Тәуелсіздік алсақ та, көрші елге деген тәуелділіктен арыла алмай отырмыз. Бұл шындық. Экономикалық тұрғыдан ғана емес, тілдік, ұлттық мүдде жағынан да шындап байланған екенбіз, бұлтара алмай жатырмыз. «Бұлақ басынан тұнады» дейді бабалар даналығы. Сөйтсек, құндылықтар да басынан лайланады екен-ау. Қазақ хандарының, төре-сұлтандарының алаауыздығынан патшалық Ресейге отар болған бірнеше ғасыр мен кешегі кеңестік кезеңдегі 70 жылдық кіріптарлық қазақты қажытып-ақ тастапты. Содан да болар, бүгінгі қазақтың көбі даушыл, міншіл. Ұлтшылының басынан әңгіртаяқ кетпей тұр. Елдің сөзін сөйлегісі келген қызметкерге қысым көп. Әйтпесе Құдайға шүкір, «елім, жерім» дейтін азаматтар жоқ емес, бар. Бірақ қауқарсыз. Әлсіз. Көзіне қамшы тиіп жалтақ болып қалған шенеуніктің біразы өркөкірек, менмен. Өзінің тіліне құрметі жоқ басшыдан не үміт, не қайыр, жұртым?!
Ауыр сындардан, жемқорлық батпағынан жаңа Президент құтқара ала ма?
Әбілқайыр ханды ормандай орыстан шошып, қазақтың болашағын ойлап, көрші қытай мен жоңғардың сесінен қорқып, Ресейдің қолтығына тығылды деп жазады базбір тарихшылар. Кейінгі кезде оның «жала» екендігі дәлелденіп жатыр. Иә, ол – зерттеуді қажет ететін тарих. Ал елең-алаң шақта КСРО-дан ең соңғы болып, артына жалтақ-жалтақ қарап, әрең дегенде азаттық алған Назарбаев кезеңі – тарихта кіріптарлық жолды таңдаған, жалтақтыққа жаны жалданған, көршіге деген «адалдығынан таймаған», жемқорлықты әбден асқындырған президент болып қаларына ешкім дау айтпас. Назарбаев құрған жүйеде қалтқысыз қызмет етіп, былыққа батқандар да болашақ алдында жауап берер күн алыс емес деп ойлаймын.
Өз басым Назарбаевты тарих алдында даттағым келмейді. Қалай жазғырсақ та, ол – тарихи тұлға! Қазаққа жасаған игі ісі де баршылық... Жамандық пен жақсылықтың итжығыс түсетіні секілді, Назарбаев болмысында да қарама-қайшылық жетіп артылады. Ең басты қателігі – билік басында тапжылмай отырып алғаны. Сөйтіп маңына туысқандары мен жылпостарды жинап, әділдіктің алдаспанын қолынан түсіріп алғаны. Сол ісі ақыры сорына айналды. Бір жерде көп тұрған су да сасиды. Судың қасында Назарбаев пенде ғой. Пенде болғанда да дәкөйі... нәні...
Бүгінгі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты барша қазақ біледі. 30 жылдан бері халықтың көз алдында жүр. Артынан сөз ергенін, жемқорлыққа ілінгенін естімеді ел. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаяны саяси жорамал тұрғысынан алғанда кез келген саяси қайраткер үшін мінсіз деп айтуға толықтай негіз бар. Тұла бойы тұнған зиялылық, ұстамдылық пен ұжданға бай, кісілік пен кішіліктің эталоны іспеттес қалыбымен ел есінде сақталды. Дәл қазіргідей елдік мұраттар, ұлттық ұстын, халықтық қалып сынға түсіп тұрған кезеңде, сыртқы күштердің әсерімен жалау ұстаған жалған ұраншылар бұқараның қолтығына су бүркіп, ұлт ойы мен санасын «ары итеріп, бері жығып» жататын сәттерде ел-жұртқа дұрыс жол сілтеп, болашақты болжай отырып, қажет кезінде қалың қауымға дұрыс бағыт-бағдар беретін көшбасшыдай көрінеді көзіме. «Түсі жылыдан түңілме» деген де бар дана жұртымда. Сол рас тәрізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келгеніне де үш жылдан асты. Қыруар жұмыстар атқарды. Әлі де атқарар істері жетерлік. Құдайшылығын айту керек, Тоқаев мырза билікке өлара шақта, экономика құлдырап, әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрғанда келді. Соры да қалың екен, енді еңсесін түзей бергенде Ресей мен Украина арасындағы соғыс бұрқ етті. Мұны айтып жатқан себебім, қазақ елінің шикізаты мен мұнайы, темірі мен газы да Еуропаға Ресей арқылы өтеді. Керек десеңіз, солардың келісімі негізінде істеледі. Мұның бәрі бұрынғы Президент Назарбаевтың шимай-шатпағы. Құрған жобасы. Сызған картасы. Ол шатпақтан құтылуға бір-екі жыл емес, бәлкім ондаған жылдар керек болар. Әйтсе де көкірегінде намысы бар, көзінде оты бар, ұлтым деген ұландар ғана түбінде бұл шимайды шешер. Оған дейін қалың елім қазағыма сабырмен күтуден басқа амал жоқ. Президент Тоқаевты аяйтыным да сондықтан. Қаншама күрмеуі шешілмеген дүниелермен бетпе-бет келіп тұр. Қымбатшылық қылбұраудай қысып, сын сағаты төніп тұр. Талайына жазылғаны осы болса, қайтеді енді, көнеді.
