– Жетпіске келіп жатырмын.
Мен туралы жазбайсың ба?
– Жазамын. Бірақ өкпелеп жүрме...
(Екеуара әңгімеден)
Ол – журналист. Өмірді шахмат тақтасындағы жүрістер сияқты дәл саралайтын сарабдал, ешқашан алға озып, аптықпайды. «Қайда асығасың, бәріміздің барар жеріміз бір ғой» дегендей, жан сыры жүзінде ойнақ салып, жымия қарайды. Өтірік айта алмайды, не айтсаң да, атқан оқтай тура қабылдап, жалған сөйлеп, дарақы күлгендерге қабағын түйе қарайды. Әйтеуір, шахмат тақтасындағы король болмаса да, офицер екені айдан анық. Пешка болып сап түзегендерді де маңдайдан сипап жүреді. Стилист жазушы В. Набоковтың «Лужин қорғанысы» романының шахматшы кейіпкері сияқты мінезі тұйық, жеңіл жүрістен әмәнда аулақ.
– Өзің журналистика факультетін бітіріп, шахматтан сабақ бересің. Әйтеуір, бір күні Набоков секілді алабұртып, туған жеріңді тастап кетіп жүрме, өйткені жүрегің нәзік, шын сөйлейсің, жалғандыққа көнбейсің, – дедім бірде.
– Туған жерсіз қалай өмір сүрем, – деп бір-ақ ауыз сөз айтты.
Ол жетінші ондыққа жеткенше Таразда тұрып, Жамбыл жерінің топырағын жұртшылыққа жыр еткен қалам иесі. Өзі көп жазбайды. Бірде «Ана тілінен» «Атамның алма бағы» деген эссесін оқып, мынау туған жерін уысынан шығармайтын нағыздың өзі ғой деп таңқалдым. Әкесі мен атасын сүйіп өскен перзент, ата дәстүрін аялаған ұрпақ осындай-ақ болар. Бір сөзбен айтқанда, аузыма бұзылмаған қызыл алманың дәмі келді, Мақұлбек бәтшағар туған топырақтың тамыршысы, жапырақты сүйген нәзік жүрек боп көз алдымда тұрып қалды.
Былай қарасаң, бір мойын, томырықтау жігіт. Бірақ, әр сөзі кірпіш құйғандай төртбұрыш қалыптан ақтарылып түсіп жатады, тіпті, ҚазТАГ хабары дерсің. Даусында өзіне тән ызыңдаған қытымыр әуен бар. Шахмат тақтасындағы шаршы алаң – өмір алаңы секілді, сол алаңда ол әрдайым жеңіске жетіп жүр. КазГУ-дің журналистика факультетінде оқып жүргенде факультет, университет намысын қорғап, талай-талай көзілдірік киген біз мұрындармен бетпе-бет кездесіп, шоқтығы биік болды. Бала күнінен намыс қанжарын беліне байлаған сабазың намыс үшін жан пидаға баруға даяр тұрады. Таразда талапкерлерге шахмат үйірмесін жүргізіп, болашақтың бәйгесіне қосар тұлпарларын дайындап жүрген жайы бар. Мақұлбек Малдарбек мектебінен шыққан болашақ Карповтар Тараздың, әмісе қазақтың көк туын желбіретуі де кәміл. Өйткені, жылқы шабыста бабымен сыйлы. Бапкер маңғаз болса, тұлпар тұғырдан таймайды.
Аудиторияда сабаққа мәттақам еді. Базбіреулер сияқты лекция үстінде қыздарға хат жазып, күнделік толтырмайтын. Әскер көрген, өмірдің «айт два»-сымен жүріп келген жігіт қара сөзді санамен қорытып, сынақ тапсырғанда алға шығып, үлгілі шәкірт боп айдарынан жел есіп жүрді. Әшірбектен ғана бір «бесі» кем болды. Шәкіртақыдан ешқашан кенде қалған кезі жоқ. Оқуды бітірді де, Таразына тартып кетті. Ұзақ жыл Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінде тілші болды.
– Мен тек партия тұрмысы бөлімінде істедім ғой. Мәдениет бөлімінде істейтіндерді менсінбейтінмін, – деді шай үстінде қызмет әңгіме болған сәтте жүрегін жайып салып.
– Мен өмір бойы мәдениет бөлімінде істедім. Мені де менсінбей отырсың ба?
– Жоқ, сені менсінемін ғой, – менің шаңырағымда қонақасы жеп отырғанын есіне түсіріп, тартынып қалды.
