Кестелі теңеу, сәулелі шумақпен көмкерілген кітап

Кестелі теңеу, сәулелі  шумақпен көмкерілген кітап

Қазақтың айтулы, дарынды ақындарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби 

сыйлықтарының лауреаты Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» атты өлең кітабын оқып шығып, қолыма қалам алдым. Себебі арқалы ақын арқыраған додаға арғымақ жырын әбден жаратып қосып жатыр екен. Жолы болғай! Сүрінбегей! Топты жарып торқалы тойға жол ашқай!

Қасымхан Бегманов –  қара өлеңді қадір тұтып, қасиетін асқақтатып, бала күнінен жанына серік етіп келе жатқан аса дарынды ақындардың бірі. Бұл кітабында әбден толысқандығы байқалады. Тамырын тереңге жіберген сұңғыла ойлардың әбден сұрыпталып, су бетіне қалқып шыққан маржандай кітап бетінде жыр болып төгілуі ерекше әсерге бөлейді. Ақын өз жырларында адамдық құндылықты пенделіктің ығына жыққысы келмейді. Сол үшін де: 

«Бес күн жалған өзіңнен өттім желдей, 

Ақ жаңбырдай жырымды төктім, селдей. 

Бар жазығым адам боп жүргім келді, 

Аруаққа айналып кеткім келмей. 

Тар өлшемге сыймайтын, сыйлайтұғын, 

Пенделерден айылын жимайтұғын. 

Әлі біраз адам боп жүргім кеп тұр, 

Қоштасуға жандар бар қимайтұғын. 

Айықпайтын бір мұң тұр келбетімде, 

Армандарым жанымды тербетуде. 

Менен ешкім, ештеңе сұраған жоқ, 

Қалғым келген адам боп жер бетінде...» – деп ағынан жарылады. 

Ақын бұл кітабындағы кей өлеңдері арқылы  қазақ қоғамына ой тастап қана қоймай, ғаламдық биікке көтеріледі. Рухани болмысқа, қазақы тұрмысқа да ат шалдырады. Өрісін кеңейтіп, өрелі түйіндерге табан тірейді. Түкке тұрғысыз қу дүние үшін у-шу болған, руға бөлініп ырду-дырду халге түскен пенделерге ақындық ұстанымын білдіреді. 

«Жусан болып бұрқырармын қыратта, 

Мөлдір су боп сылдырармын бұлақта. 

Сан сұраққа жауап таппай жүрмін мен, 

Қазағымды, елімді енді жылатпа. 

Руымды қазбалаған жетесіз, 

Рухымды игере алмай кетесіз. 

Тас қорадай айдалада мелшиген, 

Біздің ұлы мұраттарсыз өтесіз. 

Қара түнде қалың ой боп басар мұң, 

Елес қалып, белестерден асармын. 

Жұлдыз болып алыстармын көмескі, 

Ай нұры боп түнге жарық шашармын...» –  деген ақын, енді бір жырында:

«Жер бетінде түрлі-түрлі сұмдық бар, 

Майданыңда, айлағыңда кім құптар. 

Қара жолда қабырғасы қақырап, 

Шырқырайды шындықтар. 

Жаңбыр бүркіп өткендігін сезесің, 

Жердің бетін рухыңмен кезесің. 

Екіжүзді, ғайбат пенен өсекке, 

Қалай үнсіз төзесің...» – дейді ашынып. Ақынмен келіспеске шамаң жоқ. Өйткені ақын бүгінгі азғындыққа бой алдырып бара жатқан қоғамға ашулы. Жақсының жағасынан алған, асылын қорлауға дайын жетесіздерге сөзін жеткізгісі келеді.  

«Ұйыған қаннан жаралып, 

Өмірдің ашқам есігін. 

Ақ сүттен алғаш нәр алып, 

Тербелген ағаш бесігім. 

Айырып шықтым белеңге, 

Шөп пенен шөңге арасын. 

Қостым мен асқақ өлеңге, 

Жер менен көктің арасын. 

Аязы бойды қариды-ай, 

Жолымды жүрер тапқасын. 

Түсімде көрдім дариға-ай, 

Жеті қат көктің қақпасын. 

Оң менен қалған солыңда, 

Бас имей ата заңдарға. 

Пенделер көрдім жолымда, 

Айналып кеткен аңдарға. 

Шекара асып қашып жүр, 

Жасырып жүзін жарықтан. 

