Биыл Павлодар облысы Железин ауданында тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылған. Мысалы, жол бойында қызмет көрсету сервисі жақсарып, ауыл ішілік жолдарға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Ал аудандағы дәнді дақыл өсіруші фермерлер егін ору науқанының 50 пайызын атқарып, орта есеппен гектарынан 15-18 центнер өнім жинауда. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов танысты.
Алдымен Омбы-Майқапшағай автожолының бойындағы «У Салты» кафесіне тоқтап, өңірде жол бойы сервисінің қаншалықты сапалы ұйымдастырғанына назар аударды. Бұл – «Кукузов» жеке кәсіпкерлігінің иелігіндегі нысан. Биыл аталған кафенің ауласына 3,5 мың шаршы метр болатын үлкен автотұраққа асфальт төселіп, жарық шамдар орнатылған. Енді үлкен жүк көліктері тоқтайтын орын жеткілікті. Сонымен қатар 9 млн теңге көлемінде инвестиция салынып, қосымша шағын маркет ашылған. Осылайша жолаушылардың тынығып, демалып алуына қолайлы жағдай жасалған.
– Нысанның құрылысы 2018 жылы салынған болатын. 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты аясында 6 млн теңге көлемінде несие алып, содан бері жыл сайын кеңейіп, дамып келеді. 2019 жылы монша кешені іске қосылды. Жолаушыларға арналған асханасы, дүкені және он адамға арналған қонақ үйі бар. Жаңа ашылған дүкенде жолаушыларға қажетті барлық тауар сатылады. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кафе қызмет көрсетудің «С» санатын иеленді. Бүгінде мұнда күніне 200-дей адам келеді. Келесі жылы 250 адам сыятын банкет залын ашуды жоспарлап отыр, – дейді аудан әкімі Қанат Қашкиров.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, облыс аумағына қарайтын республикалық трассалардың бойында жолаушыларға қызмет көрсететін 148 нысан бар. Олардың 135-і нақты жұмыс істейді. Оның 49 пайызы ғана ұлттық стандарттарға сәйкес келеді. Яғни, аймағымызда жол бойы қызмет көрсету сервисінің сапасы әлі бас бармақпен баға берер деңгейге көтерілмей тұр.
– Жолаушыларға барлық жағдай жасалуы керек. Бұл жерден біздің жерлестеріміз де, шетелдік қонақтар да өтеді. Осындай сапалы сервис барлық жолдың бойында болуы керек. Бірақ, оған толық қол жеткізе алмай келеміз. Мысалы, кейбір жолдардың бір бағытында қызмет көрсету нысандары жеткілікті болса, келесі бағытында болмауы мүмкін. Жалпы, осы мәселені тағы талқылап, қажеттілікке қарай жұмыс жүргізуіміз керек, – деді аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов.
Осы күні облыс әкімі Железин ауданында көкөніс және дәнді дақылдарды өсірумен айналысатын бірнеше шаруашылықтың егіс алқабын аралап, күзгі жиын-терім жұмысымен танысты. Аудан орталығындағы «КАБ» ЖШС-інде картоп жинау жұмысы қызу жүріп жатыр. Серіктестік басшысы Тимур Қабдуловтың сөзінше, биыл бір гектар алқаптан 450 центнер өнім алынуда. Сыйымдылығы 3 мың тоннаны құрайтын жаңа көкөніс қоймасын салып, өнім сақтау орындарының көлемін 11 мың тоннаға дейін ұлғайтқан. Ал Новомир ауылдық округіндегі «Черепанов» шаруа қожалығының басшысы Георгий Черепанов биыл дәнді дақыл өнімділігін алғаш рет 18 центнерге жеткізгенін айтады. Сонымен қатар аудандағы шаруа қожалық иелерімен кездесіп, олардың шешімін таппаған проблемаларына назар аударды. Кездесу барысында «Агростатус» ӘКК басшысы Аяз Теміршотов Ертіс өзені жағалауында мал өсіретін шаруаларға жайылым жері жетпейтінін алға тартты. Төрт түлікті қырға апарып бағуға болады. Бірақ, ол жақта су мәселесі шешілмеген дейді ол.
– Үш жыл бұрын 3 мың гектар алқапты суармалы жүйемен игеру жобасын қолға алған едік. Аталған жобаға 8 млн теңге көлемінде инвестиция салдық. Бірақ электр қуатының тапшылығынан қолға алған жұмысымыз аяғына жетпей тоқтап қалды. Егер бұл жоба белгіленген мерзім ішінде орындалмаса, салған ақшамыз босқа «күйіп» кетейін деп тұр. Сондықтан осы жобаны соңына дейін жеткізуге қолдау сұраймыз, – деді кәсіпкер. Облыс әкімі мұндай қиындықтармен бетпе-бет келген кәсіпкерлердің мәселесін шешу – тікелей жергілікті әкімдік пен жауапты мекемелердің міндеті екенін атап өтті.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың сөзінше, биыл жем-шөптің бағасын тұрақтандыру мақсатында республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Келесі міндет – осы қаражатты малдың қысқы жем-шөбін дайындайтын кәсіпкерлерге субсидия ретінде үлестіру. Ол үшін алдымен субсидияны берудің қағидаттары мен ережелері бекітілуі керек. Бұл мәселе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырылған.
– Біздің облыста мал азығы тапшылығы болмауы керек. Оған негізделген барлық шаралар уақытында қолға алынуда. Мысалы, 4 мың тонна жанар-жағармай 20 пайызға дейін арзандатылып беріліп жатыр. Сонымен қатар субсидия да беріледі. Бұдан бөлек, шаруаларды жермен қамту мәселесін де тиімді жүргізуге тапсырамын. Мысалы, арам шөп басқан жерді жеке қосалқы шаруашылықтарға бөліп беру мәселесін қарастыру керек. Себебі ондай жерді дұрыс игермесе шөп те өспейді, мал да жайылмайды. Әр ауылда қанша тұрғын бар және қаншасы мал ұстайды дегенді жақсылап зерттеп, қолданылмай жатқан жерлерді игеру бойынша жеке бағдарлама әзірлеу керек. Яғни жайылымды кім алады, шабындық жерді кім игереді дегенді анықтау қажет. Сондай-ақ өңірде жайылымдағы шөптің құнарын арттыру жоспары әзірленуде. Яғни көпжылдық шөптерді бұрын өспеген жерлерде өсіру керек. Біз бұл бастаманы пилоттық жоба ретінде бірнеше елді мекенге қолданамыз. Сонда жем-шөп ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге де, жеке қосалқы шаруашылықтарға да жетеді, – деді Әбілқайыр Бақтыбайұлы.
Аймақ басшысы Церковное ауылына барып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстармен танысты. 200-ге жуық үй тұратын елді мекенде ішкі жолдар мен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Айта кету керек, өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша орталықтандырылған су құбыры тартылып, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылыпты.
Облыс әкімі Ә.Сқақов аудан орталығында Міржақып Дулатұлы атындағы №3 мектепке барып, облыстық және республикалық байқауларда топ жарып жүрген оқушылармен және ұстаздармен кездесті. Білімді жастармен пікір алмасып, кездесу барысында әрқайсысына 100 мың теңгенің сертификатын табыстады