Нағыз Қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра!

Нағыз Қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра!

Ұлы қазына күмбірі

Домбыра – ұлтымыздың ұлы құндылығы, рухани байлығымыздың қайнары, ұлт болмысының өзегі, ұлт жадының тұғыры, жол бастаған көсемі, сөз бастаған шешені;

Домбыра – ұлттық кодымыздың айнымас бір бөлшегі, қылыштан өткір, құрыштан мықты ұлттық үні, аңызы, абызы, кемеңгері, данышпаны;

Домбыра – қазақтың жауына қару, жанына дәру жан серігі, ол – қазақты біріктіруші, ұлтты ұйыстырушы, тұтастандырушы асқақ ұғым;

Домбыра – қазақ үшін жай музыка аспабы емес, даланың ауасы мен суы, топырағы сияқты табиғи қажеттілік;

Домбыра – қазақтың мұқым тарихы мен талайғы тағдыры, арман-мүддесі, көңіл пернесі, мың жылдық сағынышы;

Домбыра сияқты тоғыз пернелі, екі ішекті музыка аспабы бар халық тегін халық болмаса керек. Тиегіне дейін киелі, шанағы толған шежіре, манағы толған тарих, пернесіне құстар ұя салған ұлы қазына. 

Мұны мен жай патриоттық сезімнен шығарып айтып отырған жоқпын. Шын мәнінде домбыра аспабының қадір-қасиеті қазақ баласы үшін тым бөлек, бәсі жоғары.

Жасыратыны жоқ, қазақ – қазақ болғалы талай мәрте тарихтың тар қыспағында қалды. Сондай кезеңде үніміз шықпай, тіліміз байланып, ұяттан өртеніп кете жаздаған жеріміз көп болды. Есесіне біз айта алмағанды домбыра айтты, біз тәуекел ете алмаған кезде домбыра сөйледі. Сол үшін өз қылмысын жасырғысы келген қатал әмірші көмейіне балқыған қорғасын құйғызды. Ол шындықтың үнін осылай мәңгілікке өшірмек болды. Бірақ, дегеніне жете алмады. Қайта одан сайын ширығып, өршеленіп, асқақтай түскені белгілі. Оны айтасыз, ғасырлар бойы қазақ күйінсе күйініп, сүйінсе сүйініп келе жатқан домбыраға «феодализм сарқыншағы» деп тіл тигізіп, оны санаттан сызып тастаған хатшы да болды (Жанділдин) бұл қазақта.

Домбыраның көмейіне қорғасын ерітіп құйғызып, үнін біржола өшірмек болған қатыгез хан да, «қу ағашты тастаңдар, балалайкаға көшіңдер» деп қазақтың киелісін тәрк еткен қолшоқпар хатшы да бүгінде арамызда жоқ, баяғыда сүйектері қурап қалған. Ал, қасиетті қу ағаштың көзі әлі тірі, үні асқақ!

Домбыраның алғаш пайда болу тарихы мен арғы тегі жайлы, қашан, қалай жаратылғаны жөнінде көптеген ғалымдар өз хал-қадірінше ізденіп, көптеген болжамдар, анықтамалар жасады. Білгендерін ортаға салып, салыстырмалар жолынан өтті. Ал, біздің білетініміз, қазақ-қазақ болғалы қара домбырамен бірге жасап, бір-біріне серік болып келеді. Серік болып келеді дегеннен шығады, домбыраның ұлтқа ұран болғаны ақиқат ұғым. Қазақ халқын жоңғар шапқыншылығынан аман алып қалған қандай күш дегенде – домбыраның айбарын айтушылар бар. Бойына даланың бұла күші мен сынбас құдіретін үйіріп алған қара домбыра тұтас ерлікке тәрбиелеген. Орыс генерал-губернаторы мен православ шіркеуінің әулиелері домбыраның үніне үрке қарап, мынадай музыка аспабы барда қазақтарды шоқындыруға иліктіре алмасын аңдаған. Бұл айтып отырғанымыз бергі тарих, шын мәнінде оның күш-қайратының шежіресі тым әріден басталады.

Домбыраның шығу тарихы туралы халық арасында ауыздан-ауызға жетіп, айтылып келе жатқан небір аңыз әңгімелер бар. Оның бірнешеуін ертеректе жазған мақаламызда біз де сөз еткенбіз.

