ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТЫМЫЗ КЕМЕЛДЕНЕ ТҮСПЕК

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТЫМЫЗ КЕМЕЛДЕНЕ ТҮСПЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық саласын жаңғырту мәселесінде алыс-жақын шетелдерден инвестиция тарту ісіне айрықша назар аударып келе жатыр. 2021 жылы маусымда Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші жалпы отырысында сөз сөйлеген Президентіміз: «Қазақстан шетел инвестициясын тартуға барынша қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастырады», – деп мәлімдегені есімізде. Ел Президенті бұдан кейінгі жылдары инвестиция тарту мәселесін назардан тыс қалдырған емес. 2023 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысы Үкімет алдында үлкен міндеттер тұрғандығын тағы да айқындап берген еді. «Бүгінгі таңда Үкімет алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 миллиардқа дейін, яғни 2 есеге дейін ұлғайту жөнінде міндет тұр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін елге кемінде $150 миллиард шетелдік инвестиция тарту қажет», – деген болатын Қ.Тоқаев. Міне, осы маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін қазіргі таңда Үкімет пен министрліктер білек сыбана кірісіп жатыр.

5 наурыз күнгі Үкіметтің кезекті отырысында баяндама жасаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестицияларды қолдау мен ынталандырудың қолданыстағы шаралары және оларды жақсарту жөніндегі жоспарлары туралы айтып өтті. Бұл Президент тапсырмасына орай жасалып жатқан инвестиция тарту, қолдау және оны тиімді пайдалану істерін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ететін маңызды құжат еді.

 

АЛДАҒЫ БАҒЫТ ОСЫНДАЙ БОЛМАҚ

Біз шағын мақалада министр мырзаның ұзақ баяндамасының негізгі бөлігін барынша ықшамдап беруді жөн көрдік.

«2024 жылы жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестицияланады, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. Инвестициялық жобалардың Бірыңғай пулы аясында биыл жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 234 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірлердің әрбір әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың министріне KPI бекітілген. Инвестициялық штаб шеңберінде инвесторлардың мәселелерін жедел реттеу бойынша шаралар қабылдануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірлердегі прокурорлар пулда тұрған жобаларды сүйемелдеуге тырысты. 37 компанияны орналастыру жұмыстары жалғасуда.

Бүгінгі таңда инвестициялар тарту бойынша бірқатар тиімді құралдар қолданылады.

1. Осылайша, ірі инвесторларды тарту үшін Басым қызмет түрлерінің тізбесінен тыйым салынған тізімді қалыптастыруға көшу жолымен Инвестициялар туралы келісім жасасу тетігі жетілдірілді. Бүгінгі таңда осындай 6 келісім жасалды.

2. Тауар өндіруші кәсіпорындарға салық заңнамасының 10 жыл тұрақты болуына кепілдік берілетін Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу мүмкіндігі енгізілді. Инвестициялар бойынша салық заңнамасының тұрақтылығы кәсіпорындарға инвестициялардың қайтарымдылығын болжауды қамтамасыз ете отырып, ұзақ мерзімді кезеңге қаржылық ағындарды жоспарлауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 6 Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім (ИМК) жасалды.

3. Геологиялық барлауға инвестициялар тарту және Қазақстанның мұнай-газ саласының минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында 2023 жылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт (ЖМҚ) жасасу кезінде фискалдық ынталандыру енгізілді.

4. АЭА тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, барлық инвестициялық міндеттемелер орындалғаннан кейін Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігі көзделген. Аралас режимді аумақтар айқындалды, бұл жерде басым жобалар АЭА режимінде жеңілдіктер алады, ал басымдықтардан тыс жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғандар инфрақұрылым ғана алатын болады. Сондай-ақ АЭА қатысушылары үшін «инвестициялар неғұрлым көп болса, жеңілдіктер соғұрлым көп» қағидаты бойынша салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі енгізілді.

Бүгінгі таңда әзірленіп жатқан жаңа Ұлттық даму жоспарын ескере отырып, Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Еңбек өнімділігінің өсуіне және экспорттық себеттің күрделенуіне бағдарланған сапалы инвестицияларды кейіннен таргеттеу үшін инвестицияларға өңірлік және салалық қажеттіліктер қалыптастырылады. Халықаралық рейтингтерді ескеретін инвестициялық климат бойынша жаңа KPI белгілеу қаралуда», – деді  Нұрлан Байбазаров.

Осы тұста Қазақстан экономикасы тек қана шетелдік инвесторлардың қолдауына иек артады десек, қатты қателесеміз. Бұл жерде Үкіметтің стратегиялық мәніне айрықша көңіл бөліп отырғандығын байқадық. Мәселен инвестицияларды одан әрі ынталандыру үшін мынадай жоспарлар қарастырылған.

«1. Бірыңғай үйлестіруші ретінде Инвестициялық штаб айқындалған жобаларды сүйемелдеу және ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі экожүйені жақсарту мақсатында кешенді шаралар әзірленеді. Fast Track немесе «жасыл дәліз» инвестициялық жобаларын қолдау жүйесі енгізіледі. Оның артықшылығы инвестордың барлық қажетті рәсімдерден жедел және жеңіл өтуі болады.

