Белгілі журналист-ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің профессоры Рахима Шәріпқызы Нуриден ел алдында, әріптестер алдында есеп беретін мерейлі межеге абыроймен аяқ басып отыр. Рахима Шәріпқызы жетпісінші жылдардың соңын ала М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (қысқаша МГУ-дің) журналистика факультетін тамамдады. Атақты оқу ордасынан алған білім-білігін тәжірибеде де, теорияда да көрсете білді. Еңбек жолын Қазақ радиосының шетелдерге хабар тарату Бас редакциясында редактор болып бастаған Рахима тәжірибені ғылыммен ұштастырып, диссертациясын «Қазақша хабар тарататын шетел радиолары» тақырыбы бойынша қорғады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің радиожурналистика кафедрасын меңгерді. Бұдан соң қызмет бабымен Астанаға ауысып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі, радиожурналистика бойынша доцент болып қызмет атқарды. «Шетелдердегі қазақ радиолары», «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралдарының, «Халықаралық радиожурналистика» оқулығының, «Радиожурналистика» оқу-әдістемелік кешенінің, сондай-ақ «Азаттық» радиосынан сөйлеп тұрмыз» атты зерттеу еңбектің авторы. Сөйтіп, Рахима Шәріпқызы қазақ медиатану ғылымындағы сүбелі сала-радиожурналистикада өз сорабын салды.
Бұл еңбектер кез келген зертеуші қанжығаға қомсынбай байлауға татырлық. Дегенмен Рахиманың отандық журналистика ғылымына қосқан үлесі, соны лебі деп оның рухани журналистиканы зерттеуге тұңғыш түрен салуын айтар едім. Бұл жөнінде Рахима Шәріпқызының өзі бұдан сегіз жылдай бұрынғы сұхбатында: «...қазір социализм қоғамындағы руханият емес, тәуелсіз елдің рухын көтеретін бір ұлттың тұтас рухани әлемін қамтып, рухани дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға құдіреті жететін рухани журналистика пайда болды деп айтуға негіз бар. Әрине, ұлт тәрбиесінің рухани бастауындағы ел Президентінің иманды тұлғасын сомдайтын да бұқаралық ақпарат құралдары...» – деп атап өткен болатын. Рухани даярлық пен үлкен білімді талап ететін бұл тақырыпты игерер жолда Рахима Астанадағы мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығында бөлім меңгерушісі болды, кейіннен Иран Ислам республикасының халықаралық телерадиохабар тарату қызметінің шақыруымен қазақша хабарлар редакциясында қызмет етті.
Рухани журналистика... Оқырман назары енді ғана ауа бастаған осынау соны ұғым қысқаша тоқталып өткенді қажет етеді. Журналистика еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму факторы, бұқаралық-ақпараттық қызмет саласы ретінде жаңаша өрістей бастағаны белгілі. Қоғамның түрлі салаларына көңіл бөлуіне орай оны саяси, экономикалық, экологиялық деп қарастырып жүрміз. Енді осы журналистика салаларына Рахима Нуриденнің зерттеулері арқылы рухани журналистика да қосылып, байыта түсті деп санауға толық негізіміз бар. Жалпы алғанда тіл, діл, дін руханият ұғымына кіреді. Рух деген сөздің түп-тамыры діннен бастау алады. Руханият, рухани тәрбие, рухани байлық, рухани қазына, рухани тазалық ұғымдарының түйісер тұсы да дінде жатыр. Сондықтан «Рухани журналистиканың» ауқымы кең.
Рахима Шәріпқызының руханият тақырыбын журналистика теориясы тұрғысынан талдайтын «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралында бұл мәселе ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерделенсе, «Қазақ рухани журналистикасы» монографиясында тарихи-диалектикалық, гносеологиялық көзқарас негізінде жүйеленіп, сараланады. «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Астана хабары», облыстық газеттер мен «Ақиқат», «Жұлдыз», «Абай», «Парасат» журналдары, діни-танымдық газет-журналдар, Қазақ радиосы мен теледидары, тәуелсіз телеарналардың діни хабарлары ой елегінен өткізіледі, сондай-ақ «Дала уалаятының газеті», «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында жарияланған мақалалар да қарастырылады. Діни хабарлар таратуды аудиторияның сұранысын қанағаттандыратын, қоғамда рухани ахуал орнатудың бір әдісі деп білетін шетелдегі бірнеше радиолардың да тәжірибесі сарапталады.
