Элеонора Нығметқызы Баталова – кітап нарығында бірегей орны бар «Алматыкітап баспасы» сияқты ірі мекеменің іргетасын қалаған іскер әйел. Бизнес саласындағы жетістіктерінің арқасында елімізде ғана емес, төрткүл дүниеге танымал болған, ерекше ерік-жігерге ие бұл кісі – мейірімді жан, қамқор ана, сүйікті жар әрі тамаша әже. Оның іскерлік мансабы небір кедергілерге қарамастан талай асуларды бағындыра алған табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісі десе болады. Элеонора Нығметқызының осы кәсіптегі сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болып, «Парасат» орденімен және басқа да отандық және шетелдік марапаттармен наградталды.
Осы мақалада «Алматыкітап баспасының» қалай құрылғаны, бизнестің қалай қалыптасқаны, іскер әйелдердің басын қосқан «Аруана» клубының қалай дүниеге келгені, отандық кітап саласының кешегісі мен бүгіні туралы сөз болады.
Элеонора Нығметқызының бүкіл өмірі Алматыда өтті. Қазақ политехникалық институтын «инженер-құрылысшы» мамандығымен, сонан соң Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығымен бітірді.
«Қарапайым өмір сүрдік, алты баланы жалғыз тәрбиелеген анам бізді ештеңеден таршылық көрмесін деп, аянбай еңбек етті. Таңертеңнен кешке дейін мектепте жұмыс істеді, ал кешке еден жуды. Ара-тұра біз де ол кісіге кезек-кезек көмектесетінбіз. Анам жастайымыздан еңбекке баулыды, үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп атқаратынбыз. «Қайтсеңдер де білім алып, қызметке араласуларың керек» дегенді әбден санамызға сіңіргені анық, соның арқасында алтауымыз да жоғары білім алдық», – дейді Элеонора Нығметқызы.
Бауырларын жеткізуге көмектесу үшін жас қыз ағаш өңдеу зауытына ерте жұмысқа орналасты. Алғашында шет тілдер институтына оқуға түсуді армандаған екен, алайда политехникалық институтқа түсіп, оқуды бітіргеннен кейін «Қазоргтехстрой» жобалау институтында инженер болып жұмыс істейді. Кейін Алматы халық шаруашылығы институтында «экономист» мамандығын алды. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, алған екі мамандығы да өмірде көп көмектесіпті: қазіргі тұрған үйлерін салғанда жобалаудан бастап үйді салып бітіргенге дейін құрылыстың басы-қасында болыпты, ал экономика мен қаржы заңдылықтарын игергені бизнесті жүргізгенде көп пайдасын тигізіпті. Алайда адамның тағдыры кейде өзі жоспарлағаннан түбегейлі өзгеше болып шыға келеді. Осылайша Элеонора Нығметқызы 45 жылдан бері кітап саудасымен және оқулық дайындаумен айналысып келеді. Өмірінің осылай болып өзгергеніне кейіпкеріміз ешқашан өкінген емес, керісінше, шабытпен жұмыс істеп, айналысатын кәсібінен үлкен ләззат алады.
Кітап саласына қалай келгені, осы саладағы еңбек жолының қалай өрбігені, кездескен қиындықтары жайында Элеонора Нығметқызы тебірене еске алады.
1978 жылы жиындардың бірінде сол кездегі Алматы облыстық кітап саудасы жүйесін (Облкниготорг) басқарған Шәміш Оразбайқызы Мәтекованы кездестірді. Біраз жыл бірге жұмыс істеп, ол кісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін, «Облкниготорг» мекемесінің директоры болып тағайындалды. Шәміш Оразбайқызымен бірге қызметтес болған жылдары мен одан кейінгі кезеңді өмір жолын күрт өзгерткен, бағыт-бағдар берген маңызды кезең деп санайды.
