Өткен оқу жылында 23 автобус жаңартылған болса, биыл 30-ы сатып алынады. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова мәлім етті.
О.Биманованың айтуынша, облыста 209 мектеп бар. Оның барлығы тасымалдауға жатпайды. Мемлекеттен көрсетілетін қызмет бойынша аймақтағы 80 мектепте автобус бар. Оның ішінде шалғайдағы 63 елді мекенде тұратын 5 184 оқушы тегін тасымалмен қамтылған.
– Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі оқушыларды да тасымалдау қарастырылған. Әйтсе де, жергілікті мекенжайы бойынша орыс сыныбы болмай, баласын қалаға тасымалдайтын ата-аналар «көлік бөліңіздер» деп шағымданады. Ал, оқушылар тасымалының ережесіне сәйкес, жергілікті мектеп пен үйдің қашықтығы 3 км-ден асқан балалар автобуспен қамтылады, – деді О.Биманова.
Оқушыларды автобуспен мектепке тасымалдау мыналарды қамтиды: оқушыларды оқу орындарына жеткізу, оқушыларды сабақ аяқталғаннан кейін тасымалдау, туристік-экскурсиялық, ойын-сауық, спорттық және басқа да мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру кезінде оқушылар топтарын арнайы тасымалдау.