Мұқағали мұрасы

Мұқағали  мұрасы

Биыл 9 ақпан күні ақиық ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына 92 жыл толып отыр. Осыған орай Мұзбалақ ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлымен сыр шертіп, ақынның өмір жолы, шығармашылығы жайлы әңгіме өрбіткен едік. 

– Жұлдыз аға, газетті көп оқып өскен ұрпақтардың бірісіз, қазір қаншалықты жиі газет оқисыз?

– Бала кезімізде, рас, көп газет оқитынбыз, ал қазір, өтірік айтпай-ақ қояйын, сирек қараймын.

– 9 ақпанда күллі қазақ ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнін тойлаймыз. Кейбір деректерде туған күні 8 наурыз дейді. Мұқағали – таныстыруды қажет етпейтін есім. Десек те, әкеңіздің туған күні, өскен жері мен отбасы туралы кеңінен айтып берсеңіз.

– Менің әкемнің азан шақырып қойған аты – Мұхаммедқали. Әкесі – Сүлеймен. Анасы – Нағиман. Ол ресми құжат бойынша 1931 жылдың 9 ақпанында Алматы облысы қазіргі Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Алайда, дұрыс айтасыз, әкемнің туған күні жөнінде  әлі күнге дейін екі түрлі мәлімет беріледі. Ал Нағиман әжеміздің айтуынша, Наурыз тойының қарсаңында, яғни 8 наурыз күні дүние есігін ашқан. Негізі, әкем атадан төртеу боп туған екен. Үлкен інісі мен қарындасы бала күнінде қайтыс болады. Ал Тоқтарбай мен Көрпеш сол елде өсіп-өніп, үлкен әулетке айналды. Үлкені  болғандықтан, әкем ата-әжесінің қолында өсіп, өз ата-анасын аға-жеңгесіндей қабылдайды. Сүлеймен атам – Қарасазға қарасты ұжымшардың төрағасы болған, ел басқарған адам. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, сол жылы Калининград майданында қаза табады. Сөйтіп, әкем Тиын әжесінің тәрбиесінде болады. Өзі айтқандай, күлшесін қорғасынға айырбастап, жетім бола жүріп жетіледі.

Жұлдыз Мұқағалиұлы. Қара өлеңнің қасиетін бойына сіңірді — "Мұқағали"

– Ақын тырнақалды туындыларын қай кезде жаза бастады? Ол шығармалары қай басылымдарда жарық көрді?

– Әкем өлең жазумен ерте айналысқанға ұқсайды. Өйткені алғашқы өлеңдері аудандық «Советтік шекара» газетінде, «Әдебиет және искусство» журналында жарық көре бастайды. Мұнан кейін ол көп оқып, көп ізденеді. Бала кезінде ала алмаған білімін еселеп қайтаруға тырысады. Қазақ, орыс, әлем әдебиетінің туындыларымен сусындайды. Сөйтіп жүріп өндіре жазады.

– «Мұқағали Мақатаев – дипломы жоқ ақын»  деген сөз кеңінен таралды. Ол кісінің білімі жайлы айтып өтсеңіз.

– Ақын болу үшін дипломның керегі жоқ. Әкеміз 1948-1949 оқу жылдары ҚазМУ-дың филология факультетінде, кейін Шет тілдер институтының неміс тілі факультетінде оқиды. Бірақ өкінішке қарай, екі оқуын да тұрмыстық жағдайға байланысты тастауына тура келеді. Біз енді нақтысын білмейміз, бірақ әкеміздің қасында жүргендер, бірге оқыған адамдардың айтқандары бар, әкеміз «Ой, мен мынаның бәрін білем ғой, әлдеқашан оқып тастаған нәрсем ғой» деп оқытушыларға, профессорлардың өздеріне қарсы сұрақ қояды екен. Ол өте сауатты кісі болған. 

–  Алғашқы еңбек жолын қай жерден бастады? 

– Жоғарыда айтқанымдай, 1949 жылы оқуды тастағаннан кейін, Шибұт ауылдық кеңестің хатшысы боп қызмет атқарады. Сол жылы анам екеуі отау құрады. 1954 жылы Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс және неміс тілінен сабақ береді. 1957 жылы Қазақ радиосының дикторы, мұнан кейін «Советтік шекара» газетінде бөлім меңгерушісі боп жұмыс істейді. 1963 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Содан бастап «Мәдениет және тұрмыс», «Социалистік Қазақстан», «Жұлдыз» басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағында еңбек етеді. Міне, осындай әдеби ортада жүрген кезінде өзінің ақындық қабілеті мен дарынын көрсете білді. Көптеген шығармаларын жазды, кітаптарын шығарды.

