Осыдан біраз жыл бұрын республикалық «Рауан» (қазіргі «Мектеп») баспасында жұмыс істеген едім. Онда қазақ,орыс,ұйғыр,шетел редакциясы бар. Қызметкерлері жұмысқа берілген өте еңбекқор, кішіпейіл жандар. Орыс редакциясының меңгерушісі Гүлизат апаймен келгеннен сөзіміз жарасып кетті. Толықша денелі, ақсары өңді ақжарқын мінезді келіншек жасының үлкендігіне қарамастан менімен құрдастарша қалжыңдасып, әңгімелесіп-сырласатын еді. Бірде апай: «күйеуім орыс ұлтынан» деп қалды.
– Қалайша, ол кісімен қайтіп танысып жүрсіз? – дедім таңданып.
– Мәскеуде оқып жүргенде бір-бірімізді ұнатып, бас қосқанбыз.
– Ата-анаңыз қарсы болмады ма?
– Әрине, болғанда қандай! Ақырында мен жездеңді таза мұсылман ғып шығардым ғой!
– Дұрыстап баяндап беріңізші!
– Жарайды, айтайын!
...Гүлизат Евгеньевна солтүстік өңірінің қызы екен. Әкесінің атын атасы балалары тұрмағандықтан ырымдап, Евгений деп қойыпты. Ол онжылдықты бітірген соң білім қуып, Мәскеудегі А.М.Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түседі.Онда өзімен қатар оқитын Виктор есімді орыс жігітінің Гүлизатқа деген көңілі ерекше болады. Кездескен сайын қыздан көзін ала алмай қалатын. Дәл 8 наурыз қарсаңында Виктор бұның бөлмесінің есігін қағып тұрды. Қолында бір шоқ алқызыл раушан гүлі.
– Рұқсат болса, Гуля, мен сізді мерекеңізбен құттықтайын деп едім, – дейді қиылып. Қыздың сасқанынан: «Иә, иә, кіріңіз, есіктің аузында тұрмаңыз» дей бергені есінде. Виктор бөлмеге кіріп, шкафтың қасында тұрған ескі орындыққа тізе бүкті. Гүлизат вазаға су құйып, гүлді саламын деп суын төгіп алды. Виктор екеуінің бірдей қосарланып, еденде жатқан шүберекті ала бере бастарының түйісіп қалғаны.
– Сіз әуре болмаңыз, мен-ақ сүрте салайын, бүгін мерекеңіз ғой, – дейді жігіт жымиып. Қыз үнсіз құптағандай қолына шәугімін алып шай қоюға кірісті. Екеуі отырып қырлы стақанмен жатақхананың қара шайын ішті. Дастарханда 3-4 кесек бөлке наны мен қанттан басқа дәнеңе жоқ. Гүлизат өзінің осы күйіне қысылып барады. Әйтсе де Виктормен ішкен шай біртүрлі тәтті сияқты көрінді. Кетерінде жігіт:
– Рахмет, енді сізге келіп тұрсам бола ма? – деді.
– Келгенде енді... Осында бір-бірімізді күнде көріп жүрміз ғой, – деді Гүлизат қысылып. – Жоқ, сіз мені дұрыс түсініңіз. Мен жай курстас дос ретінде араласып тұрсам деймін.
Виктор осыдан соң Гүлизатқа жиі келетін болды. Әр мереке, қуаныштарда баяғыша раушан гүлін сыйлаудан танбады. Ол сабағын жақсы оқумен қатар қосымша жұмыстар істеп қаражат табады екен. Гүлизат екеуі киноға, сауық-кештеріне бірге барып, қыдырып жүрді. Сөйтіп бұлар сыйлас достарға айналды. Бірде Гүлизаттың соқырішегі жарылып кетіп, ауруханаға түсті. Қыздың жағдайы ауыр еді. Инфекция денеге жайылып кеткенге ұқсайды. Ес-түссіз 10 күндей жатты. Тіпті «адам болу-болмауы екіталай» деп ауылына хабар да берілді. Осындай қиын сәттерде қасында Виктор жүрді. Дәрігерлер қанын тазартып, басқасын құю керек дегенде өзінікі тура келіп қанын берді, жүгіріп дәрі-дәрмектерін әкелді. Аузына суын тамызып, басында күндіз-түні отырды. Өзі жүзі жабырқау тартып, көзі шүңірейіп мүлдем жүдеп кетті. Ауруханада жатқан бір ай ішінде Гүлизат біраз нәрсені түсінгендей болды. Әншейінде «Гүли, Гулятай!» деп бөлмесінен шықпайтын курстас достарының бұның қалын сұрап келмеуі қатты қынжылтты. Тек шай ішіп, әңгіме-дүкен құру үшін жүрген сияқты өздері. Әйтеуір бөлмелес 1-2 құрбысы кеп кетті. Түу, сонау Мәскеуде туған-туыстан алыста жүргенде осы Виктор өзіне көп демеу болды.
