«МҰҚАҒАЛИ» КИНОСЫ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?
Тойдың болғанынан боладысы қызық деген рас-ау. Ынтықтырған, қызықтырған, сағындырған "Мұқағали" өмірін қамтыған, тіршілігін саралаған, «кеңестік Алматыны аралаған» киноны да көріп тастадық. Екі сағатқа жуық сілтідей тынған жұрт - кино аяқталғанда дуылдата қол соқты. Бұл заманының заңғар ақынына көрсетілген құрмет болар. Бәлки, жаңашылдыққа ұмтылған режиссер Болат Қалымбетовтың нық қадамына, сценарийді жазған көрнекті жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің таным деңгейінің биіктігінің өлшеміне берілген баға десек те жарасар.
Өзгені қайдам, кішкентайымнан Мұқағали жырын жаттап өскен мен үшін, Мұқағали - тау тұлғалы нар ақын. Асқақ ақын! Адуынды ақын. Сондықтан да «Мұқағали» жайлы түсірілген киноны асыға күткенім рас.
Кино – кейбір кемшіліктері бола тұра маған ұнады. Үлкен еңбектің жемісі. Үлкен ізденістің нәтижесі. Әрине әркімнің жүрегінде өз Мұқағалиі бар. Әркім өз сана-көзімен қарайды. Әлпештейді, аялайды. Бәрібір жамандыққа қимайды ақынды.
Кино-идеология. Тәрбие құралы. Қазақ киносының өне бойынан ұлттық құндылықтардың жоғалмағанын қалаймын өз басым. Көрермен тартамын деп көрінгеннің қаңсығын жарқыратып көрсете берсек неміз қалады? Маған «Мұқағали» киносы қарапайымдылығымен ұнады. Тосын ойымен, нәзік иірімдерімен бойымды баурады. Қазақы бояуымен көңіліме жақты. Поэтикалық сарынымен, жанға жайлы музыкасымен еліктірді. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» демекші, түрлі сыни пікірлердің қарша борайтынын біле тұра тағдыры қызық та, қайғылы, қулық – сұмдықтан ада, баладай аңғал, кеңестік жүйенің «темір ноқтасы» басына симаған тау баласы Мұқағалиды кино тілінде сөйлетуге талпыныс құптарлық іс.
МҰҚАҒАЛИ ПЕССИМИСТ ЕМЕС, ОПТИМИСТ АҚЫН
Өз дәуірінің ұлы ақыны бола тұра Мұқағали тірісінде неге дәріптелмеді? Неге? Кімдерден теперіш көрді? Кімдерге жақпады? Өзгелер секілді кеңестік жүйеге шүбәсіз сенгені рас қой? Онда ақынның тоқшылық заманда тоқырауға түскені қалай?
Замандас ақындары жазғандай «Жас бала, жаман қатын, жұтаған үй...» шынымен-ақ ақынды шаршатып жіберді ме? Әлде аңқылдаған ақынның арда мінезі мен турашылдығынан, шәлкем-шәліс болмысынан, асқақтап кететін өр кеудесінен кінә іздейміз бе? Ақын да адам. Адам болғанда да сезімге берілген, өте кінәмшіл міскін. «Бірде олай ауытқып, бірде былай, бір байламға келе алмай жүргенім-ай. Таулы аймақтың ауысы секілденген, Аумалы да, төкпелі күндерім-ай» деп ақын өзі де жазып кетті емес пе?
Киноға жиналған қауым экраннан Мұқағали трагедиясын көргісі келгені айдан анық. Әлі күнге айқындамай жатқаны осы ғана. Мұқағали ұлы дарын иесі бола тұра, неге шерге байланып, «қайғы-мұңға айналып» кете береді? Мұқағалиға не жетпеді? Онда бәрі бар еді ғой. Мұқағали жайлы суреттегенде қара бояуды молырақ жағуға неге тым құмармыз? Мұқағали да «жалғанды жалпағынан басқан» замандастары тәрізді өлеңін жазып, дүние-мүлкін тендеп шалқып өмір сүруіне болатын еді ғой. Оған кім кінәлі? «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қарияларды көрген Мұқағали емес пе?
Ақиық ақынның өзі «Сынауға тіпті құмар кім көрінген, әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен» деп жазып кетуі бекер емес негізі. Адам баласының екінші есімі – пенде. Пенде болғасын қате-кемшіліктен ада болуы қиындау бәрімізге? Мұқағали өлеңдері мұңдылау болғанымен, ол пессимист емес, оптимист ақын болатын.
МҰҚАҒАЛИ МЕН МАҒЖАН РУХТАС АҚЫНДАР
Экранда Мұқағали. Жазушылар одағының кең залы. Мұқағалидың тәртібі талқыға түсіп жатыр. Сөз сайысқа түскен шешендердің шешімі біреу-ақ. Жүрген жерінде одақ атына кір келтіретін, артынан сөз борап жүретін «алқашты» жазушылар одағынан шеттету. Шама келсе тұқыртып, қатаң жазамен шықпыртып жіберу. Оқиғаның тап осылай шиеленіспен өрістеуі көп сырдың бетін ашады. Бір заманда Мағжан ақынның жырларын « феодалдық қоғамды аңсау», «түрікшілдікті насихаттау» деп сын тезіне алғандар да жазушылар одағына арқа сүйегендер болатын. Талантын танып тұрып «Өз ауылының иттерінің қанжоса қып талағаны» Мағжан ақынды да жер еткен. Сөйткен алаш арасы Мағжан 44 жасында ажалдың құрығына ілініпті. Оның кітабын жастанып оқып, үйіне жасырып қойған Мұқағалидың «Өзімнің есебімде, мен биыл дәл қырықтың бесеуінде, енді қалған ғұмырым жетер екен, неше ай, неше күнге... Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде» деп жүрген кезі фильмде көрініс беруі кездейсоқтық деуге дәтің бармайды? Оқырманға ой салу, қалғып кеткен сананы дір еткізу деген осы емес пе!
Қырықтың бел ортасына келседе ақыл кірмеген, моральдық тұрғыда әбден «кірлеген» Мұқағалиды аштық пен репрессияны көрген, соғыстан аман-есен келген қырма сақал ақын-жазушылар – аяитын емес. Төрағаның «Адам тағдырына немқұрайлы қарамайық» дегеніне пысқырмайды тіпті де. Бұлар кешегі алашты сатқандарды көзі көрген, Компартияның сөзін таспалап қамшыдай «өрген» аға буын өкілдері. Ақынның «...Біздің әлі жас кеуде, Жауынгердің ұлымын, жанын қиған Мәскеуге» дегеніне пысқырып қарайтын түрлері жоқ.
Мұқағали морт сынады. Залда бәрін естіп отыр. Иіні түскен ақын өзінен құтылуға асыққан топқа қасқия қарап, «қызыл билетін» столға атып ұрып «Маған жандарың ашымай-ақ қойсын, бала-шағамды бірдеңе қылып асырармын» деп есікті тарс жауып шығып кетеді. Бұған дейінде Мұқағали бұл емен есікті бірнеше рет қатты жапқан. Өмірінің соңғы жылдарын қамтығандықтан болар, ақын әбден мүжілген. Қажыған. Шаршаған. «Шау тартып қалғансың ба, қайран шабыт» деп жүрген шағы шамасы.
