Әр адам өзінің өмір сүруімен қоршаған ортасына белгілі бір идея әкеледі. Сол болмысына қарап сөйлессең де, сөйлеспесең де, алыстан қарасаң да белгілі бір ойға қаласың. Және сол ой сені сол адам туралы, сол адам тұрған орта туралы білуге құштарлығыңды арттыра түседі. Ортаның әсері деген осы! Мен Сәуле Мешітбайқызын көрген кезде осындай түрлі ойдың шырмауында қаламын. Ол кісінің жүрген жері адамға деген жылылықтың, қамқорлықтың сонымен қоса ілгері жетелейтін ізгі арманның кемесіндей көрінеді маған. Адамды өзіне баурап сөйлеу де үлкен өнер. Және ол үшін асқан бауырмалдық қана емес, күш те керек.
Сәуле Мешітбайқызының бойындағы үлкен қасиет – адам баласын жатырқамай өзіне тарта білуінде. Жан дүниесіне кіріп, аналық жүрекпен ілтипат сезімді білдіру де – екінің біріне бұйырмаған бақ! Ол кісінің болмысын анықтайтын адамгершілік қасиет ел үшін күйіп, жануы. Азаматтық сияға толы қаламы жұртқа белгілі. Ал қашанда өзінің бойындағы шаршауын, кемелдігін, жігерін өзіне емес, отбасын күтуге емес елдің игілігіне бағыттай білуінде жатыр. Осы қасиетін мен жоғары бағалаймын. Әдетте адамдардың арасында белгілі бір өзіне тиесілі ғана дүниені білетін, өзара қатынасты ашуға ұмтылатын түйінді сөздер болады. Біз Сәуле апай екеуміз сөйлескен бетте-ақ, тез түсінісіп кеткен жандармыз. Елдік, ұлттық мұрат, тіл мен діл мәселесі де, тарих пен бүгінгі саясатқа да көзқарасымыз сай келді. Осы жағынан келгенде мен Сәуле Мешітбайқызына ризамын. Қоғамдағы кез келген мәселеге бей-жай қарамайтыны да ұнайды.
Мен Сәуле апайымды «мыстан апай» деп атаймын. Бұл сөзімде Сәуле апайдың бар болмысы тұр. Әрине мыстан дегенде ертегідегі мыстан кемпірді айтып отырмағанымыз түсінікті. Оның мағынасы былай: Сәуле апай қыз кезінде алтын болды. Алтын қыз болды. Келіншек кезінде «күміс келін» атанды. Күлкісі қандай тартымды апайдың! Көз жанарының ішіне толып кететін мейірімі қандай! Адамды өзіне қарай иісіндіріп тұрады. Ал әже атанғаннан кейін қола кемпір – мыс кемпір болады емес пе? Сәуле апай үнемі қозғалыста жүретін адам. Алтыннан, күмістен өткен адам енді мысқа айналмағанда қайтеді?! Мыс ешқашан тотықпайды. Иіледі, қайысады, бірақ морт кетпейді. Сынбайды. Иі жұмсақ. Отқа қызбайды, 24 сағат жұмыс істеуге бар. Қазақстанның ең үлкен бренді де Жезқазғанның мысы. Сондықтан сіз мыстан жаратылған апайсыз. «Оны тарқатып айтып жатамыз ба, одан да сізді мен мыстан апай дейін» дегем алғашында. Ол кісі рахаттана күліп алып: «Мені енді басқаша атаушы болма, Мыстан апа дейтін бол» деген еді.
Бүгін туған күні екен Сәкеңнің, берекелі ғұмыр, деніне саулық, отбасына амандық тілеймін. Күрескерлік бағытыңыз айқын, сол жолда бір болайық!