Жақында – он алтысы!
Жай күн емес!
Кетер екен кеудемнен қай күні елес?
Әлі күнге жүрегім
қан жылайды,
Әлі күнге алдағым айқын емес.
Жақында – он алтысы!
Аспанда бұлт!
Жүрегіңді жылатпа, жасқанба жұрт.
Қазақ болып ешқашан
қайғырмайды,
Қазақ деген халықты басқарған ұлт.
Жақында – он жетісі!
Ойлан, Қазақ!
Тізгініңді тарта тұр тойдан, Қазақ.
Жүрегімді қайтейін,
жүрек түгіл
Кетпей тұр ғой мидағы ойдан да азап.
Жақында – он жетісі!
Арлы адамдар!
Арын ойлап алаңда зарлағандар.
Тәуелсіздік жайлы жыр
жазбаңдаршы,
Боралдайдың сайына бармағандар!
Жақында – он сегізі!
Ұмытпаңдар!
Бұл күндері атпайды күліп таңдар.
Алаң мұзы бәрібір
ерімейді,
Ақшаменен енді оны жылытпаңдар.
Жақында – он сегізі!
Әнді күтпе!
Жүрегіңе жаралы жанды жүкте.
Қазақ үшін осы үш күн
Қасірет пен
Қасиетті деп білем мәңгілікке.
Жақында – он алтысы!
Жай күн емес!
Кетер екен кеудемнен қай күні елес?
Әлі күнге жүрегім
қан жылайды,
Әлі күнге алдағым айқын емес.
Жақында – он жетісі!
Ойлан, Қазақ!
Тізгініңді тарта тұр тойдан, Қазақ!
Жүрегімді қайтейін,
жүрек түгіл
Кетпей тұр ғой мидағы ойдан да азап.
Жақында – он сегізі!
Ұмытпаңдар!
Бұл күндері атпайды күліп таңдар.
Алаң мұзы бәрібір
ерімейді,
Ақшаменен енді оны жылытпаңдар.
Аз емес қой, аз емес
Арлы адамдар!
Арын ойлап алаңда зарлағандар.
Тәуелсіздік жайлы жыр
жазбаңдаршы,
Боралдайдың сайына бармағандар!..
Тәуелсіздік жайлы жыр
жазбаңдаршы,
Боралдайдың сайына бармағандар!..