«Шіркін-ай, – деймін кейде, – кешегі алаш арыстарының қоңсы қонған орысты емес, қияндағы Жапонды үлгі тұтуы, қиырдағы Түркияға тамсануы неткен көрегендік еді! Әйтпесе алаш қайраткерлері түгелге дерлік Мәскеудің жоғары оқу орындарын тауысқаны белгілі. Сөйте тұра көкірек көзі ашық азаматтар Жапония мен Түркияны қалапты. Мұнда не сыр бар? Маған біреу «Жапония қайда, Қазақия қайда?» – деп бәлкім кінә артар. Оған дәлел жеткілікті. Соның біреуі мынау. Алаш өкілдерінің жапон мемлекетімен байланысы болғаны жайлы Жапония архивінен құнды құжат табылды. Оны Орталық Азия тарихын зерттеуші жапондық ғалым Томохико Уяма тапқан. Бұл туралы Алаш Республикасының 105 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда белгілі болды. Алаштанушы ғалымдардың айтуынша, 1918-1919 жылдары Алаш Орда қайраткерлері Жапон еліне әлеуметтік көмек сұрап хат жазған. Онда дәрі-дәрмек пен қару-жарақ қажеттігін айтыпты. «Міне, бұл – қайраткерлеріміздің халықаралық деңгейде мойындалуын дәлелдейтін құжаттардың бірі», – дейді ғалымдар. Алаштанушы ғалым, кеше ғана «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалған Дихан Қамзабекұлы: «Жапон мемлекетіне жазған құжатта да Алаш жеке мемлекет болуға ұмтылған құрылым ретінде айтылады. Сұраған кезде көбінесе дәрі-дәрмек пен қару-жарақ сұраған екен. Мемлекетті құру, оны қорғаудың ар жағында Алаштың әскері тұр. Қауіпсіздік мәселесі тұр және Алаштың елінің саулығы тұр. Осыны Жапон үкіметі қараған», – депті.
Иә, алаштықтардың түбіне жаңашылдықтары жетті. «Жапон тыңшысы», «Түрікшіл» деген жаламен атылып кетті. Жүрегің шанши сыздайды.
Алаш жолы «Жаңа Қазақстанға» бастайды
Біздің бүгінгі билік «Жаңа Қазақстан» құруға талпынып жатыр, ниеттері түзу, армандары асқақ. Әйтсе де бүгін-ертең «Жаңа Қазақстан» құру оңай жұмыс болмайын деп тұр. Кедергі көп, кадр мәселесінде түйткілді жайттар бар. Себебі 30 жыл бойы ойларына келгенін істегендер, бетпердесін ғана ауыстырып, орындарын ауыстырмай отыр. Осыдан барып үлкен проблемалар туындауда. Ескі биліктің шабармандары тіпті Алашорданы елге жарқыратып көрсетуге қимады. Ұлт көсемі Әлиханның атын атауға қорықты. Себебі Назарбаевтан артық «Ұлт көсемін» көргілері келмеді. Сондағы жеткен нәтижелері осы. Жетістіктері анау.
Егер Тоқаев мырза алаштың жолын ұстанса, олардың рух бұлағынан шөл қандырса, «Жаңа Қазақстанды» жақын арада орнатқысы келсе, орысқа емес, батысқа, Жапония мен Түркияға қарай мойын бұрғанын қалар едім. Себебі өркениет, ғылым мен білім, сауда-саттық, туризм соларда. Ізгілік пен адамгершілік, тоқмейіл халық та соларда. Жемқорлықтан ада, ар мен ұят ордасын тіккен елдерге жақындасу – ұлт болашағы үшін таптырмас мүмкіндік. 30 жыл бойы жалтақтаған, бізге қарап жалақтаған көршімізден алатын не қалды? Ештеңе де.
