Қазақстан ғалымдары литий құрамды кендерді өңдеудің жаңа технологиясын дайындады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының ғалымдар тобы құрамында литийі аз алюмосиликатты кендерді өңдеудің инновациялық технологиясын әзірледі. Технология карботермиялық балқыту үдерісіне негізделген. Технология кенді кешенді өңдеуді және литий мен алюминий силикатының толық бөлінуін қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде литий концентратынан ФС45 маркалы ферроқорытпа да түзіледі. Бұл қорытпа металлургия өнеркәсібінде сұранысқа ие.
Технологияның арнайы таңдалған режимдерінің арқасында литий шлак құрамында химиялық белсенді күйде шоғырланады. Бұл өз кезегінде концентратты өңдеуді жеңілдетіп, одан литий тұздарын алуға мүмкіндік береді.
«Құрамындағы литий мөлшері төмен кендерді өңдеу нәтижесінде біз құрамында 12-14% литий оксиді бар концентрат аламыз. Бұл өнімдегі литий оксидінің мөлшері дәстүрлі тәсілмен алынатын ұқсас өніммен салыстырғанда екі еседен астам жоғары. Қолданыстағы технологиялар бойынша бұл кезеңде литий оксидінің мөлшерін 5-6%-дан жоғары деңгейге жеткізу мүмкін емес», – дейді жоба жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Феруза Бердіқұлова.
Жаңа технологияның басқа да артықшылықтары бар. Олардың қатарына күкірт қышқылының агрессивті ерітінділерін пайдалану көлемін, қоршаған ортаға зиянды әсерін, өндіріс шығындарын азайту жатады. Әзірленген технология маңызды металдардың отандық шикізаттық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.
Литий – қазіргі заманғы стратегиялық маңызды металдардың бірі. Ол әсіресе электр көліктерінің аккумуляторлары, энергия сақтау жүйелері, смартфондар, ноутбуктер және әскери техника өндірісінде ауадай қажетті материал. Соңғы жылдары әлем бойынша литийге сұраныс жылдам артып келеді. Литий негізінен екі түрлі кен көзінен өндіріледі. Оның бірі – тұзды көлдерде, жер астындағы тұзды ерітінділерде болса, екіншісі қатты тау жыныстарында, көбіне сподумен минералы құрамында болады.
Қазіргі таңда Австралия кен өндіруші ретінде алда келеді. Дегенмен өз елінде өндірілген өнімдерінің көп бөлігін Қытайға экспорттайды. Ал, Чили мемлекеті тұзды көлдерден литий өндіруде көшбасшы елдердің қатарынан саналады. Бұл қатарда Аргентина, Зимбабве елдерін де атауға болады. Ал өндіру және өңдеу жағында Қытай елінің қарқыны жылдам өсуде. Қытай әлемдегі литий химиясының шамамен 60-70%-ын өңдейді және аккумуляторлық деңгейдегі литий қосылыстарының негізгі бөлігін шығарады. Қытайлар шетелдерден жеткізілген шикізаттарды тереңдете өңдеп, оны литий карбонатына немесе литий гидроксидіне айналдырады. Одан кейін аккумулятор зауыттарына жібереді. Қазіргі таңда ғалымдар сұраныстың артуына ілесе литий өңдеудің жаңа әдістерін дамытуға күш салып жатыр.
Қазақстан да литийге қатысты геологиялық әлеуеті бар мемлекет. Дегенмен біздің елде әзірге әлемдік деңгейдегі ірі коммерциялық өндіріс қалыптаспаған. Ел үшін негізгі мүмкіндік тек кен өндіруде емес, оны терең өңдеп, аккумуляторлық деңгейдегі литий химиялық өнімдерін шығару және кейінірек аккумулятор материалдарын өндіру тізбегіне қосылуда жатыр. Сондықтан отандық ғалымдар әзірлеген маңызды жобаны онан ары дамыту заман талабы болмақ.
















