Жас кезімізде Роза Бағланова апайымыздың құлаққа жағымды әдемі әндерін радиодан тыңдап өстік. Атап айтқанда: «Бәрінен де сен сұлу», «Сәулем-ай», «Іңкәрім-ай», «Сыр гүлі», «Ақ көгершін», «Айналайын» т.б. әндерді тыңдаушы едік. Розамен бір көшеде тұрдық. Менің анамАйбарша: «Роза жас кезінде көршілеріміз Рәш Наурызбайқызының және Сардарбектің үйіне жиі келуші еді. Онымен сол кезде таныстым», – деп айтып отыратын.
Ол кездері тұрғындар ауызсуды сонау теміржол бойындағы құбырдан тасып ішеді екен. Бұрын үлкендер баланың келешекте кім болатынын бала кезінен-ақ байқаған ғой, Роза әр кездері тіпті үйіне су әкелгенде де, иығында иінағашымен шелегі болса да үнемі дауыстап, ән айтып жүреді екен. Мен мектеп бітірген 1970 жылдары Алматыға екі жыл қатарынан барып, оқуға түсе алмаған кездері анам Айбарша: «Розаның әнші боларын жас кезінен байқағанмын, апайыңды іздеп, тауып ал, мені айтсаң, қол ұшын беріп көмектесер», – деп айтып отыратын. Алматыға екі рет барғанымда да Роза апайды кездестіре алмадым. Кейіннен КазГУ-ге оқуға түсіп, бітірдім. Апаймен де қартайған шағында жолығып, батасын алдым. Көп уақыт өтсе де Айбарша анамды ұмытпапты. Осы ретте менің ойыма қазалылық жыршылардың «Айналайын Қазалым» деген термесіндегі ... «Қан майданның төрінде қасқайып тұрып, ән салған Розадай бұлбұлдың мекені болған Қазалы» деген өлең жолдары есіме түсіп отыр. Қорыта айтқанда, өнер майданында өшпестей із қалдырған күміс көмей, бұлбұл әншінің арамыздан шығып, қазақ халқының жұлдызы болғанын әрдайым есімізге алып, мақтаныш етеміз!