Қазақ домбырасының тарихы тым тереңде жатыр. Тіпті, Еуропадағы шертпелі аспаптардың барлығының арғы бабасы домбыра делінетін ғылыми пайымдаулар бар. Керек десеңіз, оның шығу, даму тарихы қазақ этносының пайда болу дәуірінен де әріге кетеді. Оны бағзы замандардан бізге жеткен аңыз-әпсаналар, батырлар жыры мен қисса-дастандар айғақтайды. Оны археологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. «Қара домбыра – әлемдегі ең ежелгі ішекті музыка аспабы. Бұған дәйек-дәлелдер жеткілікті» дейді зерттеушілер.

Әрине, біз домбыраның қай дәуірде, қалай және ненің әсерінен өмірге келгенін нақ басып айтып бере алмаймыз. Дегенмен, кейбір тарихи деректер мен әр жылдарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған материалдық мәліметтерге ой жүгіртіп, әңгіме өрбітуге болады. Мысалы, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков домбыра аспабының сонау қыпшақ заманынан бері келе жатқан, қыпшақтан қазаққа, башқұртқа, ноғайға, тағы басқа түркі халықтарына мұраға қалған қазына екенін алға тартады. Әрине, қазақ этнографиясының үлкен білгірі айтқан бұл тұжырыммен келіспеуге болмайды – домбыраның қыпшақтан қазаққа ауысқанында талас жоқ. Осы орайда қыпшақтарға домбыра кімнен мұраға қалды, оларға кімнен ауысты деген сұрақ тумай ма өзінен-өзі... Қыпшақтарға өзі жалғасы болып табылатын қимақ-оғыздардан ауысқан десек, оларға одан әрідегі хундардан, қаңлылардан, сақтардан мұраға қалғанын кім жоққа шығарады?! 

 

Құнды құжаттар Жапонияда жатыр

 

Музыкатанушы Өнербек Ахметтің зерттеуінше, ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Түрік қағанаты тұсындағы көшпелі елдің музыкалық мәдениеті туралы құнды құжаттар Жапонияның Нара қаласындағы Сесоид императордың қазынасында (Өнербек Ахмет. Қазақ домбырасының тарихы. А., 2009 ж.) сақтаулы тұр екен. Сондағы Күлтегін заманынан жеткен бір құжатта көне түркі таңбасымен «Жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді» деп жазылыпты. Тарихи жәдігерлердің ішінде ерекше назар аударатыны –Дунхуададан табылған түрктің ноталық хаты (партитура, табулатура). Музыка білгірлерінің түсіндіруінше, бұл Будданың (Боғда) жиырма бесінші сутрасының нотасы, оның әуені қазақтың халық әні «Гәккуге» өте сәйкес келеді екен. Ол кезде жапондықтар Шығыс Түркістанның музыкалық аспаптар оркестрін «гагаку», осы аспаптарды ойнау әдісін «билли» деп атапты. Көріп тұрғанымыздай, орта ғасырда қолданыста болған бұл сөздер қазақтың «гакку», «би» – ырғақ, әуен, музыка, саз сөздерін еске түсіреді. Ұқсастығы бірден-ақ аңғарылады.

Енді мынаған қараңыз: қазіргі кейбір музыка зерттеушілері нота сауаты қазақ арасына ХХ ғасырдың 20-30 жылдары келді деп жүр. Ал, ғалымдардың зерттеуі бойынша нота сауаты түркілерде ертеден белгілі болғандығын аңғартады. Мысалы, 1303 жылы дүниеге келген «Кодекс Куманикус» кітабында қыпшақ әуендерінің романдық квадрат ноталары түрінде жазылған нұсқалары бар екен, олар кейіннен Батыс Еуропа музыкасында католиктердің хорларында қолданылып, біршама өзгеріске түсті. 

Музыка зерттеушісі Б.Ерзакович бұл туралы былай жазады: «Біздің болжамымыз бойынша, «Құман кітабында» қазақтардың музыка тілінің белгілері бар деп сенімді түрде айтуымызға болады. Біз кейбір әндер мен күйлердің мазмұнын талдағанымызда, қазақтың музыка тілінің кейбір элементтері, атап айтқанда, «Ақсақ құлан» күйі мен «Елім-ай» әнінің әуендері байқалды». Бұдан біз қазақ халқының саздық шартты белгілерімен (яғни ноталарымен), оны жазу (қағазға түсіру) үрдісімен ертеден-ақ хабардар болғанына көз жеткіземіз. 

