Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру жоспары 65 пайызға орындалды

Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру  жоспары 65 пайызға орындалды

Республика бойынша қазірге дейін 9 облысқа газ тартылып, халықтың 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген. Орталық пен солтүстік өңірлерге газ тарту жоспары 2018 жылы Тұңғыш президент, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» атты Үндеуі негізінде жүзеге аса бастады. Елбасы өз үндеуінде: «Қараөзек (Қызылорда облысы) -Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру ары қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деген болатын. Жоспарға сәйкес 2019 жылдан бастап «Сарыарқа» магистральді газ құбыры желісіне Нұр-Сұлтан қалаcы қосыла бастады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының тархи жобасы – Арқа төсіне көгілдір отынның келуін ерекше бақылауында ұстап, бүгінде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 2019-2025 жылдарға жоспарланған астананы газдандыру жобасы 3 кезеңнен тұрады. Ресми ақпаратқа сәйкес қалаға газ құбыры келгелі бері 2 жыл ішінде елордада 650 шақырымнан астам кварталішілік газбен жабдықтау желілері салынды. «Көктал-1», «Көктал-2», «Железнодорожный», «Агроқалашық» тұрғын алаптарының тұрғындары газға қосылды. Күзден бері Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Агроқалашық (қосылмаған бөлік) елді мекендерінің тұрғындарын газға қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Барлығы 1626 тұрғын үйді газдандыру жоспарлануда, оның ішінде Интернациональный тұрғын алабында – 1182, Мичурино – 226, Күйгенжар тұрғын алабында – 236 үй.

 Бұған дейін елорда әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ұлттық операторы  арасында жаңа салынған газ тарату желілеріне сенімгерлік басқару шарты жасалды. Бүгінгі таңда газды іске қосудың төрт кешені пайдалануға берілді. Қалаішілік газ тарату желілерін жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік бюджет есебінен салуда. Жақында қала әкімі Алтай Көлгінов ЖЭО-3 қазандығының құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанын хабарлаған болатын.

 – ЖЭО-3 қазандығы 6,5 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екі газ қазандығының құрылысына кірісеміз. Олардың қуаты ЖЭО-3 қуаттылығынан екі есе асып түседі, бұл тапшылық болжанып отырған учаскелерді және болашақ құрылыс учаскелерін жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Маңызды стратегиялық нысанды іске қосу 2022-2023 жылғы жылыту маусымына жоспарланған, – дейді қала әкімі. 

Жалпы жоғарыда айтқанымыздай қазір астананы газдандыру бойынша жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. А. Көлгіновтың айтуынша, Алматы мен Сарыарқа аудандары толықтай газбен қамтылды. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен бірлесе газ тарату желілері Интернациональный, Мичурино және Күйгенжар елді мекендеріне жүргізілді.

 – Газға көшудің артықшылықтары көп. Газ қолданыста ыңғайлы, экологиялық тұрғыда таза әрі қауіпсіз. Бүгін газға көшкен бірқатар елді мекеннің тұрғындарымен кездестік. Орташа есеппен алғанда олар 20-60 тонна көмір жұмсап келген. Үйлер газға қаншалықты көп қосылса, қала атмосферасына зиянды заттардың шығындысы соғұрлым азаяды, – дейді әкім. Ал Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Қайыркешұлы: 

– Негізінен астананы газдандырудың 3 кезеңге арналған жоспары бойынша 22 мың үй газға қосылу керек. Былтырдан бері 1,5 мың үй толық газға қосылды, яғни барлық жобаның 65 пайызы орындалды деп есептеуге болады, – дейді. 

Сондай-ақ Мақсат Қайыркешұлының айтуынша, жоспарға сәйкес қалада бұрыннан бар ЖЭО-1 және ЖЭО-2 қазандықты газға қосу жұмыстары толығымен аяқталып, ЖЭО-1-де 7 қазандық, ЖЭО-2-де 6 қазандық газбен қыздырылып тұр. – Қазір ЖЭО-3 қазандығы толық газбен жұмыс істеу үшін газ құбыры тартылып, газ станциясы қойылды. Бұрын орталықтандырылған жылу жүйесі болмаған аудандарда, яғни Көктал, Қырқыншы секілді елді мекендерде 21 әлеуметтік нысанды (мектеп, балабақша, аурухана) газға ауыстыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Егер мұндай әлеуметтік нысандарды толық газға қосатын болсақ, жыл сайын бюджеттік қаражат газ тұтыну есебінен 3-4 есеге үнемделеді, – дейді Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы. 

