Өз дәуірінің дарасы

Өз дәуірінің дарасы

Д.Қонаеқа-110 жыл

         Ел жадында ерекше сақталатын есімдер болады. Олар өзгелерден ерекшеленіп, артында өшпес өз қалдырады, елге қызмет етеді, жасампаздықтың үлгілі өнегесін көрсетіп, ірі тұлға ретінде тарих бетінен айрықша орын алады. Ұлы Абай айтқандай ақыл, қайрат пен жылы жүрек үшеуін бірдей ұстаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев-құрметті азамат, көрнекті қайраткер, ұлы адам, ірі тұлға.

       

  Қазақтың дана перзенті  Д.Қонаевтың туған жері – Алматы қаласы екені белгілі.  Ол  1912 жылғы 12 қаңтарда өмірге келгені тарихта алтын әріппен айшықталған. Бұл туралы Дінмұхамед Ахметұлы:

         – Балдәурен балалық шағым, қайран жастық дәуренім өткен осынау әсем қала мен үшін оттай ыстық. Әрине, балалық шақтың да, жастықтың да өз белгілері бар. Қызығынан қиындығы басым сол бір кезеңнің біреу біліп, біреу білмес, бірақ өзіме аян өмір жолы қандай болса, өзіммен бірге жасасқандай сезінетін бұл шаһардың да осындай бай тарихы бар,–  деп өзінің кіндік қаны тамған Алматысы жайлы тебіренеді.

         Басшылық қызмет атқарып жүрген кезде Дінмұхаммед Ахметұлы өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығының дамуына ат салысты. Әлеуметтік және экономикалық салаларымен қатар, ғылым, денсаулық, спорт және мәдениет аяларын назардан тыс қалдырмай, оларды дамыту мақсатында зор еңбек сіңірді.

         Дінмұхаммед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.

         Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Дінмұхаммед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-цинк және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты.

         Кемеңгер тұлға металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Жамбыл мен Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.

         Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды. Біраз ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді. Өз еңбектерінің халық шаруашылығына тигізер пайдасының зор екендігін іс жүзінде дәлелдеген еді. Өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, ол жас ғалымдарды қолдап, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді.

         Дінмұхамед Ахметұлы жастайынан қазақтың аса көрнекті тұлғаларының бірі және бірегейі, инженер-ғалым Мұхаметжан Тынышбаевты өзіне үлгі етеді. Петербордағы жол қатынастары инженерлерін дайындайтын институтты 1906 жылы тәмәмдаған, мұнан кейін Түрксиб теміржол құрылысын салуға белсене қатысқан қазақтан шыққан тұңғыш инженердің қарышты, қажымас қайрат-жігерін жасынан өзіне үлгі-өнеге ретінде қабылдаған жас азамат Димаш: «Осы кісідей инженер болам» деп армандайды. Ол кезде қазақ баласында тау-кен ісімен айналысқан кәсіп иелерінің жоқ  екендігі де жігітті ойландырған сияқты. Сонымен қатар, бозбала Димаш Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен ажырамастай тату, құшақтары айқасқан дос болғаны бар.

         Қазақ өнерін жоғары бағалаған Дінмұхаммед Ахметұлы өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері өз қызметін бастады. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар салынды.

         Асыл азамат Дінмұхамед Қонаев партия съездері шешімдерін халық мүддесіне арналған ақыл-ойдың, парасат-пайымның тұнығы, оның әбден таразыланып, елге бағыт-бағдар беретін құжаты деп бағалап, Қазақстанның қарыштап өсуін осы қағидаттармен байланыстыратын-ды.

         Бұл кісінің қарапайым, қазақи мінезін зейнеткерлік жасында да байқаған, куәгер болғандар бар. Оған арнап «Визитка» дайындау қажет болғанда, өзінің аты-жөнінен соң тек қана «Тау-кен инженері» деген сөздерді тіркетеді. Мұны көрген замандастары таңырқап:

         – Димеке, мұныңыз қалай? Сізде атақ пен дәрежелер баршылық, Сіз жоғары лауазымды қызметтеріңізді неге қоспайсыз? – деген.

Оған Димаш Ахметұлы:

         – Олардың бәрі өтпелі ғой. Ал «Тау-кен инженері» –  өмірлік нәрсе, – деп қысқа, әрі тәлім-тәрбиелік мәнді жауап берген көрінеді. Осы арқылы өзінің кәсіби мамандығына деген сүйіспеншілігін, әуелгі мамандығына адалдығын аңғартады.

         Димаш Ахметұлы әлемдік тарихи романдарды, әртүрлі көркем жанрлық әдебиеттерді құмарта оқып,халық әндері мен күйлерін сүйсіне тыңдайды екен. Сол себепті жазушылар мен өнер адамдарына құрметпен қарап, қолдай білген.

         Айтар болсақ, жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, атақты композиторлар Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқов, әншілер Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, т.б. еңбектеріне әрқашан қошемет көрсетіп отырған.

         Спорт  түрлерінен бокс пен күресті қызықтапты. Бұл кісі Қажымұқанның күресін өз көзімен көріп, аса таңданғанын жиі әңгіме етеді екен. Сондай-ақ, қолы босаған кездерінде аңшылықпен айналысса, оттықтарды жинауға да әуес болыпты.

         Осы күндері  Д. Қонаев  мұражайында 7000-нан астам құнды, сирек кездесетін кітап,  аңшылық қару-жарақтың сексеннен астам, ал оттықтың 470-тен астамы тұрғанын білеміз. Үлкен кісі тұтынған заттардың бәрі-бәрін мұқият күтіп ұстап, шаң қондырмай,  шашау шығармай сақтаған адам – Зухра Шәріпқызы екені айтпаса да түсінікті.  Димекеңнің жұбайы Зухра Шәріпқызы Қонаевтар әулетінің мақтанышы болды. Ол қазақтың біртуар перзентін айрықша аялап, күнделікті тыныс-тіршілігін байқап, назар аударып, қазақтың келініне тән қасиеттерімен танымал болған әйел.

         Дінмұхаммед Ахметұлы ғылым саласына қолдау көрсетіп қана қоймай, сол ғылымның дамуына өзіндік үлесін де қоса білді. Кен орнын қазудың тиімді әдіс-тәсілдерін ойлап тауып, Қазақстан экономикасының, металлургиясының дамуына айтарлықтай үлесін қоса білді...

...22 тамыз – Димекеңнің жүрегі мәңгіге тоқтаған күн. Демек, қазақы дәстүрмен марқұмның аруағын еске алып, рухына құран бағыштап, естеліктер айтатын уақыт.

         43 қала салған Қонаевтай бір туар тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те аздық етеді. Тіпті атының өзі бір қалаға берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Алметова Ляззат Амангелдіқызы, Тараз қаласы, 3 мектеп- лицейі тарих пәнінің мұғалімі
22.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 108
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 107
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 625
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 743
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 655
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 666

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8799
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8199
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11425
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9179
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10411