Өлең-жырдың дүлдүлі

Өлең-жырдың дүлдүлі

Астана аспанында ән әуелеп, жырдан шашу шашылды

Мойынқұмның дүлдүл ақыны, композитор Болатбек Әбішев ат арытып астанаға келгенде елордадағы Ұлттық академиялық кітапханаға өзінің төрт томдық жыр жинағын табыстап, жырдан шашу шашып, астана аспанын әнге бөледі. «Жастар» сарайында ақынның «Мойынқұм жырлайды» атты жыр кеші болды. Қазақтың ән әлемінде шоқтығы биік қазақ әнінің құтын қашырмай, қара домбыраның қасиетін бағалай білген «Тараз триосы», Досымжан Таңатаров, Зәуре Әбзиева, Қажымұрат Абдықадыров, Жоламан Қожиманов сынды әнші-жыршылар орындаған Болатбек Әбішевтың қаламынан туған жан тебірентерлік нәзік иірімге толы сазды, назды жырлары жүректен жүрекке жетіп, әдемі әуенімен көрерменнің көңіл қошын көтерді.

Елі дарқан, жері бай Мойынқұм – талай таланттың тұсауын кескен құт мекен. Балқаш көлінің оңтүстігі мен Бетпақдаланың солтүстігін алып жатқан құмды алқап – талай ән мен жырға арқау болған киелі өлке. Адам баласы туған жердің табиғатына тартпай қоймайды деген рас сөз. Ақын-сазгер Болатбек Әбішев те өзі туып-өскен өлкесінің табиғатына тартып туған азамат. Қазақ саз әлемінде өзіндік үні мен бөлек қолтаңбасы бар ақын бірде:

...Құмда тудым, Мойынқұмда, құмда мен,

Бұл туралы талай мәрте жырлап ем.

Тең келмейді, шыным осы өзіңе,

Кеуде керіп мақтанса да күллі әлем, – деп жырласа, бірде:

...Назданып үлбіреген,

Дірілін білдірмеген.

Ғажайып хош иісті,

Гүл едің үзілмеген... – деп, тұла бойы сезімге толы жырларымен оқырмандары мен тыңдармандарының жүрегіне жол табады.

Болат Әбішевтің шығармашылық кешінің көрігін қыздырып, ақын жырларына тән сағыныш, махаббат сынды сырлы сезімдер мен сазгерлік нәзік иірімдер жайлы сыр шертіп, ойларымен бөліскен «Мәдениет қайраткері» Мақсат Сейдалиев, әнші, актер Қанат Жүніс, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Асылхан Шүңіреков, Зәуре Әбзиева сынды өнерсүйер, жырсүйер қауымның ақынға айтар лебізі, жүрекжарды тілегі де аз емес екен. Тұла бойына сөз өнерінің киесі қонып, сезім қылын шертер сазды әуеннің құдіреті дарыған ақын-сазгер Болатбек Әбішев жайлы кеңінен толғап, шығармашылығына тән өзіндік қолтаңбасы жөнінде де сөз қозғады. Әдемі естеліктермен өріліп, ән әуенімен үндесе, сахна төріндегі экранда Мойынқұм өңірінің тамыры терең тарихынан бейне көрсетілім қойылып, бимен өрнектелген жыр кешінде қазақтың киелі қара өлеңінің құдіреті кей сәттерде:

...Сыр ашпайды сенің құла түздерің,

Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.

Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбырамның пернесінен іздедім... – дегендей, күй болып құйылып, қалың көрерменнің жүрегіне қонақтап жатты.

Халқымызда «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген сөз бар. Ұлт руханиятына олжа салып, өскелең елдің өмір тарихын жыр жолдарына арқау еткен ақын-сазгер Болатбек Әбішевтің ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласына жырдан шашу шашып, кітаптарының бүкіл қазаққа ортақ Ұлттық академиялық кітапханадан орын алуына септесіп, қолдан келген көмегін аямай, өнерпаз топты бастап, арқаға ат арылтып келген Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков те Болатбек Әбішевтың шығармашылығы, азаматтық болмысы жайлы пікірін білдірді.

– Таулары – тарих, даласы шежіре саналатын қабырғалы Мойынқұмның топырағынан нәр алып, жусаны мен сексеуілін жырына арқау еткен ақынның жазар жыры мен шертер сыры таусылмасын. Болатбек Әбішев ағамыз бойында ақындық пен сазгерлік қатар тоғысқан, тұлғалы азамат. Ауданымыздың мәдениет саласының дамуына қосқан еңбегі зор. Шығармашылық шалқар шабыт, денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Астана жұртшылығына рақмет! – деді аудан әкімі Әлихан Балқыбеков.