Ел мен жерді көп аралаймын, облыс пен аудан әкімдерімен жүздесемін. Жыл сайын Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Аманатпен» біріккен, ортақ мүдде жолында тоқайласқан арнайы экспедициямыз тағы бар. Жылына бір-екі мәрте Қазақстанның шалғай елдімекендеріне ат шалдырамыз. «Qazaqstan dauiri» газетіне оқырман тарту, «Мөлдір бұлақ» журналына балаларды шақыру үлкен жұмыс. Осы жолда қажырлы еңбек, ісіңе адалдық, халыққа қызмет ету үшін мықты төзім керек-ақ. Біз барған аймақтарды кей шенеуніктер түсінде де көрмеген. Ел аралаған адам ғана халықтың мұңы мен сырын естиді ғой. Президент Тоқаев мырзаның «Еститін Үкіметі» елдің тірлігін білгісі келсе, тұрмысы мен тынысын білгісі келсе, ел араласын! Халықпен жүздессін. Бәрін көзімен көрсін, көңілдеріне түйсін. Міне, саған сонда әділдік! Міне, саған сонда Жаңа Қазақстан!
Құдайға шүкір, ешкімнен сұрап алған жоқпын, елімнің қойған «Еланасы» деген атым бар, жақсы мен жайсаңды да, жаман мен жасықты да сапар барысында күнде көремін. Біреуіне шаттанып, екіншісіне жүрегім езіледі. Елдің мұқтажына айтайын деп соқсаң, таудай болған кей әкімдердің өзі түгілі орынбасарына кіру бір мұң. Атақ-даңқыңа, абыройыңа, жоғарыдағы тамыр-танысыңа қарайтындар бар. Бізге сөйткенде, олар қарапайым халыққа қалай қызмет етпек? Бұл да ескіден келе жатқан «ауру». Бұдан басшылық орындағы қазақтар айықпай, «Жаңа Қазақстан» орнату ертегі дер едім.
Баяғыда біреу той жасапты, тойға көп кісі жиналыпты, Қожа да келіпті. Қожанасырдың үстіндегі киімі жаман екен. Қожанасырды ешкім елемепті. «Төрге шық, тамақ іш», – демепті. Қожа үйден шығып кетеді де үйіне барып, тәуір киімдерін киіп, қайта келеді. Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді, ет келгенде:
– Қожеке, алыңыз, алыңыз! – деп қошеметтейді. Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып:
– Же, шапаным, же! – деп отыра береді.
Үй иесі:
– Сіздің бұл не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді? – дейді.
Сонда Қожа:
– Сен кісіні сыйламайды екенсің, киімді сыйлайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп отырғаным, – деп жауап беріпті. Кей әкімдердің ісі тап соның кебіне ұқсайды...
Мысалы, облыс әкімдерінің бәрі дерлік қазақ азаматтары. Ішінде елге шын жаны ашитындары (әсіресе ескі көздер) жетерлік. Солармен сөйлесіп, кездескенде кәдімгідей марқайып қаламын. Олар маған кешегі Қонаевтардың, Әуелбековтердің, Өзбекәлі Жәнібековтердің сарқытындай көрінеді.
Кейінгі жылдары жаңа толқынның бойынан қазақылықтың ұшқынын көру арман болып барады. Адаммен робот секілді сөйлеседі. Қатқыл мінезді. Жауапкершілікке жүрдім-бардым қарауға бейім көбі. Ең сорақысы, араларында қазақылықтан жұрдай буын өсіп келеді. Шікірейіп қалған, «болып-толған». Кешегі күнін ұмытқан. Бұл ненің белгісі? Жаңа буын Қазақстанның жаңа дәуіріне, жаңа кезеңіне, мәдениетіне үйренуі керек еді ғой. Ел ертеңі осылар емес пе. Сондықтан ескі мінездерін тастайтын кез жетті. «Ананы үйте сал, мынаны бүйте сал» деуден аулақ болса деймін. Халыққа жақын болуға, олардың үнін естуге, билік пен халықтың ортасына сәулесін түсіруге ұмтылса деймін. Үлкенге ізет көрсетіп, кішіге құрмет көрсетсе, өз мерейлері емес пе? Кері байланыс болуы керек қой қай кезде де. Мен екі кезеңнің басшыларын суреттеп жатырмын, іскерліктері туралы әңгіме мүлде бөлек. Айтайын дегенім, жас буын ескі кадрлерден есті сөздер мен ескірмейтін еңбекқорлықты алуы керек. Себебі оларда тәжірибе көп, ұстамдылық мол. Көргендері – ата-дәстүрі, ата жолы. Шежіреге бай және. Ал қателіктерін қайталамау ұлы міндет. Сондықтан аға буынға орынсыз тас ата беруге де болмайды...