Бұл не деген сөз? Яғни музыкалық терминология мен музыканы толық түсінудің негізгі факторы музыкалық аспап десек, сонымен бірге музыкалық аспап оның  иесі саналатын халықтың бірден-бір «құжаты» және материалдық ізі болып табылады. Бұл «құжат» өз кезегінде белгілі бір халықтың ғасырлар бойындағы байырғы тарихы мен тұрмысын, мәдениеті мен музыкалық салтының өте ертеден келе жатқанын танытатын өте құнды ақпарат. Оның құндылығы да осында жатыр.

Ортағасырлық музыка мен музыкалық терминология, музыкалық аспаптар мен нота сауаты жөніндегі тарихи-әдеби мәліметтер ұлы ұстаз, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950 ж.ж.) «Музыканың үлкен кітабы» аталатын атақты трактатында да көптеп кездеседі. Кітапта сол кезеңде белгілі болған музыкалық аспаптар, атап айтқанда, домбыра, сыбызғы, сырнай, керней, қобыз, канун, уд, цимбал (чанг), тамбур, рабаб, дабыл, даңғыралар жан-жақты сипатталып, жүйеленіп, түсіндірілген. Сонымен қатар мұнда түркі тайпаларының тұрмысы, мәдениеті, соғыс өнері және жеті-ішекті арфа (адырна, жетіген) аспабы туралы да кеңінен сөз қозғайды. Трактаттың ең басты құндылығы, ғұлама бұл еңбегі арқылы музыкалық бұрауларға математикалық дәйектеме беріп, тұңғыш рет музыка теориясының негізін қалады.

Осы орайда мынадай бір әңгіме. Бұл 1967 жылы болған оқиға. Жазушы Әнуар Әлімжанов кезекті бір сапарында Пәкістанның Қараши қаласына ат басын тіркейді. Әнуардың қазақ милетінің өкілі екенінен хабардар болған Пәкістанның көрнекті суретшісі Салих Айын Орталық банк ғимаратындағы суреттер галереясына алып барыпты. Ішкі қабырғаға майлы бояумен салынған көне суреттер арасында қазақы реңді, екі ішекті домбыраға ұқсас музыка аспабын ұстап тұрған суретті көрген. Әнекең «Бұл кім?» деп сұрамай ма. Салых сонда: «Бұл – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Ибн Синадан бастап барлық ғұламалардың ұстазы болған алып кісі. Біздің осындағы кітапханамызда Аристотель, Эвклид, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктемелері, өзінің көптеген жазбалары сақтаулы тұр. Әл-Фарабидің өзі сіздер жақтан, Отырар қаласынан», – деп жауап қайырыпты. Әнуар Әлімжанов пәкістандық суретшінің аузынан осы сөзді естігенде қандай сезімде болғанын кейін тәптіштеп жазды да. 

Ол қабырғадағы ғұламаның домбыра ұстап тұрған суретін (ХҮ ғасыр туындысы) бірден Айнға көшіртіп алып, елге оралғасын белгілі қылқаламшы Бек Ыбыраевқа толықтыра айтып отырып, қайта салдырған. Адамзаттың ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздың бүгінде бізге таныс ұлы бейнесі алғаш рет осылай келген өмірге.Бұл жерде біз үшін маңыздысы «қазақы реңді, екі ішекті домбыраға ұқсас музыка аспабын ұстап тұрған Әл-Фарабидің» суреті болып тұр!

2008 жылы Монғолияның Қобда аймағының Дандар есімді қойшысы Жарғалант-Қайырхан жоталарындағы Нухэн-ход үңгірінен мойыны иілген шанақты аспап тауып алады. Оны бірден ауыл мектебінің мұғаліміне апарып тапсырады. Ол да іскерлік танытып, Ұлан-Батырдағы Монғолия ҒА Археология институтына хабарласып, тез мамандар жіберуін өтінеді. Осы жылы 25 маусымда археолог Ц.Турбаттың жетекшілігімен Нухэн – Ходта қазба жұмысын жүргізеді. Кейін оның нәтижесін ғылыми журналда жариялайды. Мақалада олар үңгірден табылған адам сүлдесі, ертоқым, садақ, жебе, қалқан, тағы басқа заттармен бірге домбырадан аумайтын музыкалық аспаптың да фотосуретін береді. Кейін бұл табылған дерекпен неміс және қазақ ғалымдары айналысып, тұтас ағаштан шауып жасаған аспаптың б.д. ІҮ-Ү ғасырларға тиесілі жәдігер екенін анықтайды. Кейбір ғалымдар оны қобыз аспабына ұқсатса, екіншілері адырна аспабының алғашқы үлгісі болуы мүмкін деді. Ал, қазақ ғалымы Қаржаубай Сартқажыұлы осынау ғасырлар қойнауынан бүлінбей бүгінгі жеткен жәдігердің тұтас сұлбасы домбыра аспабына әлдеқайда жақын келетінін анықтап, көшірмесін жасатып, оны  Алматыдағы Музыкалық аспаптар мұражайына тапсырды. Жоғарыда келтірілген деректерден көріп отырғанымыздай, қазақтың қара домбырасы осыдан 1000-1500 жыл бұрын да қазіргі  қалпындағы нұсқасына өте-мөте ұқсас болған екен. 

