолға қойып беріңіз» деп қолқа салды. Таяудағы бірнеше жылдың ішінде бәріміз бірге ортақ жұмылу арқылы өзі ақылды, өзі батыл, өзі жас, шебер ұйымдастыра білетін «Төбе биімізді» тауып, бұл аманатты өткізіп беремін. Негізгі мақсатымыз әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жаңғырту. Оның ішіне бәрі кіреді. Билік пен елдің арасын жалғап, тұтастыққа қызмет ету. Жоғары мен төменнің арасына жол салу. Телі мен тентекті тәубесіне келтіріп, жөнге салу түпкі мақсатымыз. Қазір белгіленіп қойылған аты бар да заты жоқ ауданның, ауылдың ақсақалдар алқасы деген кісілер секілді, әкім не айтса, бас шұлғып «Құлдық, құлдық!» деп отыратын адамдар секілді емес, әкім бізге келіп есеп беретін, санасатын, кеңесімізді тыңдайтын дәрежеге жетуге тиіспіз. Міне, түпкі нысана осы. 

«Жоғарыдан түскен ақша неге жұмсалды? Қайда бөлінді? Қайда кетті? Ел ішінде нендей жағымды, нендей жиіркенішті әдеттер бар?» деген мәселелер қазақ билерінің назарынан тыс қалмауы керек. Президент пәрмен береді, парламент заң шығарады. Бірақ орындалмайды. Орындалса да шала, не болмаса өтірік есеп берумен аяқталады. Осының бәріне тиым салатын, тектеп отыратын ұйым «Қазақ билері» қауымдастығы болады. 

– Біз елді аралағанда, аудан ауылдарға барып газет-журналымызды таныстырып, жазылу жағын айта бастасақ, олар бірден «жазылуға болмайды, балаларды мәжбүрлеуге жол жоқ, экономикалық ауыртпалық тудырмаймыз...» деген секілді сылтаулар айта бастайды. Оқушылардың көз аясын кеңітіп, дүниетанымын арттырудың орнына, оларды орашолақ мақұрым етіп, қоғамнан, өмірден оқшау етіп ұстайды. Бұның жанашырлықтан көрі қастандығы басым секілді. Осыған не айтар едіңіз?

– Бәріміз үшін рухани байлық ең бірінші кезекте тұру керек. Сіз бен біз газет-журнал оқып өстік. Жаздырып алып, оқу пайда беруден өзге, еш залалы жоқ, ақшасы да қымбат емес. Газет-журнал оқуды қолдаймын. Оқулықтан ала алмаған білімді, ұстаздан естімеген сөзді басылымдардан табады. Біздер екі ғасырдағы екі мемлекеттің жүйесін басымыздан өткіздік. Кешегі пролетариаттың көсемі Ленин «Искра» газетін шығарып, қоғамға кең көлемде таратты. Сол арқылы өз идеологиясын күшейтті. Басылым ақпараттық құрал. Кезіндегі төңкерісшілдердің «Алдымен поштаны, содан соң вокзалды және ақпараттың көзін алыңдар» дегенінің өзі көп жайды аңғартса керек. Алаш көсемдерінің бірі Мыржақып Дулатовтың өзі «Ақпараты мықты мемлекет – нағыз мықты мемлекет» деген болатын. Біз айтып отырған алтын көпір газет-журнал арқылы, ақпараттық қарым-қатынастар арқылы жүзеге асады. Мынау сіздердің «Qazaqstan dauiri» газетін жақсы білемін. Бірінші редакторы үлкен тұлға, көрнекті қоғам қаламгері Қалтай Мұхаметжанов болатын. Газеттің айтар уәжі, өзіндік беделі бар. Газет арқылы халықтың үнін жеткізіп, қоғамды алға жылжытуға болады. 

– Өмірден көрген, көңіліңізге түйген ойларыңызбен бөліссеңіз?

 – Мен 1994-1998 жылдар арасында Қазақстанның барлық түрмелерін аралап шықтым. Одан кейінгі «Орал оқиғасы» кезінде қарап жатқан жоқпын. Менің назарымда ақпарат арқылы қоғамдық үйлесімді  реттеп отыруға болады. Біз құрып отырған «Қазақ билері» қауымдастығының үнін көпке жеткізуде, ұлт тағдыры мен мемлекет болашағына ықпал жасап, ұрпаққа тура жол көрсетуде дәл осы газетіңіздің атқарар рөлі ұшан теңіз болады. Сондықтан бірлесіп жұмыс істейміз, сіздердің келіп менімен сұхбаттасып, пікірлесіп отырғаныңызға алғысым шексіз. Ал  біз де жүрген-тұрған жерімізде сіздердің «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақ» журналдарыңызды айта жүреміз. Мен өзім бірінші болып жазыламын. 