Табиғи газды алғаш тұтынуда ескеретін бір жайт, ол газ тұтыну кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау. Мақсат Қайыркешұлының айтуынша газ және газ жабдығын пайдалануға байланысты төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін төмендету мақсатында әкімдік өкілдерімен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар, тексеру, газ жабдығын қауіпсіз пайдалануды сақтау және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін және жеке тұрғын үйлерді, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерін аралау жөніндегі қағидаларды түсіндіру үшін мобильдік топтар ұйымдастырылады. Олар бүгінге дейін қала бойынша 20 мыңнан астам адамға консультациялық кеңес берілген және 4 600 тұрғынға газға қосылу бойынша шарттарды алуға көмектескен. Ал жоба жүзеге асырыла бастағалы бері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға газға көшуге көмектесу үшін әкімдік тарапынан жеңілдіктер қарастырылған.

 – Басты критерий – басқа тұрғын үйдің болмауы және төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы (153 872 теңге). Бұл санаттарға 90 АЕК мөлшерінде ақшалай көмек бөлеміз – бұл 260 мың теңгеден астам қаражатты құрайды. Әлеуметтік көмектің осы түрін алуға өтінімді egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы қалдыруға болады, – дейді әкім. 

Жоспарға сәйкес 2023 жылы қала толықтай газға қосылса, 2025 жылға дейін қала маңындағы елді мекендерге газ тарту жұмысы толық аяқталады. Алайда газға қосылған тұрғындар тарапынан «Екі күннің бірінде газ өшіп қалады», «Газ құбыры қатып қалған жағдайда кім көмекке келеді, алғашқы сәтте не істеу керек» деген мәселелер жиі естіліп қалып жатады. Мақсат Қайыркешұлының айтуынша, физикалық қасиеттеріне байланысты газ 190 градусқа дейін қатуы мүмкін емес. Текникалық мамандар газ құбырын тартқан алғашқы жылдары газ тұтыну аз болғандықтан, газбен араласқан ауа (температураның өзгеруіне байланысты) қырауланады дейді. Мұндай қауіп байқала қалса немесе тұрғындар тарапынан өтінім түссе бірден «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ұлттық операторы ақауларды жою бойынша тиісті қызмет көрсетеді. – Тұрғындарға ерекше ескертетін жағдай газға қосылған алғашқы жылдары газ желілерінде авария болуы мүмкін, құбыр үзіліп кетуі мүмкін. Осындай кез келген инженерлік жүйеде орын алып жататын кемшіліктерді ескере отырып, әр тұрғынға берілетін техникалық шарттарда әр тұрғын алтернативті түрдегі жылыту жүйесін қалдыруы керек, Яғни бұрынғы орнатылған пештерін демонтаждау қажет емес. Ондай практика бізде ғана емес еліміздің газға қосылған барлық аймағында алтернативті түрде жылу беру құралы болу керектігі қарастырылған, – дейді. 

PS: Еліміз Тәуелсіздік алған 30  жылда халық игілігі үшін атқарылған талай жобалар қатарында орталық пен солтүстік өңірге газ құбырын тарту мәселесі ең өзекті мәселе болғаны белгілі. Республиканың отындық баланс құрылымын газға қарай өзгерту, Ақмола өңіріне газ тарту жұмысы сонау 1963 жылдары ойластырыла бастаған. Алайда басқасын айтпағанда, тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақытта бірнеше ірі жоба қолға алынып, жүзеге аспай қалды.  Бірақ Үкімет елімізді 2015-2030 жылдарға дейін газдандырудың бас схемасын 2014 жылы бекітті. Дегенмен Арқа төсіне газ құбыры 2019 жылдың қыркүйегінде ғана тартыла бастады.

Газ, ең алдымен, тұрмыста қолдануға ыңғайлы отын, екіншіден, экологиялық ахуалға оң әсер етеді. Әсіресе қыста тымық күндері көмірмен жылытылатын жер үйлердің, жылу электр орталықтарының мұржаларынан шыққан түтін иісі қала тұрғындарын тұншықтырып, қолқаны қауып, көзді ашытып, тыныс алуды қиындататынын ескерсек, алдағы жылдары газға қосылу арқылы көк түтіннен көзіміз ашылатын күн де алыс емес.  

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
02.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 178
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 173
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 683
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 803
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 717

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8873
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8268
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11496
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9252
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10479