Ал өз кезегінде сөз алған «Мәдениет қайраткері» Мақсат Сейдалиев:

– Болатбек Әбішев сонау 1965 жылы Мойынқұм ауданы құрылған жылдардан бері ауданның әрбір шаруасына өз үлесін қосып, кірпішін қалады. Мойынқұмда атқарылған әрбір істе Болатбектің қолының таңбасы, маңдайының тері бар. Туған жерін жақсы көрді, сүйді, махаббатына айналды. Сол махаббат 60-70-ке келгенде поэзия болып төгілді. Бүгін ақынның жүрегінен төгілген поэзия ән кешінің арқауы болып, тыңдарманының жүрегіне жол тапты. Болатбек Әбішев – дана қария. Даналығы поэзиясында жыр болып өріліп, ақынның бейнесін дараландырып тұр, – десе, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Тараз триосының» әншісі, М. Беспаевтың ең алғашқы ұстазы Асылхан Шүңіреков:

– Болатбек Әбішев ағамызды сонау шаруашылықта жүрген кездерінен білемін. Бірақ бұл кісінің өлең-ән жазатын ақындығы мен сазгерлігін білмейтін едім. Он, он бес жыл болды, біздің «Тараз триосына» келіп, өз әндерін ұсынды. Қазір біз орындап жүрген «Ақбота», «Нағашы», басқа да әндері тыңдарманның жүрегінен орын алып, құлақ құрышын қандырар әсем әндердің қатарына қосылды. Ағамызға шығармашылық табыс, денсаулық тілейміз, – деді.

«Болатбек Әбішевтің «Мойынқұм жырлайды» атты ән кешінде тек ән айтылып, күй шертіліп қана қойған жоқ. Тарлан тарих ішіне бүккен талай сырлар мен ел аузында жүрген аңыз-әңгімелердің, қазақтың біртуар азаматтарына тән ерлік пен өрлік, өнегелі, өрелі, тағылымды, тағдыр талайлы өмір өткелдері де әңгіме арқауына айналды. Әнші, актер Қанат Жүніс:

– Бүгінгі кеште ағаның дәл қасында отырып, нағыз шығармашылық адамының жүрек тебіренісін көрдім. Әр туындысы өзінің перзенті секілді ғой, әр әні айтылған сайын толқып отырды. «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз рас. Ағаның әр әніне клип түсіруге болады, әр әні дуэт болып орындауға сұранып тұр. «Сырт көз¬ – сыншы» дейді, концерт танымдық деңгейде тамаша өтті. Елдегі өнерді астанаға алып келіп, өнерпаздарды үлкен сахнада ән салдырып, оларға да үлкен қолдау жасап, көрерменмен таныстырып жатыр. Бүгінгі қуаныш үстіне қуаныш, сүйінші хабар келіп жатыр. Құдай қаласа, желтоқсан айында астанада Алаштың 105 жылдығы мен Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Алаш жолы» шығармасы қойылатын болды, – деп, ақжолтай жаңалығын жеткізді.

«Мойынқұм жырлайды» деген ән кеші болады екен, Болатбек Әбішев астанаға келеді екен» деп естігелі бері, ақынға тілекші болып жүрген «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Elana» сайтының бас директоры Сәуле Мешітбайқызы:

– Бүгін мен үшін әдемі кеш болды. Ауылды сағынып жүргенде, астанаға ауыл көшіп келгендей болды. Биназар бабамның рухы қолдап, Мойынқұм ауданының бүкіл өнерпаздары келіп, «Тараз триосы» шашбауын көтеріп, ән кеші керемет тағылымды, танымдық рухани кешке ұласты. Өзім де алыс жолдан таңертең ғана шаршап келіп едім, бірақ Болатбек Әбішевтің ән кеші болады екен, кітабының тұсаукесері өтеді екен деген соң, үйде тыныш жата алмадым. Өзіне тән дарыны мен даралығын, қарапайымдылығын сақтап, мұнша өнерді көтеріп жүру де тегіннен-тегін емес. Сабырлы, салмақты қалпыңмен жүректен шыққан жырларыңды халқыңа арнап жатырсың. Ел аман болсын. Ананың тілегі, қыздың тілегі – елдің амандығы. Берекелі, бейбіт заман болсын! – деп, ақжарма тілегін арнады.