2. Инвестицияларды тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету өте маңызды. Елдің инфрақұрылымдық қаңқасын қалыптастыру мақсатында 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар әзірлеп, қабылдау қажет.

3. Жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушіге бағдарланған әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетін болады. Салық төлеушіге тіркелуден бастап, есептен шығарылуға дейін фискалдық көмек көрсетіледі. Қарызды өндіріп алу кезінде шоттарды арестке қою тетігі қайта қаралатын болады. Салық есептілігі 30%-ға қысқарады. Салық төлемдері 20%-ға қысқарады. Ынталандырушы және тиімді жеңілдіктер сақталады. Мысалы, тауарлардың тізбесін оңтайландырып, есепке жатқызу әдісімен импортқа ҚҚС төлеу тәртібі сақталады. Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар үшін 3 жылға жеңілдіктер беріледі.

«Салықтық жеңілдіктер беру рәсімдерін оңтайландыру үшін жаңа Салық кодексі шеңберінде инвестициялар көлеміне, өндірістік процестердің күрделілігіне және түпкілікті өнімдердің өзіндік өндірісін дамыту үшін маңызы бар өзге де факторларға байланысты сараланған тәсілді ескере отырып, жеңілдіктердің «бір пакетін» беру жолымен ұсынылатын преференцияларды біріздендіру қаралады. Осылайша қолданыстағы ынталандыруды сақтай отырып, бизнесті қолдаудың жаңа шаралары қабылданады» , – деп мәлімдеді министр мырза өз жоспарында.

Жалпы бұл жобалардың түпкі мақсаты «отандық өндірісті дамытып, бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамыту» болмақ. Әрине, құптарлық жағдай дер едік. Ал қазірге дейін ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламалар мен жобалар, ауыл тұрғындарын кәсіптендіруге арналған түрлі қолдаулар одан ары жалғаса бермек.

           

БІЗ ТУРАЛЫ БАҒА

            Қазақ елі қазірге дейін «Орталық Азиядағы инвестиция салуға қолайлы аймақ» ретінде танылып үлгергені мәлім. Ашық дереккөздерге құлақ түретін болсақ, 2023 жылғы қорытынды бойынша ОА елдеріне салынған шетелдік инвестициялардың 70 %-ы Қазақстанға тиесілі екен. Бұл мемлекетіміздің батыл қадамдар жасауының нәтижесінде жүзеге асқан шаруалар екенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта бұл сандар еселене түсуі мүмкін. Осы барыста Қытай еліне айрықша тоқталып өткен дұрыс. Себебі, шығыстағы көршімізбен алыс-берісіміз жыл өткен сайын артып, қытайлық кәсіпкерлердің инвестиция салуға деген ынтасы артып келеді. Мұнда Қытайдың құзырлы мекемелерінің іскер топ өкілдеріне деген қолдауы мен ақпараттық сүйемелдеуі айрықша орын алады.

Мысалы ҚХР-дың Сауда министрлігі «Қазақстанның инвестициялық нұсқаулығын» жыл сайын жариялап келе жатыр. Ал Қытайдың Мемлекеттік бажы бас мекемесі мен Мемлекеттік салық басқармасы Халықаралық салық департаментінің Ұлттық инвестициялық салық салу жөніндегі нұсқаулықтарды зерттеу тобы біздің еліміздің салық саясаты мен заң-ережелерін түсініктемелерімен қосып жіпке тізгендей етіп қытай тіліне аударып, ресми сайттарына жариялап қойған. Бұған қоса, инвестициялық саясатындағы қарастырылып отырған жеңілдіктерін де қалт жібермей қадағалап отыр. Ал «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық жобасымен айналысатын үкіметтік мекемелері болса, екі ел басшылары қол қойған түрлі келісімдерге айрықша тоқталып, коммерциялық жобалар мен инвестиция салуға қолайлы, қауіп-қатері аз, пайдасы мол өндіріс саласы мен тау-кен өнеркәсібі саласын жілікше шағып таныстырып отыр. Бұдан бөлек  Қазақстандағы экономикалық ахуалға сараптама жасап, жол-жорық айтып отыратын мақалалардың санында есеп жоқ.

Жалпы қытайлық іскер топ өкілдері мен Ұлттық компанияларының біздің елге деген қызығушылығын арттырып отырған басты себептердің қатарында Қазақстанның мол табиғи байлықтарынан бөлек, ерекше Еуропа мен Азияны жалғап жатқан географиялық ортасы, шетелдік инвестицияны тарту жолындағы жасап жатқан қолайлы саясаты екені сөзсіз. Соның дәлелі – соңғы жылдары Қытай Ресейді басып озып, Қазақстанның ірі сауда серіктесіне айналды.

Жоғарыда тілге тиек еткен министрдің баяндамасындағы жоспарлар түгелімен жүзеге асатын болса, алдағы уақытта біздің елдің шетелдіктер үшін инвестиция салуға қолайлы аймақ мәртебесі жоғарылай беретіндігіне сеніміміз кәміл болмақ!

 

  

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
17.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 43
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 132
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 37
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 43
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 53
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 43
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 128
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 132
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 322
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 315
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 939

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9012
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8408
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11633
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9391
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10618