МАҒЖАН ЖЫРЫМЕН АУЫЗДАНҒАН БАЛА
Осы арада оқиғаны қоюлата түсетін бір эпизод бар. Ол – Мұқағалидың тентек ұлы Айбардың іс-әрекеті. (Шынын айту керек көпшілігімізге осы Айбардың өмір жолы жұмбақ). Ол – Мағжан жыры жазылған парақшаларды таратып жүріп Мағжанның түбіне жеткен қауіпсіздік комитетінің қолына түседі. Шынашақтай баланың қайсарлығы жүзінде тұр. Жауабы да дік-дік. Нанымды. Сәби-жүрек Мағжан ақынның жаланың құрбаны екенін ішкі түйсігімен сезінеді. Үлкен тұлға екеніне шүбәсіз сенеді. Бәлкім әкесі құлағдар етті. Әлде сол замандағы жас революционерлердің батылдығынан күш алды. Жалт етіп өте шығатын бұл эпизодтың астарында көп сыр жасырулы. Оны көкірек көзімен оқи білу керек-ау. Айбар арқылы сол дәуірдің үні құлаққа жетеді. Атып-асса да, алаш қайраткерлерінің болашақпен бірге жасай беретініне емеуірін бар.
Айбардың тентектігін кешірмеген үш әріп темір торға қамайды. Алаш арыстарын қамаған тар қапас. Мағжан ақынды азаптаған қатігез түрме. Сол баяғы «жаналғыш» әскерилер. Әлем әдебиетіндегі адамның екіге жарылуын көз алдымызға әкелсек, бауыр еті баласы Айбар арқылы Мұқағали да «Жармаққа» айналған. Күйзелген ақын рухы «ақындардың ақыны» Мағжанмен бірге. Өзі кеңестік жүйенің «түрмесінде» жүр...
Кинода Мұқағали жүріп өткен жолдарды кеңінен қамтуға талпыныс байқалады. Хроникалық тәртібі болмаса да, жүйелі желі бар. Соның бірі Мәскеуде оқып жүргендегі бір сәті. Ақын еркін. Асқақ. Советтік елдерден білімдерін жетілдіруге келген жазушылар алдында Орта ғасырлық ұлы ақын Алигьери Дантенің «Құдіретті комедиясын» өз аудармасында оқып береді. (Кейбір адамдар актердің өлең оқуынан кінә тауыпты. Маған қайта «шеңберден шығып» жайылып оқығаны ұнады. Жүрекке де қонымды. Жасандылықтан ада). Және қазақ тілінің қадір-қасиеті жайында толғанады. Аз ғана штрихпен, нақты детал арқылы ақын образы айқындала түседі. Мұқағали шетел әдебиетінің жілігін шағып, майын ішкен шайыр. Өз ана тілінің адал перзенті. Болды.
Пушкин ескерткіші алдындағы – екі ұлы ақынның қоштасу сәті жүрек тебірентер сурет. «Сонымен қош есен бол сардар аға, Мен ертең кетем ұшып сары далама». Даланың баласы «Миллиондар жүрген қалаға сия алмайды. Ақталмайды. Тек Пушкинді қия алмайды. Пушкин де Ресейге сия алмағанын айтар еді, әттең... Тас тұғырда тұр ғой.
Осы эпизодта көзге көрінбейтін бір ой ұшқыны бар. Ол – көрермен талқысына салынған екі кадр. Ат төбеліндей жазушылар мүшеліктен шығарып жатқан одаққа ақынның өкпелейтін жөні бар ма? Оқытып-тоқытпақ болды, Мәскеуді көріп шабыты шарықтасын деп аттандырды. Ал Мұқағали болса: «Көңілде пәс, пәс кеуде, Алматы да, даң-дұңмен, затым кетті Мәскеуге, Алматы да қалдым мен. Алдан шығып достарым, тоса берді тостағын, Ұсынған соң тостағын, Сілтеп-сілтеп тастадым» деп рейстен қалып қояды. Сценаристің ұтқыр шешімі, сұрақтың жауабын көрермен талқысына қалдыруында.
БРЕЖНЕВТІҢ ПОРТРЕТІ НЕГЕ ӨРТЕНДІ?
Жүдеп-жадап жүрген ақынға Айбардың қайғысы қосылды. Торыққан ақын Нұрғисаны іздеп табады. Ол кез Нұрғисаның даңқы шығып, дәуірлеп тұрған шағы. Ақынға жаны ашыған композитор Бауыржан Момышұлынан көмек сұрауға кеңес береді. Қонаевқа бір өтсе соның сөзі өтпек...