Ғалым қазақ баспасөзінің дүниеге келуінен бастап, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарына дейінгі аралықтағы руханият мәселелерінің көріністерін жүйелі сараптап, діннің алатын орны мен атқаратын рөлін жарияланымдар арқылы зерттеп, халқымыздың дінге деген көзқарасының тұтас бейнесін жасау арқылы қазақ рухани журналистикасының қалыптасуын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Бұл орайда қазақ журналистикасында рухани құндылықтарды баспасөз арқылы насихаттауға атсалысқан Алаш қайраткерлері қосқан үлесті зерделеп, кеңестік кезеңдегі атеистік насихаттың кері ықпалының зардаптарын ашып көрсетуге, тәуелсіздік тұсында рухани басылымдардың пайда болу, қалыптасу, даму бағыттарын айқындауға күш салды. Руханият мәселелерін сөз еткен мерзімді басылымдар мен олардың беттерінде жарияланған мақалаларға талдау жасады, радио мен теледидардағы діни хабарлардың пішіндік, жанрлық ерекшеліктерін, елімізге енген секталардың ұлттық қауіпсіздікке қатерін ой елегінен өткізді. Сонымен қатар баспасөзде жазылған, радиодан оқылған, теледидардан көрсетілген руханият тақырыбына арналған материалдардың жанрлары мен пішіндерін, берілу әдістерін, дін тақырыбына жазып жүрген қаламгерлердің шығармашылық ерекшеліктерін сараптады.
Инемен құдық қазғанға барабар зерттеуші еңбегі тізіп шыққанға ғана оңай. Рахиманың көз майын тауысып жазған «Қазақ рухани журналистикасы» және «Ислам журналистикасы» монографиялары қазақ журналистика ғылымындағы осы тақырыптағы тұңғыш еңбек болғандықтан, тоқтала кеткеніміз жөн. Бұл еңбектердің басты нәтижелері мен жетістіктері мынадай. Оларда рухани журналистика жүйесінің қалыптасуы мен даму бағыттары кешенді түрде зерттеліп, ғылыми-теориялық, әдістемелік негізі сараланып, оның тарихи негіздері анықталған. Зайырлы баспасөздің рухани қызметін саралау барысында көптеген мақалалар ғылыми айналымға енгізілген, қазақ журналистика ғылымына «діни-танымдық баспасөз», діни журналдар, зайырлы баспасөздің рухани қызметі ұғымына анықтама берілген, олардың жанрлық, тақырыптық, мазмұндық қырлары ашылған. Сонымен қатар діни-танымдық басылымдардың сараптаулы кешенді жүйесі ұсынылғанын, электронды ақпарат құралдары діни хабарларының пішіндік, жанрлық ерекшеліктерін талдау нәтижесінде тұңғыш рет телерадиодағы рухани тақырып ғылыми айналымға енгізілгенін атап көрсеткеніміз жөн. Монографияларда сондай-ақ ХХ ғасырдағы дін білгірлері Ақжан Машани, Халифа Алтай, Әбсаттар Дербісәлі шығармаларының рухани публицистикаға қосқан жаңашылдықтары жеке-жеке қарастырылып, ерекшеліктері анықталады. Рахима Шәріпқызы еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің ұлттың рухани бет-бейнесін қалыптастырудағы рөлін көптен зерделеп келеді. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Айқап» журналында «Қазақ баспасөзіндегі руханият тақырыбы» атты мазмұнды мақаласы жарық көрген 2021 жылдан бері бұл тақырыпты түрлі қырынан қарастыру үстінде.
Ғалым сонымен қатар қазақ халықаралық журналистикасын теориялық және тәжірибелік тұрғыда негіздеуге үлкен үлес қосқанын атап өтеміз. Ол осынау соны саланың теоретигі ғана болып табылмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Рахима Тегеранда тұрып, Иран ислам республикасының халықаралық телерадиохабарында жұмыс істеген бірден-бір қазақ журналисі. «Сауд Арабиясының ақпарат кеңістігі», «Мысыр баспасөзі бойынша дәріс берудің маңызы», «Әлемдік ақпарат кеңістігі және ұлттық идеология», «Бай-өлке радиосының рухани мұралары», «Әлем радиоларындағы діни хабарлар» атты құнды ғылыми мақалалары алыс және таяу шетелдерде ғылыми айналымға енген.
«Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша еліміздегі алғаш жарық көрген «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралында және «Халықаралық радиожурналистика» оқулығында рухани журналистиканың әлемдік тәжірибесі де сарапталып, араб елдері бұқаралық ақпарат құралдарындағы руханият мәселелері, Иран бұқаралық ақпарат құралдары және аятолла Хомейни мұралары алғаш рет баяндалып, ғылыми айналымға түскен.
Еліміз ақыл-ой, жүрек қуатын талап ететін білім экономикасына аяқ басқан қазіргі тұста ғылым қайраткеріне қойылар талап та, жүктелер міндет те ауқымды. Ізденіс іркілмесін деп тілелік, ағайын!
PS: Газетіміздің жанашыры Рахима Шәріпқызын жетпіс жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, отбасына қуаныш-шаттық, шығармашылық табыс, өмірде сәттілік тілейміз.
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері