Мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланды

Мемлекет берген  мүмкіндікті тиімді пайдаланды

Оралдық көпбалалы әрі қолы шебер ана Қарлығаш Газизова тегін кәсіпкерлік оқыту курсына қатысып, кейін қайтарымсыз грант иегері атанып, қолөнерлік кәсібін одан әрі өркендетіп отыр.   

Тігіншілік – Қарлығаш  Ғалымқызының бойында бұрыннан бар өнер. Өзі атап өткендей, бұл кейін пайда болған әуесқойлық емес.

 – Себебі қыз-келіншектердің бәрі де қолдарына ине-жіп ұстайтыны белгілі. Мен де енемнің ескі тігін мәшинесін пайдаланып, көрпе-көпшіктердің тыстарын, киім-кешектерді өзім тігіп алатын едім, – деп бастады әңгімесін қолөнер иесі. 

Үйде бала тәрбиесімен айналыса отырып, қосымша табыс көзін табуды көздеген кейіпкеріміз алдымен жұмыспен қамту орталығына жолығады. Осыдан бастап Қарлығаш Ғалымқызының ісмерлік кәсібіне жол ашылғандай. Себебі жұмыспен қамту орталығының мамандары оған «Бизнес бастау» атты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасына қатысуға кеңес береді. Осылайша 2019 жылдың күз айында «Бизнес бастау» кәсіпкерлікке тегін оқыту курсына қатысып, сертификат алып шыққан қолөнерші өз ісін бастауға бел буады. 

Бүгінде қолөнермен, тігіншілікпен айналысу – ең табысты бизнес түрі екені жасырын емес. Оған қоса бұл кәсіп қажырлы еңбек пен маңдай терді талап ететіні де белгілі. Мұндай табандылық пен еңбекқорлық Қарлығаш шебердің де бойынан табылып, ол өз жұмысын ізденіспен бастап кетеді. Кейіпкеріміздің талабын ұштауға атсалысқан жақсы жандар да табылды. Солардың бірі – оралдықтарға есімі кеңінен танымал шебер Жарқынай Еселбаева. Он саусағынан өнер тамған Жарқынай жерлесіміз Қарлығаш Ғалымқызына ең бірінші ою-өрнек оюды үйреткен екен. 

– Өзім саяжайда тұратын едім. Жарқынай Рахметқызы  менің үйіме тігін мәшинесін алып келіп, осы өнерді үйретіп, тәжірибесімен бөлісті. Сол үшін де алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды көпбалалы ісмер ана.

Бұдан кейін Қарлығаш Газизова мемлекеттің тағы бір қолдауына ие болып, кәсібін кеңейтуіне жол ашылады. Атап айтқанда, 2020 жылы наурыз айында жұмыспен қамту орталығы мамандары хабарласып, қайтарымсыз грантқа ие болғанын жеткізеді. 

– Бұл грант құны – 530 мың теңге болатын. Орталыққа құжаттарымды тапсырып, грант қаржысын алдым. Сол қаражатқа тігін мәшинесі мен басқа да қажетті құралдарды сатып алып, кәсібімді одан әрі кеңейтуге жұмсадым, – деді кейіпкеріміз. Айтуынша, тігіншілікке қажетті құралдарға ие болғаннан кейін тапсырыстар алып, жұмыс жасай бастаған. Үйден көрпе, көпшік тігіп, тұтынушыларға сапалы дүние ұсынуға тырысқан. «Бүгінде іс қыламын, үйренемін деген адамға барлық мүмкіндік бар» деген Қарлығаш шебер соның ішінде ғаламторды да дұрыс мақсатта пайдалануға болатынын айтты. Өзі де сол «әлемнің» пайдасын көріп, тұмар жасап, сөмке тігіп үйренген, құрақ құрауды меңгерген.

Карантин кезінде де зерікпеген кейіпкеріміздің бар ермегі ісмерлікпен айналысу болған. Қарлығаш Ғалымқызы ғаламтордың тағы бір мүмкіндігі – өзінің әлеуметтік жеке парақшасын ашып, өз қолымен жасаған бұйымдарын желі қолданушыларына ұсына бастаған. Қолы шебер, өзі іскер кейіпкерімізге 18 жастағы бойжеткен қызы Алина да қолғабыс етіп, тапсырыстарын уақтылы үлгертуге көмектеседі. 

Мінеки, тегін оқу курсына қатысып, қайтарымсыз қаржылай грантқа ие болып, өзі де сенімді ақтап, қолдау шараларының игілігін көріп отырған жерлесіміз Қарлығаш Газизова бүгінде игілікті кәсіптің иесіне айналды. Мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланған жандар еңбегінің жемісін көрері сөзсіз.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО, Орал қаласы
21.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 61
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 60
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 169
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 169
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 312
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 312
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 533
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 483

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9187
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8585
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11813
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9582
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10796