МЕЙІРІМ МЕН ІЗГІЛІК ЖАРШЫСЫ – «ТАУ ҚҰСЫ»

МЕЙІРІМ МЕН ІЗГІЛІК ЖАРШЫСЫ – «ТАУ ҚҰСЫ»

Бүгінгі білім беру үрдісінде ұлттық құндылыққа негізделген оқыту жүйесі өте өзекті. Өйткені, жаһандану жағдайындағы кез келген ұлттың тарихи тамырынан ажырамауына, мәдени темірқазығынан адаспауына, рухани көкжиегінің кеңеюіне септігін тигізетін бірден-бір бағыт – ұлттық бағыт, ұлттық білім. Бұл үдеріс жаңа уақыт, жаңа тыныспен де байланысты. Қазіргі таңда әлем қарыштап дамуда. Әр күн жаңалықтарға толы. XXI ғасыр – жаңа технология дәуірі, бүгінгі ойлап тапқан жаңалық ертең ескіге айналады. Міне, сондықтан ақпарат тасқыны ересектерден гөрі, мектеп оқушыларының ойлау жүйесіне көбірек әсер етері анық. Ал, бұл мәселеде адамзат танымының ғаламат жетістігі, ойдың қайнар көзі – кітап... Кітап – баланы байыптылыққа тәрбиелейтін сабырлы ұстаз, данагөй ақылшы, сенімді дос. Бұл ‒ балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, алаштанушы-ғалым, ҚР Үкіметінің мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ұстазымыз Елдос Тоқтарбайдың жуырда жарық көрген «Тау құсы» кітабын оқып шыққандағы ой еді. Иә, сөз жоқ, қазіргі таңда «Тау құсы» қолдан-қолға өтіп, жас оқырманның сүйікті кітабына айналды. Қысқа да нұсқа әңгімелер, тағылымы мол хикаяттар, қызықты ертегілер аз ғана уақыттың ішінде өз оқырманын тауып отыр. Бұған біз шын қуанамыз! Ендігі сөз кітап жөнінде болсын...

«ТАУ ҚҰСЫ» ҚАНДАЙ КІТАП?

«Тау құсы» – үшінші рет қайта басылып (2017 ж., 2019ж., 2024 ж.) шыққан, «Әжемнің баласымын», «Айтыс», «Баянды ғұмыр», «Тау құсы», «Қара жорға», «Қарлығаштың ұясы», «Қансонарда», «Мейірімді аңшы», «Он бес жасар қаһарман», «Атамның әңгімесі», «Ара», «Сағат», «Отан», «Ауылдағы өмір», «Күйген торт», «Ойын», «Көзімді құртпайын», «Әпкенің сөзі», «Ынтымақ», «Атамның ақылы», «Жақсы сөз», «Қарындасымның қылығы», «Мұрагер», «Ұстаз», «Серт», «Өмір қандай тамаша», «Киелі топырақ» сынды балалар мен жасөспірімдерге арналған шап-шағын, қып-қысқа, бірақ тағылымы мол, танымды әңгімелер мен ертегі, хикаяттар топтастырылған кітап. Ол 164 беттен тұрады. Кітап автордың әжесі, алғашқы ұстазы ‒ Зейнепхан Ермұхамедқызына арналған. Ал, мұның себебі «Әжемнің баласымын» атты әңгімеде баяндалған...

ҮШІНШІ БАСЫЛЫМЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? 

Біріншіден, автордың өзі жазғанындай кітап бірқатар жаңа туындымен толықтырылған. Сонымен қатар, әрбір туындының тілі жеңіл, балаға ұғынықты. Екіншіден, әр шығармаға заманауи форматта иллюстрация салынып, әсем безендірілген. Кітаптағы туындылар қандай қызықты болса, суреттердің бояуы сондай қанық. Ал, бұл дүние шығарманы түсіне оқуға жетелейтіні айқын. Осы ретте, суретші Алтай Айтжанов пен кітап дизайнын жасаған Гүлшат Бақытжанқызының еңбегін жоғары бағалауымыз қажет. Үшіншіден, әр шығарманы белгілі диктор Қуат Ахметжанов оқып, аудионұсқасын даярлаған. Сіз туынды соңында QR арқылы «Елдос АЛАШ ТОҚТАРБАЙ» каналына кіріп, шығарманың аудионұсқасын тыңдай аласыз. Түйіндеп айтқанда, «Тау құсы» – жас оқырманның іздеп жүріп оқитын, қызықтыра алатын әмбебап кітап. Өйткені, мұнда сіз іздеген ерекшеліктің бәрі бар.

КІТАПТАҒЫ ТУЫНДЫЛАРДЫҢ МАЗМҰНДЫҚ СИПАТЫ ҚАНДАЙ? 