Қалайша жерді басып жүр, 

Жерініп туған халықтан...» – деуінде үлкен мән жатыр. Бұл – бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Мұны аузының дуасы жоқ пенде айтқаннан гөрі, сөзінде ұшқыны бар ақын айтқаны қандай жарасымды. Ақындық миссия деген осы! Қоғамдағы келеңсіздіктердің бәрін жүрек сүзгісінен өткізіп, жеріне жеткізіп айта білу де ақынға берілген үлкен бақ! Ақын Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» жыр жинағы дәуір тынысын тап баса білуімен құнды. Тап басып тұрып шыңғырған шындықтың жүзіне тура қарай білуге ақынның ақыны ғана шыдар.

Саясатта қитұрқы жол, айла көп, 

Жүзімді кеп желпіп өтті майда леп. 

Он алтымда елден кетіп іздегем, 

Қасым ханның қасқа жолы қайда деп. 

Елден кетіп, босқа сапар шектім бе? 

Көкірегімде қалмапты ескі, кек мүлде. 

Іздегенді байқамастан өттім бе? 

Қасқа жол деп, басқа жолмен кеттім бе?..» – деп ақын  күйінгенімен, пессимист болудан қашады.  Тәуелсіз елдің болашағына күмәнсіз сенеді. Сөйте тұра көңілі таза парақтай аппақ ақын қазақ болмысына жат, талғамына  теріс қоғамдағы қара дақтардан шошынады. Ұлтын жамандықтардан сақтандырғысы келеді.  Сол үшін түн ұйқысын төрт бөліп жыр жазады.

«Жырым менің, тамып түскен көз жасым, 

Көз жасымды қадірлеймін өз басым. 

Саналардың түкпірінен тіріліп, 

Ғасырлардан бозінгендер боздасын. 

Жырым менің, ...кезім бәлкім жасыған, 

Бір бақытқа жеткізуге асығам. 

Ана шумақ атқа мініп атойлап, 

Кезеңім бе теңіз болып тасыған. 

Жырым менің, көңілімнің бір мұңы, 

Жүрегімде дір-дір еткен қыр гүлі. 

Жаңа ғасыр – қазақтардың ғасыры, 

Қош, аман бол, Бабайқорған, Үлгілі...» – деп, өлара шақтағы өлермен ұрпағына да сенім білдіріп қояды. 

Қасымхан Бегманов – сыршыл ақын. Жаратылыстан сыр іздейді. Жыр іздейді. Жанына медеу болар пана іздейді. 

«Топ-топ болып, топтасып тұра қалған, 

Қайыңдарға не дейді мына жалған. 

Күміс шықтар шашылып қалыпты әне, 

Бұлттары сіркіреп жылап алған. 

Бірге боп күні кеше шат қылғандар, 

Бұл күндер сырттай бағып, сақ тұрғандар. 

Өздеріңді сағынып жүрген мені, 

Талқысына тағдырдың лақтырмаңдар! 

Басынан адамзаттың бұлт кетпеген, 

Жанында жүрген сәтте түртпектеген. 

Ал, ақын өлгеннен соң тым кеш танып, 

Басынан бейітінің жұрт кетпеген. 

…Ақынды адам көп пе сырт теппеген», – дейді ақын. Шындық қой. Қайыңдарға қайырылып, олардан сыр тартып,  бұлттарға бұла ойын теңдеген ақынның таным көкжиегінің кеңдігіне сүйсінесің!

«Бұлт торлады бірде кеп қала жақты, 

Қарғын сулар жөңкіліп далаға ақты. 

Құйып өткен ақ нөсер, жаңбыр билеп, 

Тастан-тасқа секіріп бара жатты», – деп, көз алдыңа табиғатты суреттеп, лақ-тамшылардың тастан-тасқа секіріп бара жатқанын әкеле қояды. 

«Күн батқанда шуағын шашып келіп, 

Көрген адам тұрады-ау ғашық болып. 

Менің туған қалама тығылады, 

Шымқаладан шыққан жол қашып келіп» деген жолдар көркем ойдың жемісі екені даусыз. Поэзияға жалаң сөзбен емес кестелі теңеулермен, сәулелі шумақтармен келген ақын, әр өлеңін суретке айналдырып беруге құштар. Мына жыры да ақынның поэзияға деген талғамының асқақ көрінісі!

«Сәуір тәуір болмады биылғы бұл, 

Сағағынан дір етіп қыйылды гүл. 

Долы дауыл бұтақты ала қашып, 

Көкірегіме өзендер құйылды бір. 

Көкірегіме өзендер құйылды бір, 

Дір-дір етіп қылтиған қиылды гүл. 

Қобалжиды жылқышы әрең шыққан, 

Қалай сақтап қалам деп үйірді бұл. 