90-шы жылдар еліміз үшін де, оның ішінде кітап саудасы үшін де ауыр тиді: мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру кезеңі жүріп жатты. Мемлекеттің қол астынан шығару бағдарламасы аясында Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, кітап дүкендерін тартып алып, түрлі гастрономдар мен азық-түлік дүкендерін ашамын дегендерге таратып жатты. Кітап дүкендеріне көз алартқан қалталы адамдардың баспасөз беттерінде ұйымдастырған қисынсыз жаласы мен олармен ауыз жаласқан сол кездегі шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне тойтарыс бере отырып, Элеонора Нығметқызы кітап дүкендерінің біразын қорғап қалды. Ол – ол ма, ар-намысы мен абыройын, іскерлік беделі мен азаматтық құқығын қорғау үшін Баспасөз министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің үстінен сотқа шағымданып, процесті жеңіп шықты. Сол кездегі Қазақстан Республикасының Баспасөз министрі марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың азаматтығы мен адалдығын атап өтпеске болмас. Ол сот отырысына өзі қатысып, қоластындағы қызметкерлердің жалған ақпарат бергенін мойындап, көпшіліктің алдында Элеонора Нығметқызынан кешірім сұрады. «Вечерняя Алма-Ата» газеті де арнайы материал жариялап, кейіпкеріміздің ар-намысыма нұқсан келтірген ақпаратты жоққа шығарып, кешірім сұрады.
Шенеуніктер мен кәсіпкерлердің арасындағы түсініспеушілік деген тақырыпқа бизнес өкілдерінің жүздеген мысал келтіретіні анық, дегенмен, барлық мемлекеттік қызметкерді бірбеткей, алған бетінен қайтпайтын безбүйрек деуге де болмас. Кітап дүкендерінің біразын қорғап қалудың сәті түскенде, Мемлекеттік мүлік комитетінің қызметкерлері мен Баспасөз министрлігінің жаңа басшысы Қуаныш Сұлтанов «Облкниготорг» мекемесінің негізінде осы салада алғашқы акционерлік қоғам құру деген ойын қолдап, баға жетпес көмек көрсетті. Бірақ бұл жерде де жүйкені жұқартқан жағдайлар болды. Тиісті құжаттарды рәсімдеп, жаңа заңды тұлғаны тіркеу ғана қалғанда, Алматы қаласының әкімдігі кітап дүкендері орналасқан ғимараттарды Тіл саясаты комитетіне береміз деген сылтаумен, полицияның арнайы жасағын жіберіп, отырған орнынан қуып шығуға әрекеттенді. Басқа біреудің Алматы қаласы әкімдігімен тайталасуға жүрегі дауалар ма еді, алайда бүкіл өмір бойы күресуге еті үйренген Элеонора Нығметқызы бұл жолы да табанды мінез көрсетті. Бір-екі сағаттың ішінде заңгер екеуі Акционерлік Қоғамды тіркеп, жетіспейтін құжаттарды келгендерге ұсынғанда, қала әкімдігі құжаттардың заңдылығын мойындауға мәжбүр болады.
