Жақында Еуроодақ Парламенті Қазақстандағы оқиғаға қатысты біржақты қарар қабылдап, біздің ел билігінің іс-әрекетіне халықаралық деңгейде тексеріс жүргізіп, адам құқын аяққа басқан лауазымды тұлғаларға қарсы санкция қабылдауды талап етті. Бұған қазақстандық депутаттар наразылық білдіріп, халық қалаулыларының ортақ пікірін сенатор Дана Нұржігіт жария етті де. Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі қанды оқиғалардың куәгері ретінде сенатор сөзіне мен де қосыламын. Өйткені, басқаларды «адам құқығын аяққа басты» деп күстәналауға келгенде алдарына жан салмайтын АҚШ бастаған батыс елдері Қазақстанда өткен «Қаралы қаңтар» оқиғалары өз елдерінде орын алса, қара аспанды жерге төңкеріп, күллі әлемді қарғап-сілеп шығар еді. Ай мен күннің аманында ет жақындары оққа ұшып, қаншама отбасы қара жамылып, азалы күй кешті? Қаншама бала жетім, қаншама әйел жесір қалды? Қаншама мемлекеттік һәм өнеркәсіптік ғимараттар, дүкендер мен дәріханалар қирап, қаншама жеке меншік үйлер, тіпті мәйітханаларға дейін тоналып, кәсіпкерлік саласына қаншама миллиардтаған сомаға шығын келтірілді. Соның бәрін көзімен көрсе, батыстағылар бұлай «сайрамас» еді. Бұл өздеріне жақпаған саясатты ағаш атқа отырғызып жамандауды әдетке айналдырған Батыс елдерінің «сыныққа сылтау» іздеуі, шындығын айтсақ, ақиқатттың тонын теріс айналдырып, мұндай шетін оқиағадан бейхабар жұртты қасақана адастыруы дер едік. Әйтпесе, кісі қанын мойнына жүктеген жалдамалы қанішерлерді абақтыдан босату туралы жақ ашудың өзі шындыққа қарсы келіп, аққа қара жағумен бірдей емес пе? Елдегі бейбіт өмірдің іргетасын шайқалтуды мақсат тұтқан топтар біздің қоғамда әлі де баршылық екені байқалады. Солардың кейбіреулері әлеуметтік желілерге шынайы өмір шындығына сәйкес келмейтін жалған ақпарларды беріп, көпшілікті билікке қарсы айдап салғысы келеді. Олар: «Қазақстан билігі тәртіпсіздікке тосқауыл қою керек деген желеумен өз халқына қарсы әрекет етіп, оларды атып, қырып-жоюда», – деген жалған ақпарат таратуда. Мұны айтатындар билікте ала алмай жүрген өші бар иә болмаса шетелде отырып, оларға дем беріп отырған белгілі бір саяси топтың бар екеніне дәлел болса керек. Жалпы: «Көзіңмен көрген – шындық, елден естігенің – жалған», – деуді ақиқат таразысы деп қарасақ, көзімен көрмеген нәрсеге сырттан тон пішіп, өзінше шешім шығару – берісі – күнә, әрісі – күпірлік дер едік.