Осы жерде елең еткізер эпизод бар. Ол – Мұқағалидың алып державаның көсемі Брежневтің көшеде ілулі тұрған портретін өртеп жіберуі. Бұл дәрменсіз әкенің, тарихтан мол хабары бар Мұқағалидың, шал-шауқанның ермегіне айналған жүйеге, құлдырай бастаған қоғамға – лағнеті. Жаңашылдыққа үрке қарайтын билікке ызасы... Шарасы таусылған адам қарғануы мүмкін, қарғауы мүмкін. Ашынып айқайлауы да заңдылық. Алайда меңіреу жүйе оған селт ете қоя ма?
Ақынның аузына сөз салып өкпе-ренішін кіжінтіп сыртқа шығаруға болар еді. Онда кинода не қадір-қасиет қалмақ? Қазақтың «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді» деген тәмсіліне обалғой? Осы тұрғыдан қарағанда Брежневтың портреті өртенуі – күні бітуге таяған партияның күл-қоқысқа айналатынының нышаны. Және бұл – тосын түйін.
Мұқағалидің Баукеңе барған-бармағаны, кездескен-кездеспегені маған беймәлім. Өйткені ақын Баукеңе арнаған өлеңінде: ...Тартар сыйым өзіңе болмағасын,
Белгілі ғой қасыңа жоламасым.
Ақ сұңқарым бар еді, ұшпай қойды,
Алсам-дағы басынан томағасын..» деп жырлайтыны есімде. Алайда кино заңдылығында фантазияның ұшқыр келетіні рас. Жымын білдірмей жымдастыра білу де үлкен өнер. Тұлғаның адами болмысын айқындауда – әлемде кино индустриясы алдына қара салмай тұр. Әріге бармай-ақ көршіміз Ресей режиссерлары қанішер Ермактың өзін ұлт батыры жасап алды. Кабактарда «көзі ісіп, көзін ілетін» Есенинді орыстар көп сериялы кино арқылы әлем сахнасына шығарды. Осы биіктен көз салсақ, Мұқағали болмысын аша түсуге бір сериал аздық етпек. Толық қанды Мұқағали характерін бала шағынан кезең-кезеңмен қамтып, толысқан, «қайғы-мұңмен алысқан» сәттерін, жеңілістері мен жеңістерін қоса үлкен экранға шығаратын сәт туды. Біз әңгімелеп жатқан «Мұқағали» соның алғашқы қарлығашы ғана.
ТҰСПАЛМЕН АЙТЫЛҒАН ТҰСТАРҒА ҮҢІЛСЕК
Сонымен қазақтың екі бірдей дарынды ұлының (Нұрғиса мен Мұқағали) ұлы отан соғысының батыры Момышұлына көмек сұрап баруы – көңілге қонады. Қарға тамырлы қазақтың қанында бар қасиет бұл. Бауыр еті бала үшін – (Мұқағали) әке бәріне дайын. Кеңестің құрығы ұзын. Аңғал баланың болашағына балта шабылуы мүмкін.
Диолог арасында Баукең, Айбардың «Мағжан» үшін күйіп кеткенін ести сала, көпшіліктің бірі сеніп, бірі сенбейтін әсіресе (алаштанушылар иланбайтын) оқиғаны айтады. (Мағжанды Сібірде көргені жайлы). Осы бір деталдан-ақ оқиғаның өрістеуіне жол ашқан Мағжан бейнесі тағы бір қылаң береді. Халық жауы атанған Мағжан тағдыры үш қазақтың арасында өрбуінің өзі, балғын ұрпаққа өнегелі тәрбие. Ұлт мерейін көтерген кез келген қазақ баласы құрметке лайық болмақ. Және де Айбардың аңғал ісінің – дұрыстығын да меңзеп тұр. Түптің түбінде әділдіктің жеңеріне, елім деген ерлердің елдің сүйіспеншілігіне бөленеріне тағы бір тұспал. Аңдаған адам сценарий авторының әр оқиғаның көрермен көңіліне ұялап қалуына бар күшін салғанын байқамауы мүмкін емес.