 

Ғұндар күй күмбірлетіп, ән шырқаған

Көне Қытай жазбаларында ежелгі Қаңлы мемлекетінің ән-күй, музыка, би сияқты көркем өнері гүлденіп, өркен жайғаны және олардың Орта жазыққа дейін (Қытай) өрістеп дамып, даңққа бөленгені туралы деректер сақталған. Осы деректердегі мәліметтерге сүйенсек, қаңлылардың қос ішекті және бес ішекті музыка аспаптары, сонымен бірге дабыл сияқты ұрмалы аспабы, сыбызғы, сырнай сияқты үрмелі аспаптары болғандығына (Сүй патшалығы тарихы, Батыс өңір шежіресі) көз жеткіземіз. Осы кітаптың «Сүй патшалығы тарихи, музыка аспаптары тарауында Жу патшалығының билеушісі той жасағанда Қаңлы елінің және Құшардың музыка аспаптарын алдырды» деп жазады. Сол сияқты «Таң дәуірінің естеліктері» атты кітаптың 33 тарауында: «Жу Уди түркі аруын ханымдыққа алды. Батыс өңіріндегі елден оны құттықтап, Құшар, Сұлы, Қаңлы елдерінің музыка аспаптарын тойға әкелді», – деп жазады. Таң патшалығы билік жүргізген уақытта (618-907 ж.ж.) Орта жазықта қаңлы билеушілері салтанат сарайында беделді орындарға ие болған еді.

Ежелгі қытай жазбаларында Ұлы Қытай қорғанының сыртындағы елдің бәрі қуатты Ғұн (Күн, Хун) қағанатының билігінде болған деген деректер сақталған. Б.д.д. ІІІ-ІІ ғасырларда ғұндар әлемдегі қуатты мемлекеттердің бірі болды. Қиыр Шығыстағы Хуанхе (Сары өзен) өзенінен Орталық Азиядағы Арал теңізіне дейінгі кең-байтақ мекенді жайлаған ғұн тайпалары бір тілде сөйлеген – түрік тілінде. Олар тек тамаша жауынгер ғана  емес, сонымен бірге, арасында талантты ақындар, музыканттар, жыршылар мен күйшілердің көп болғаны туралы мәлімет келтіреді. Ежелгі ғұндарда да қазіргі түркі халықтары сияқты ән айтқанда сыбызғы, домбыра, қобыз сияқты музыка аспаптарымен сүйемелдеген дейді. Біздің уақытымызға дейін ғұндардың «Кеңес», «Сары өзен», «Шұбар ат» сияқты бірнеше күйі жетіпті. Көріп отырғанымыздай, бұл музыкалық туындылар және көне жазбада аты аталған музыкалық аспаптар туралы деректердің болуы бүгінгі түркі тектес халықтарының, оның ішінде қазақ жұртының да жоғарыда аты аталған Қаңлы, Ғұн секілді ежелгі халықтардың тікелей ұрпағы екендігіне куәлік етеді. Әлемге әйгілі Еділ патшаның (Атилла) осы Ғұн елінің көсемі болғаны біздің кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады. 

Осы дәуірге қосымша тағы бір дерек келтірейік. Өткен ғасырдың 50-жылдарында ежелгі Қаңлы-Хорезм дәулетіне тиесілі Қой қырылған қаласының орнын қазған археологтар, ол жерден домбыраға ұқсаған қос ішекті аспапта ойнап тұрған музыканттардың саз балшықтан күйдіріп жасаған терракотты мүсіндерін тауып алады. Мүсінге тыңғылықты зерттеу жүргізген ғалымдар музыканттың қолындағы аспапты қазақтың қара домбырасы деген шешімге келген. Мүсіннің жасалу уақыты б.д.д. ІҮ-Ү ғасырға жатқызылып, оның тарихи жасы 2400 жыл деп есептелді.