Ауруханадан шыққан соң Гүлизат сабағына қайта кірісіп кетті. Соңғы курсқа келгенде Виктордан оған өзінің сезімін білдірген хат келді. Аяқ жағына «жауабын күтем» депті. Қыздың қысылғаннан екі беті алаулап шыға келді. Ол түнімен ойланды. «Не істесем екен? Сөз жоқ, Виктор екеуміз бір-бірімізді ұнатамыз. Бірақ ұлты басқа деп әке-шешем қарсы болса ше? Ал жарайды, оларды тыңдаймын деп сүйген жаннан айырылып, өмірлік өкінішке қалмаймын ба?» Ертесі қасындағы құрбыларымен ақылдасып еді, олар бірден:
– Екеуіңнің бір-біріңді сүйетініңді баяғыдан сезетінбіз, уәдеңді бер, махаббат ұлтқа қарамайды! Үлкендер де қарсы бола қоймас, – деп шу ете қалды. Қайран жастық-ай! Оларға бәрі жақсы, бәрі керемет, ешнәрсе кедергі болмайтын сияқты болып тұр-ау. Осыдан соң Виктор мен Гүлизаттың достықтары махаббатқа ұласты. Қайда жүрсе де екеуі бірге. Олар оқуларын бітірген соң үйленетіндеріне сенімді еді. Гүлизат еліне барғанда әке-шешесіне осы ойының шет жағасын сездіріп еді, шешесі тулап түсті:
– Мен сені Мәскеуге бір орыстың жігітін тапсын деп жібергем жоқ, бұл не масқара! Осы жақтан да табылар қазақтың қара баласы! Гүлизат Виктордың ақкөңіл, адал, еңбекқор жігіт екенін, бір кезде өзі ауырғанда өлім аузынан алып қалғанын баяндап берді. Әкесі әр нәреге байыппен қарайтын салмақты жан еді, оны түсінгендей болды.
– Қой, қызымыздың бақытына қарсы болмайық. Жүрекке әмір жүрмейді. Қыста барғанда ауруханада сені күзетіп отырған жігіт екен ғой, ұлты басқа демесең тәп-тәуір көрінді өзі, – деді. Шешесі сонда да көнбеді. «Егер сол жігітіңе кететін болсаң мені көрмей-ақ қой!» деп кесіп айтты. Гүлизат бәрібір оның айтқанынан қайтпайтынын түсінді. «Қой, әке-шешемді ренжітіп мен қалай бақытты болмақпын? Амал не, Виктор екеуміздің ара-қатынасымызды үзуімізге тура келеді» деп қинала осы тұжырымға келді.
Әуежайда ұшақтан түскен Гүлизатты әдеттегідей Виктор қарсы алды. Ойында ештеңе жоқ көңілдене күліп, құшақтап жатыр. Қыздың көңілсіз түрін көріп:
– Не болды, Гуля? Ауырып қалған жоқпысың?-деп бәйек болған оған:
– Жоқ, жәй әншейін, жолдан шаршап тұрмын,-дей салды. Іші әлем-жәлем. Викторға қарамауға тырысып жүзін бұрып әкетті. «Сенің не кінәң бар, Виктор?! Не дейін мен саған? Кейін бәрін түсінерсің!»
Гүлизат өзін біртіндеп Виктордан алыстата беруге тырысты. Ол бір жерге шақырса ылғи бөлмесінде болмай қалады немесе «басы ауырып жатады». Көбінесе оқу залына тығылып алып күнделік жазады. Виктор екеуінің қалай танысқандарын, бірге жүрген бақытты сәттерін, ішкі сезімдерін, мұңын үнсіз ақ қағазға төге береді, төге береді.
«Мәңгі-бақи қосылмаймыз екеуміз,
Өзгелерге тосын жаймыз екеуміз,
Ғашықтармыз бірін-бірі іздеген
Бірақ, бірақ қосылмаймыз
екеуміз!»
– деген өлеңді жазып қойды. Бұл әннің мағынасына осы кезге дейін түсінбей келген-ді. «Олар неге бірін-бірі сүйсе қосыла алмайды? Әлде біреулер кедергі жасай ма, әлде олар бір-бірімен туысқан ба екен?..» Е, е, сөйтсе дәл біз сияқты байғұстарға арналғандай екен-ау! Бірде Виктор келіп:
– Гуля, ашып айтшы, не ойлағаның бар? Менен неге қашқақтайсың, әлде көңілің суып кетті ме? – деп сұрады. Гүлизат аз-кем үндемей отырды да:
– Кешір, Виктор, мен сені бұрынғыша ұнатам. Бірақ әке-шешем бізге қарсы, енді бірге жүре алмаспыз, – деп жылап жіберді. Жігіт қабағы түсіп сұлқ отырып қалды.