Айбар оқиғасы шиеленісе түседі. Момышұлының «дауысы» билік басындағы Қонаевқа жеткендей көрініс байқалады. Алайда жарын қолтықтап аңырап жеткен Мұқағалидің зәулім үйдегі заңғар кабинеттен басы салбырап қайтуы – үміттің жібін үзіп жібереді. Үлкен кісі қабылдағысы келмейді. Қасірет пе, қасірет! Тұлға көріп жүрген адамынан қолдау таппаған ақын мұң-шапанын жамылмай қайтеді?!
Кино барысында атақты киноактер Чарльз Чаплиннің ролдеріндегі үнсіз жасалтын іс-қимылдар көзіңе жиі елестейді. Бірақ Ол сол үнсіздіктің «көзін үңірейтіп» «жансыз дүниеге жан бітіріп», қолын ербең еткізсе де халықты бір күлдіріп алатын... Қайғы жамылған Мұқағалидың көзінен бір тамшы жас шықпайды... Тым құрығанда «Қазақтың сенері бұл жердегі жалғыз сен ғана едің ғой, ағаеке!» деп гүр ете қалса, көрерменнің жүрегі дір ете қалатынын ескергенде - дедім іштей!
******************
Ақынның қайғысы аздай, сүйкімді қызы Майгүлді көлік соғып ажал құштырады. Сонын алдында ғана күзгі бақтағы қып-қызыл алмалар жерге шашылады. Бұл енді режиссерлық тапқырлық. Қазақ халқының танымында қолдағы нәрсенің түсіп кетуі, мойындағы моншақтың үзіліп шашылуы – қорқыныштың белгісі...Қауіп-қатердің нышаны.
«Қалақтай едің, қабіріңде қалақ тұр,
Өлгеніңмен жүргеніңді санап құр.
Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып,
Мола жақтан қала жаққа қарап тұр...» деп қызына деген сағынышын баса алмай өткен Мұқағалидің, жедел жәрдем көлігінде жатқан қызының аяғына жап-жаңа төпли әкеліп кигізіп еңіреуі–жоқшылық қамытынан шыға алмаған ақынның қызы алдында ақталуы. Жазым басып, бір отбасыға қайғы әкелген орыс шалдың аянышты кейпін бір ғана көрініс ашып тастайды. Өң мен түстің арасындағы халі. Басқа бермесін, Мұқағалидің орнына өзіңізді қойып көріңізші? Ана бейбақты кешірер ме едіңіз? Ақын оны кешірген. Бұл да бір есте қалар, ойға батырар ұтымды тұсы киноның.
ӘТТЕГЕН-АЙ ДЕГІЗГЕН СӘТТЕРГЕ ШОЛУ
Кей тұста ақынның басын салбыратып, қорбаң-қорбаң еткізіп ой құшағына «бөлеп», тәртіпке «байлап» қойғанша күрескерлік динамиканы іске қосып, «шамасы келсін-келмесін Геркулеспен арпалысқысы келетін» ақынды еркіне жіберуі керек пе еді. «Мен әкенің тәрбиесін көрмедім, Ал шешемнің дегеніне көнбедім, Тіпті кеше оқушылық кезде де, тізгінімді ешбір жанға бермедім» дегені ойға оралады осындайда. Өйткені ақынның өзі «Мені өлеңімнен бөлектеп қарамаңдар» деп аманат қалдырды емес пе!
