Ерке Есіл бойында – еңсесі биік елорда

Ерке Есіл бойында – еңсесі биік елорда

«Қала салған ел – өркениетті ел» деген ұғымға сүйенсек, ғасыр тоғысында ел астанасын көшіріп, ерке Есіл жағасында қала салған қазақ елі өркениет көшіне ілесіп, ел экономикасы мен рухани-мәдени даму үрдісін тең ұстап келеді. Тарих қойнауына көз жіберсек, қазақ даласында ежелден атақ-даңқы алысты шарлаған астаналар мен әсем қалалар көп болғанына куә боламыз. Бүгінде азат елдің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласын бейбітшілік қаласы ретінде әлем мойындады.

Нұр-Сұлтан – жайлы қала

2020 жылы COVID-19 пандемиясының әсерінен әлем елдері секілді Қазақстанда да эпидемиологиялық дағдарыс әлеуметтік-экономикалық саланың дамуына кері ықпалын тигізді. Коронавирус кесірінен мемлекеттер шекарасын қымтап, барыс-келіс пен алыс-берісті шектелді. Коронавирус пандемиясы салдарынан елде төтенше жағдай жарияланған алғашқы айларда шамамен 1,6 млн адам ақысыз демалысқа жіберілді. 4,5 миллион адамға 42 500 теңге жәрдемақы берілді. 1 миллион субъект пандемиядан зардап шекті. Банктерден несие алған 14 мың субъект кредитті қайтару мерзімін кейінге шегеруді сұрады. Транспорт, сауда саласы және жұмыссыздық деңгейі артып, жалпы ішкі өнімнің өсімі төмендеп, инфляция деңгейі артты. Алайда сарапшылар былтырғымен салыстырғанда елімізде өнеркәсіп өндірісінің көлемі аз да болса артты, әлеуметтік-экономикалық салада өсім бар дейді.

Төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар қабылдады. Ең алдымен шағын және орта бизнесті және халықты әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын күшейту салалары бойынша арнайы бағдарламалар іске қосылды.

Сондай-ақ қаланың инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру, газдандыру, санитарлық тазарту, көгалдандыру, қоғамдық орындар құру жұмыстары жүргізілді. Былтыр қаланың қоғамдық кеңістік деңгейінде дамудың әлеуметтік-экономикалық стратегиясына арналған 2030 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді. Атап айтар болсақ, бас қаланың бас жоспары халық санының өсуіне орай 10 жыл сайын түзетіліп отырады. 2010 жылы бас жоспарды түзету кезінде 2030 жылы елорда халқының саны 1 млн 200 мың адамды құрайды деп болжанған, бірақ бұл көрсеткіш 2020 жылы орындалды. Сондықтан 2030 жылға дейін халық саны 2 миллионға жетеді деген болжамға сәйкес «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында қаланың инженерлік, жол инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру жұмыстары жаңадан жоспарланды. Жаңа «Нұрлы жол» вокзалы жағынан көпір салу, Ұлы дала көшесін кеңейту, Тәуелсіздік көшесіндегі, және басқа да көшелерде көпірдің құрылысын бастау секілді ауқымды жобалар бар. 

Бас жоспарды Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика жөніндегі орталығы ұсынған болатын. Басты мақсат – адамдардың өмір сүруіне қолайлы әрі ыңғайлы қала құру. Ол үшін мүмкіндігінше, қоғамдық орындарды көптеп салу, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды кеңейту және велосипед жолақтарының ұзындығын арттыру маңызды. Триатлон саябағындағы спорттық ойындар мен таза ауада демалуға арналған көпірасты кеңістік үлгісімен қаланың басқа бөліктерінде де демалыс орындарын көбейту және орталық «Астана» саябағынан бастап, Бейбітшілік пен келісім сарайы маңындағы президенттік саябаққа дейінгі барлық үлкен саябақтарды біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық орындарда жасыл желекті көбейту, субұрқақтар мен қаланың бірқатар ауданында орындықтары мен әткеншектері бар демалыс орындарын құру жоспарланып отыр. Орталық басшысы Елнар Базыкен:

