Мен Орекеңмен (жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Орысбай Әбділдаұлы) 2020 жылы ақпан айының басында таныстым. Ақкент ықшам ауданы 45 үйдің 4 қабатында Орекең, 3 қабатында мен тұрдым. Алғаш кезіккеннен-ақ байырғы таныс адамдай шүйіркелесіп кеттік. Ешқандай жатсыну болмады. Орекең өте білімді, ішкі мәдениеті бай, жаны таза, кіршіксіз, бауырмал, аңқылдаған ақкөңіл дарқан еді. Бар қазақты құшағына алып, қамқорлық жасағысы келіп тұратын. Ұлтын, Отанын шексіз сүйетін, мемлекетшіл азамат еді. Біз тұрған үйдің сыртқы ауласында шағын бақша бар еді. Соған бәрімізді жинап алатын. Отыруға қолайлы, әңгімелесуге оңаша, жайлы еді. Бәрімізге астымызға қойып отыратын бір-бір кілемше ала келетін. Бәріміз дегенде, жұбайы Баян апай, академик ақын Бауыржан Жақып, журналист, әдебиет сыншысы Әлімжан Әшім және мен Сламхат Сейтхамза. Әрине, әңгімеміз көбінде әдебиет жайында болады. Орекең өте көп біледі екен. Қасым Аманжоловтан, С.Торайғыровтан, Міржақып Дулаттан, Мұқағалидан, Есенқұлдан т.б. кез келген ақыннан жатқа соғады. Әрі әр оқыған өлеңнің қалай жазылғанын астар тарихына дейін қазбалайды. Парсы ақыны Омар Хаямнан, орыс ақыны Пушкин, Анна Ахметовадан ары қарай тереңдеп кететін. Қандай зерек адам, есте сақтау не деген күшті, таңқалып, тамсанып таңырқап жүрдім. Қажытай Ілияс, Нүкеш Бәдіғұл, Жәркен Бөдештермен де көп араласқан екен. Әсіресе Қажытайдың өлеңі, мінезі туралы көп қызықтар айтатын. Бас қосатын сол орынды кеңсе, Орекеңді кеңсе бастығы деп атадық. Әңгіме түннің бір уағына дейін созылатын. Ертең кешке сағат 6-да жиналамыз деп тарасатынбыз...
Орекең таңертең ерте тұрып, бір-екі сағат жаяу жүретін әдеті бар, спортшы екен. Аралап жүріп Қарғалы өзенінің бойындағы қарағаштардың қабығынан айырылып, қурап бара жатқанын байқапты. Қатты уайымдады. «Бұл ағаштар қураса, өзен жағасындағы жасыл желек жоқ болады, қаланың табиғаты бұзылады, дабыл қағу керек», – деді. Әрі ағаштың қабығын кемірген тышқан да, басқа жәндік те емес, тек ұлулар екендігін анықтапты. «Сендер де көріңдер», – деп, Бауыржан екеумізді ертіп барды. Шынымен ағаштың қабығын ақсоя ғып кеміріп тастапты. Әсіресе жас ағаштарды.
«Оңбаған ұятсыз ұлулар!» – деп қояды сөзінің арасында. Баукең осы туралы мақала жазып, «Алматы ақшамы» газетінде жариялады. Артынан қатысты мекемелер ағаштарды дәрілеп қорғап қалды. «Ұлулар оқиғасынан» кейін, Бауыржан Жақып «Ақкент бұлбұлдары» деген табиғатты жырлайтын бір топ тамаша өлеңді оқырмандарға ұсынды. Орекең мен Баян апай үйіне жиі қонақ шақыратын. Әр айда 1 рет десем артық емес. Баян апай дастарқанды майысып жасайды, Орекең ән шырқайды, күй тартады. Әлгінде аталған кеңсе мүшелері түгел сонда боламыз. Ән-күйге масайып, өлеңмен қанаттанып, шаттанып, лепіріп, небір қызық әзіл қағытпаларды естіп, қыран-топан күлкіге мәз болатынбыз. Өткен жылдың маусым айы болса керек, Әлімжан қоңырау шалды: «Үйде болсаңыз, тез келе қалыңыз, кеңседе бастық отыр екен, Баукең де бар секілді», – деді. Онда-мұнда кетіп, біраз уақыт бас қоспаған едік, дереу бардым.
– Бастықтың сақалы құтты болсын! – деді Әлімжан еркелей сөйлеп. Орекең күлді. Баян апай тұрып:
– Орекеңнің әулетінің ең үлкені ағаларың, сақал қойғаның дұрыс деп мен ұсыныс бердім, – деді.
– Рас айтады, сексеннен асқанда бір рет тілін алғаным да дұрыс-ау, – деп, бәрімізді ду күлдірді.
2021 жылы мен көп ауырдым. Орекең мен Баян апай қатты уайымдады. Қайта-қайта жағдайымды сұрап тұрды. Сол жылы қазан айында Қазақстан жазушылар одағы, басқарма төрағасы Бауыржан Жақып, басқарма хатшысы Қасымхан Бегіманов және Ғалым Қалибекұлы 70-ке толған мерей жасымды құттықтап, төраға Ұлықбек атынан иығыма шапан жауып, құрмет көрсетті. Орекең Ұзынағашқа кетіп, келе алмай қалған. Ертеңінде Баян апай екеуі үйге келіп, кітаптарын сыйлап, шапанын кигізіп, ақ батасын берген еді. Бүгін соның бәрі ойыма оралып отыр...
Енді Орекең кішкентай кезінде қолынан жетелеп баулыған Жамбыл атасының жанынан мәңгі тиянақ тапты. Қаралы жоқтау жазу көңілге қандай ауыр деші. Ойым он саққа бөлініп, сөйлемдер құралмай бытырап, күрсініп, тұнжырап, мұңайып отырып жазғаным осы болды.
О, Ореке!
Тарих едің, өлең ең,
Бізді талай ән-күйіңе бөлеп ең.
Соның бәрі қалды енді елес боп,
Қу дүние-ай, жалған едің не деген!
Бақұл бол, Ореке! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!