Соның бір көрінісі анасы Нағиманың қамығып үйден кетуі. Ұлы мен келін арасындағы кикілжіңді құлағы шалған ана азанда жиналып ауылға кетуге қам жасайды. Бөлмесінен арсалаңдап атып шыққан ақын состиып тұр. Шарасыз. Аяулы анасын қимайды. Бірақ... Тап осы эпизод көңіліме қонбады. Себебі «менің Мұқағалиым» мұнша жігерсіз, дәрменсіз болуы мүмкін емес. «Ақ кимешек ішінен сені көрем, Ақ кимешек жоғалса нені көрем» дейтін ақынға мұндай қылық жараспайды. Кино- сойқан идеология. Онсызда қоғамда атам қазақ естімеген қарттар үйі қаншама. Бұл эпизод не үшін қажет болғаны да түсініксіз. Егер жары Лашынның болмысын ашу үшін қажет болса, ол миссия кинода жүз пайыз орындалған. «Тағдырыма тура келген серігім, Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?! Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың. Басқалардың барлығынан жерідім» деп, ақынның өмірінің соңында жұбайынан «жеңілген» сәті мүлде ескерілмеген..
Киноның басынан аяғына дейін Лашын әжеміздің қабағы бір ашылмайды, әйтеуір. Не деген мыстан адам. Әлемге шуақ шашқан алтын күн де бір жадырап «күлмейді». Ақынның ала-құла тағдырындай дауылдатып, жауындатып тұрады үнемі. «Бүгін күн тұрып алды күреңітіп, шіркіннің ашылмайды іреңі түк» деген ақын жыры фильмнің басты ұстанымы болған секілді.
Мұқағалидың Фариза ақынмен кездесетін тұстағы ескерткіштегі жалаңаш әйелдің екі төсін «жарқыратып» тұруынан еш мағына көре алмадым. Мүсін ғой дерсің, олай болса Қалихан Ысқақ ата айтпақшы, туынды жазу барысында масаның өзі текке ұшпауы керектігін қайда қоямыз? «Жігітінен қазақтың дос таба алмай, Қызда болсаң мен саған мұң шағамын» деген ақынды Фариза қарындасымен тұттай жалаңаш әйел ескерткішінің қасында бір емес, екі рет жолықтыру... Әй білмеймін... Көңіліме қонбай-ақ қойды.
***************************
Кинода ақын трагедиясының сан қатпарына тереңірек бойлау жағы кемшін түсіп жатқандай көрінді. Мұқағали трагедиясы от-басы, ошақ қасынан алыста негізі. Кінәмшіл, кекшіл болды ма ақын? Өркөкірек, өзімшіл мінезімен жақпады ма маңайына? Неге достарының көпшілігі қасынан безіп кетті? Ащы-суға жақындығы – басбұзар бұзақылыққа жетеледі ме? Көңілі неге толмады ақынның? Неге сары уайымның соңында кетті? «Шаруаның баласы емес пе едім, Күшіменен тамағын асыраған» деген Мұқағалидың «Комунизм елесі кезген» дәуірде қайыршыдай күн кешуі қалай? Пышақтың қырындай болсада кітаптары шығып жатты ғой. Онда неге кинода үнемі түнеріп жүреді ақын? Неге бір сәтке болса да еңсесін тіктеп көтере алмады? «Жылап келіп, келмейді, жылап кеткім, Ол ғұмырды келеді бір-ақ тепкім» дегені бекер болғаны ма? Көмейде кілкілдеген сауал көп.
МҰҚАҒАЛИ ҚАЗАСЫ... ҚАЛЫҢ ЖҰРТТЫҢ АЗАСЫ...
«..Қаралы лек.
Бозғыл шаң шұбатылды.
Бара жатыр жерлеуге шын ақынды.
Маржан - жырдың мөп-мөлдір бір түйірі
Құмға түсіп кетті де, уатылды». Төлеген Айбергеновке арналған осы жырды ақынның өзіне арнағалы отырмыз. Белгілі публицист, жазушы Марат Қабанбайдың «Мұқағали өлді» деген сөз Алматы қаласының көшелерін атқан оқтай аралап кетті» деуінде үлкен мән бар. Өйткені Мұқағали жырымен біреудің ішіндегі қызғанышын оятты. Біреуге күншілдігі маза бермеді бәлкім. Бәзбіреуге тым еркіндігі ұнамағаны анық. Әйтсе де қарапайым жұрты жырларын сүйсініп оқыды.
