Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайту үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Себебі ұлан-ғайыр жерімізге көз алартқан мысықтілеу, әпербақан, екі жүзді дұшпандар аз емес. Олар әр тараптан еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығына тас атып қояды. Мақсаттары белгілі, ел ішіне іріткі салу, егемендікке сына қағу, аумақтық тұтастықты жікке бөлу. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, қазақ елінің тәуелсіздікке бастайтын тарам-тарам жолы жатыр. Сан түрлі соқпақтары бар.
1990 жылы 25 қазандағы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қазақ мемлекеттілігінің егемендік құқығын нығайту үшін негізгі, түбегейлі құқықтық нормаларын белгілеп берді. Декларация Қазақ КСР аумағында Конституция мен заңдардың үстемдігін жариялады. Жер және оның қойнауы, су, ауа кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, оның аумағындағы барлық ұлттық байлықтар – экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует Қазақ КСР-нің егемендігінің негізін құрайтын өзіндік меншігі болып жарияланды. Сонымен қатар декларация Қазақ КСР-індегі заң шығарудың ұлттық жүйесі туралы маңызды қағиданы бекітті. Бұл кейін мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда көрініс тапты. Қазақстандық қоғамның демократиялық, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени қайта құрулар туралы басты идеяларын негізге алған осы Декларациядан, толық мемлекеттік тәуелсіздікті құру жолындағы елдің мемлекеттік-құқықтық жүйесін одан әрі дамытудың дайындық кезеңі басталды. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы еліміздің тәуелсіздік алуының бастамасы болып табылды. Декларация тәуелсіз қазақстандық мемлекеттіліктің негізін салды. Бұл құжатта Қазақстанның шынайы егемендігінің барлық белгілері: жекеменшік аумақ және азаматтық, билік дербестігі және тұтастығы, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік егемендіктің классикалық белгілері – Елтаңба, Ту, Әнұран, сонымен қатар жеке ұлттық валюта бекітілді. Қазақстан өзіндік дүниетанымы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, сонымен қатар, өзінің болашақ дамуын айқын көре алатын мемлекеттік-құқықтық қатынастардағы бірегей, қайталанбас субъект ретінде өзін танытты. Қазақстанның тәуелсіздік алуы үшін көптеген қадамдар мен шешімдер қабылданып, қарастырылды, енді осыларға тек қана елдің тәуелсіздігін декларация түрінде емес, шынайы түрде бекітетін заңдық сипат беру ғана қалды. Бұл міндет 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдаумен жүзеге асырылды. Конституциялық заң Қазақстан Республикасын өз территориясында өкімет билігін толық иемденген тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады. Конституциялық заң мемлекеттің бағытын жекеменшіктің алуан түрлілігіне негізделген өзіндік қаржылық-несиелік, салық және кедендік саясаты бар дербес экономикалық жүйе құруға бекітті. Конституциялық заңда бекітілген экономикалық жүйе қаржы-несиелік, салық және кеден институттарын құрумен, 1993 жылы айналымға ұлттық валюта – теңгені енгізумен нығайтылды. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің республика аз уақыт ішінде мемлекеттіліктің барлық қажетті белгілерін құра білді. Алғаш рет бірыңғай қазақстандық азаматтық белгіленді. Еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін Конституциялық заңда өзіндік әскери құрылымдарды – Қарулы Күштерді, Республикалық гвардияны, ішкі және шекара әскерлерін құру қарастырылды. Бұдан басқа, Конституциялық заң қазақ ұлтының өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығын растай отырып, тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республиканың барлық ұлттарының азаматтары, Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, бұл халық Қазақстан Республикасындағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады деп танылды. Оны қазақ ұлтымен бірге ортақ тарихи тағдыр біріктірген республиканың барлық ұлттары құрайды. Қазақстанның конституциялық даму үдерісінің бай тарихы бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік құрылыстың тарихи міндеттерін шешуде үлгі бола алады.
Осы орайда 20 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде мемлекеттердің егемендік теңдігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырғаны еске түседі. «...77 жыл бұрын негізін қалаушылар БҰҰ Жарғысында сол уақыттан бері басшылыққа алған халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын бекітті. Бүгінгі күні дүниежүзілік ұйымның бастауында жатқан негізін қалаушы принциптерге қайта оралудан маңызды ештеңе жоқ. Атап айтқанда, мемлекеттің егеменді теңдігі, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сияқты ең маңызды үш қағидаттың арақатынасын қайта қарауымыз керек. Бұл үш қағида бір-біріне тәуелді. Бір қағиданы құрметтеу – қалған екеуін сақтау, біреуін аяқ асты ету – қалған екеуін бұзу», – деді.
Тоқаев егер осы үш қағида сақталатын болса, онда олар бірігіп, әр деңгейде – субөңірлік, аймақтық және жаһандық деңгейде кеңірек мемлекетаралық ынтымақтастыққа негіз болатынын айтты.
«Біз орталықта БҰҰ-мен осы құндылықтарды берік ұстануға, ынтымақтастық рухын қолдауға тиіспіз. Басқаша айтқанда, біз жай ғана иығымызды көтеріп, поляризация мен ажырасуға келісе алмаймыз, біз осы ортақ мұраға және ұжымдық игілікке нұқсан келтіретін шешімсіздікке немесе тар мүдделерге жол бере алмаймыз, өйткені бұл жерде тым көп қауіп бар», – деді ол. Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет қағидаттарын басшылыққа ала отырып, барлық ойыншылармен ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
«Елдер бірлесе әрекет еткенде ғана біздің заманның сын-қатерлерін еңсеруге болатынына сенімдімін», – деді Тоқаев.