Мәселен, кітаптағы алғашқы әңгіменің бірі – «Айтыс». Бұл қай айтыс? Бұл – жаңа технология ‒ айфон мен көнекөз, ақыл сандық ‒ кітап арасындағы айтыс. Әңгімедегі айфон мен кітап арасындағы дау техниканың мақтаншақтығынан басталады. Ол өзінің «жаңа технология үлгісі екендігін, балалардың бәрі қолданатындығын» айтып масаттанса, кітап «бұл дәуреннің мәңгілік емес» екендігін ескертеді. Бұған айфон ашуланып, «кітаптың алдағы уақытта ешкімге керек болмайтынын» айтқанда, сабырлы кітап «бүкіл әлем маған бас иіп, менің сарғайған парақтарымды ақтарып, рухани қайыршылыққа ұшыраған оқырмандарым менімен әлі-ақ қауышар» деп қайырады. Айфон болса миығынан күліп, бұл тек қана орындалмас «арман» деп кекетеді. Бірақ, арада біраз уақыт өткеннен кейін өркөкірек айфонның қуат көзі таусылады. Ол өз қателігін мойындап, жалынышты үнмен кітапқа «мені электр сымына жалғашы» деп өтінеді. Бұған кітап көнбейді... Бұл өтінішіне кітаптың көнбегеніне булығып, айфон кітапқа тұра ұмтылғанда кітап сөреге қарай секіріп кетеді. Ал, мақтаншақ айфон сөніп-жанып қалың ұйқыға кетеді. Міне, әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Шап-шағын туынды. Лезде-ақ оқылады. Бірақ, оқырманға айтар ойы қандай! Астары қандай! Шынымен де, мойындауымыз керек қой, қазіргі таңда бесіктен белі шықпай жатып, телефонға ұмтылатын ұрпақ жасынан рухани мүгедектікке ұрынып жатыр. Сонымен қоса, көз ауруының түпкі себебі де осында. Баланың жүйкесіне әсер ететін ойындар, иесіз ақпараттар мен сүзгіден өтпеген хабарламалар, сөз жоқ, белгілі бір деңгейде жас оқырманға пайдасынан гөрі зиянын тигізіп жатыр. Десек те, мұның бәрі жылт еткен әсер ғана. Ал, кітаптан алған білім мәңгілік! «Сағат» әңгімесін оқыдыңыз ба? Туындыдағы басты кейіпкер – сәнқой Сәния. Анасының сыйға тартқан сағатын ауладағы балаларға қайта-қайта көрсетіп: «Бұл соңғы шыққан супер сағат. Уақытты да, күнді де, керек десең, жүрген қадамыңды да көрсетеді. Үйде отырған анам мені осы сағат арқылы бақылап отырады», – дейді. Сол Сәния ойын алаңында сағат сұраған Сәлима апаға уақытты қате айтып, ауладағы балалардың күлкісіне қалады, «мақтаншақ Сәния» атанады. Сол күннен бастап Сәния намысқа тырысып, сағат тілін жатқа айтатын болады. Қараңызшы, шап-шағын әңгімеде қандай тәрбиелік мән бар. Мұндағы мәселе Сәнияның сәнқойлығы емес, сағат тілін айыра алмай, өтірік айтуында ғой. Бірақ, мұның дұрыс емес екендігін Сәнияның өзі біле ме екен? Әлі бала ғой... Осындай қызық мінездерді ашып көрсетуінен жазушының қаншалықты бала жанын түсінетіндігін аңғарамыз. Сонымен қатар, қаламгер «Күйген торт» әңгімесінде де оқушысын мақтаншақтық мінезінен ада болуға шақырады. Бұған себеп – әпкелі-сіңілі Айжан мен Маржанның: «Тортты мен пісірдім. Жоқ, менің үлесім өте көп», ‒ деп дауласуы еді. Ал, мұның соңы пештегі торттың күюімен аяқталады. Қысқа әңгімеде жазушы оқиғаны күрделендірмей, негізгі идеяны анық көрсеткен. Ешқандай жалған пафос, әсіре мораль жоқ. Жып-жинақы, айтар ойы анық. Жалпы, бұл әңгімелерді оқыған кездегі бізді қуантқаны – жазушының қай туындысы болсын соңғы үкімді баланың еркіне қалдыратыны. Өйткені, жазушы «ақыл айтып, шығармадағы түйінді жария еткеннен гөрі» айтар ойын нақты іс-әрекет (ситуация) арқылы көрсетеді. Себебі, мұндағы оқиғалар әр баланың басынан өтеді. Мақтаншақтық, сәнқойлық, алаңғасарлық мінездер – балалықтың белгісі. Барлық балада мұндай мінездер бар. Бұл тұрғыдан келгенде, жазушы аталмыш мінездерді сынамайды, мұны бала санасындағы қалыпты қасиет ретінде көрсете отырып, бұдан қалай арылу керектігіне екпін жасайды. Ал, «Тау құсы», «Қарлығаштың ұясы», «Мейірімді аңшы» әңгімелері жас оқырманды табиғатты аялауға, қорғауға тәрбиелесе, «Қара жорға» әңгімесінде қара жорғаның өз үйірін бөрілерден қалай қорғап, қайрат танытқаны баяндалған. Бұл әңгімедегі астарлы ой – туған жеріңді, еліңді қорғай білу. «Тау құсы» кітабындағы