Не істесе де, қаққан қазықтай сіңіріп істейді. Ауырса да жан-жақты ауырып, дәріхананың әбігерін алады, демалса да ережеге бағынып, жан дүниесімен демалады. Екеуміз қайбір жылы Сарыағашта бірге болдық. Екеуміз екі түрлі болмыс екенімізді сонда білдім. Таңертең ем алуға кетіп, түстікке шаршап оралады. Түстен кейін тағы да барғысы кеп ем-қағазға қайта-қайта қарайды. Мен үшін Сарыағаштың суын ішіп, суына шомылу – ем. Бұл болса, ем-қағаздың тұсына плюс қойып, нұсқауда көрсетілген нүктенің бәрін адақтап шығады. Сап-сау кетіп, сырқаттанып қайтады. «Осыған бекер барған екенмін», – деп емді кінәлайды. «Бармай-ақ қоймадың ба?» «Ақшасы төленгесін қимайды екенсің», – деп тағы да кеткісі кеп тұрады. Бұл – тәртіпке бағынған тағылым, қанда бар дәлдік. Ал дәлдік болмаса, үнемі «шах» бере алмас еді. «Мат» қою да майдан қыл суырғандай нәзік қимыл, шаршы тақтада құралайды көзге атқан мергеннің ісі. Ол, бірақ өмірде «мат» қоюды мұрат тұтпаған жігіт.
Газеттен кетіп, облыстық телерадио комитетінде басшылық қызметтің сан түрлі тізгінін ұстады. Онда да жауырыны күжірейген жігіттің ұқыпты тірлігі ел-жұртқа жақты. Әділдігін әлі күнге әріптестері жыр қып айтып отырады.
Ол – тақырыбын тапқан журналист. «Әжемнің ақ батасы», «Ізгілік ілімі», «Ата жолы», «Әжемнің көк байрағы» деп аталған көсемсөз кітаптарының авторы. Өз оқырманы бар қалыптасқан қаламгер.
Екі дүниесіне тәнтімін. Бірі – әлгінде айтқан атасынан қалған алма бағын сөз еткен, үлкен-кішіні жасыл жапырақты ардақтауға үндеген лирикалық эссесі де, екіншісі – Мұқағали ақын туралы «Қазақ әдебиетіне» шыққан естелік әңгімесі. Соңғысы асқар ақынның 90 жылдығына арналған әдеби бәйгеде оза шауып, кермеден аттап өтті. Алатау аясындағы Нарынқол елі ақын туралы жазылған шығарма авторын тойға шақырып, алақанға сап аялап, құрметті қонақ етті. Міне, біздің Махаң осылай аз жазса да, саз жазатын сөз киесін ұстанған санаулының бірі.
Ол – «асықпай арбамен қоян алатынның» нағыз өзі. Өмір ол үшін шахмат тақтасындай ағы мен қарасы бетпе-бет келетін, жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін жұмбақ дүние. Бұл дүниеде аяғыңды байқап баспасаң пенде шіркінге сүрініп кету түк емес. Бір нәрсе айқын – қолдың тазалығы мен алпыс екі тамырдың адалдығы. «Бісміллә!» деп пешкіні орнынан қозғағанда адал қолды аршындай созып, адал саусақ «пешка – солдаттың» маңдайынан батыл сипайды. «Қазақ тілінің сөздігі» бүй дейді: «мат – шахмат ойынындағы лажсыз жеңіліс». Мақұлбек өмірде «мат» қоймайды. Оған парасаты жібермейді. «Жарлылық пен жалғыздық дұшпанын мат қылар» дейді Базар жырау. Онда дос көп, дұшпан жоқ. Өйткені, терісі кең, қолы ашық, «берекесін берсін!» деп Алладан тілеу тілеген жігіт қой бұл. Жазуда да, шахматта да жеңіске жету мұрат емес, шеберлік танытып, дұшпан көзге де ләззат сыйлау керек. Біз білетін Мақұлбек мат қойып, біреуді тұқырта алмайды, қайта жеңіліс тапқандардың жарасына көк дәрі жағып, көңілін аулап тұрады. Арбаға таңылған кемтарлар мен мүгедектерге қол ұшын беріп, қамқорлығын аямайды. Жетпіс жыл жүрген ирелең жолда азаматтың осындай табан ізі айнадай жарқырап жатыр. Тағы да айтамыз – жеңіске жету қиын, мат қою екі есе қиын. Ол – біреуге береке тілеген бекзат жігіт. Кімнен сұрасаң да осылай дер еді.
Мен «Абзал азамат, жомарт жүректі жан» деп жалаулата алмайтын қаламгермін. Жалғанда өзін көрсете алмайтын осы бір бірбеткей пенденің жетпіске толған күні осындай қасиеттерін көріп қалыппын.