Элеонора Нығметқызы Акционерлік Қоғамның бизнес-жоспарын жасау кезінде оның басты мақсаты кітап сауда желісін сақтау және дамыту деп көрсеткенімен, мұны жүзеге асыру өте қиынға соқты: еліміз экономикалық дағдарысты басынан кешіріп жатқан болатын, бұл кітап саласын да діңкелетіп кетті. Госкомиздат деген мекеме жойылды, мемлекеттік баспалар адам санын қысқартып, кейбірі қызметін тоқтатып жатты. Жекешелендіру кезінде олар жылына бірен-саран кітап шығаратын шағын жеке баспаларға айналды. Бұрынғы кеңестік республикалардың арасындағы іскерлік байланыстар үзіліп қалғандықтан, сауда желісіне жаңадан шыққан тың туындылар келмей қалды. Кеңес заманында «Облкниготоргтың» құрамындағы кітап дүкендерінің сөрелерінде 5000-нан астам атауды қамтитын сан алуан басылымдар болса, жекешелендіруден кейін басылым саны 500-ге әрең жетті. Осы қиын кезеңде қалай да жаңа мекемені аман алып қалу үшін екі кітап дүкенін сатуға тура келді. Бірақ кейінірек амалсыздан сатылған екі нысанның орнын қайта толтырып қоймай, үлкен кітап қоймасына ие болды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін алғаш рет Лейпцигте өткен халықаралық кітап көрмесіне барғанда, кез келген тақырыптағы, әсіресе балаларға арналған жарқын, әдемі кітаптардың сан алуан түрінен басы айналғаны есінен кетер емес. Кейіпкеріміздің айтуынша, көздің жауын алатындай етіп жасалған, аста-төк мынадай дүниемен салыстырғанда анағұрлым қарапайым отандық кітаптарымыз үшін де, бірлескен қазақы стендіміз үшін де әбден ыңғайсызданыпты. Заман талабына сай келетін кітап шығаруды бастау идеясы да сол кезде туындаса керек. «Жұмысты неден бастаймыз?» дегенде балалар әдебиетінен бастауды жөн көреді, өйткені немерелеріне алайын деп іздегенде, түрлі-түсті етіп әсем безендірілген отандық кітаптарды кездестіре алмағаны есіне түседі. Осылайша көрме барысында Ресейден, Молдова мен Қырғызстаннан келген әріптестермен келісе отырып, ағылшынның «Oxford University Press» компаниясынан «Менің алғашқы кітаптарым» балалар сериясын басып шығару құқығын сатып алады.
Жаңадан ғана басылып шыққан кітаптардың ерекше, қайталанбас иісі сол кітаптарды шығаруға атсалысқан кісілердің есінен кетпейтіні анық. Ең бірінші кітап өте сапалы болып шықты, бірден сұранысқа ие болды. Алғашқы кітаптың жарыққа шығуы мен компанияның толыққанды баспаға айналуы да тұспа-тұс келді, яғни бұл кез – «Алматыкітап баспасы» үшін ерекше маңызды кезең. Элеонора Нығметқызы шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орната отырып, балаларға арналған танымдық әдебиет пен балалар энциклопедияларын басып шығару құқығын сатып алуды жалғастырды. Ұлыбританияның «Usborne Publishing Ltd», «Dorling Kindersley Book», «Oxford University Press», француздың «Nathan» баспасы сияқты әлемнің озық компанияларымен ұзақмерзімді ынтымақтастықта жалпы таралымы 2 миллион данадан асатын 50-ден астам кітап шығарылды.
Сонымен қатар Элеонора Нығметқызы Баталова жетекшілік ететін «Алматыкітап баспасы» «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде алғаш рет толыққанды цифрлық оқулықтар жасап, сынақтан сәтті өткізді. Бүгінгі таңда «TopIQ.kz» деп аталатын цифрлық оқулықтар платформасы өңірлік мектептерге кеңінен енгізілуде.
Кейіпкеріміз Қазақстандағы кітап мәдениетін дамытып, оның халықаралық аренадағы беделін арттыруға үлкен үлесін қосуда. Мәселен, «Менің Қазақстаным» бірегей кітаптар сериясын дайындап, оларды орыс және ағылшын тілдерінде де басып шығарды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқырмандар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, тұрмысы мен салт-дәстүрі, географиясы, флорасы мен фаунасы суреттелген кітап беттерін парақтауда. Серия жетпіске тарта құнды кітаптан, альбомдар мен энциклопедиялардан тұрады. «Менің Қазақстаным» этнографиялық жинағын жарыққа шығарудағы басты мақсат – өскелең ұрпаққа патриоттық және рухани тәрбие беру, жастарды үш тілді де жетік білуге ынталандыру. Бұл сериядағы кітаптың барлығы дерлік еліміздің шетелдердегі елшіліктеріне таратылып, жыл сайын Франкфурт, Лондон, Пекин, Болонья, Турин және Мәскеу қалаларындағы ірі халықаралық көрмелерде жүлделі орындарды иеленуде.