Бүгінгі қоғамда ел назарын аударып тұрған дүние – «Астана» атауын қайтару. Кеше ғана миллиардтап қаржы бөліп «Нұр-Сұлтан» деп атаған елорданың жаңа аты біреулерге ұнамай қалған секілді ме, қалай? Бір заманда, Назарбаев кезеңінде Астана атауын өзгертуге түбегейлі қарсы болған адамның бірі мен едім. «Ау, ағайын, шуылдаған депутат мырзалар! Астана атауын өзгертуге қарсымын. Бұрынғы атауы қала берсін. Астана ұнамаса, «Ақмола қылайық, ол да ұнамаса, «Қараөткел» дейік. Тұңғыш президентті құрметтеген дұрыс. Алайда тарихқа да бір сәт көз салайықшы. Бір заманда аты дүркіреген данышпандардың атындағы қалалар қайда бүгін?» деп мақала да жаздым, әлеуметтік желіге де салдым. Ондағы айтпағым, бір кезде дүрілдеген, атақ-абыройынан халықтың аяқ-қолы дірілдеген «Ленинград», «Сталинград», «Ворошиловград», «Калининград», «Хрушевград» т.б. «кемеңгерлердің» атындағы қалалар қайда дегенді меңзегенім еді.
Енді қызықты қараңыз, бірнеше күн болды, Парламент шулап жатыр. Парламент тас қорған ғой, ішіндегі түрлі жолмен тағайындалған депутат мырзалар ғой шулап жатқан. Айтуларынша, Астанаға «Нұрсұлтан» атауы қол емес, тіпті кейбір шолақ белсенділері Назарбаевты тарих бетінен өшіретіндей күшенуде. Күлкім келді. Әй, жағымпаздықтың жүрмейтін жері жоқ-ау осы. Және «Халық қаласа» «Нұрсұлтан» атауын жоқ қыламыз деп күшенгендерін айтсаңызшы бәрінен.
Бір кезде бәрі дүрлігіп, қолдап, қорғап Астана атауын бірнеше күнде «Нұр-Сұлтан» қылғандарын ұмытып кетіпті көбі. Олар ұмытса да, ол әрекеттерін халық ұмыта қойған жоқ. «Тұңғыш президент» күні мерекесін алып тастапты. Оны қолдаймын. Тарих бәрібір Назарбаевтың «Тұңғыш президент» болғанын ұрпақтың есіне салып отырады.
Егер біздің депутаттар күшті болса, рухшыл болса, ұлтшыл болса, анау «Петропавл» мен «Павлодардың» атауын неге ауыстырмайды? Соған басым жетпейді.
Біріккен оппозиция бүтіндігін сақтай ала ма?
Алаш арыстарын жоғарыда бекер ауызға алған жоқпын. Олардың әрбір сөзі, әрбір ісі бізге, ұрпағына ұлы аманат жүктегенін жан жүрегіммен сезінемін. Қуаттанамын. Неткен көрегендік, неткен әулиелік! Бір ғасыр бұрын айтылған сөз тап бүгін айтылғандай. Қызық, ә? Алаш арысы Міржақып Дулатұлы: «Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәріміз сай болып, жалғыз депутаттыққа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын, онан пайда жоқ. Депутаттықты таңсық көріп атағына қызығып, яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа керек» депті. Тап бүгінгі депутаттар осыны оқыса, қандай күйге түсер екен деп ойлаймын кейде.
Әлеуметтік желіде бір азамат: «Қазір елордамыздың атауын өзгерту мәселесін депутаттар көтеріп қолдап жатыр. Олардың ештеңесі кетпейді (өздері кезінде қолдады, енді сол атауға қарсы), оған ақша бюджеттен жұмсалады. Ал егер сол депутаттардың есебінен өзгертуді қаржыландырса (сыйақы, айлығының 10% ай сайын, шетелге және ҚР төңірегіндегі іссапарларды, тегін үй мен тегін автокөлік қызметін қысқарту есебінен), керемет болар еді. Сонда көретін едік бұлбұлдардың сайрағанын. Әйтпесе мемлекеттің бюджетінің есебінен эксперимент жасап үйренген. Мүмкін сонда сайлаушылар алдында жауапкершілікті сезінер», – депті. Бұл халықтың бір өкілінің пікірі. Халық – Құдайдың бір аты деген...
Президент Тоқаев мырзаға айтарым, «Ханның соры – айналасына уәзірлерінің көзімен қарауы» деген тәмсілді есте ұстаңыз. Ұстазыңыз Назарбаевтың түбіне солай жеткен олар. Сақ болыңыз! Сіз алданбаңыз енді. Уәзірлер бәрін сүзгілеп, көңіліне жақпағанды тізбелеп, Сізге тек өздеріне ыңғайлы ақпаратты ғана береді. Содан абай болыңыз деймін.
Қазақта оппозиция бар ма? Бұл – көптің көкейіндегі сауал. Меніңше бар, бірақ ауызбірлігі жоқ. Сатқындары көп.
Классик жазушы Мұхтар Мағауин ағамның 2019 жылы айтқан сөзі – сөз! Әлі ештеңе өзгерген жоқ. «Біздің билік қазақтың мүддесімен санасып отырған жоқ. Қазақтық сана атымен жоқ. Бұлар отырған орындарын тек жем жейтін астау деп қарайды. Содан соң қазақпен санасып қайтсын?! Біздің билік орыстан, чешеннен, ұйғырдан, тәжіктен қорқады, тек қазақтан ғана қорықпайды. Қазақтың арқасында министр, президент болып отырғанын ойламайды да. Екіншіден, неге әу бастан Қазақстанда оппозиция әлсіз болды? Өйткені мемлекет қазақтікі болғанымен, қазақтар 40-ақ пайыз болды, ал орыстілді басылымдар қазақты күн сайын жерге тығып жатты, тіпті мемлекеттен қаржы алып отырған «Казахстанская правда» қазақты жамандай бастады. Осы кезде қазақтар, біз де билікті жамандай бастасақ, мемлекеттің іргесі шайқалар еді. Бірақ оны билік ұққан жоқ, қазақтың қорқақтығы, ездігі, нашарлығы деп ойлады. Содан артынан оппозиция шықты, бірақ олар ұлттық мүддені емес, өздерінің жем жейтін астауын ойлады. Сөйтіп жүргенде уақыт өтіп кетті. Алдыңғы үлкен кісілеріміздің біразы о дүниеге кетіп қалды, кейінгі қалған біздер шаршадық, ал жастарда қауқар жоқ. Сөйтіп билік қазақты басынып, ойына келгенін істеп отыр. Бірақ мұның ақыры жақсы болмайды», – депті ағамыз. Расында да айтқаны келді. Арты жақсы болмады. Назарбаев бәрін былықтырып, басы дауда тұр. Қаңтар қырғыны қазақтың қасіреті болып ойда тұр. Бір кезде оппозиция туын ұстағандардың біреуі әкімшілікте саясатты басқарса, бірі Парламентте депутат, енді біреуі шетелде елші. Міне, халық сенген оппозицияның түрі. Олардың бүгінгі ұстанымы өзгеріпті. Билікті мақтағанда қатырады. Қалың ойға батырады. Алайда халық бәрін біліп, көріп отыр.
«Бас-басына би болған өңкей қиқым» деп Абай осыны айтса керек.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Ол алдағы саяси додада өзі де бақ сынауға дайын екенін жариялады. Өзінің заңды мерзімін күтпей, бұл не жанталас? Қауіп пен қатер қайдан? Расымен-ақ Назарбаев кландарынан тықыр таянды ма?
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы алты рет өтіпті: 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 және 2019 жылы. Оның басым бөлігі кезектен тыс болғаны жасырын емес. Олай болса Назарбаевтың «шәкірті» Тоқаев мырзаның не ойлағаны бар? Лайым уайымы халықтың қамы болғай!
«Жыланды үш кессең де кесірткелік қауқары бар» деген рас болып шықты. 5 қыркүйек күні Алматыда оппозициялық көзқарастағы саясаткер, қоғам белсендісі, тәуелсіз бақылаушылардан тұратын топ мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу бастамасына байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп, Демократиялық күштер коалициясын құратынын мәлімдеп, билікке үндеу жолдады.
Коалицияны құрушы топ Қазақстанда шынайы саяси реформа жасалмайынша, президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің мәні жоқ екенін айтып, билікке сыншыл, билікке қарсы көзқарастағы барлық саяси күштер мен азаматтарды алдағы сайлауды күн тәртібінен алып тастау идеясы төңірегінде топтасуға шақырды.
Топ мүшелері дөңгелене отырып, кезегімен сөз алды. Саясаткер, бизнесмен Болат Әбілов бүгінгі президент Қ.Тоқаев өзіне дейінгі Н.Назарбаев құрған жүйемен жүріп келе жатқанын, Қазақстан қоғамы тәуелсіздіктен бері 30 жылын ұрлатып алғанын, енді тағы ондаған жылын ұрлата алмайтынын атап өтті. Ол бүгінгі жүйені бандиттік жүйе деп атап, оған тоқтау болуы керектігін жеткізді. Жиналғандар мұндай талаппен келісіп, үндеуге қосуға уағдаласты.
Ынталы топ мүшесі, «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Назарова әлеуметтік желі арқылы үндеу, жалғыз адамдық пикет, жаппай митинг секілді іс-шаралар арқылы билікті үндеу талаптарын орындауға мәжбүрлеу керектігін, қажет болса, «қаңтарды» қайталау керектігін айтты. Алайда, соған қарамастан, үкімет сайлауды өткізетін болса, ортақ кандидат шығарып, жер-жердегі учаскелерді жаппай бақылайтынын, тіпті ортақ кандидат шықпай жатса, жаппай бақылау түрінде сайлауға бойкот жариялайтындарын мәлім етті. «Рингке шықпай жатып жеңілуге болмайды» деген ол идея төңірегінде топтасудың маңызын атап өтті.
Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да идея үшін жеке араздықты, көзқарас қайшылығын қоя тұрып, бірігуге үндеді. Айтуынша, дәл қазір әркім әр жаққа тартып, араздасып, бас бірікпесе, Қазақстанда тағы диктатура орнайды. Ол президент сайлауын уақытында өткізіп, оған дейін сайлау туралы, бейбіт жиындар туралы, саяси партиялар туралы заңдарды шынайы саяси реформаға бастайтындай өзгерту керектігін айтты. Тайжан президентке жеке үндеу тастай отырып, коалиция талабы орындалмаса, көшеге күллі халықты алып шығуға уәде берді. Қоғам белсендісі Серікжан Мәмбетәлин сайлауда Қ.Тоқаев жеңіп, халық көтерілсе, билік тағы да Ресейден әскер кіргізеді деп санайды.
Саясаткер Рысбек Сәрсенбай сайлауды өткізбеуге әркімді атсалысуға шақырды. Ол полицияның есерсоқтығын тоқтату, әскерді күшейту туралы пункттерді үндеуге қосу керектігін айта кетті. Жиын барысында үндеу дауысқа салынып, көпшілік даусымен қабылданды. Сөйтіп құжат Ақордаға жолданды. Осыдан-ақ біріккен оппозицияның көзқарасы белгілі болып тұр. Қалайда қарсыласып бағу. Өз ұстанымдарын орындату.
Менің жеке көзқарасым бойынша, Президент Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге талпынысы – сыртқы күштерден қорғануы секілді. Қалай болғанда да күшейіп келе жатқан жауларынан сескеніп осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды ма деймін. Өзіне жүктелген миссияның жауапкершілігін де сезінетін болар. Қалай болғанда да билігін нығайтып алудың бұл да бір төте жолы ма екен?
Енді бәріне халық және уақыт төреші. «Халық қаласа, хан түйесін соятыны» белгілі. Халық қаламаса, оппозиция да қауқарсыз. Билігің де шарасыз!
Осындай қысылтаяң кезде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының «Демократия ешуақытта дәстүрді өзгертуге, тілді айырбастауға, өмір сүру үлгісін өзгертуге шақырмайды! Олар біздің еліміздің азаматтарының биліктің қыспақ-қысымынсыз өмір сүруін, билікті бұрмалаушылықтарсыз қалыптастырып, оны заңдық институттар арқылы қадағалап отыруымызды қалайды» дегені ойға оралады.
Қайтейін, қазақтың бүгінгі тірлігі Мөңке би бабам айтпақшы:
...Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады... – дегенге ұқсайды. Әйтеуір Алла Тағала ақырын жақсы қылғай!
Ұлттық рух аспандамай, ұлы халық болу қиын
Сөз соңында айтқым келетіні, біздің халықтың ұлттық рухы әлсіз болып барады. Рухы құлаған халықтың келешегі күңгірт, болашағы бұлыңғыр. Осы ретте белгілі журналист Нағашыбай Қабылбектің «Біздің ұлттық рухымыз өліп қалған... баяғыда... Әйтпесе бір бас көтеретін кезіміз келді ғой!» деген мақаласы ойға оралады.
Мен түрікпен де, орыспен де жұмыс істеп көрген жанмын. Екі ұлттың азаматының бойынан империалистік менмендік анадайдан айқайлап, андағайлап тұрады. Өздерін өзгеден жоғары санайды. Олардың сенің өткен тарихыңа ұрғаны бар. Түрік кардаш Ақсақ Темірдің Осман сұлтаны Баязитті тас-талқан етіп жеңгенін ұмытып кеткен... Орыс брат Мәскеуді екі рет өртеген Тоқтамысыңды танымайды да.
Ұлттық идеологияның жемісі болар, түрік үшін Кемал Ататүрік – тұлға! Мақтан етеді. Сөйлетсең, Ататүріктен асқан адам жоқ. Мына оқиғаны мақтана айтады: «Бірде шетелдік делегацияға дастархан жайылады. Түрік жігіті қонақтарға қызмет жасап жүріп абайсызда сүрініп кетіп, қолындағы асымен құлайды. Мұны көрген шетелдік қонақтар мырс ете қалыпты. Сонда Ататүрік: «Мен халқыма бәрін үйретіппін, тек біреуге құлша қызмет жасауды үйретпеппін», – деп шетелдіктерді жым қылыпты.