– Жалпы ел-жұрт Мұқағалиды ақын ретінде ғана таниды, ал ол әке ретінде қандай адам еді?

– Әкем өте балажан, жаны нәзік, ақкөңіл, қолы ашық, мінезі жайлы азамат еді. Талантты да талапты, парасатты да пайымды, зерделі де зейінді, ақ та адал адам болатын. Жанары жанып тұратын. Ылғи да кеудесін тік ұстап жүретін. Балаларынан әкелік мейірімін аяған жоқ. Адамзатқа қиянат жасамайтын. Біреуге жақсылық жасағанды жаны сүйетін. Бірде үйге бір топ жігіттер келіп, әкеме алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Сөйтсе, олар түрмеде жатып, әкемнің өлеңдерін оқып, содан тәлім-тәрбие алыпты, мінез-құлықтарын түзепті. Тіпті әкеммен хат алысып тұрыпты. Олардың іздеп келгеніне әкем кәдімгідей риза болып қалды.

Жалпы, әкем жас ақындармен жиі араласатын. Оларды үйге ертіп келіп, өмір мен өнер һәм өлең жайлы әңгімелесетін.

Мұқағали Мақатаев - М.Мақатаев отбасымен бiрге. (Солдан оңға қарай) Ұлы  Жұлдыз, ұлы Айбар, қызы Алмагүл, жары Лашын. Алматы, 1972 жыл.  -http://zhasalash.kz/ruhaniyat/5094.html | Facebook

– Ол кісінің Майгүлге, Айбарға, Шолпанға арнаған өлеңдерін білеміз. Жалпы, қанша ағайындысыздар?

– Біз атадан алтау едік. Ұлдан үлкені  менмін. Менің алдымда Ләззат, Майгүл есімді әпкелерім болған. Ләззат сәби күнінде шетінеп кеткен екен, есімде қалмапты. Ал Майгүл екеуміз тете өстік. Ол қайтыс болғанда мен 10 жаста едім. Әкем қатты қайғырды. Майгүлге арнап бірнеше өлең жазды. Зиратқа да жиі барып тұратын. Өкінішке қарай, Майгүлдің бейітінің Кеңсайда екенін білеміз, бірақ нақты қай жерге жерленгенін таппай қалдық.

Қызым менің, Гүлім менің, аяулым!

Жатыр молаң жотасындай қоянның.

Құлпытастың құны маған бес тиын,

Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?! – деп өзі жырлағандай, әкем «қалақтай» қызына қоршау қоймаған еді. Сондықтан әке-шешеміздің зиратына барғанда, оған да Құран бағыштап тұрамыз.

Қазір біз – бір атадан тараған төрт бала Алматыда тұрып жатырмыз. Өзімнен кейінгі қарындасым Алмагүл шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Айбар денсаулығына байланысты жұмыс істемеді. Тіл тиді ме, көз тиді ме, білмеймін… Жанып тұрған бала еді, амал нешік, науқас боп қалды. 2014 жылы жүрек ауруынан қайтыс болды. Шолпан – шет тілінің маманы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс береді. Әкемнің өте балажан екенін жоғарыда айттым. Ұл-қыздарының кішісі – Айбар мен Шолпанды қатты еркелететін. Екеуіне де өлең арнады.

– Әкеңіздің қандай қадір-қасиеттері мен ерекшеліктері есіңізде қалды? Ол кімдермен жиі араласушы еді?