Oxford University Press, Usborne Publishing Limited, AD Dorling Kindersley Book, Natan халықаралық баспаларынан шыққан әлемнің ең үздік «Әлемдік ғылымның тарихы. Ғылым жылдан-жылға», «Өнер тарихы», «Балаларға математикадан көмектес», «Балаларға информатикадан көмектес» сынды кітаптар мен жетпіске тарта энциклопедия қазақ және орыс тілдеріне аударылды. Қазіргі таңда аталған баспалармен ынтымақтастық жалғасуда. Бүгінде мектеп кітапханалары осы кітаптармен қамтамасыз етіліп, орта білім беру жүйесін жетілдіруге өз септігін тигізуде.
Кітап нарығында жұмыс істейтін кәсіпорындардың құқықтарын қорғау мақсатында, Элеонора Нығметқызы «Қазақстанның баспагерлер мен кітап таратушылар қауымдастығын» (БКҚ) құру туралы бастама көтерді. Қауымдастық құрылған 1997 жылдан бастап ұйымды өзі басқарды. Аталған қауымдастықтың ұсынысымен Қазақстан Республикасының Үкіметі 2001 жылы Алматыда алғаш рет «Ұлы Жібек жолымен» халықаралық кітап және баспа жәрмеңкесін өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіби форум алыс және жақын шетелдерден 120-дан астам қатысушының басын қосып, үлкен із қалдырды, білім және мәдениет салаларында Қазақстанның беделін арттыра түсті. Сол жылдан бастап кітап жәрмеңкесі екі жылда бір рет өткізілетін дәстүрлі шараға айналды.
Баталова Элеонора Нығметқызы – Отанымыздың да, Алматы қаласының да жанашыры, патриот кісі, елорда мен Алматыда кітап дүкендерін сақтап қалуға атсалысқан кітапсүйер тұлға. Алматыдағы Абай/Назарбаев даңғылдарының қиылысындағы қаланың ең көрікті нысандарының бірі - «Алматыкітап баспасының» Абай атындағы және Астана қаласындағы Ыбырай атындағы Кітап үйлерінің негізін қалаушы.
Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындауға кіріскен уақыты «Алматыкітап баспасы» үшін ерекше маңызды кезеңге айналды. Баспа постсоветтік кеңістікте алғашқылардың бірі болып мектепке дейінгі білім берудің оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеп, басып шығарды. ТМД елдерінің бірқатары балабақшаға арналған кешендерді өздерінде тура сондай кешен дайындау үшін үлгі ретінде сатып алды. Білім және ғылым министрлігі мектептерде баламалы оқулықтарды пайдалануға рұқсат берген күннен бастап баспа бастауыш мектептің барлық пәні бойынша оқу әдебиеттерін әзірлеуге кірісті. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі және мектепалды дайындығы, бастауыш сыныптарға арналған оқу кешендері, 5–11 сынып оқушыларына арналған оқулықтардың біразы «Алматыкітап баспасынан» жарық көруде. Осындай қиын да күрделі жолды жүріп өткен баспа Қазақстандағы ең ірі баспалардың қатарына кірді. Сонымен қатар, оқу әдебиеттерін шығару баспа қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді, себебі тек мазмұны мен бағдарламаға сай дайындалғандығы ғана емес, авторлар ұжымының біліктілігі мен баспа қызметкерлерінің кәсіби деңгейі де үнемі қоғамның назарында тұрады. Сол себепті де «Алматыкітап баспасының» авторлары мен қызметкерлері үнемі әлемдік озық тәжірибемен танысу үшін шетелдік компанияларда тәжірибеден өтеді, сала мамандары шақырылады, онлайн семинарлар өткізіледі.