«Жалғыз саусақ тіпті де, 

Ұстай алмайды жіпті де. 

Екі саусақ бірікті, 

Ине қолға ілікті. 

Үш саусағым орамды, 

Жүргізеді қаламды. 

Өнерлі екен он саусақ, 

Қала салсақ, жол салсақ» – деп, айтып жүремін. 

Біріккен уақытта ғана бәрі болады. Біз түгіл құмырсқа да бірігіп алып ісін қойып оңға, үйін салып жабылып, бір-біріне бағынып, береке тауып жатады. Ал біз адам баласымыз ғой, адам баласы тура жолда болса, жақсы сөздерге қарай бұрылса, ісі алға басады. Адамдар біріккен жерде тірлік болады, ірілік болады. Ең бір жаман нәрсе бар, ол – қызғаныш деген қызылқұрт. 

Адамның ішін өртейтін, жегі пәле. Содан сақтануымыз керек. Алтайдың қазағын ал, Алатаудың қазағын ал, Маңғыстауды, Ұлытауды ал, Қаратаудың қазағын ал, қанын тексеріп көрсең, бірақ қазақты көресің. Бір тілдеміз, үш жүздің бәрі қазақ, айырмашылығы аз-ақ. Бірақ үш жүзге еш уақытта бөлінбеген қазақ. Қарындасын қатын қып алмас үшін білісу керек. Құда болғанша ата тегін сұрас, құда болған соң жақсылап тұрып сыйлас дейді. Туыстар жеті ата емес, жетпіс атаға дейін қыз алыспағаны жақсы. 

Біз өткенде Қасқарау руына бата бердік. «Қасқарау руының ұлы қасқараудың қызын алмайды» деген шешім шығардық. Мейлі қанша атаға жетсе де құдаласпайды. Мынау Адайларда «Құнан орыс» деген бір тармағы бар. Сол құнан орыс бата тастап кеткен екен. Олар Жүз ата болсаң да қыз алыспаңдар, ақыр заманға дейін туысқан болып өтіңдер депті. Бір Құнан орыстың қызын көрсең қарындасым деп төріңе отырғыз. Егер батамызды аттап кететін болсаң, ол өмір бойы жарымай өтеді депті. Міне, бұл өте ауыр серт. Осының бәрі ұлттың тазалығы мен қасиетін тайдырмауға арналаған қатаң жол. Кешегі Сүйінбайша айтсам, қазақтың 92 атасы бар. Өзіңнен басқа 91 атаның қызын алуға әрине рұқсат бар. Біздер арғы жағымыз Адам ата мен Хауа анадан тарасақ, бергі жағымыз қазақтан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс болып тараламыз. Ұлттың сапасын көтеру деген тек қана оқу тоқумен ғана келмейді. Ол қан тазалығын сақтау, тектілік рухын өлтірмеу жағына да тіке қатысы бар. Қаншалықты алыс атадан қыз алыссаң, соншалықты абзал болатынын ғылым жарқыратып тұрып дәлелдеп көрсетумен келеді. 

– Сіздің ислам дініміздің қанат жаюына, қоғамның орнықтылығына сіңіріп жүрген еңбегіңізді сырттай жақсы білеміз. Жаңа міндетіңізге құтты болсын айта отырып, 21 ғасырдың Төбе биімен сұхбаттасуды мақсат тұтып едік. Бүгінге айтар ойыңызды білгіміз келеді. 

– Маған «Уйғур авази» деген газет келіп, Төбе би болғанымды құттықтап сұхбат алып кетті және олар газеттерінде мәлімет берді. Төрағалары Шаһимардан Нурумов деген мемлекетшіл азамат басқаратын Ұйғыр этномәдени орталығы мені мәрт, жомарт деген сипаттағы «Сахабат» деген медальмен марапаттады. Олармен түбіміз бір, бәріміз түркінің баласымыз.  Өзге қазақ басылымдарынан міне, сіздер бірінші болып келіп отырсыздар. Қазақ даласында отарлаушылар билердің билігін осыдан 114 жылдың алдында тоқтатқан екен. Сол бөгеліп қалған сара  жол, ата дәстүріміз қайтадан тіріліп, «Қазақ билері» қауымдастығы құрылып, жұмыстарын бастап отыр. Әрине біз ресми мемлекеттік мекеме емеспіз. Бірақ біз мемлекетке, билікке жақыннан көмектесіп, ортақ ісімізге жәрдем береміз. Мұның өзі азаматтық қоғамның, демократияның айқын белгісі болу керек. Біз құжаттық, құқықтық жағынан заңды тіркелген қоғамдық бірлестікпіз.