 – Қала құрылымындағы өте маңызды элемент – қоғамдық кеңістік. Оның дұрыс басқарылуы біз үшін маңызды. Әлемде инвесторлардың, белсенді азаматтардың қоғамдық орындарды тиімді басқару тәжірибесі бар. Біздің балаларымыз сумен ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан, арық бойында су ойындарына арналған алаңқай ашқымыз келеді. Ескі алаңдағы жобаға бөлек тоқталып өтейін. Ол өте көпфункционалды жоба. Біз қалалық орман, амфитеатр аймағын құруды көздейміз. Онда адамдар кішігірім концерттер мен іс-шараларды өткізе алады және осы жерге өте керемет субұрқақ орнатқымыз келеді», – дейді. 

 

Қала көркі көз тартады

Қазірдің өзінде астанада ең алдымен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 400-ден астам қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылды. Жалпы елордада 16 тұрғын үй алабы бар. Орталық пен қаланың шеткі бөлігінде өмір сүретін  қала халқына бірдей жағдай жасау жергілікті биліктің негізгі мақсатының бірі. Осы орайда былтыр 76 гектардан астам аумақ абаттандырылды. 

– Алғаш рет спорт алаңдары, яғни коньки, футбол және баскетбол алаңдары бар көпір астындағы орын абаттандырылды. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстарын белсенді жүргізудеміз, бұл экологияға жағымды әсер етеді, – дейді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Биыл 6 тұрғын үй алабын абаттандыру жоспарда бар. Мәселен Sine Tempore ғимараты алдындағы алаңды мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы ете отырып, ортасына амфитеатр орнату, емен секілді көпжылдық ағаштар отырғызу жоспарланған.

 – Негізгі элемент туннельді арка фонтаны болады, онда адамдар су ағынынан өте алады. Сондай-ақ шар түріндегі нысан да ашылады, оның ішінде судан тұман бұлтының әсерін тудыратын саптамалар орналасады. Жазда шар айналасында құрғақ субұрқақтар ойнақшып тұрмақ, -дейді Елнар Базыкен. 

Сонымен қатар «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында Ә. Мәмбетов көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған «Demalys Promenade» көшесі ашылды. Ә.Мәмбетов көшесінің Кенесары көшесі мен Абай даңғылының арасындағы бөлігі демалыс және мереке күндері жаяу жүргіншілер көшесіне айналады. Енді бұл көшеде автокөліктердің қозғалысына тыйым салынады. Мұнда жазда демалыс күндері сағат 10.00-22.00 аралығында шығармашылық қойылымдар, түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар, би жарыстары, спорттық шеберлік сыныптары, тақырыптық фестивальдар өткізіледі. Жаяу жүру аумағы кіреберіс аркадан басталады, оған жақын жерде орналасқан сахнада концерттер мен қойылымдар ұйымдастырылады. Көше бойында қала тұрғындары мен қонақтары үшін шатырлары бар сауда-көрме, суретшілер алаңдары, шахмат ойнауға, ұлттық ойындарға («асық ату» және «тоғыз құмалақ») арналған орындар қарастырылған.

 

Елорда – руханият айнасы

Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының сырт келбетінің әсемдене түсуімен қатар  рухани-мәдени дамуының да өзіндік ерекшеліктері бар. Бүгінде елордасы елдің рухани орталығына айналып та үлгерді. 2019 жылы Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясы» ашылды. Осы аллеяда Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды қазақтың үш арысының көрікті ескерткіші бой көтерді. Бүгінде аллеяда Елордада тұратын 150 ақын-жазушының өз аттары жазылған ағаш егілген. Абай көшесінде орналасқан Қаламгерлер аллеясы «Егемен Қазақстан» газеті көшесіне дейін созылып жатыр. Аллея аумағы 1,2 гектарды қамтиды. Оның 5,7 мың шаршы метріне тас төселсе, 4,2 мың шаршы метрі абаттандырылған. Сонымен бірге 50 шырша егіліп, 428 жарықшам орнатылған. Аллеяға Абай атамыздың сөзі жазылған мәрмәрдан жасалған кітап қойылған. 