...Дипломдарын қолдарына алып болашаққа қадам басатын сәт те туды. Гүлизат жолдаманы өзінің туып-өскен Арқа өңіріне алды. Виктор Сібірдің жігіті еді, сонда аттанатын болды. Қоштасарда Гүлизат:
– Виктор, сау бол! Мені ұмыт, қайда жүрсең де бақытты бол! – деп жігітке көзіне лықсып кеп қалған жасын көрсеткісі келмей теріс айнала берді.
– Жоқ, Гуля, менің көңілім сенен бір минут болса да айныған емес. Біз қоштаспаймыз, жолдамамды өтеп келген соң бәрібір тауып алам! – деді Виктор нық дауыспен.
Гүлизат облыстық газетке тілші болып орналасты да тынымсыз еңбекке араласып кетті. Таңертең асығып қызметіне барады, кешке пәтеріне кеп сүрініп жығылады, әйтеуір бір-бірінен айнымайтын тірлік. Бір жаққа бару, қыдыру дегендерге қол тимейді. Сенбі, жексенбі күндері қаланың түбінде тұратын әке-шешесінің ауылына тартады. Қызметтес құрбылары бірер басы бос жігіттермен таныстырып еді, ешқайсысына көңілі жібімей-ақ қойды. Біреуінің мінезі дөрекі, біреуі араққа әуестеу екен. Уақыт шіркін, зымырап өтіп барады, Гүлизаттың жасы болса отыздан асып кетті. Жүрегінің түкпірінде ұялап қалған сол бір жанды әсте есінен шығарған емес. «Қоштасарда менімен хабарласам деп еді, әй, қайдам... ендігі мені ұмытқан да шығар». Сөйтіп жүргенде шешесі ауырып, «әл үстінде жатыр, тезірек келсін!» деген хабар келді.Ұшып анасына жетті. Ол қасына келіп отырған Гүлизатқа қипақтай қарап:
– Қызым, мен сенің алдыңда әбден кінәлімін! Кетерімде саған айтып кетейін деп едім, – деді.
– Айтыңыз, соншама не істеп қойып едіңіз? – деп Гүлизат әңгімені қалжыңға бұрды.
– Бір кезде сенің ұнатқан жігітіңе мен қарсы боп едім ғой. Саған рақмет, Гүлім, менің өтінішімді жерге тастамай айтқанымды орындадың. Бірақ сен қалада жүргенде ол жігіттен үйге қаншама хаттар келіп жатты. Мен бейбақ соның бәрін сенен жасырып, қызғанып жыртып тастап отырдым. Арманым – жалғыз қызымның қазақтың тәуір жігітіне тұрмысқа шығып, үйлі-жайлы болғанын көру еді. Қайтейін, сенің қазіргі жарты бақыт өміріңе себепші тек өзіммін-ау деп ойлаймын кейде. Кешіре алсаң кеш мені, қызым!
– Бұл не қылғаның, мама! – деп Гүлизат күйініштен айқайлап жіберді.
– Құдая тоба, сен не, кішкене бала боп кеттің бе? Хатты Гүлизаттан жасырғаны несі? – деді әкесі де ренжи сөйлеп.
– Арада қаншама уақыт өтсе де ол жігіт сенен күдерін үзбепті. Өзіңді шын сүйеді екен. Мен енді сендердің араларыңа өскен тікенек болмай-ақ қояйын. Айтпақшы мынау Виктордың соңғы келген хаты. Мә, ала ғой, өзіңе тапсырдым! Шешесі жастығының астына тығып қойған конвертті алып Гүлизатқа ұсынды. Гүлизат хатты кеудесіне қысқан бойы өз бөлмесіне кіріп кетті де тез-тез ашып оқи бастады.
«Қымбатты менің Ханшам! Денсаулығың, жұмысың бәрі жақсы ма? Мен саған осы хатты бәлкім жүзінші рет жазып отырған шығармын. Санынан жаңылып та қалдым. Бірде-бір жауап жоқ, әлде сен тұрмысқа шығып кеттің бе? Жоқ, ол мүмкін емес нәрсе! Мен сенен әлі де болса үмітімді үзбеймін! Мен сені еш ұмыта алатын емеспін. Өмірде бір-ақ рет ғашық болатын адамдар болады ғой, сірә, мен солардың қатарынан сияқтымын. Жақында Қарағандыға іссапарға бармақшымын.Сені міндетті түрде тауып аламын! Көріскенше, сүйдім!
