Өзгенің көз құртына айналған қазақ қыздары-ай...

Өзгенің көз құртына айналған қазақ қыздары-ай...

Өткенде атағынан ат үркетін ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың қызы (жиен қызы болар, тілшілер қызы деп жазыпты) жайлы ақпаратты орыстілді сайттардан алып, қазақтілді журналистер армансыз таратты. Оқып түсінгенім, Олжас атамыздың қызы жартылай жалаңаш киініп, шоу жасайды екен. Әкесі қызының қылығын құп көреді екен... 

Үлкен кісі туралы ештеңе айтқым келмейді. Бірақ... Осы «бірақ» біздің түбімізге жететін сияқты. Олжекең даңқты адам. Орысша тәрбие көрсе де, оны ресейліктер, әлем жұрты қазақ деп таниды. Алаш жұрты «өз баламыз» деп төбеге көтереді. Елге жол көрсететін темірқазық ағамыздың сықпыты осы! Әйтпесе қай қазақтың еркегі  қызының жартылай жалаңаш ел алдында жүргенін қалайды? Намысы бар ер-азамат өліп-ақ кететін нәрсе ғой бұл!

Иә, ұлттық намыс тапталып жатыр. Жаһандану дейтін жалмауыз ашық-шашық жүрген  қыздарымызға қол салды. Қол салғанда мол салды. Ұлттың ұяты саналатын қыздарымызды әбден жалаңаштап, бөксесін бұлтитып, төсін қылтитып қойды. Кіндігі ашылған, омырауы тырсиған қазақ қызы қала көшелерінде өріп жүр. Салт-сана, әдет-ұрып ескінің сарқыншағы секілді аяққа тапталуда. Мұның арты жақсылыққа апармасы белгілі. «Оян, қазақ!» демекпіз.  Намыс атты қазақ халқының асқақ абыройы жер бауырлап жатып қалды. Таяу мезгілде еңсесін тіктей алады деу қиын. Себебі арына дақ салмайтын қазақ қызы кім көрінгеннің мазағына айналды. Бетіне жел тигізбей өсіретін аруларды ат артына мінгізіп кино түсірді Ресей. Небір «жұлдыздардың» клипінде ыңырсыған, тыпыршыған қаракөздерді көргенде қаның қайнайды! Анайы киноларда төсек қатынасының «шебері» атанып ақшаға арын сатқандарға ерекше құрмет көрсетіле бастады. Солардың әке-шешелері не күйде екен? Қорланып отыр ма, жоқ әлде қыздарының бұл қылықтарына масаттанып жүр ме? Ой, Алла-ай, «қызым сексуальный» деген әке сөзін де естідік. Төсін айқара ашып, дін туралы көсіліп әңгіме айтатын қыздар көбейді.  «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін бабалар ұлағатын ескеретін ата-ана азайып барады, өкінішке орай. Ұл еркімен, қыз бетімен кетті. Бұл қазақ халқы  үшін үлкен қасірет! Әлпештеп, аялап өсірген қызының кім көрінгеннің соңынан жүгіргеніне қаны қызбаған, намысы қозбаған әкеден не қайыр, не үміт?! Қызына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-анаға лағынет жауатынын да ұмытпағанымыз абзал. «Қызым үйде,  қылығы түзде» дегенді ескерер кез жеткен секілді...

Осыдан бірнеше жыл бұрын  nur.kz сайты «жерден жеті қоян тапқандай»,  «қазақ қызы Диана Ізімова әйгілі испандық мотоциклші Хорхе Лоренцоны жарыс алдында ақ жол тілеп шығарып салды» деп жалаулата хабар таратты. Суреті қоса жүр. Суретте  қара домалақ қазақ қызы қара көзілдірік киген Испан жігітін күннен қорғап қолшатыр ұстап тұр. Өзі мәз. Еш қымсынатын емес, қайта «мені көрдіңдер ме» дегендей, көзін алмай қарайды. Киімі ашық-шашық. Бұл неткен кіріптарлық жаным-ау?! Қорлық қой мынау. Қазақ қызы, шынымен-ақ, қадірің түсіп, қасиетің қаша бастады ма?!  Сөйтсек, бұл басы екен, сорақысы артында болып шықты. «Еске сала кетейік, жаз айларында әйгілі испандық мотошабандоз, мотожарыстан екі дүркін әлем чемпионы Хорхе Лоренцо жарыс алдында өзін шығарып салатын сұлуларды Қазақстаннан таңдаған болатын» деп жазады сайт журналистері. Өлім-ау, өлім!.. 

Өз қандас қарындастарының шетел жұртының алдындағы жартылай жалаңаш көрінісін тым құрыса сайттарына салмай қойса, ақпараттың да «күш-қуаты» осыншалықты қатты әсер етпес еді халыққа. Төсі мен иығы жалаңаш, кіндігі бөксеге дейін ашылған қазақ қызына өзгенің көз құрты түспейді деп кім айта алады? Нәпсіні оятып, құмарлықты қоздырып тұрған оған, испандықтың ерні тисе не болады?! Бұл өзі мақтан етер, жалпы жұртқа үлгі қылар нәрсе ме? Бойында қазақтың қайнап жатқан қаны  бар журналистер бұлай етпесе керек-ті....

Сөйтсек,   Мото GP  Гран при жарысы өтер алдында үнемі байқау жариялайтын болып шықты. Оған әлемнің сұлулары барын салып,  жеңімпаздың қалауын орындау үшін, қазақшалап айтсақ, қолына су құюға таласады. Ар жағында не болатыны бізге беймәлім. Осындай аты шулы байқау біздің Астана қаласында өтіп, қарындасымыз Диана  «Хан шатыр аруы» атаныпты. Испан жігітіне жету үшін, байқап отырсақ, біраз сынақтардан өтіпті. Діні бөлек, тілі басқа ұлт өкіліне оны табындырып қойған қандай күш болды екен?! «Тәрбие басы – тал бесік» деп өткен бабалар неткен данышпан еді?!  Енді міне, қазақ қызы  өзінің «сүйікті спортшысын» қолтықтан демеп, жарыс жолына жөнелтіп, екі көзі төрт болып соның тілеуін тілеп отыр... Кім көрінгеннің мазағына айналған, қайран қазақ қыздары-ай, қайда барасыңдар?!

 

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
20.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ МАҢЫН РЕТТЕУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 66
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА КӘСІПКЕРЛІК ДАМЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 61
КӨКТЕМГІ ЕГІН ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚОСЫМША 300 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 63
 СОЗАҚ АУДАНЫНДА 20 ЖЫЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕР ТҰРҒЫН ҮЙ ТАРТУ ЕТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 24

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1728
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7759
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11636
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7806
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7960