Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иеленгелі бері шаһардағы емдеу мекемелерінің саны да, сапасы да өсіп келеді. Соның бір дәлелі ретінде жуырда 200 орынға шақталған модульдік көпбейінді аурухананың пайдалануға берілгенін айтуға болады. Ал келесі жылы 570 орынды көпсалалы ауруханасы ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.
Бұл жағымды жаңалықты Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов баспасөз өкілдерімен өткізген брифинг барысында мәлімдеді. «Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлініп, тиісті деңгейде қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен аймақтағы медициналық ғимараттардың тозуы 58,1 пайызды құраған болатын. Осыған байланысты 2020 жылы облыстық бюджеттен аудан-қалалардағы емханалар мен ауруханаларды күрделі жөндеуден өткізу үшін 809,5 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде биыл 5 нысан жаңартылса, 7 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыс жұмыстары атқарылуда», – деді Марат Орынбасарұлы.
Басқарма басшысы 2020 жылғы жалпы трансферт есебінен 2,5 млрд теңге қаржы бөлініп, оған ең қажетті деген медициналық техникалар сатып алынғанын жеткізді. Олар бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау қызметін күшейтуге жұмсалған. Ал биыл 2 КТ аппарат, анестезиология және реанимация бөлімшелерін жарақтандыру мақсатында 392 дана, ана мен бала бөліміне 87 дана медициналық техника алынған.
Әлемді алаңдатқан жұқпалы ауруды таратпау, эпидемиологиялық ахуалды ауырлатпау жолында облыста қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қазіргі кезге дейін облыс халқының 93 пайызы немесе 973 852 адам коронавирус індетіне қарсы екпенің І компонентін салдырған болса, 895 859 азамат ІІ компонентін қабылдаған. Осындай көрсеткішпен Түркістан облысы вакцинациялау бойынша республикада бірінші орынға шыққан. Нәтижесі де нақты: Түркістан облысы мен қаласы жұқпалы аурудың тіркелуі жағынан ең төменгі өңірлердің бірі саналады.