Өсімі «нөл» экономикамен қанша жерге бармақпыз?

Өсімі «нөл» экономикамен қанша жерге  бармақпыз?

Жаңа жыл қарсаңында Үкіметтің ағымдағы жылдың қортындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын-ала есебін шығаруы дәстүрге айналған шаруа. Билік бұл жолы да сол әдетінен жазбай, аталған шараны жның қорытындысын жария етті. Ол бойынша пандемия тұралатқан 2020 жылдың төмен базасымен салыстырғанда, экономикада кейбір көрсеткіштердің 1 пайызға болса да ілгерілегені байқалады. 11 айдың қортындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,8 пайыз болса, жыл қортындысы бойынша ол 3,7 пайызға тұрақтады. Былтыр экономиканың 2,6 пайызға құлағанын ескерсек, биыл сәл-пәл алға жылжушылық бары байқалады. Бірақ Үкімет пен Бас уәзірдің іс-әрекеті сарапшылар көңілінен шықпай отыр. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Мәселен, GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық: «Шын мәнінде, экономикалық теорияда 1 пайыздық өсім ешқандай өсім болып саналмайды. Ол былайша айтқанда – нөл. Өсім 2,5-3 пайыздың үстінен ары асқанда ғана есептеледі. Бізде жалпы ішкі өнімнің ұлғаюын бағалардың қымбаттауы, инфляция беріп отыр. Сондықтан Үкімет қымбатшылықтың есебінен өсімге қол жеткізіп отыр деп қарастырсақ, онда оны мүлде нашар, біліксіз Үкімет деп санауға тиіспіз. Маған салса, Үкіметтің 2021 жылғы қызметіне «нашар» деген баға беремін. Халық үшін де, бизнес үшін де. Биыл бізде азық-түлік өнімдерінің қымбатшылығы қатты байқалды. Біраз жерде қуаншылық болды. Дизель тапшылығы байқалды. Бұл жерде таяқтың бір ұшы  бірнеше министрлікке тиеді. Үкімет мүшелерінің арасында өзара үндестік байқалмайды. Ұлттық экономика министрлігінің есептеу жүйелері сын көтермейді. Мәселен, қарапайым ғана ең төменгі күнкөріс шегі мен ең төменгі жалақыны анықтауда реалды картина жоқ. Үкімет елдегі ахуалды дұрыс сипаттап, елде қанша жұмыссыз бар, қанша адам өзін-өзі қамтып отыр деген сынды сауалдарға нақты жауап беруі керек қой.  Халыққа түсіндіру жұмысы да екі аяғынан бірдей ақсап жатыр. Бізге сөз жүзінде емес, іс жүзінде іскер үкімет керек»», – десе, «Ұлағат Консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов: «Биылғы Үкіметтің басқаруы кезінде халық кедейлене түсті. Үй шаруашылығының азық-түлікке жұмсаған шығыстарының үлесі бойынша Қазақстан биылғы жылы тағы бір антирекорд жаңартты: үлес 57 пайызды құрады. Бұл Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінің деңгейі. Бизнесте де проблемалар бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 11 айдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестиция 2020 жылғы «пандемиямен» салыстырғанда ең аз өсім (2,7 пайыз) берді. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындар бойынша көрсеткіштердің құлдырауы 14 пайызды көрсетті. Бұл биылғы мұнай бағасы өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға жоғары болып тұрған уақытта болып отыр. Шағын бизнеске тартылған инвестициялар бойынша жағымды көрсеткіш қана тіркелді. Оның өзін әкімдіктер өз көрсеткіштерін жақсарту үшін қолмен «сызған» болып шығуы ғажап емес. Үкімет жұмысының сапасына келсек, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі қаржының игерілуіне қатысты дау-дамай мемлекеттік бағдарламалардың сапасы қандай деңгейде екенін көрсетті. Орасан зор мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына ешкім тиісті бақылау жүргізбеген. Қазір 7-8 есе қымбаттатылған бағамен салынып жатқан көпсалалы ауруханалардың төңірегінде үлкен жанжал шығып жатыр. Кейін осы қарыз мемлекет мойнына ілінеді. Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдай анау. Біз арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай тауар өтіп жатыр. Бірақ біздің өзімізге ештеңе келмейді. Біздің тауарымыз да өтпей тұр. Бұл тапшылық туғызып, бағаны көтеріп, экспорттың дамуына мүмкіндік бермейді. Үкімет қызметінің көрсеткіштерінің сиқы, міне, осы»,— дейді ренішін жасыра алмай. Экономист Айдархан Құсайынов олардан да асып түсіп: «Премьер-министр Асқар Мамин де, ол басқарған үкімет те ештеңе бітірген жоқ. Соған қарағанда, Асқар Мамин ел тарихында минусты премьер-министр болып қалатын сыңайы бар. Әзірше 30 жылдық тәуелсіздік кезеңіндегі ең минусты премьер – Нұрлан Балғымбаев. Ол Үкімет басқарған 1999 жылдың қортындысы бойынша Қазақстан экономикасы 33,8 пайызға құлдыраған болатын. Ал ең жоғарғы көрсеткішті 2006 жылы Үкімет басқарған Даниал Ахметов көрсеткен. Сол жылы экономика бірден 41,8 пайызға өскен еді»,— дейді.