– Сырттай қараған адам сізді мешіттегі қатардағы бір имам деп санайды. Ал, жақындап келіп білген адам үшін сегіз қырлы, бір сырлы жұмбақ жансыз. Нағыз өз ғасырына лайықты имамсыз. Өзге де өнеріңізді өз аузыңыздан естісек деп едік. 

– Мен өзім белгілі спорт шебері, каратэден қара белбеу иегерімін.  Барынша спорт саласының жігіттерімен қарым-қатынас жасап отырамын. Солармен мәжілістес бола жүріп, елге аш-арыққа, әлсізге көмектесуді үздіксіз жалғастырып келе жатқан жайымыз бар. Бір қызық оқиға болды. Бір кезде уахабистер әлінен асып, осы мен имамдық жасап жатқан «Сәт» мешітінің ауласына өздерінің қарсылығын танытып, мені бопсалауға келіпті. Бір топ жігіт маған шабуыл жасады. Ондайда жағаласпасаң жан қала ма?! Шартпа-шұрт айқаса кеттік. Бергі жағынан араласа кетіп, арғы жағына өте шықтым. Артыма қарасам бес адам жерде құлап жатыр екен. Олар естерін тез жинап, құлағандарын сүйрелеп ауладан шыға қашты. Менің қасымда атақты спортшы, ауыр жүк машинасын тісімен сүйреген, 300 пышақтың жүзінен жалаңаяғымен  жүріп өткен, Жәмәли Диқанұлы секілді азаматтар жүреді. «Америкада Мұхамед-Әли, Қытайда Брюс Ли, Қазақстанда Жәмәли» деп, арқаландырамын. «Сіз кімсіз?» деп сұраған ағайынға күлдіре отырып: «қытайда шаолинь бар, жапонда самурай бар, қазақта Сейтқали бар» деп таныстырып жүремін. Ақпараттан естіген болсаңыз, осы Алматыда Жан-Ата (Иванов Иван Иванович) деген Генарал-Лейтенант ғажап адам бар. Ол кісі төрт метр жерден тікелей жанаспай тұрып, қарсыласын естен тандыра алатын өнердің иесі. Сол Жан-Ата кезінде менің командирім болған. Ал мен запастағы подполковникпін. Ол өзі бөлек ұзақ әңгіме.  «Өткен ғасырларда шығыста Омар Хайям өткен, қазіргі уақытта қазақта Омар Жәлел бар» деп айтып жүремін. Уақыт жақындап қалған екен, қазір жаңа мешіттің ашылуына барып, міндетімді өтеуім керек. Одан соң жаңа ғана айтқан бауырымыз Омар Жәлелмен кездесемін. Осы арқылы жанымдағы жақсы адамдарды шабыттандырып, рухтандырып отырамын.

– Әлеуметтік желіден, «ютубтан» байқағанымыз бойынша сіз бірнеше фильмге түсіпсіз. Кино саласына қалай келіп жүрсіз?

– Мен мынау тауда тас толтырылған жол дорбамды арқалап жүгіріп жүрген болатынмын. Бөктердегі жол бойымен кетіп бара жатқанмын. Қасымнан бір қымбат көлік зу етіп өте шығып, анандай жерге барып тоқтады да, артына шегініп менің тұсыма келіп тоқтап, ішінен бірнеше жігіт түсті. Олар менімен амандасып, болған соң: «Ата, сіз кім боласыз? Арқаңызға көтеріп алған не нәрсе?» деп сұрады. Мен оларға көтерген дорбамды беріп едім, қапелімде қолы көтере алмай қалып, дорбам тарс етіп жерге түсіп кетті. Ішіндегі толған тасты көрген жігіттер бір-біріне аңтарыла қарап қалды. Сөйтсем олар жаңа фильм түсіруге әзірленіп жүрген арнайы мамандар екен. «Бізге сіз секілді аталар керек» деді де, телефонымды алып жүріп кетті. Үш айдан соң кезекті киноға шақырылдым. Содан бастап өнер саласында көріне бастадым. Осыдан екі жыл бұрын батысқа барып, дәулескер күйші Құлсары батырдың рөлін сомдадым.  «Қазақ елі» сериялында бір эпизодында мен Төле бидің рөліне шықтым. «Абай жолында» Төлеу деген қарттың рөлін ойнадым.  Дегенмен менің негізгі міндетім, ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздық және мешіттегі имамдық жұмысым. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Дәулетбек Байтұрсынұлы
28.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 113
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 126
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 216
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 216
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 354
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 354
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 585
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 528

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9234
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8630
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11856
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9626
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10839