Долы дауыл сыпырып кетті бәрін, 

Соңғы сөзін айта алмай өтті ғалым. 

Көктем қашан келеді дегенменен, 

Менің өкпем ешкімге жоқ шырағым...» – деп айта білген ақынды, аялай білгенге, құрметтей білгенге не жетеді, шіркін!

Ақын Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» жыр жинағын оқи отырып бір байқағаным – ақын  аптықпайды, асықпайды. Өмірді өзінше саралайды. Туған елге, туған жерге деген сағынышы арнасынан асып төгіліп жатса да, ақын асқақтамайды. Отанға деген от сезімі бір сәт те мызғымайды. Оқып отырып тебіренесің! Тұла бойың шымырлайды. Көркемдік кестесі, жазу стилі бөлек! 

«Көк туы көк аспанда желбіреген, 

Аруы айдын көлдей мөлдіреген. 

Мадақтап ұрпақтарын Ер түріктің, 

Жаза алмай жүрмін әлі мен бір өлең. 

Хан Кене, ер Махамбет қырандарым, 

Кешегі Алашорда ұрандарын. 

Ағайын, Астананың ар жағында, 

Ұмытпа Түркістан мен Тұран барын. 

Бабалар армандаған заман болсын, 

Әр күнің болашаққа қадам болсын. 

Ер қазақ, еркін қазақ, ерке қазақ, 

Тәуелсіз елің, жерің аман болсын. 

Бөрімен емшектес боп ер жеткенің, 

Тастарда қалған ою-өрнектерің. 

Санама сыр боп сіңген, қайран дала, 

Бесік боп бабаларды тербеткенің. 

Жаныммен сүйем сені, ұлы далам, 

Жүрегім сенсіз менің жылымаған. 

Жыр болып қара түнде оралады, 

Тереңге кеткен мұңлы сыры маған. 

Ғұмырын қиған қанша ерлерім-ай, 

Сол ерлер ұйықтап кеткен белдерім-ай. 

Жанымды ауыртады, даламыздан, 

Бөлініп қалған қайран жерлерім-ай. 

Басынан өткен небір заманалар, 

Қанымен жазып кеткен маған олар. 

Мұра ғып сол даланы, білесің бе, 

Аманаттап кеткенін саған олар», – деп, ақын ұрпақты туған жерді сүюге, оған адал қызмет етуге шақырады.

Қасымхан ақынның  осы кітаптағы кез келген өлеңінде ұлттық рух пен қазақтың асқақ арманы мен дара болмысы жатыр! Ақын өлеңі сонысымен құнды! Сонысымен нұрлы! Сонысымен ғұмырлы! Бұл шын ақынның бақыты білгенге!

Ақын Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» жыр кітабындағы бір ғана «Ташкентпен қоштасу» жырын поэзияның биігінде қалдыруға жарар еді. Әлем әдебиетінде бұл өлеңнің көшіне ілеспейтін поэзиялар асқақтап тұр!

«Ташкентпен қоштасу» толғауын Ақтанберді жыраудың «Еділ-Жайықпен» қоштасуының заңды жалғасы іспетті көрінеді маған. Үндестік бар! Қайғысы мен қасіреті де бірдей!

Не жазса да сарқылып жазатын, жан-тәнімен шарқ ұрып жазатын ақынның соңғы жылдары жазған дүниелері осы кітабында бір төбе болып тұр! 

 «Қайғыңда қасыңа кеп тұратындар, 

Қасірет қаусырғанды жұбатыңдар. 

Басына қандай қиын іс түссе де, 

Халықпен бірге болған ұлы ақындар», – деген ақынның жырын оқығанда, қазақ поэзиясындағы ұлы ақындар көз алдыңа келеді. Солардың соңына ерген, тәлімін алған, батасын арқалаған ақынның бірі Қасымхан Бегманов еді. Ол да биыл «Құланиек, құба таң» таңдамалы жыр жинағымен «әдебиет» аталымы бойынша Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, аламаннан қара үзген үшеудің сапында  мәреге таяп қалыпты. Жолы болғай! 

Бар ғұмырын қазақ поэзиясының гүлденуіне, дамуына арнаған ақиық  ақынның «Құланиек, құба таң» таңдамалы жыр жинағы Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлыққа бірден бір лайық деп ойлаймын!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК, 

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын

 

06.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 142
Талғарда   тоғызқұмалақтың   үздіктері анықталды
Ә.ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 06.08.2026 98
Маңызды жобалар басталды
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 06.08.2026 101

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26757
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26186
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43579
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39360
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43981