– Әкем еңбекқор еді. Шабыты келсе, күй талғамай жаза беретін. Жақсы өлең жазса, балаша қуанып, барлығымызды дауыстап шақыратын. Анамыз қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болғандықтан, ең әуелі жарының пікірін сұрайтын. «Ильич», «Мавр» поэмаларының алғашқы тыңдаушысы біз едік. Сол кезде арқалана өлең оқыған сәттері әлі есімде. Кейде нақышына келтіріп, ән шырқайтын. Сондай сәттері халық және орыс әндерін әуелете орындайтын. Ол кісінің құлаққа жағымды қоңыр дауысы бар еді. Алматыға алғаш келгенде бокспен айналысыпты. Әкеммен бірге жаттыққан Рожковты кейіннен мықты жаттықтырушы болды деп естідім. Сосын саятшылықпен айналысатын. Қыста шаңғы тебетін. Жазда көбіне көкпар тартатын. Сондай-ақ шахмат, бильярд ойындарын жақсы ойнайтын. Тағы бір есімде қалғаны, біздің үйге Шәмші Қалдаяқов жиі келетін. Екеуі бірде дайын әуенге мәтін жазды. Қазір ойласақ, сол «Талдықорған» әні екен. Ол кезде Панфилов көшесінде тұратынбыз. Шәмші аға: «Мына сөздерің менің әуеніме сай келмей тұр, қайтадан жазшы», –  десе, әкем шыр-пыры шығып: «Ішімнен шыққан дүниені мен неге өзгертуім керек?» –  деп көне қоймайды. Сөйтіп, екеуі біраз айтысқан еді. Үзеңгілес достары да үйден үзілмейтін. Ұлы Отан соғысына қатысқан ақын Тоқаш Бердияров Қарасаздағы қара шаңыраққа жиі келетін. Тұрсынзада Есімжанов, Бекен Әбдіразақов, Кеңшілік Мырзабековтер ылғи да әкемнің жанынан табылатын. Қазір Қарасаздағы әке-шешем тұрған тоқал там жоқ. Ескі Қарасаздың сазы көбейіп, тұру мүмкін болмағандықтан, барлық тұрғындар Жаңа Қарасазға көшірілді. Сондағы мұражайда біздің үйдің макеті сақтаулы.

– Атақты адамның тегін алып жүру де оңай емес шығар?

– Мен 40 жылдан астам уақыт заң саласында жұмыс істедім, осы заңда істейтінімді, жолымды әкем өзі көзі тірісінде-ақ айтып кеткен. Солай  болды да. Бірақ осы уақытқа дейін ешқашан және еш жерде «Мен Мұқағалидың баласымын» деп кеуде қаққан жоқпын. Қай жерде қандай қызмет атқарсам да, әкем секілді адал жүріп, тік тұрдым. Ешкімнің көмегіне жүгінгенім жоқ. Жұмыс кабинетімде әкемнің кітаптары тұратын. Қолым тиген сайын сол кітаптарды оқып тұрушы едім. Қазір зейнетке шықтым. Зайыбым Бақытгүл – М.Мақатаев атындағы халықаралық қордың төрайымы. Айман, Айжан, Әсел атты үш қызым бар еді. Айманымды арсыз ажал көктей жұлып кетті. Кіші қызымның аздап өлең жазатыны бар. Соған қарап, «атасына тартқан-ау» деп қоямын. Жылына бір-екі рет отбасымызбен әке-шешеміздің қабіріне барып, зиярат етіп тұрамыз. Шешем отыз жыл бойы ескерткішін сүртіп, жан-жағын тазалауды дағдыға айналдырып кетті. Қазір біз де осы үрдісті жалғастырып келеміз. Оның үстіне, қазақ ұлы перзенттерін пір тұтқан халық қой. Біз барсақ, ылғи таза тұрады. Мүмкін, олар әкемнің өлеңдерін сүйетін, оны құрмет тұтатын оқырмандары шығар…

– «Көп қателік жіберіппін, амал не, Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!». Ақын осы өлеңі арқылы сіздерден кешірім сұраған сияқты…

– Иә, әкем кейде менімен тең құрбысындай сырласатын. Анда-санда қателіктерін де мойындайтын. Маған сабақ болсын дегені шығар. «Бұл қателіктер маған жарасады, Жұлдыз. Бірақ сен қайталама, оны көтере алмайсың» дейтін жарықтық. Ондай сәттерде анамыз «Бәрі дұрыс болады» деп басу айтатын. Сәл мұңайып отырып, әкем қайта еңсесін көтеретін. Сондайда бөлмеде ерсілі-қарсылы жүріп: «Әй, мені түсінгісі келген адам өлеңдерімді оқиды. Ничего, төрт миллион қазағым аман болса, мен ешқашан өлмеймін» дейтін. Менің көзім жеткен бір жағдай, әкем өзінің ұлы адам екенін сол кезде-ақ сезді.

– Ақиық ақынның туындылары өзге тілдерге аударылды ма?