Виктор,19 мамыр, 1985 жыл»
Гүлизаттың қуаныштан жүрегі дүрсілдеп кетті. «Аман екен ғой, тіпті бір кездері мені атайтын «Ханша» деген сөзін де ұмытпапты! Адресті қайдан алды екен? Е, е, таптым, бұрындары екеуі Мәскеуде почтаға барып үйге хат, телеграмма салып жүргенде жаттап алған ғой шамасы. Келемін депті, қандай сертіне берік жігіт еді!»
Сол ауырып жатқан шешесі тұрмады. Қауіпті ауру екен, көп ұзамай ол кісі дүниеден қайтты.
Шешесінің өлімі Гүлизатты есеңгіретіп тастады. Қызына қанша қиянат істегенмен, әрқашан ананың жүрегі ақ, баласына тек қана жақсылық тілеп тұрады емес пе? Ол кісі өзінің осы әбес қылығын кейін түсініп өкінді. Бір күні Гүлизат Виктордың «келе жатырмын, күтіп ал!» деген жеделхатын алды. Алып-ұшып вокзалға да жетті. Міне, жымия күліп, ұяң ғана сүйкімді жігіт поездан түсіп келе жатыр. Қолында дәл баяғыдай бір шоқ раушан гүлі.
– Виктор!
– Ханшам!
Әбден сағынасқан ыстық құшақтар осылай қауышты. Гүлизат Викторды ауылына апарып, әкесімен таныстырды. Ол кісі жастарға ризалығын берді. Шешесінің жылын өткізген соң Гүлизат пен Виктор үйленетін боп келісті.
– Міне содан бері біраз жыл өтіпті. Біз жұмыс бабымен Алматыға көшіп келдік.Жездең ғылым жолында, мен баспагермін.Азамат деген сүйкімді ұлымыз бар.Атын өзім қойдым. Мұсылмандық жолмен сүндетке отырғыздым. Біз үйге доңыз еті,арақ-шарап сияқты арам нәрселерді жолатпаймыз. Әу бастағы келісім солай болды. Әр жұма сайын жеті шелпек пісіріліп, Құран оқылып тұрады. Намаз оқымасақ та ораза ұстап, құдайы тамақтар беріп тұрамыз. Ең бастысы ниетіміз таза, – деп әңгімесін аяқтады Гүлизат.
– Қандай жақсы! Сіздердің өмірлеріңіз «ақырында қыз бен жігіт қосылып, бақытты өмір сүріпті» деп аяқталатын ертегіге ұқсас болып шығыпты ғой, – дедім әзіл-шыны аралас.
– Иә, дәл солай, тауып айттың! Қиындықты жеңіп, барша мұратына жеткен ханзада мен ханша сияқтымыз екеуміз. Шешем марқұм бір кездері менің Викторға қосылуыма қарсы болғанда айтып еді: «қартайғанша бірге өмір сүріп жатқан орыс пен қазақтың шал-кемпірін көрмеппін. Сендер бәрібір бірге тұра алмайсыңдар!» деп. Құдайға шүкір, бақытты отбасы боп тұрып жатқандарымызға 20 жылдай болады екен. Өзіміз де «кемпір-шалдың жасына» жетіп қалдық. Виктор екеуміз бір-бірімізді қадірлеп, сыйлай білеміз. Мен жұмыстан кешігіп жатсам, үйімді жинап, көмектесе салудан арланбайды. Әрқашан «сенікі дұрыс, Ханшам!» деп ылғи қолпаштап отырады. Виктор студенттік кезден мені «Принцесса-Ханшам» деп атайтын. Мен Гүлизаттың жүзіне барлай қарап одан ризашылықтың лебін сездім. Өмірдегі шын ханшаны көргендей болдым.
Менің баспадан кеткеніме едәуір уақыт өтсе де Гүлизат апай екеуміз хал-жағдай сұрасып, жиі хабарласып тұратын едік. Көбіне өзі іздейтін. Менің әрбір жаңалықтарыма, жақсылықтарыма қуанып, тілеулес болып отыратын жан-ды. Қу тірліктің әуенімен жүріп, сөйлеспегелі де біраз болып еді, бірде апайымның қал-жағдайын сұрап қояйыншы деп телефон соқтым. Тұтқаны ұлы көтерді: «Естімедіңіз бе, мамам ауырып қайтыс болды ғой!» дегені. «Қалайша, қалайша?» деп есеңгіреп отырып қалыппын... Иә, мен өмір бойы сыйласып жүрген Гүлизат апайымнан осылайша айырылып қалған едім. «Тек қана қазақ келін әперем» деп жүретін еді, арманына жетіп, Азаматын үйлендіріпті. Тек немересін көре алмай кетті. Менің ертегім осылай аяқталды. Бірақ махаббат – мәңгі ертегі емес пе?