Өндірісі өркендеген KAZ Minerals

Өндірісі  өркендеген KAZ Minerals

Кең-байтақ жеріміздің кенге бай аймақтары жеткілікті екені баршамызға белгілі. Оны ел игілігіне жаратып, «ұқсата білген ұтады» дегендей, игере білудің жөнін біліп қана қоймай, әлемдік деңгейдегі кәсіпорындардың қатарынан көріну көп ізденісті қажет етеді. Осы тұрғыда Аягөз ауданы Ақтоғай кентінің маңында KAZ Minerals мыс өндіру компаниясының жұмыс барысымен танысу сапарында көптеген қызықты әрі таңдай қақтырар кереметтердің куәсі болдық.

Аталған алып кәсіпорынның бір филиалы саналатын KAZ Minerals Aktogay өндіріс орны да бірқатар жоғары деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізген жайы бар. Оған таяуда арнайы БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырылған сапарымызда куә болдық. 

Биыл бұл өндіріс орнының ашылғанына 10 жыл толып отыр. Мұндағы жұмыс барысының қайсына зер салсаңыз да, басты байқалатыны – өндірістегі қауіпсіздік ерекше бақылауға алынған. Сонымен қатар, өндірістің түрлі сатыларымен жалғасатын жұмысы ауқымды болғандықтан, мамандардың барлығы да өз біліктілік міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы да басты талап болып саналады.  

 

 

Алдымен айтайық, KAZ Minerals компаниясы – еліміздегі заман талабына толықтай жауап бере алатын карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған және сол мақсаттағы жұмыс өрісін үздіксіз кеңейтуді нақты жолға қойған өндіріс орны. Абай облысындағы Ақтоғай, Орлов (Жезкент) және Павлодар облысындағы Бозшакөл кеніштерінде мыс өндіру процесі ойдағыдай атқарылып жатыр. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында екі кеніш пен кен байыту фабрикасы мен Қырғызстанда Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізіліп жатқан жұмыстар да қарқынды. Өткен жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 403 мың тоннаға жетсе, 51 мың тонна концентраттағы мырыш, 162 мың унция алтын мен 4 млн унция күміс өндірілгеніне қарасақ, алдағы уақытта да жұмыс көрсеткішінің арта түсеріне күмән жоқ. 

Қауырт, қарбалас тіршілігінің қызуы бір басылмайтын Ақтоғайдағы жұмыс жер қыртысындағы қазба байлықты бұрғылау, тасымалдаудан басталады. БАҚ өкілдерін осы жерде қарсы алған карьер басшысы Думан Сүлейменов өз ісіне қырағы маман екендігін аңғардық.     

– Қазіргі уақытта карьердің ең терең жері – 210 метр, ал орташа ұзындығы 2 шақырым аумақты алады. Жер қойнауынан алынатын кен тотыққан және сульфидті екі түрінде ұсынылады және кеннің болашақта қайда өңделетіндігі осыдан анықталады. Сульфидті кен бірден осындағы екі кен байыту фабрикасына жіберіледі. Ал комбинаттың әрқайсысының жұмыс өнімділігі жылына 25 млн тоннаны, барлығы 50 млн тоннаны құрайды. Мұндағы тау-кен өндірісінің жұмыстары заман талабына сай шетелдік ауыр жүк көліктерінің тасымалдауымен жүзеге асады. Мәселен, Жапонияның Hitachi компаниясы шығаратын экскаваторларының 5 данасы, ЕХ3600  техникасының 3 данасы орташа есеппен сағатына 2700-ден 3700 тоннаға дейін өндіреді. Тасымалдау үшін САТ 777, 785, 793 маркалы жүк көліктері шығады.  Аз тонналы тиегіштер және қосалқы техника да осы САТ өндірісінен әкелінген. Hexagon компаниясының тау-кен өндірісін тиімді басқаруға және барлық үрдістерді нақты уақыт режимінде бақылап, есептерді автоматты түрде жаңартып тұратын диспетчерлік жүйесі бар. Оған қоса, автоматты жүйені пайдалану кешігулерді азайту арқылы тау-кен массасының өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді және тау-кен диспетчері нақты уақыт режимінде қалыптасқан жағдайды бақылап, басқарып, ықпалын тигізу үшін барлық құралдармен жабдықталған, – дейді  Ақтоғай  карьерінің басшысы Д. Сүлейменов. 