Орысың да сөйлеп кетсе көсіледі. Путинді еркек дейді. Ел қорғаны дейді. Православ дінінің жанашыры дейді. Мемлекеттік үлкен жиындарда патриархты төрге шығарады деп мәз болады. Ал қазақта осының бірі бар ма? Біз кімді тұлға көреміз? Кешегі бабаларымыз өйткен, Күлтегін бабам сөйткен, Тәуекел хан ғажап, Қасым хан данышпан дегенің кімге керек? Қайда ұлттық идеология? Қайда қазақтың қамын жеген тұлға? Кімді ардақ тұтамыз, кімге сенеміз?!
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейде қақтығыс болды. Сонда бір тау халқының өкілі ерекше көзге түсті. Сақшылармен жағаласып, жаға жыртысты. Өлермендігіне әлеуметтік желіде риза болмаған адам жоқ. Күні кеше сол жігітке сот шешім шығарыпты. Қанша дейсіз бе, 10 жыл түрме! Обал, ә?
Орыс идеологтары мұны қалт жібермепті. Ресейге қарсы шығу – жаман әдет. Өзгелерге сабақ болу үшін, ел мен жерді құрметтемегені үшін «Еркек тоқты – құрбандық» болып кеткелі тұр. Ал бізде қазақты кім басынбай жатыр? Жердің иесі мен киесін кім ардақтап жатыр? Басқаны қоя тұрайық, кеше ғана елді дүрліктірген Қордай оқиғасын алайық. Мәселе неден туындады? Қазақтың қариясын ұрды, қазақтың жас полицияларын адам құрлы көрмеді. Бәрі видеода тұр. «Қазақтарды ақшамен сатып аламыз» деген біреуінің видеосы желіде жүр... Мұндай жағдайда қазақ ұлты не істеуі керек? Әрине, жазықсыз жандардың машинасын өртеу, үйлерін қиратып, отқа орау құптарлық нәрсе емес. Бірақ соған жеткізіп отырған кім? Неге қазақтың намысы таптала беруі керек? Неге жергілікті жұрт қорлана беруі керек? Кеше бір жерден оқыдым, Қордай оқиғасына кінәлілер 5 жылдан, 10 жылдан арқалап кетті деп. Соған жүрегім ауырды.
Қайда қазақтың намысын жанитын, тірегі болатын ұлттық идеология? Ұялас иттер құрлы болмадық-ау... Олар бірін- бірі талаттырып қоймайды ғой ешқашан. Анау түріктер мен орыстарда осындай оқиға орын алсыншы, соттарында көзге көрінбейтін ұлттық мүдде «атойлап» шыға келеді. Бізде бәрі керісінше. Сөйте тұра «Менің бабам сойқан» деп, ауыздыға сөз бермейміз. Осы ма сондағы тектілігің! Мына түріңмен ұзаққа бармайсың, қазақ! Топ жарып шығар бір Ататүрік пен ұлтына жанашыр (жауыз болса да) бір Путинің төбе көрсетпесе, осы құрығаның құрыған! Ұлтты ұлт жанашырлары ғана ұшпаққа шығарады. Басқаның бәрі бекер...
Сенатор бауырым, ылғи да халықтың сөзін айтатын Мұрат Бахтиярұлы айтқандай «Тұлпардан есек озған, Ақылдыдан есер озған, Шын сөзден өсек озған заман болып тұр» ғой қазір. Бір кездері Дж. Сорос қорының тікелей ұйымдастыруымен «сыни тұрғыдан ойлау» стратегиясы Қазақстанға келді. Стратегияның негізгі мақсаты саналы қоғамды тәрбиелеу болатын. Егер ол қоғам орнаса, билік басына қандай білімді, қабілетті болса да, адами қасиеті төмен жанды өткізуге жол жабық еді. Сыни қабілеті жоғары адамға құрмет пен сыйластық та жоғары болуы керектігі айтылатын. Сол идея жүзеге асуы тиіс еді.
Өкінішке қарай, бүгінгі билік пен қоғамда екіжүзді айлакерлер көбейді. Ұлттың емес, ұрпағының, халықтың емес, қара басының қамын ойлайтындар бәрін кері кетіріп жатыр. Жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылатын жақсы идея, кемел саясат, тегеурінді идеология жоқтығынан жемқорлық дендеп, зұлымдық сананы жеңіп барады. Бұлай жалғаса берсе, арты – қасірет! Тоқтам болса, арты – қасиет!
Былтыр ораза айында оны-мұны алайын деп «Артем» базарына бардым. Ой, құрысын, енді бармастай болдым. Жалақтаған жас жігіттер «менен алыңыз, менен алыңыз» деп өре түрегелді. Дұрыс қой, сауда болғасын нарық болуы заңдылық. Есеп-қисапқа да оң көзбен қараймын. Бірақ саудагер жастардың ниеттері ұнамады. (Көпке топырақ шашпайын, жақсылары да бар шығар). Әйтеуір мен көргендері пышақтың өткір жүзіндей лыпып тұр. Бірінен-бірі өтеді.
