Өмірі өнеге

Өмірі өнеге

Әбдісүлейменова Марина 

Шоғанбекқызына арнаймын

 

Нұрқасым Алматы облысының шығысындағы шекаралы аймақта орналасқан Сүмбе ауылының тумасы. Мектепте үлгілі оқушы атанды. Мектепті бітірген соң Отан алдындағы парызын өтеу үшін әскер қатарында қызмет етті. Солдаттардың аспазы татар қызы Мадинамен танысып, екеуінің арасында сезім гүлі бүршік жарады. Әскерлік мерзімі аяқталып, Нұрқасым мен Мадина қол ұстасып ауылға келеді. Олар тату-тәтті өмір сүріп жатты.

Нұрқасым қысқа мерзімді бухгалтерлік курсты тәмамдап, колхозда есепші, ал Мадина дала қостарында шөпшілерге, тракторшыларға, тағы басқа еңбек көрігін қыздырған колхозшыларға аспаз боп еңбек етті. Өз ортасында турашыл, тік айтатын мінезінен көп адамдар жақындасудан жасқанатын. Сондай-ақ жағымпаздықты жаны сүймейтін. Нұрқасым ата-бабасының шежіресін жақсы білетін. Кімнің кімге жақын екенін, аталарының өсиеттерін, жеке қасиеттерін кейінгілерге білдіруді өзіне міндет санайтын. Нұрқасымның тағы бір ерекшелігі – қанағатшыл, дүниеге қызықпайтындығы. Өзінің еңбекақысымен ғана өмір сүруді «ешкімнің ала жібін аттамаған, таза адам еді», – дейтін білетіндер.

Көркем әдебиетті, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын көп оқитын. Өзі ғана оқып қоя салмай, сыйлас, сырлас адамдарына оқыған шығармаларын әңгімелеп: «Оқысаң, көп нәрсені білесің. Көкірек көзің ашылады», – деп оқымасына қоймайтын. Білімге құштарлығының ба, ізденімпаздығынан ба, өзі айтқандай көп нәрсені білетін.

Сондай-ақ Нұрқасым туысқаншыл еді. Қариясы бар туыстарына жиі барып, үлкендерге сәлем беріп, хал-жағдайларын біліп тұратын. Көмек керектеріне шамасының келгенінше көмектесетін. Басқа туыстарын да көмек қолын созуға жұмылдыратын. Нұрқасымды өзінен кейінгі іні, қарындастары «связной» аға дейді екен. «Ештен де кеш жақсы» ұстанымын қуаттайтын Нұрқасым есейіп кеткеніне қарамастан Талғар қаласындағы ауыл шаруашылық техникумының бухгалтерлік факультетіне түсіп оқып, бухгалтер-экономист мамандығын алып шығады.

Аяқ астынан жабысқан дерт Мәдинаның өмірін жалмайды. Бүбіжан әжесі өте балажан. Кішкентайынан Гүлдәрмістің уақтылы тамағын беріп, қасына алып жатып, арқасына көтеріп жүруден жалықпайтын. Жалғыз немересінің басынан құс ұшырмайтын. Тіршілігін де тындыратын.

Гүлдәрміс 7-сыныпта оқып жүргенде Бүбіжан әжесі қайтыс боп кетті де, үйде әкесі мен қызы ғана қалды. Гүлдәрміс кішкентайынан үй тіршілігіне араласып, әжесіне көмектесетін. Тамақ пісіруді де үйреніп алған. Әкесі жұмыста болғанда тамағын әзірлеп, кірін жуып, үй тазалап қоятын. Әкесі жұмыстан қайтып, ішке бас сұққанда-ақ қызы алдынан жүгіріп шығатын. Әкесі маңдайынан сүйіп:

– Иә, қызым, не тындырдың? – деп есеп сұрайтын.

– Тамақ пісірдім, кір жудым, су әкелдім, – деп істегендерін тізбелей жөнелетін.

– Қызым, істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы, – дейді екен бұрынғы өткен шешелеріміз. Сол айтқандай, істегенің жақсы-ақ, бірақ ең басты міндетің – сабағыңды жақсы оқу. Болашақта білімді азаматша болуың керек. Білімсіздік – қараңғы түнекпен тең. Алдымен ертеңгі сабақтарыңды дайындап боп, сонан соң үй шаруасына кіріс. Уақыт – өмір, өтіп жатыр. Уақыттан ұтылмау үшін оны тиімді пайдалан. Бір мөңкетіңді босқа жіберме. Жарай ма, қызым?