«Алматыкітап баспасы» өзінің құрылған күнінен бастап осы күнге дейін 1 400-ден астам оқулық, оқу-әдістемелік кешен және балаларға арналған көркем әдебиет, түрлі анықтамалар мен танымдық бағыттағы шығармалар басып шығарды. Баспаның үлкен залында самсап тұрған жүлделер, дипломдар, мақтау қағаздары, халықаралық және отандық беделді кітап байқауларының марапаттары – баспа саласына сіңірген еңбектің айғағы.
Кеңес Одағы ыдыраған кезде компанияның кітап дүкендерінде кітаптың небәрі 500-ге жуық қана түрі болса, қазір «Алматыкітап баспасы» кітап сауда желісі оқырманға сан алуан тақырыптағы 10 000 басылым ұсынады. Бұл да үлкен жетістік емес пе?
Мақаланы дайындау барысында бас кейіпкерімізге «Кәсіпорынның тұрақты түрде дамуы үшін, табысқа жетуі үшін оның басшысы қандай қасиеттерге ие болуы керек? Көп жылдық тәжірибеңізде қандай түйінді ой қалыптасты?» деген сұрақ қойғанбыз.
Элеонора Нығметқызының айтуынша, егер бірінші басшы төңірегіне өз ісіне адал, шаруасына мығым, жұмысқа жаны ашитын жандарды біріктірсе, кез келген қиындықты жеңіп, ең биік деген шыңдарды бағындыра алады. Ол кісі табысқа жетудің бұл формуласын баяғыда меңгерген, өзінің кәсіби мансабы – соның дәлелі. Кез келген басшы қол астындағы адамдармен жұмыс істей білуі керек. Әлемнің ең керемет деген оқу орнын үздік бітірген адам әріптестерімен тіл табысып жұмыс істеп кете алмаса, ондай адамнан бір тиын пайда жоқ. Басшы кісі ең алдымен өз қызметкерлерін жақсы көріп, құрметтеуі, әрбірінің өзіндік ерекшелігімен және көкейтесті мәселелерімен санасуы керек, қажет болған жағдайда дұрыс әрі әділ шешім қабылдауы тиіс. Мінезі шатақтау мамандармен де, көзқарасы мен ұстанымы басқаша, бірақ ерекше дарынды, нағыз шығармашылықтың адамдарымен де тіл табыса білетін басшы басқаратын компания тек дами түсетіні анық. Сол себепті де әртүрлі адамдармен, әртүрлі мамандармен жұмыс істей білу – бірінші басшыны табысқа жеткізетін ең басты қасиет. Ал керісінше, бірбеткейлік, өз сөзінде тұра алмау, шыдамсыздық, жеңілтектік, асығыс сөйлеу дегендердің басшыны ғана емес, кез келген адамды орға апарып жығатыны айтпаса да түсінікті. Осы айтылған қасиеттерге ие болған, жаман қасиеттерден аулақ болған басшының әрбір ісі тек табысқа жетелейтіні анық.
Элеонора Нығметқызының қоғамдық өмірі де – ерекше тоқталып өтуді қажет ететін тақырып. Бұл бағытта талай игі шаралар мен жақсы бастамалар жүзеге асырылды.
Жастайынан қоғамдық жұмысты жақсы көретіндіктен, кеңес заманында комсомол ұйымының хатшысы, одан кейін партия ұйымдастырушысы, аудандық кеңестің депутаты деген сияқты лауазымдарда жүрді. Еліміз егемендік алып, кейіпкеріміз өз кәсібін ашқанда да қоғамдық жұмыстармен айналысуын тоқтатқан жоқ.