Ал «Қара шаңырақ» жобасының авторы Тұрар Сәттарқызы:

– Шынында да, Мойынқұм – кие қонып, құдірет қонған мекен. Өйткені Жазылбек Қуанышбаев атадай еңбек адамын, Қайрат Рысқұлбековтей қаһарман ұлды тудырған киелі өлке. Бүгін Болат Әбішев ағаның шығармашылығынан «шөліміз қанғанша» сіміріп, әндеріне құлаш құрышы қанды. Көңіліміз көтеріліп, ән бесікте тербеліп, ерекше күйге бөлендік. Ағаның шығармалары саф алтындай таза, қазақтың қара сөзінің қаймағын өн бойына сіңірген, тілі жатық, Абай хакім айтқандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» шымыр екен. Ағаның шашбауын көтеріп келген өнерпаздарға рақмет! Жасап, жайнай беріңіздер! – деген лебізін білдірді.

Сәл шегініс жасап, Мойынқұм өңірінің тарлан тарихы, талантты ұлдары, біртуар тұлғалары жөнінде таңды таңға ұрып талай-талай тағылымды дүниелер айтуға болады. Бірақ біз тек қана кешегі Кеңес өкіметі кезінде атағы ат үркітіп, дүрілдеп шыққан Жамбыл облысының шалғайда жатқан Мойынқұм ауданында құрылған «Мойынқұм» ән-би ансамблі туралы айтсақ та көп нәрседен хабардар боламыз. Олай дейтініміз, «Мойынқұм» өнер ұжымы қаз тұрып, қадам басқан-ақ көп ұзамай 1978 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде екі-үш концерт қойып, алып қала тұрғындары мен қонақтарының ризашылығына бөленген екен. Сол кезде бүкілодаққа тарайтын бас газет – «Правда» «Поют домбры» деген «Мойынқұм» ән-би ансамблі туралы көлемді мақала жариялапты. Сөйтіп, 1979 жылы КСРО-ның Порту¬галиядағы мәдениет күндері болып, «Мойынқұм» ән-би ансамблі Порту¬галияда өнер көрсетіпті. Халқымыз «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтпайды. Талант «Қап түбінде жатқан алтын кездіктей» жарқырап, жарқ ете қалатын кездер болады. Сол секілді Болатбек Әбішевтың да тас жарар таланты, кие қонған ақындығы елорда төрінде қалың көрерменімен қауышып, кітаптары оқырмандарының қолына жетті. Жырлары көрерменнің құлақ құрышын қандыра астана аспанын әнге бөледі. Қасиетті ән өнері қонған «Тараз триосы» бастаған өнерпаздар Болатбек Әбішевтай ақын-сазгердің шабытына шабыт қосып, шығармашылығының шырайын кіргізді. Туған топырағының құдіреті мен киесін жырларына арқау еткен ақын-сазгеріне аудан әкімі мен өнерпаздары, шапан жауып, қошамет-ниет білдірді, астаналық көрермен ризашылықпен қол соғып, бас иіп, құрмет көрсетті.

Жүрегін жыр тербеп, топырағынан алыс кетпесе де сағыныш болып жанынан қалмайтын туған өлкесін шығармашылығының шыңына балаған Болатбек Әбішев:

– Құрметті елордалықтар, бұл көптен күткен іс-шара еді, ойдағыдай өтті. Қазағымыздың өнері өлмесін. Халық пен өнер егіз. Халық бар жерде өнер өлмейді. Халқымыз аман болсын! Жыр кешінің шырайын кіргізген барлық өнерпаздарға, Жоламан Қожиманов, Досымжан Таңатаров, «Тараз триосына» алғысым шексіз. Келген сапарымыз ойдағыдай болды. Осындай жақсыжақсы кештерде жүздесуді нәсіп етсін! Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне, «Хабар» арнасының «Оян» бағдарламасына, Қазақ радиосына, әсіресе «Qazaqstan dauiri» газетінің директоры Сәуле Мешітбайқызына алғыс айтамын. Қолдау білдіріп, өзінің басшылығымен мойынқұмдық өнерпаздардың басын қосып, астанада ән кешін ұйымдастыруға, кітаптарымның Ұлттық академиялық кітапханада тұсауының кесіліп, оқырманға жол тартуына қолғабыс еткен аудан әкімі Әлихан Балқыбековке алғысым шексіз. Еңбегіне табыс тілеймін! – деді. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
01.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8775
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8175
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11404
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9158
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10389