Жалпы, кен орнындағы пайдалы қазбаны тасымалдау негізінен ауыр жүк көліктерінің еншісінде. Екі фабрикадағы мыс концентратының шығымы жылына 215 мың тоннадан 230 мың тоннаға дейін құрайды. Кеніштің тиімді және өндіріс жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлау-инженерлік, геотехникалық, геология-маркшейдерлік қызметтер сынды бірқатар көмекші қызметтер де қарастырылған. Олар кеніштің жағдайын тәулік бойы талдап, бақылайды. Кеніштің геотехникалық тұрақтылығын бақылайтын озық жүйесі бар геотехникалық қызметті ерекше атап өткен жөн, ол арқылы кеніш ернеуінің жағдайы үнемі қадағаланып тұрады. Одан бөлек сканерлер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары сынды геодезиялық және маркшейдерлік жұмыстарды жүргізуге арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл түсірілім мен деректерді өңдеу уақытын қысқартуға септігін тигізеді. 

Карьердегі кен тасымалы жұмысымен танысу барысында заты әйел екендігіне қарамастан жүк көлігін тізгіндеп жүрген қайсар қыздардың біліктілігіне де тәнті болдық. Соның алдыңғы қатарында Ақтоғай кентінен келіп, он бес күндік вахталық әдісте жұмыс атқарып жүрген Гүлнұр Әубәкірова жүр.

Журналистердің кездесіп, сұхбат алмақ ниеті барынан хабардар болған Гүлнұр карьер басында иелігіндегі жүк көлігінен күлімдеп еркін түсіп, еш қысылмастан ортамызға келді. Өзінің айтуынша, негізгі мамандығы қаржыгер екен. Алайда, әкесі мен ағасының осы жерде қызмет атқаратындығы таңдаған мамандығынан бас тартып, тәуекелге баруына жетелегенін жасырмаған Гүлнұр бұл кәсіпті таңдағанына өкінбейтінін айтады. 

– Менің әкем де осы компанияда жұмыс істеген адам. Ағам да осы жерден өз жолын бастаған. Жұмысқа қатысты әңгімелерін тыңдай жүріп, менің де  KAZ Minerals Aktogay карьеріне барып жүк көлігін жүргізгім келетінін айттым. Бұл бағытта әкем де, ағам да қолынан келген көмегін аяған жоқ. Алғаш рет көлікке отырғанда ішкі сеніммен келгендіктен шығар, маған аса қиын тиген жоқ. Әрине, арнайы тағылымдамадан өтіп, бағыттаушымнан сабақ алдым. Қазір ер адамдармен қатар кен тасымалына қатысып жүргенім өзіме қызықты көрінеді, – дейді Гүлнұр.   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай облысына жұмыс сапарында осыдан үш жыл бұрын осы кен байыту орнына келгенде өзінің өр мінезімен, қажыр-қайратын байқатып сөз алғаны да өмірінің жарқын сәттері болып есте қалғанын айта кеткен жөн. 

Жалпы, KAZ Minerals Aktogay кен байыту орнында әр ауысым сайын 3,5 мың адам 15 және 21 күн жұмыс кестесінде еңбек етеді. Кен өндірудің орташа жылдық көлемі 85,6 млн тоннаға дейін жетеді. Кен орны басшылығы көрсеткіш қарқыны алдағы уақытта арта түсетінін, оған толық мүмкіндік бар екенін айтады.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Абай облысы

 

10.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 37
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 68
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 32
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 69
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 178
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 182
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 399
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 362
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 980

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9057
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8453
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11681
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9444
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10661