– Жарайды. Сабағым жақсы, әке.

– Өте жақсы болуы керек. Су тасыма, от жақпа. Бұғанаң бекімей жатып ауыр зат көтерме. От жағуды, су тасуды, тағы басқа ауыр жұмыстарды маған қалдыр.

Нұрқасым қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай алақанына салып, аялап өсірді. Әкесі қызының айтқанына ден қойса, қызы да әке көңілін қалдырған емес. Құрдастары, туыстары Нұрқасымға:

– Басың жас. Неге үйленбейсің? Қашанғы сыртқа шықсаң еркектің, үйге кірсең әйелдің тіршілігін істеп жүресің? – деп ақыл-кеңестерін жаудыратын.

– Қызымды өгей шешенің қолына қаратып жәутеңдеткім келмейді, – дейтін. Бұл отбасымен араласатын көршілер, туыстар Нұрқасымның тәрбиесіне таңдай қағатын.

– Нұрқасым еркек басымен қызын қалай тәрбиелеген десеңші. Өткенде бір бұйымтаймен үйіне кіріп қалдым. Сөйтсем, Нұрқасым шалбарының балағын тізесіне дейін түріп, жейдесінің жеңін сыбанып, еден жуып жатыр. Қызы арғы бөлмеде кітап оқып отыр. Ұялтпайын деп шығып кеттім, – дейді көршісі.

– Е-е, жуса несі бар. Бармақтай қыздың мойнына бар шаруаны артып қойса, жүнжіп кетпей ме, – дейді екіншісі.

– Қызы – сыныбындағы оқушылардың алды екен. Сондай жетістікке жетіп отырғаны – әке тәрбиесі, – дейді үшіншісі.

– Қойшы, әке тәрбиесінің қыр-сырына көздерін жеткізе алмай мыстары құритын.

Гүлдәрміс мектепті бітіріп, Алматыға оқуға кеткенде әкесі үйде жалғыз қалды. Қызы қаладан жиі келіп, әкесінің жағдайын жасап, кірін жуып, үй тазалап кететін. Нұрқасым жұмысынан қол үзген емес. 1986 жылы зейнетке шықты. Қызы оқуын тәмамдап, Іле ауданына қызметке келді. Өзімен бірге істейтін Шойбек есімді жігітке тұрмысқа шықты. Гүлдәрміс әкесін қолына көшіріп алды. Күйеу баласы да ақылды, мейірімді, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін адам боп кездесті. Гүлдәрміс пен Шойбектен үш немере сүйді. Атап айтқанда, Шынар, Дария атты қыздар мен Айбек есімді ұлды кішкентай кездерінен өзі бақты. Балабақшаға бермеді. Зейнеткер болғандықтан немерелеріне өзі бас-көз болды. Балалардың әке-шешесін жұмыстан қалдырмады. Қызын қалай аялап өсірсе, немерелерін де солай аялады.

Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті екенін шынайы сезініп, оларды жан жүрегімен жақсы көрді. Немерелері мектеп жасына жеткенде мектепке де өзі жетелеп ертіп барды. Түсінбегендерін түсіндірді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ұғындырды. Қысқасы, немерелерін үйде өзі оқытты. Жақсы оқып, бір-бір маман иесі болу керектігін саналарына құймақша құйды. Атасының еңбегі жанып, бәрі оқуға түсті. Жоғары білім алды. Бірақ атасы немерелерінің азамат болғанын көре алмады. 2002 жылы қайтыс боп кетті.

Гүлдәрміс әкесін арулап аттандырды. Қырқын, асын беріп, басына ескерткішін орнатып, әке алдындағы міндетін адал атқарды. Атасының өнегесін алған немерелері де атасын еске алып, құран бағыштап отырады. Сүйікті немерелерінің тұңғышы Шынар Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университетінің магистратурасын, докторантурасын бітірген. Досжан есімді жігітке тұрмысқа шыққан. Үш баласы бар.

Дариға Нархозды бітіріп, Халық банкінде жұмыс істейді. Айбек Алматының авиация университетін бітірген. Мамандығы – пилот. Тікұшақ жүргізушісі. Атырауда тұрады. Зәуре есімді қызға үйленген. Екі қызы бар.

 

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер

 одағының мүшесі     

12.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19815
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19632
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34776
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33337
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37159