Бұл не деген сөз? Яғни, бұл келтірілген деректер осыдан 2000-2400 жыл бұрын  да байтақ даламызда домбыраның қолданыста болғанын айғақтайды. 

Тастағы бедерленген домбыра бейнесі

Құрметті менің оқырманым, егер сіз домбыраның сұлбасынан аумайтын музыка аспабының нұсқалары бұдан да арғы замандарда қолданыста болғанына көз жеткізгіңіз келсе, музыкатанушы ғалым Т.С.Вызганың «Орта Азияның музыкалық аспаптары» деген еңбегін сүзіп шығуға (Вызго Т.С. Музыкальные инструменты Средней Азий. Исторические очерки. М.1980, 29-б) кеңес береміз. Ол аталған еңбегінде б.д.д. мыңжылдыққа тиесілі ежелгі Сузиана елді мекенінен археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тас діңгектің бетіне түсірілген бедерлері (рельфтері) ішекті-шертпелі аспаптардың пайда болуына қатысты мәселелерге дерек ретінде қарастыруды ұсынады.

Ол суреттерде адамдар мен аң-жануарлар кезек-кезек бедерленген. Ондағы әр адам, жауынгер, әлде көсем, мүмкін абыз болуы мүмкін, домбыра тұрпатты музыка аспабында ойнап бара жатыр. Аспаптың шанағы шағын, мойны ұзын. Араларындағы жалғыз әйел домбырада ойнап барады. Бұл бедерлі діңгек б.д.д. ХІІІ-ҮІІІ ғасырлардан жеткен мұра дейді зерттеушілер.

Ендеше, осыдан 3400 жыл бұрын да домбыраның қазіргі тұрпаты және осы көлденең ұстау, тарту амалдары тап бүгінгідей болғаны ғой.

Енді атақты Мысыр пирамидаларындағы домбыра аспабына қатысты деректерге келейік. Мысалы, Нахт қабірінің қабырғасына салынған  суреттегі музыкант әйелдердің ұстап тұрған аспаптарына қарап, бір сәт мынадай ой жүгіртуге болады.

Бұл суреттерде алдыңғы қатарда тұрған қыз адырнада (арфа), екіншісі – шертпелі аспапта (бізше домбырада), үшіншісі – үрмелі аспапта (сыбызғы) ойнап тұр. Ғалымдардың болжауынша, бұл сурет б.д.д. ХҮ ғасырда салынған. Бұдан не аңғарамыз? Яғни, сол кездің өзінде-ақ адырнаның да, домбыраның да, сырнайдың да үлгілері адамзат өмірімен біте қайнасып кеткен дей аламыз. Музыкатанушы Юрий Полидавктің сөзіне иек артсақ, суреттегі 12 ішекті адырнаның арғы тегі бес ішекті доғалы адырна – скифтердің төл аспабы болатын. Пирамидалар отанына бұл аспаптың Орта Азиядан ауысқаны туралы тарихи материалдық дерек көп. Мындай ой айтушылар Орта Азия, Қазақстан территориясында кездесетін ежелден қалған музыкант тас мүсіндердегі садақ іспетті ілмелі-ішекті аспапты дәлел ретінде көлденең тартады. Мысалы, ғалым Р.Л.Садаков жалқы ішекті аспап монархордты садақ тұрпатты арфаның бір түрі дейді және оның (доғалы адырнаның) таза жергілікті, нағыз ұлттық әрі өзгеріске көп ұшырамаған құбылыс екендігін айтады. Мұндай доғалы бір ішекті адырна Жамбыл облысы аумағынан табылған тас мүсінде бейнеленген болатын. Бұдан шығатыны, әлі де зер салып зерттей, қазбалай түссек, бұл тас мүсіннің де бізге берер жаңалығы көп болатын сияқты.

Енді тағы бір сәт Нахт қабірінде кездескен осыдан 3600 жыл бұрын бейнеленген шертпелі аспапқа мұқият көз салайық: дөңгелек жұмыр шанақты, жіңішке мойын, әрі ұзын, қос ішекті, бір тиекті, екі құлақты, үклі шашақты. Шанақтың бетінде ойығы бар. Құдды аумаған домбыра! Тіпті, көмей ойығына дейін қазақтікі!

Қазақтың домбырасы ежелгі Мысырда қайдан жүр дегенге келсек, бұл да байырғы баба түркілер тарихының бізге әлі құпиясы ашылмаған бір бет  парағы сияқтана береді... 

