Ескі Қазақстанды аңсайтындардың көксегені не?

Ескі Қазақстанды аңсайтындардың  көксегені не?

Кейбір тәуелсіз сарапшылардың жазуына қарағанда, елімізде «ескі мен жаңа» Қазақстанның күресі жүріп жатыр. Көзге көрінбейтін бұл майданның халыққа тигізер зияны шаш етектен көрінеді. Себебі қолдан ұйымдастырылған қылмыстық істер белең алып тұр. Ол үшін кімді кінәлаймыз? Кімді сотқа тартамыз? Нақты айғақ пен дәлел жоқ.  Бір таңғаларлығы «жаңақазақстандықтар» да «Ескі Қазақстанның» шекпенінен шыққандар. Сол жүйеде қызмет етіп, шен алып, шекпен кигендер. Сонда бұларға не жетпей жатыр?  

 

 22 сәуірде өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жасады. Ол «Ескі Қазақстанды» қайтарғысы келіп, ел бірлігіне тас лақтырып жатқандарға тыйым салуды талап етті.

 Әлемде 9-орын алатын кең-байтақ жеріміздің жартысынан астамын су басып, ел үйсіз-күйсіз, мал-мүліксіз қалып жатыр. Бұл ойына келгенін істеген ескі отыз жылдық биліктің «Мен кеткен соң дүниені топан су қаптасын» деген теріс пиғылды іс-әрекетінің айқын белгісі екені анық. Сондықтан да тасқын су апатын тек «Жаңа Қазақстанға» теліп, ақпарат беттерінде қитұрқы саясатын жүргізіп, бұл жағдайды қазіргі биліктің кінәсі етіп көрсетуге ұмтылу ұрының  «Ұрыны ұстаңдар» деп айқайлағанындай әсер етуде.

 Иә, екпіні орасан су тасқыны «Ескі Қазақстанның» сойылын соғушылардың да жабуын шайып кетіп жатыр. Бұл әлем елдерін де шарпып жатқан тасқын суды табиғи апат дегенмен, отыз жылдық биліктің кезіндегі жемқорлықтың кесірі де алапат болғаны айқын көрінуде. Елімізде Кеңес империясы кезінде екінші  дүниежүзілік соғыстан кейін салынған ескі су қоймаларынан басқа отыз жылда бірде-бір су қоймасы салынбаған. Тозығы жеткен тоғандар мен гидроқұрылыстарға, тасқыннан қорғануға бөлінген қыруар миллиардтар қайда? Халық қажетіне емес, жемқорлықтың жемсауында кеткені белгілі болуда. Жалғыз гидромелиоративті институтты жауып тастаған елде судың жайын кімнен сұрайсың? Мұрабы жоқ ескі биліктің  мұрасы осы бізге қалдырған...  

 Тілсіз жауды пайдаланған ділсіз жаулардың желіде есіп жүрген жел сөздері басылар  емес. Ағын судың арынынан  ақпараттық ағын асып түсіп жатыр. Қараны – аппақ, ақты – қара ете алатын ақпараттың күші таңнан кешке дейін талмай «жер төртбұрышты» дей берсе, бірте-бірте ел соған сене бастайтыны туралы тәжірибені  еске түсіреді. Әрине, бұл мысал өз ұстанымы жоқ, дабыра мен дақпыртқа ере кететін ерме жұртқа қарата айтылғаны анық.

 Елге іріткі салып жатқан ескі биліктің бұл қарекеттері талай жыл негізгі тірліктері болған «Халықты алдай саламыз»  деген ұстанымдарынан әлі айнымағанын көрсетеді. Отыз жыл жабылып жатқан жаралардың енді жарылып жатқанын қазіргі  жаңа билікке жаба салуға жанталасудың артында  саяси реванштық пиғылдың құлағы қылтиып тұр...

 Ел басына күн туғанда халық қайғысынан хайп жасау кімдерге керек болғаны белгілі болып тұр. Арыс апаты, Жамбыл жарылысы, Қостанай мен Семейдегі он шақты адамды құрбан еткен алапат өрт, қазіргі  қызыл судан басталып, топан суға ұласқан тасқынның бәрі талай жылдан бері жарылуын күтіп жатқан миналар екені анық.

- Қызыл су отыз жыл айтылған қызыл сөздің бәрін суға батырып жіберді...

- «Әлемдегі елу елдің қатарына кіріп қойдық, отыз елге омыраулап келеміз»  деген отыз жылғы өтіріктің тасқын су тас-талқанын шығарды!

