1990 жылы 25 қазанда ХІІ сайланған Жоғарғы Кеңестің сессиясында «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылдануы құрметіне тағайындалған Республика күні бізге аса қымбат мейрам болатын. Өкінішке қарай, бұл мейрамның рухани қуаттылығы экс-президентке ұнамай, түрлі желеумен 17 жылдан кейін 2008 жылы Тәуелсіздік күніне сіңіріліп жіберілді. Сөйтіп, мүлде атаусыз қалды. Алайда қоғамдық жұртшылықтың, жазушылар мен журналистер қауымының үздіксіз ұсыныстары мен талаптарының арқасында араға 14 жыл салып Республика күні мерекелік күнтізбеге қайтып оралды. Аллаға шексіз шүкіршілік, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев шығарған арнайы Жарлықпен бұл дата ұлттық мереке ретінде аталып өтілетін болды. Бірақ осы мерекенің Республика күні атауы мағынасыз. Көпшілікке онша ұнамайды. Бұл қай республика күні? 1920 жылы 26 тамыздағы РСФСР құрамындағы автономиялық республика ма? Әлде 1936 жылғы 5 желтоқсанда құрылған одақтас республика ма? Түсініксіздеу.
Ақиқаты – әріде! Егемендік Декларациясы қабылданған тұста Қазақстан әлі Кеңес Одағының құрамында болатын. Компартия елдегі биліктен қолын әлі ажырата қоймаған. Содан басшылық саяси мағынасы терең Азаттық күні деп атаудан жасқанып, Республика күні атауына тоқтаған. Егемендік эйфориясымен мұны байқамадық. Халық солай болу керек шығар деп қабылдады.
Алайда мерекенің ақиқат мәні – бұл дата қазақ халқын аңсаған азаттығына жақындата түсті. Қазір үстімізден Одақ төніп тұрған жоқ. Компартия биліктен кеткелі қашан? Қазақстан мемлекеттік егемендік Декларациясына, оған негіздеп жариялаған тәуелсіздігіне, қолданыстағы Конституциясына сәйкес ешкімге жалтақтамай, өз мәселесін өзі шешеді.
Сондықтан бұл саяси мейрамның ақиқат атауы Азаттық мерекесі болуға тиіс!