Экономикадағы дағдарыс салдарынан баспа мен кітап саудасы саласы ауыр жағдайда қалғанда, туындаған мәселелерді бірлесіп шешу және саланы дамыту мақсатында Элеонора Нығметқызы әріптестерін Қазақстан баспагерлері мен кітап таратушылары қауымдастығына біріктіріп, аталған қоғамдық ұйымды он жыл бойы басқарды. Бірлескен күш-жігердің арқасында өз саласында оқу құралдары мен балалар әдебиетіне салынатын салықты төмендетіп, үлкен мемлекеттік қолдауға қол жеткізді. Ол – ол ма, отандық мектептердің оқу процесіне баламалы оқулықтарды енгізуге күш салды. Бұл саланың дамуына, бәсекелестік ортаның кеңеюіне қуатты серпін берді және сайып келгенде, қазақстандық кітаптар сапасының айтарлықтай жақсаруына әкелді. 2010 жылы қауымдастықтың құрметті президенті болып сайланды.
Көп жыл бойы Мәскеуде орналасқан ТМД елдері кітап таратушылар қауымдастығының вице-президенті болды. Қазақ өлкесінде арнайы кітап көрмесін ұйымдастыру ойы да жүзеге асты. «Алматыкітап баспасы» тұрақты түрде өткізіліп отырған «Ұлы Жібек жолы бойында» дәстүрлі халықаралық кітап және полиграфия көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді, ал әріптестері кейіпкерімізді көрменің құрметті президенті етіп сайлады.
Раушан Сәрсембаева ханым Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығын құрған кезде, Элеонора Нығметқызы оған барынша атсалысып, белсенді азаматтық ұстанымы бар табысты кәсіпкерлерді жұмылдыруға күш салды. Содан кейін «Аруана» әйелдер клубы ұйымдастырылды. Қазір кейіпкеріміз Қауымдастықтың да, «Аруананың» да жұмысына қатысады.
Элеонора Нығметқызы бос уақытын әдетте үйінде өткізеді. Талай жылдан бері бөлек тұратын балаларымен күнделікті хабарласып тұрса да, ұлдары мен келіндерінің, немерелері мен шөберелерінің үйге келгені – нағыз мереке. Тіршілік сондай болғаны ма, әлде өмір тым қарбалас болып кетті ме, мұндай мереке жиірек болса екен деп армандайды.
Кейіпкеріміз отағасымен бірге әртүрлі елдерге саяхаттағанды ұнатады. Олар қол ұстасып көптеген елдерді аралады, бірақ әлі де көрмеген жерлері көп. Қолы қалт етіп босай қалғанда жұртты елең еткізген жаңа кітапты оқығанды ұнатады.
«Қандай арманыңыз бар?» деген сұраққа кейіпкеріміз үлкен отбасының барлық мүшесі аман-сау әрі бақытты болса екен, еліміз бейбітшілік заманда өмір сүріп, әрбір азаматыыз өзін бақытты сезінсе екен деп жауап берді.
Ал кәсіби салада ол кісінің барлық арманы мен мақсаты сүйікті ісімен, яғни кітаппен байланысты. Кітап дәстүрлі қағаз форматта болсын, электрондық кітап болсын, аудио нұсқада болған, өмір-бойы адамзатты білім нәрімен сусындыратын рухани азық болып қала беретініне, мағлұматтың және даналық ойдың сарқылмас бұлағы, бай тілдің үлгісі болғандықтан, үнемі оқырмандарын табатынына сенімді.
Бір кездері Кеңес Одағы әлемдегі кітапты ең көп оқитын ел саналған. Ерте ме, кеш пе Қазақстан да әлемдегі кітапты ең көп оқитын елдердің қатарына кіретініне сенімді. Сол себепті де ұстаздар мен баспагерлердің, ең алдымен ата-аналардың қасиетті міндеті – өскелең ұрпақтың бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
Қоғамның игілігіне бағытталған ерен еңбегіңіз еліміздің нығаюына өлшеусіз үлес қосып жатыр. Осынау игілікті істе қанатыңыз талмасын, қажыр- қайратыңыз қашанда арта бергей!
Өмірзақ Әбдішүкірұлы