- Ауылды қанап, жерді талап, бірде-бір өндіріс орнын ашпай, өтірік зауыттардың тұсауын кесіп шерулету шерлі халықтың маңдайына жазылған сор болды.

- Халықтың мұнай мұхитынан қазаққа тамшы ғана тамызып, кен-қазына мен газдың үстіндегі елге тезек жаққызып, елдің соңында тезек теріп қалып отырмыз.

 «Билікте тұрғанда ұрлық қылсаң, ұрпағыңның тағдырымен төлейсің», – дейді әлемді билеген әйгілі Шыңғыс хан.

Біз отыз жылғы биліктің тонауын ел тағдырымен төлеп келе жатырмыз әлі күнге дейін...

«Ескі Қазақстан» есті болса, қазір халықтың 30 жылда тоналған триллиондаған байлығын халыққа қайтару үшін арнайы заң қабылданып, бүтін бір комитет құрылар ма еді…

Яғни, «Ескі Қазақстан» архивінің сықырлаған есігін ашсаң, үстіңе қаптаған саудыраған  қаңқалар құлап түсетіні анық… Саяси тапсырыспен болған қастандықтардың бәрін айтпай-ақ, биыл 80 жылдығында ел еске алған заманның ері  Заманбекті шындықты айтқаны үшін ғана өзін-өзі өлгенше үш рет «аттырып», осыған  біздің халық сенуі тиіс дегеннен артық ер өлімімен  елді қорлау бола ма?! Сол кезде 2005 жылы «Қазақ үні» газетінде біз бұл ауыр қылмысқа қарсы «Атқызған кім? Атқан кім?» деп мақала жазған едік... Бүгінгі Президенттің бұрынғы Президентке айтқан «Кеттің бе, қайырылма!» деген қағидалы сөзін қалың елдің «Кеттің бе, қараңды батыр!» деп, жаппай жалғастырып  алып кетуі көкірегі ояу, көзі ашық елдің ескі билікке деген қатты  қарсылығын көрсетеді.

 Яғни, «Ескі Қазақстанды» қайтарғысы кеп жүргендердің есекдәмесі – әлемдегі елді ұзақ жыл билеп, кейін екінші рет билікке қайтып келген Малайзия нұсқасы бұл жерге жүрмейді. Екеуінің арасы аспан мен жердей! Малайзияда  22 жыл билікте   отырған Махатхир Мохаммад елін Азия жолбарысына айналдырып, әлемдегі экономикалық ғажайыптың авторы болды. Яғни, ол малай халқын маңдайалды марғасқа елге айналдырса,  ал Назарбаев Қазақстанды басқарған отыз жылда, керісінше, қазақ халқын малайға айналдырып, экс-президент айтқандай, кез келгенін сотқа сүйреп апаруға болатын  162 олигарх бастаған санаулы қалталылар ғана халық қазынасы арқасында есепсіз байып алды...

 «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі»  дейді қазақ даналығы. Сондықтан бүгінгі өзгерген «Жаңа Қазақстан» саясатына араласқысы келіп, қитұрқы лас ойын көрсетуді көксегендерді бос жіберіп, тайраңдатып қоюға  болмас, қатаң тыйым керек! Өйткені тағы да өздері бастап, тағы да тас лақтыруда. Тасқа таспен жауап беру керек. Бұл елдік үшін, егемендік үшін керек! Біз билік үшін емес, елдің өзгеруі, ұлттың жарқын болашағы жолында топтаса білуіміз қажет. Елді 30 жыл басқарған ескі билікке енді жол жоқ, мәңгі жабық! Бұл – аксиома! «Ескі Қазақстан» билігін қайтарғысы келіп, «Шал, кет!» деген басты ұранды «Шал, кел!» деп басқа ұранға өзгерту 1991 жылы құлаған, келмеске кеткен   Кеңес Одағын қайтарғысы келумен бірдей! «Ескі Қазақстанды»  қайтарғысы келетіндердің жүрегі де, басы да жоқ, себебі бұл ешқандай мүмкін емес! Тізе қосқан ел тізерлеп қалмайды! Қазақ біріккенде, қай кезде де, қандай қамалды да ала білген! Қазіргі топан судың толқынын да, теріс саясаттың солқылын да тек елдің  бірлігі мен тірлігі  қайтара алады. Бұған ағын сумен алысқан жеті жасар бала мен жетпіс жасар дананың қатар тұрып қайрат көрсетіп жатқаны айқын дәлел! Ендеше, біз қандай ауыр сынақты да тек ел бірлігі арқылы жеңеміз!

 

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
30.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 882
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 451
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 1751
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 1384
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2525