Экономикалық даму – кез келген мемлекеттің алғы шарттарының бірі. Экономикалық өсудің жаңа моделінің басты мақсаты – еліміздің шикізат емес экспортын дамыту. Себебі шикізат дәуірінің дәурені шектеулі. Қазақстан үшін соңғы жылдары экономикалық дамудың жаңа формуласын іздеу қажеттілігі туындай бастады. Мәселе мұнай-газ саласынан түскен табысты ішкі сұранысқа айналдыруға негізделген бұрынғы даму үлгісі өзінің маңыздылығын біртіндеп төмендетіп келе жатқандығымен байланысты еді. Әлемдiк энергетика нарығындағы соңғы жаңалықтар мұнай дәуiрінiң аяқтала бастағанынан хабар беретіндей. Одан басқа, Қытай экономикасының бәсеңдеуi және Ресей экономикасындағы дағдарыс жағдайы қазақстандық экспортқа деген сұраныстың төмендеуіне әкеліп соқтыруда. Сыртқы факторлардың жағымсыз әсеріне қарамастан, Қазақстан Үкіметі рецессияға жол бермей, экономикалық өсiмнің оң көрсеткіштерін қамтамасыз ете алды. Қазақстанға жай ғана экономикалық өсу емес, сапалы экономикалық даму қажет.
500 мың кооператив біріксе, өзіндік құн төмендейді
Көптеген дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, еңбек өнімділігін арттыру тұрақты және қарқынды экономикалық өсудің кепілі болып табылады. Өнімділік көрсеткішін арттырмай, экономиканың сапалы жаңа даму деңгейіне шығу мүмкін емес. Еңбек өнімділігін арттыру үшін өндірістік үдерістерді автоматтандыру және роботтандыру жоспарлануда. Сонымен бірге, мемлекет негізгі капиталға инвестициялар тартуды көздеп отыр. Біздің ойымызша, негізгі капиталды арттыру орта мерзімді болашақта экономиканың жоғары қарқынмен дамуына зор мүмкіндік береді. Сонымен бірге, үлкен инвестициялар өздігінен нәтиже әкеле алмайтыны түсінікті. Мұндағы негізгі мәселе инвестициялардың сапасына және олардың өндірістік қуаттылығының тиімділігін арттыруға бағытталғандығымен байланысты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада экономикалық даму бойынша кеңес өткізді. Жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жоспарлардың орындалуы, ақша-несие саясатын жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік қолдауды реформалауға қатысты мәселелер талқыланды. Президент орта бизнес экономиканы әртараптандыру драйверіне айналуы керек деп санайды және оның ойынша, индустрияландыру бағдарламасы өнеркәсіптік өндіріс пен өңдеуші өнеркәсіптің құлдырауын тоқтатуға, жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік бергенімен, экономика құрылымында түбегейлі өзгерістер болған жоқ.
Президент аймақтық масштабта бәсекеге қабілетті, кем дегенде 3-5 технологиялық дамыған өндірісті құру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Алдымызда тұрған мақсат – еліміздің экономикасына қосымша серпін беру. Дүние жүзіндегі ахуал баршаңызға мәлім. Әлемдік экономиканың болашағы бұлыңғыр, айналамыздағы жағдай да өте күрделі. Дегенмен біздің бір жерде тұрып қалуға хақымыз жоқ. Одан әрі дамуымыз керек. Бүгінгі таңда ең қажет нәрсе – жаңа идеялар, жаңа көзқарастар, жаңа болмыс. Сондықтан бәріміз ойымызды ортаға салып, бұл тақырыпты, яғни еліміздің экономикасын дамытудың жолдарын талқылауымыз қажет.
Экономикалық дамудың жаңа драйвері ретінде аграрлық сектор көрсетілген. Шын мәнінде, ауылшаруашылығы Қазақстанның дәстүрлі бәсекелік артықшылықтарының бірі ретінде қарастырылатыны белгілі. Сондықтан бұл жерде әңгіме мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін реттеуге деген қандай жаңа құралдарды қолданатыны туралы болып отыр. Осы ретте Үкіметтің жеке шаруашылықтарды ірілендіру бойынша жоспары назар аудартады. Ауылдағы үй шаруашылықтарын ірілендірудің маңыздылығы туралы пікірлер бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Қазіргі кезде кең тараған ұсақ тауар өндірісі жағдайында сапалы түпкілікті өнім шығару қиындық туғызуда. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделу деңгейін арттыру мақсатында Үкіметке 500 мыңнан астам үй шаруашылығын және кіші фермерліктерді кооперативтерге біріктіру үшін жағдай жасау тапсырылғаны еске түседі. Жалпы алғанда, шаруашылықты ірілендіру кәсіпкерлер үшін өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, әрбір шаруашылықтың оңтайлы көлемі бар екенін ескеру қажет. Мысалы, егер құс өсіруде ірі шаруашылықтар құру тиімділік үшін басты шарт болса, мал шаруашылығында шағын, отбасылық үлгідегі фермалар да табысты жұмыс атқара алады. Сайып келгенде, агроөнеркәсіп кешеніне жаңа қарқын беру Қазақстанның әлемдік нарыққа ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау бойынша әлеуетін ашуы тиіс.