– Иә, әкемнің шығармалары орыс, ағылшын, неміс, түрік, өзбек, қырғыз, т.б. тілдерге аударылды. Жақында АҚШ-та Нью-Йорк қаласында ағылшын тілінде өлеңдер жинағы шыққан. Қазіргі таңда басқа тілдерге аударылып, Түркия, Қытай, Сауд Арабиясында да кітаптары жарық көріп жатыр екен. Орыс тілінде «Зов души» деген өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Ол кітапқа енген өлеңдерді орыстың белгілі ақындары Ю.Александров пен М.Курганцев тәржімалады. Дегенмен әлі де басқа тілдерге аударуды қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Кезінде өзі де орыстың талантты ақындары Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің өлеңдерін қазақша сөйлетті.

Ұлықбек Есдәулет. Мен көрген Мұқағали (эссе) | Әдебиет порталы

– «Жақсының артынан сөз ереді» дейді қазақ. Қисыны бар, қисынсызы бар, ақынға қатысты неше түрлі әңгімелер айналамызда өріп жүр. Әлгіндей әңгімелердің бірқатары ақынның махаббаты туралы. Бірақ, сіз әкеңіз бен анаңыздың махаббатын ерекшелеп айтасыз. Соның өнегелі тұстарын тағы бір қайталасаңыз. 

– Сол ерген сөздердің, өзіңіз айтқандай, естісі де, есері де болады. Естілері, Мұқағалиға деген ыстық ықыластарынан шыққан ба деп ойлаймын. Халық өзі қастерлеген ұлынан (әкем – халықтың ұлы, еншілей алмаймын) түрлі, оның ішінде шындыққа еш жанаспайтын әңгімелерді де жолықтырамыз. Осының ара-жігін ажырату, халыққа ақынның болмысын шынайы жеткізу біздің – оны көзі көрген куәлардың және оның поэзиясын зерттеушілердің азаматтық парызы деп білемін. Өзім ақынның ұлы ретінде және прокуратураның бұрынғы тергеушісі ретінде айтарым, ондай жалған «жапсырмалар» жинала келе, ақынның болмыс келбетіне (шығармашылығына емес) нұқсан келтіруі мүмкін және солармен өз шама-шарқымша күресіп келемін. Ал, «ерген сөздердің» есерлеріне келсек, оларды сол сөзсымақтарды шығарушылардың еншісіне қалдырдым, «әрбір ит (сырттаны, тазысы, кәндегі болсын) өз деңгейінде үреді, бірақ керуен көшеді». Әкем мен шешемнің махаббаттары туралы әр жерде айтып та, жазып та келемін. Менің айтарым мынау: олар бір-бірімен сүйіп қосылды, содан біз балалары өрбідік, есейдік. Шешем барлық тұрмыс тауқыметтеріне төтеп берді, екеуінің жігі ешқашан ажыраған жоқ. Ақиық серігін ақтық сапарға ауруханада өзі және жанындағы ұлы – мен шығарып салдық. Ақынның қалдырып кеткен жазба мұраларын шешем қызғыштай қорғады, халыққа жеткізді. Қартайған шағында, ұрпақтар сабақтастығын үзбеу мақсатында, әкеміздің қалдырған асыл мұрасын келіні Бақытгүлге ыждаһаттап тапсырып кетті. 

– Жер бетінде қазақ деген халық барда ақынның аты да, заты да өлмесі анық. Дей тұрсақ та, оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылды? 

– Жыл сайын мемлекеттік мейрам болмаса да, халық өздері тойлай бастайтын жалғыз ақын осы әкеміз шығар, сол үшін халыққа алғысым шексіз. Жыл сайын іс-шаралар, айлықтар, апталықтар басталып, бізді елеп ескеріп шақырып жатады. Қазақстан Жазушылар Одағы 1985 жылы Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлық тағайындады. Алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында туған жерінде мектеп және мұражай ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар. Басқа аймақтарда да мектеп, көше атаулары болуы әбден мүмкін. Оны мен тап басып айта алмаймын. Әкемнің өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, тағы басқа сазгерлер ән шығарды. Ол туралы түрлі жанрда мыңға жуық шығармалар жазылды. Әлі де жазыла беретіні хақ. 2021 жылы пандемияға қарамастан әкеміздің 90 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Осының өзі әкемнің аты мен мұрасы халықпен бірге мәңгі жасайтынын білдірсе керек.

– Әңгімеңізге рақмет, аға!

Сұхбаттасқан – РАУАН МУТАИР
10.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 133
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 69
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 63
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 48
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 465
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 433
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 457
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 449
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 447
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 464
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 454
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 647

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9689
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9068
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12302
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10073
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11282