Тойдың болғанынан боладысы қызық деген рас-ау! Ынтықтырған, қызықтырған, сағындырған «Мұқағали» өмірін қамтыған, тіршілігін саралаған, «кеңестік Алматыны аралаған» киноны да көріп тастадық кеше. Екі сағатқа жуық сілтідей тынған жұрт кино аяқталғанда дуылдата қол соқты. Бұл заманының заңғар ақынына көрсетілген құрмет болар. Бәлки, жаңашылдыққа ұмтылған режиссер Болат Қалымбетовтың нық қадамына, сценарийді жазған көрнекті жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің таным деңгейінің биіктігінің өлшеміне берілген баға десек те жарасар.
Өзгені қайдам, кішкентайымнан Мұқағали жырын жаттап өскен мен үшін Мұқағали – тау тұлғалы нар ақын. Асқақ ақын! Адуынды ақын! Сондықтан да «Мұқағали» жайлы түсірілген киноны асыға күткенім рас.
Кино – кейбір кемшіліктері бола тұра маған ұнады. Үлкен еңбектің жемісі. Үлкен ізденістің нәтижесі. Әрине әркімнің жүрегінде өз Мұқағалиы бар. Әркім өз сана-көзімен қарайды. Әлпештейді, аялайды. Бәрібір жамандыққа қимайды.
«Шегірткеден қорыққан егін екпейді». Түрлі сыни пікірлердің қарша борайтынын біле тұра тағдыры қызық та, қайғылы, қулық-сұмдықтан ада, баладай аңғал, кеңестік жүйенің «темір ноқтасы» басына сыймаған тау баласы Мұқағалиды кино тілінде сөйлетуге талпыныс құптарлық іс.
Өз дәуірінің ұлы ақыны бола тұра Мұқағали тірісінде неге дәріптелмеді? Неге? Кімдерден теперіш көрді? Кімдерге жақпады? Өзгелер секілді кеңестік жүйеге шүбәсіз сенгені рас қой? Онда ақынның тоқшылық заманда тоқырауға түскені қалай?
Замандас ақындары жазғандай «Жас бала, жаман қатын, жұтаған үй...» шынымен-ақ ақынды шаршатып жіберді ме? Әлде аңқылдаған ақынның арда мінезі мен турашылдығынан, шәлкем-шәліс болмысынан, асқақтап кететін өр кеудесінен кінә іздейміз бе? Ақын да адам. Адам болғанда да сезімге берілген, өте кінәмшіл міскін. «Бірде олай ауытқып, бірде былай, бір байламға келе алмай жүргенім-ай. Таулы аймақтың ауасы секілденген, аумалы да төкпелі күндерім-ай» деп ақын өзі де жазып кетті емес пе?
Киноға жиналған қауым экраннан Мұқағали трагедиясын көргісі келгені айдан анық. Әлі күнге айқындамай жатқаны осы ғана. Мұқағали ұлы дарын иесі бола тұра, неге шерге байланып, «қайғы-мұңға айналып» кете береді? Мұқағалиға не жетпеді? Онда бәрі бар еді ғой. Мұқағали жайлы суреттегенде қара бояуды молырақ жағуға неге тым құмармыз? Мұқағали да «жалғанды жалпағынан басқан» замандастары тәрізді өлеңін жазып, дүние-мүлкін тендеп шалқып өмір сүруіне болатын еді ғой. Оған кім кінәлі? «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қарияларды көрген Мұқағали емес пе?
Ақиық ақынның өзі «Сынауға тіпті құмар кім көрінген, әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен» деп жазып кетуі бекер емес. Адам баласының екінші есімі – пенде. Пенде болғасын қате-кемшіліктен ада болу қиындау бәрімізге. Мұқағали өлеңдері мұңдылау болғанымен, ол писсимист емес, оптимист ақын болатын...
(Жалғасы бар)