Мені майлы ішектей айналдырған екі жігіт тауарларын мақтап, орта қап картоп, бір қалта жуа алғызды. «Енді қалғанын көршілеріңнен алайын десем», «Өй, апа, қайда барсаңыз да осы баға ғой. Бізден ала беріңіз, қайтесіз оларды?» – деп жібермейді. «Айналайындар-ау, олардың да заты өтсін де, адам деген көпшіл болуы керек қой. Қазір ораза айы, бүгін сендер мәрттік жасасаңдар, ертең көршілерің сендерге де мейіріммен қарайды ғой», – деп, азғантай ақылымды айтып жатсам, әлгі екеудің бірі: «Өй, апа, сіз де айтады екенсіз, әркім өзі үшін өмір сүреді ғой. Біреу үшін біреу сауда жасамайды. Жалпы саудада туыстық жоқ. Бізге тауарымыз өтсе болды емес пе?» – деп қарап тұр. Мен не деймін, домбырам не дейдінің кері ғой бұл.
Көңілім қоңылтақсып келе жатып, Осман падишаһы Сүлеймен сұлтанның мына бір тағылымды оқиғасын есіме алдым. Түрік сұлтаны Сүлеймен қарапайым киініп алып елдің тұрмысын білу үшін базарға жиі-жиі барып тұрады екен.
Бірінші кездескен саудагерге көп тапсырыс беріп, сауда жасамаққа кіріскенде әлгі саудагер: «Сіз маған жеткілікті сауда жасадыңыз. Маған бұл қанағат. Енді менің көршіме барыңыз, ол әлі ештеңе сатқан жоқ», – деп саудасын тоқтатады екен. Амалсыздан Сүлеймен патша екіншісіне барады, ол да құнықпай: «Әпендім, маған бүгінге жеткілікті осы сауда, Сіз ана саудагерге барыңызшы, ол манадан бері бос отыр», – дейді екен. Осылайша базарды асықпай аралаған Сүлеймен сұлтан сарайына көңілді оралып, уәзірлеріне: «Саудагерлердің пейілдері жақсы, ниеттері оң екен, демек менің патшалығыма төніп тұрған қауіп жоқ. Саясатымыз жемісті екен», – деп көзіне жас алыпты...
Біздің биліктегі азаматтар тым құрыса бір рет базарға барып, ондағы нарықты көріп, халықтың көңіл күйімен санасар күн қашан туар екен?
PS: Тарих қайталанады деген рас-ау. Әріге бармай-ақ қоялық. Елдің бәрі білетін тарихқа көз жүгіртсек, мына оқиғалар еске түседі. Сталин өлгеннен кейін алдында құрдай жорғалағанның бірі Хрущёв «жылымық» орнатты. Сталиннің бүкіл былығын ашты. Бір қызығы, оны Компартия қолдады.
Кейін Хрущёвтың өзі «құстай ұшты»... Оны да сынап, «сындырып» тастады. Кейін Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Қонаевты өзінің шәкірттері Назарбаев, Сұлтанов, т.б. мінеп, съезде «жер қылды». «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дегендей, енді бүгін Назарбаевты бір заманда «пір тұтып», арнайы заң шығарып қорғаған депутаттар, ескерткішін қойдырып, Астанаға есімін бергендер бәрінен бас тартып, «Елбасыны» елеусіз қалдыруға күш салуда. Қаралап қара күйе жағуда.
Осы да әділдік пе? «Жаңа Қазақстан» ескіден құтылу керек болса, өздері де сарқыншақ екенін неге ұмытады? Билікті тірі организм дейік. Яғни адам. Адам болғасын денесі кірлейді. Терлейді. Жиіркенеді. Моншаға барып жуынады. Моншада отырған адам басын ғана жуып шығып кетпейді ғой. Егер өйтсе, нағыз әпенде ғой... Жаңарғасын бәрі жаңарғаны дұрыс қой.
Халықты ақымақ көретін биліктің ғұмыры қысқа! Жоғарыдағы шенді-шекпенді осыны ескерсе деймін. Өз басым Президент Тоқаевты қолдаймын. Тәжірибесіне сүйсінемін. Адалдығына сенемін. Бірақ теңдессіз деп айтпаймын. Қазақта марқасқа ұлдар көп. Тоқаев та соның біреуі. Тек айтарым, ойға алған істерін толық жүзеге асыру үшін оған мүмкіндік беру керек. Ішкі-сыртқы жаулардың құрсауынан босау үшін. Егер табаны орнығып жатса, Тоқаев мырза мемлекеттік тілді қолға алуы тиіс! Оның мәртебесін биіктетіп, ұлттың айбынын асыруы керек. Тіл ұлттың жаны екенін өзі де жиі айтып жүр. Олай болса сол ұлт Тоқаевты қолдап, қиын сәттерде қорғап отыр. Қорғай да бермек.