Осы ретте 1927 жылы археолог С.И. Руденко Алтайдағы Урсул өзені орта ағысында орналасқан көне Шибе қорғанын (сақ қорғаны) қазу кезінде одан тұрпаты қобызға ұқсас музыка аспабын тапқаны жөнінде де айта кетсек артық емес. Әлгі қобызды қайта өңдеп, құрастырып шығарған шебер Васильев, бұл ішекті аспап біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІҮ ғасырда жасалған деген қорытындыға келген (С.И.Руденко. Культура населения Центрального Алтая в скифское время. М; 1960 г.).

 

Алты мың жылдық тарихы бар аспап

Ал, енді келесі болжамды қолдаушылар домбыра тұрпатты музыка аспабының 6000 жылдық тарихы бар екенін айтады. Домбыратанушы Жұмагелді Нәжімеденовтің мәліметі бойынша, Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағынан теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан Жоғары тау шатқалындағы Майтөбе жайлауынан табылған көптеген суреттердің арасынан тасқа қашалған көне домбыраның суреті жұртшылықты елең еткізді. Оны 1986 жылы белгілі этногроф-ғалым Жағда Бабалықұлы тапқанын айта кетейік. Суретте домбыраның артында әртүрлі қимылда билеп тұрған бес адамның бейнесі бедерленген. Бұл суреттің құндылығы сонда – көне дәуірдің бұл ішекті аспабы қазақтың қазіргі қара домбырасынан басқа ешбір аспапқа ұқсамайтындығы талас тудырмайтын деңгейде анық бейнеленгендігінде болып тұр. Аспаптың қос құлағы, яғни екі ішегі бар, мойны ұзын, тиегі, тіпті бетін қақпақпен жапқан қуыс шанағына дейін аумаған қазақтың домбырасы. Аспаптың басына үкі тағыпты. Ал, домбыраға үкі тағу ғұрпы бізде бүгінгі күнге дейін сақталғанын негізге алсақ, Майтөбеден табылған бұл аспапты қазақ домбырасының арғы бабасы деуге толық негіз болатындай...

Белгілі тарихшы-ғалым, академик Кемел Ақышев бастаған ғалымдар тобы тасқа қашалған осы суретті зерттеп, зерделеп келіп, оны кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінің жәдігері деп қорытынды жасаған.

Енді қараңыз: осы табылған сурет расында біздің жыл санауымыздан 4000 жыл бұрын тасқа түскен болса, оған біздің дәуіріміздегі 2000 жылды қоссақ, тарих  көші суреттің тасқа қашалған уақытын 6000 жылға бір-ақ сүйреп әкетеді екен. Бұл не деген сөз? Яғни, бұл – жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы-арғы бабасы қазіргі қазақтың қара домбырасы болып шығады деген сөз.

Ал, 6000 жылдық шежіресі бар бұл тарихи жәдігер қазақтың жер бетіндегі байырғы жұрттың бірі екенін көрсетеді. Осы бір шынашақтай ғана қара домбыра Еуразия даласын апайтөс арғымақтың тұяғымен сабалап, қайқы қылышымен жарты әлемді тізерлеткен бабалар бүгінгі қазақ халқының тікелей бабасы екенін әлемге паш етіп тұрғандай.

Көне дүниеден мұрты бұзылмай бізге жеткен қара домбыра – қазақ үшін тек музыка аспабы емес, ол – ұлт ұйыстырушы, ел тұтастандырушы, бір арман-бір мақсат жолында алға жетелеуші қасиетті құрал.

Домбыра – тұтас бір ұлттың көңіл күйін жеткізуші, жүрек үнін шертуші, үміт отын жағушы киелі аспап. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың тіні, ділі, тілі, үні. Жоғырыда сөз болған тарихи деректер бұл әлемде өз орны бар қазақ жұртының мыңдаған жылдар бойы түрлі өркениет жаратып, рухани мәдениет тудырған ұлық ұлт екенін Алатау мен Алтай, Қара теңіз бен Қап тауынан табылған домбыралардың сериясы бізге айғайлап айтып тұр.

Бұл – қазақтың қара домбырасы шертпелі музыкалық аспаптардың арғы бабасы болып табылатынын білдіруші тарихтың бір парасы ғана. 

 

БОЛАТ ШАРАХЫМБАЙ
04.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 23
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 42
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 15
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 21
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 25
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 21
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 45
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 42
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 255
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 252
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 874

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8949
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8343
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11569
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9327
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10553