-Дұшпаның бар ма? -дейсің,
Қайдан білем...
Әйтеуір, жүрген жерім - сайран кілең.
Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы,
Алдымда - ақ дастарқан, жайған кілем дегені шындыққа айналып шыға келді бір-ақ күнде.
Ақын өлген күні – барлық күңкіл, мыңқыл сап тиылды. Мұқағали даңқ биігіне көтеріліп бара жатты. «Өлгенді жоқ ешқашан жамандауға, Сол үшін рахмет адамдарға» деп жазғаны шындыққа айналды. Бұл психологиялық тебіреністің шарықтау шегі болатын. Қадыр Мырзалиевтің «Иірімінде»: «Қазақтар бәрін кешіреді, бірақ сенің тірі жүргеніңді кешіре алмайды» деген философиялық түйіне еске түседі.
Кино соңындағы сценаридің ең әсерлі сәтті - Мұқағали сүйегін жазушылар одағынан аластатпақ болған топтың өкілдері көтеріп бара жатуы. Жалған дүниеде жағаласып жүргенде алатын сыйымыз осы екен ғой. Ойламайын десең де, ойыңа бірінші келетін байлам осы! (Ойландыра білетін кинодан айналып кетпейсің бе осындай да). Іле-шала жүйке ауруханасы есігі ашылады. Арбаға таңылған Айбар көрінеді. Көзінде бұрынғы от жоқ. Бей-жай қалып. Дел-сал. Неге бұлай? Оның жазығы не? Шындықты іздеп шырғалаңға түскені ме бар кінәсі?
Бұл көріністер «Ұлы адамның қайғысы да ұлы болатынын» меңзеп тұр-ау демеске шарам жоқ.
МҰҚАҒАЛИДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА КЕРЕМЕТ ТАРТУ
Мен кино сыншы болмағандықтан операторлық, продюсерлік жұмыстарға баға бере алмаймын. Оған өрем де жетпейді. Менікі тек, көргенімді көгендеп қағазға түсіру ғана. Адам тағдырын – кино тілінде сөйлетудің өз қиындығы барын сеземін. Сондықтан актерлар шеберлігіне жауап беру қиын.
Режиссер Болат Қалымбетов мырзаның сценаристермен көп жағдайда келісе алмай қалған тұстары болғанын, содан барып пікір қайшылықтары туындағанын бір жерде айтқанын көзім шалып қалып еді. Бәлкім мұның да сценарий жазу барысында кедергісі болды ма екен!
Бір сағат елу минут тамашалаған «Мұқағалидан» түйгенім мынау. Кино – жаңаша форматта түсірілген. Заман талабына сай келіп тұр. Көрермен көңілінен шығатын дүние. Жалықтырмайды. Көп сөзділіктен ада. Нақтылық бар. Бояуы қанық. Жетпісінші жылдардың сорабы айқын. Мұқағали роліндегі актердің (Асыланбек Жанбалаев) болашағы зор деп білем. Кинода Мұқағалиды зорайтып көрсетемін деп тыраштанбай шынайы ойнағаны үшін жақсы көріп кеттім.
Тарихи филмьнің басты рөлін сомдаған Толғанай Бейсембаева, Азиза Рысбаева, Бақытжан Қажымұқан, Раушан Мәжитова, Бауыржан Қаптағай сынды отандық актерлерға да ризалығым шексіз. Көш жүре түзеледі.
Негізі фильмде ұтқыр сюжеттер мен ұтымды эпизодтар мол. Фильмнің режиссері танымал Болат Қалымбетов пен көрнекті жазушы сценарий авторы Жүсіпбек Қорғасбектің Мұқағали жайлы көп дүниені қамтып қалуға деген талпыныстары қуантты.
Қалай десем де бұл кино ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың биылғы 90 жылдық мерейтойына керемет тарту болды.