– Бұл көшенің бойындағы Қаламгерлер аллеясында келе жатқан ақынның шабыты тасып, көмейінен өлең төгілері хақ. Аллея Нұр-Сұлтан қаласына нұр қосып, тұрғындардың жүрегіне жыр қоса берсін, – деп тілек білдірген еді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет қаламгерлер аллеясының ашылу салтанатында. 

Биыл аллеяда Алаш арыстарының ескерткіштері орнатылды. Әр апта сайын қаламгерлер мен оқырмандардың  кездесуі ұйымдастырылып тұратын қаламгерлер аллеясында  «KitapQala» атты  жаңа орын бой көтерді. Шұбар шағын ауданындағы Жазушылар үйінде үнемі әдеби кездесулер, кітаптардың тұсаукесерлері өтіп, еліміздің әр өңірінен астанаға келген зиялы қауым өкілдері Жазушылар үйіне ат басын бұрып тұрады.

«Bus Lane» жолақтары – кептеліссіз қала

Бас қаланың бас жоспарындағы тағы бір өзекті мәселе – көшедегі кептелісті азайту мақсатында жолдарға «Bus Lane» жолақтарын енгізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық көліктерге арналған жолақтар бойынша көлік жүргізушілерінің қарбалас сағаттарынан тыс және демалыс күндері қозғалу мүмкіндігін қарастыру туралы тапсырма берген еді. Тапсырмаға орай, Абылай хан даңғылы бойынша осы бастаманы енгізу туралы шешім қабылданды.  Абылайхан даңғылы бойында Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейінгі учаскеде пилоттық жоба түрінде уақытқа шектеу қойылған автобус жолағы енгізілді. Яғни қоғамдық көліктер үшін автомобиль жолағы ең «қауырт» шақтарда: таңертең 7:30-дан 9:30-ға дейін және кешке 17:00-ден 20:00-ге дейін қолданылады.

Бүгінде елорда тұрғындарына 86 маршрут қызмет көрсетеді, онда 860 автобус жүреді. Күн сайын олар жарты миллион рейс жасайды. Биыл елорданың 7 учаскесінде рейстердің кедергісіз болуын қамтамасыз ету үшін «Bus Lane» жолағы іске қосылды. Жалпы қалада қоғамдық көлікке арналған жолақтар 26 аймаққа енгізілген. Қолданыстағы «Bus Lane» жолақтарының желісі 74 шақырымды құрайды. Осыған байланысты қоғамдық және жедел жәрдем көліктерінің, сондай-ақ өрт сөндіру техникасының жүру уақыты 10 минутқа қысқарды.

Елордада қоғамдық көлік жолағы 6 жыл бұрын пайда болды. «Bus Lane»-нің арқасында автобустардың жолда жүру уақыты қысқарып, қозғалыс қауіпсіздігі күшейді. Қоғамдық көліктердің қатынау уақыты 20 процентке дейін артқан.

– Тасымалдау қабілетін арттыру, қоғамдық көліктің ғана емес, жедел жәрдем көліктерінің, өрт сөндіру қызметтерінің, сондай-ақ ресми таксидің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жасалған. Биыл қаланың Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы Дала, Байтұрсынов, Нәжімеденов, Түркістан және Абылайхан даңғылдары мен көшелеріне автобус жолақтары енгізілді, – деді қалалық «Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ басшысының орынбасары Ержан Диханбаев. «Bus Lane» жобасының арқасында қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігі 25%-ға артқан. 

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
11.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 178
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 173
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 683
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 803
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 717

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8873
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8268
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11496
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9252
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10479