Экстремизм (лат. extremus, фр. extremisme – «шеткі, шамадан тыс») – белгіленген, қалыпты моральдық, заңдық шеңберден тыс көзқарастарды ұстану, іс-әрекеттерді жасау деген ұғымды білдіреді екен. Түрлі елдерде және түрлі кезеңдерде «экстремизм» деген сөзге біраз құқықтық-ғылыми анықтамалар берілген болатын. Дегенмен қазіргі уақытта бәріне ортақ түсіндірілетін анықтама болмай тұр. Экстремизм радикализмнің экстремалды көрінісі болып табылады. Экстремизм ұғымы саясат пен идеологиядағы экстремалды көзқарастар мен іс-әрекеттерге деген адалдық екен. Психологиялық тұрғыдан алғанда, бұл радикализмнің жалғасы мен одан әрі дамуы.
Түрлі діни пікірлерге негізделгеніне қарамай, істеген іс-әрекеттері қылмыстық істер кодексінің баптарына сәйкес келсе, ол діни-саяси экстремизмге жатады екен. Діни-саяси экстремизм деп ойлаған саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимылды атауға болады. Көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертіп, Үкіметті басып алуға тырысқан осындай әрекеттер терроризмге (лаңкестік) жатады. Қауіпті жағдайға айналған осындай әрекеттерді іске асыру, көбіне қарулы топтар құрып, өзара өшіктіру әдістерін қолдану арқылы дін және ұлттық қайшылықтарды қоздырумен, сондай-ақ адам құқын жаппай бұзумен қатар жүреді. Саяси экстремизм тек саяси мүддені ғана көздеп, жұмыс істейді. Бұлар мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайды шиеленістіреді. Экстремистер қай діннің атынан жұмыс істесе, сол дінге көп зиянын тигізеді. Бұлар елдің дінге наным-сенімін өз мүдделеріне пайдаланып, дінге қызмет етіп жүргендей көрінеді. Әдетте діни-саяси экстремизм ешқандай ымыраны мойындамайды. Дін өкілдерінің өздерін қолдап жүрген пікірі болса да ешқандай саяси пікірлерді қаперіне алмайды. Олардың басты қаруы – қатігездік, озбырлық. Сондай-ақ ондай жандар экстремистік қатардан оңайлықпен шыға қоймайды. Діни экстремизмнің пайда болуына әсер ететін факторлар: - экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және мәдени салаларда артта қалу; - әлеуметік әділетсіздік; - жұмыссыздық, кедейшілік, ауыл және қала мәселелері; - халықтың өмір сүру түрі, стандарттарына батыс елдерінің араласуы; - нәсіл, дін, мазхаб, идеология, аймақ және шекара мәселелері; саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан үстемдік құруы; - діни, мәдени және идеологиялық, миссионерлік іс-шаралар; - географиялық аймақтар, мемлекеттер, халық пен ел арасындағы түсініспеушіліктер; - дамыған елдер мен мемлекеттердің дамымаған елдерді отарлауы, бөліп тұтастығын бұзуы; - отбасы проблемасы, қоғамнан аластатылуы, өзін-өзі көрсету және дәлелдеуі; - бір адамның, қоғамның бастан кешкен күйінішіне, әлсіздігіне қарсы өш алуы; - өз дінінің, идеологиясының, халқының және мемлекетінің алдындағы міндетін атқару; - қоғамдағы саясат, мәдениет пен өркениет дамуына қарсы әрекеттердің туындауы. Қазір жер жүзіндегі көптеген елдерде экстремистік әрекетке байланысты қақтығыстар өршіп, террористік актілер орын алуда. Бұл проблема адамдарды ойландырып, басты проблемасына айналуда. Діни экстремизммен күресіп, оның алдын алу – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Көп ұлтты, көп конфессиялы, зайырлы мемлекетіміз Қазақстан Республикасы экстремистік әрекеттерді тудыратын істерге баса назар аударып отыр. Мемлекетіміз бен қоғамымыздың маңызды бағыттарға байланысты атқарар істері әлі де көп.