Даласындай дархан пейілді халқымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір салты, торқалы той мен топырақты өлімді жөнелту дәстүрлері ғибратқа, тәлім-тәрбиеге толы. Жас ұрпақты тірлік сапарында кездесетін қуанышпен қайғыны ортақ еңсеруге, көпшіл болуға, жоққа сабыр, барды бірге бөліп жеуге баулиды. Тәуелсіздік алған соң, асыл дініміздің қайта оралуы, соңғы кезде ел басшымыздың волонтерлікке ерекше көңіл бөлуі бағзыдан келе жатқан игі дәстүріміздің қоғамда сәулеленуіне ерекше серпін берді. Біз тілге тиек еткелі отырған «Өртекес қайырымдылық қоры» соның айқын көрінісі.
Қытайдағы қандастар тұратын үш ауданды (Моңғұлкүре, Текес, Тоғызтарау) басып өтетін Текес өзенінің Қазақстан жерінен бастау алып, шекара аттап, Ілеге құйып, одан қайта өз арнасына (Қазақстан жеріне) оралатыны белгілі. Әне сол Текес өзенінің жоғарғы сағасында туылып, тәуелсіздіктің, елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында қара шаңыраққа оралып, ірге теуіп, кәсібін дөңгелеткен жігіттер «Өртекес қайырымдылық қорын» құрып, өздерінің елге «не алам деп емес, не берем деп келгендерін» нақты әрекеттерімен көрсетуде. Қордың атқарған жұмыстары өте ауқымды, ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Құрылған екі жарым жыл ішінде айтып келмейтін апаттардан зардап шеккен отбасыларға ғана емес, бүкіл елді алаңдатқан Арыстағы жарылыстың, Жетісайдағы су тасқынының зардабын жеңілдетуге, былтыр эпидемиалогиялық жағдай ушыққанда өкпені желдету аппаратын сатып алуға, биылғы қуаңшылықтан жапа шеккен маңғыстаулықтарға қаржылай көмек атады. Әрқайсысына миллионнан астам қаражат аударды.
Әлеуметтік желі арқылы шетелге барып ота жасатуға, дәрі-дәрмек алуға қаржылай көмек сұраған онға жуық отандасымызға тағы да миллион теңге қаржы бөлді. Бәрекелді!
Аяқ астынан көлік апатына түскен, асыраушысынан айырылған басқа да азаматтар мен отбасыларға дер кезінде көмек қолын созды. Тұрмысы төмен отбасылардың отын суын, басқалай тұрмыстық қажеттерін қамтамасыз етуді өз мойындарына алды. Алматы маңындағы Өтеген батырда тұратын Нұрболат Жұмашұлының, Тескенсу ауылындағы Әбілез қарттың, Кегендегі Есболат Әбдіқадырұлының үйлері өртенгенде аталмыш қор қаржылай да материалдық жағынан да көмектесіп, еңбек күшін ұйымдастырып, қысқа уақытта қалпына келтіріп берді. Жалғызбасты асыраушысы жоқ жесір анаға үй салып берді. Тағы екі жағдайы төмен отбасының үй сатып алуына ұйытқы болып, көпшілікті жұмылдырды.
Қордың баспасөз өкілінің мәліметінше аталмыш қор алдағы 2021жылғы жаңа оқу маусымында тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға арнап 30 балаға сумка және басқа оқу құралдарын дайындап таратпақшы. Қайырымды шаралар бұнымен ғана тоқтап қалмақ емес, алда да жалғасын таппақ. Әлемді жайлаған коронавирустың кесірінен елімізде де өлім-жітім, науқастар көбейіп, қымбатшылық орын алып жатқаны баршамызға белгілі. Өртекестіктердің жұмыла атқарған жоғарыдағыдай қайырымды істері жүректерге жылу, көңілдерге медеу сыйлағаны анық. «Өртекес» қорының басы-қасында жүрген азаматтар қордың тындырған шаруаларының бүтіндей волонтерлік жұмыс екенін, жақсылық жасауға жаны құмар көпшіл азаматтардың ортақ еңбегі екенін айтып, есімдерін жария етпеуді сұрады. Біз де олардың өтінішін жөн көрдік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші өртекестіктердің өнегелі істері үлгі етуге лайық.