   Үкіметтің қаржы саясатында өзіндік орны бар, оның айтқанымен жүретін Ұлттық банктың Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/–1,00  пайыздық дәлізімен жылдық 9,50 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Осыған дейін базалық мөлшерлеме шілде айында 0,25 пайызға көтерілген болатын.  Ұлттық банктың базалық мөлшерлемені көтеруінің негізгі себебі ретінде теңгенің құнсыздануы мен  қымбатшылықты атап өткен тағы да сол экономист Мақсат Халық: «Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 9,5 пайызға жеткізді. Мұндағы мақсат айқын. Базалық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болған сайын ол теңгенің құндылығын арттырады. Осы арқылы ұлттық банк қымбатшылықты тежегісі келеді. Экономикадағы заңдылық бойынша егер теңгенің құны артса, қымбатшылық тоқтайды. Банкте несие пайызы жоғары болған сайын көп азаматтар несие алуды доғарады. Тиісінше ол азаматтар қымбат тауарларды алуға құлық танытпайды. Тауарға сұраныс өте жоғары болмағандықта, оның өнімділігі төмендейді. Бұл жағдайдың халық үшін тағы бір оңтайлы тұсы – банктегі депозиттік жинақ мөлшерлемесінің сыйақысы артады. Егер ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмен түсірсе, елдегі кәсіпорындар мен  халыққа несие алу қолайлы болмақ. Алайда жағдай керісінше болып отырғандықтан мұның  халыққа тигізер кері әсері де бар. Базалық мөлшерлемені көтерудің жағымсыз жақтары ретінде банктердегі несиелердің  пайыздары  өсетінін айтуға болады. Мұндай жағдайда халық пен бизнестегі азаматтарға несие алу мүлде тиімсіз. Қазіргі пандемия жағдайында әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ,  дамыған елдер базалық пайыздық мөлшерлемелерін 0 пайызға дейін төмен түсірген. Олардың негізгі мақсаты – іскерлік белсенділікті арттыру арқылы мүмкіндігінше бизнесті дамыту. Ал біздің елде бәрі керсінше болып жатыр. Ұлттық банктың базалық мөлшерлемені жоғарылатуы салдарынан елдегі кәсіпорындар  бизнесін әлсіретіп алуы мүмкін. Ал ол өз кезегінде экономикаға кері әсер етеді. Бұл — бизнес қана емес, экономика да тоқтады дегенге сай келеді»,  – дейді.    

    Біз бір мақалада экономиканың барлық саласын қопара көтеріп, егжей-тегжейлі сараптама жасауды мақсат тұтқан жоқпыз. Десе де, сарапшылар айтқан пікірден экономиканың қаншалықты әлсірегенін, халық тұрмысының қаншалықты дәрежеге құлдырағанын анық аңғаруға болады. Сол себепті, мұрнына экономиканың иісі баратын жандар болса, сарапшылар сөзінің жаны бар екенін бағамдар деген ойдамыз. Бұған сіз не дер едіңіз, оқырман қауымы?

 

Ермек САХАРИЕВ
11.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 81
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 603
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 720
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 632
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 642

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8779
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8179
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11408
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9162
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10393