әңгіме, хикаят, ертегілерді оқып отырғанымда мені қатты сүйсіндіргені – кейіпкерлердің (балалардың) cондай еркін ойлайтыны, өз ойын іркіп қалмай, ашық айтатыны, қайсарлығы, кішкентайлығына қарамастан өзіне-өзі үлкен жауапкершілік арта алатыны. Мұндай мінез баланы даралыққа, тұлғалыққа жетелейтіні анық. Мәселен, «Серт» хикаясындағы – Сырым. Ол өз ауылының тарихын білмейтінін өзгеден емес, өзінен көріп, намысқа тырысып, мінезге салып, үйренбекке бел буады. Мұндағы Сырымның сөзі баланы ғана емес, ересек адамды да қанаттандырады: «Нағыз жігіт өз сертіне қиянат жасамайды. Енді мен сынып алдында, ауыл алдында өзімнің ауыл тарихын білетінімді дәлелдеуге тиіспін. Өйтпесем... апайымыз айтқандай, азаматтығым қайсы?!». «Қансонар» әңгімесіндегі немересі атасының атқан қасқырына: «Ағатай, мынауың жарамады, қалай дәтің шыдап аттың?! Жемтігін таба алмай жүрген ашқұрсақ бөрінің бөлтіріктерін ойладың ба? Қарашы, аузы ашылып, көз ұшында бір тамшы жас ағыпты. Көк бөрінің көз жасына қалдың-ау?» деп ойындағысын іркілмей айтып салады. Кітаптағы балаларға арналған деректі хикаяттар – «Мұрагер» мен «Ұстаздың» орны алабөтен. «Мұрагер» – ақын Ілияс Жансүгірұлы ғұмырындағы көпке белгісіз оқиғалар, соның ішінде ақын мен қобызшы Молықбай, Мұхтар Әуез арасындағы рухани үндестікті танытқан құнды туынды. Өйткені, хикаятта ақын Ілиястың азан шақырып қойған есімі Қызырілияс екендігі, оны Молықбай қобызшы қойғандығы, «Күй» поэмасының дүниеге келуі баяндалған. Ал, тақырыбының «Мұрагер» аталуы, біздің ойымызша, тауқыметті тағдыр иесі Молықбай өсиетіне адал болып, оның есімін ұлықтаған Ілияс Жансүгірұлымен байланысты. Бір сөзбен айтқанда, «Мұрагер» хикаяты – оқушы жанын ізгілікке баулитын, мол деректер қамтылған, ақын өмірінің бір қырына бағытталған сүбелі туынды. «Ұстаз»... Міржақып Дулатұлының тағдырын арқау еткен туынды. Мұнда сіз ақынның арғы тегі, балалық шағы, кемел кезіне жетіп, қайраткерлік қылған уақыты, репрессияланып, абақтыға айдалған сәтіне дейінгі тағдырынан мағлұмат аласыз. Сонымен қатар, қызы Гүлнар апамыздың да қайраткерлік бейнесі, әке аманатына адалдығы тамаша суреттелген. Иә, Міржақып Дулатұлы ‒ замандастарына адал дос, ағаларына ізетті іні, бауырларына жанашыр бола білген кісі. Оның бір дәлелі – хикаятта баян етілгендей, Мағжан Жұмабайға жасаған қамқорлығы. Сол себепті де, аға мен бауыр арасындағы жарасымды байланыс, сыйластық хикаятта сондай әсерлі баяндалған. Жалпы, қос хикаяттың құндылығы – көпке белгісіз тарихи оқиғаларды жұп-жұмыр, кестенің ізіндей келісті байланыстырып беруі. Сондықтан да, оқып отырып, еш жалықпайсың, қайта тарихыңа қызыға түсесің!..

ТҮЙІН: Сөз соңында айтарымыз, балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Тау құсы» жас оқырманның ыстық ықыласына толық бөленіп, сенімді досына айналатын, ұстаздардың көмекші құралы болып, мектептерде оқылатын әмбебап кітап боларына шын көңілден сенеміз! Қолыңыздағы мейірім мен ізгілік жаршысы – «Тау құсы» биікте самғасын, ғұмырлы болсын!

 

Ертай БІЛӘЛ,

алаштанушы,

«Qyr Balasy» қоғамдық қоры

Б.Сырттанұлы

Алаштану ҒЗО-ның директоры

16.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 132
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 15
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 67
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 61
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 46
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 456
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 448
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 446
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 463
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 452
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9066
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10071
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11280