Мен Сәуле Мешітбайқызын алғаш рет 2010 жылы маусым айында көрдім. Астандағы Журналистер үйінде «Qazaqstan zaman» газетінің бас болып ұйымдастырылған Көші-кон тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткен еді. Соған шетелден көшіп келген ағайындардың бір өкілі ретінде мен де шақыртылдым. Бұл дөңгелек үстелдік басқа жиналыстардан «қызықты» болғаны, бірнеше «даукес оралмандардың» басын қоса салмай, газет тілшілері, елге келген белсенді ағайындардың өкілдерінен бөлек, сол кездегі Көші-қон комитетін басқарып тұрған Қабылсаят Әбішевтің қатысуы еді. Сөз бастаған Сәуле Мешітбайқызы көші-қон саласындағы қордаланған амәселелерді ашық айтты. Сөз кезегі келгенде біз де біраз жерге «көсілдік». Сол дөңгелек үстелде айтылған пікірлердің барлығы газеттің жаңа нөмерінде басылып шықты.
Көші-қон саласында қордаланған мәселелер шаш-етектен. Мұны шешудің және ретке келтірудің жолдарын айтып, өз пікірлерін жоғарыға жеткізе алмай жүрген белсенді азаматардың «шер тарқатар, айтып-айтып алатын жалғыз жері» қазаққа жаны ашитын басылымдар еді. Солардың қатарында мен үшін «Qazaqstan dauiri» газетінің орны ерекше. Бұл жерде де газетті басқарып отырған Сәуле апайымыз бастаған жанашыр жақсыларымызбен қоса, билік пен халық арасында «алтын көпір» болып жүрген журналистер қауымының еңбегі ерекше дер едім.
Жоғарының шешімімен еліміздің әр өңірінде, елге оралған ағайындарға арнап, тұтас ауылдар тұрғызу мәселесі қолға алынғаны белгілі. Соның нәтижесінде СҚО-да, ШҚО-да және Ақмола облысында «Бәйтерек», «Нұрлы көш» қатарлы ауылдар бой көтерді. Өте жақсы бастама еді. Алайда сол ауылдарда салынған үйлердің сапасы сын көтермейді екен деген сыбыстар шығып жатты.. Оралмандарға арнап салынған сапасыз үйлерде дірдектеп отырған ағайындардың жағдайын «Қазақстан заман» жасқанбай талай мәрте жазды.
Келесі бір есте қалатын жағдай, Сәуле Мешітбайқызының Президентке айтқан даты еді. 2014 жылы «ҚР Кейбір заңнамалық актлеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңның ішінде қазақ көші-қонына кері әсерін тигізетін баптардың мақұлданып кетуі еді. Бұл қоғамда күшті наразылық туғызды. Өкінішке орай көзіқарақты, зиялы азаматтар бұл жайға қатты назар аударған жоқ. 2014 жылы желтоқсан айында Сәуле Мешітбайқызының «Заң жүзеге асса, 5 млн қазақтан тірідей айырыламыз» деген тақырыппен Елбасының атына жазған даты басылып шықты.
Шыны керек, бұл туралы көптеген танымал азаматтар жақ ашпаған еді. Осы мақала ғаламтор бетінде қатты таралды. Мүмкін осындай пікірлерідің әсері болды ма, сол заңдағы көңілге қонбайтын тұстар көп өтпей косметикалық өзгерістермен толықтырылды...
Міне, қазақтың бір қызы, ардақты анасы, қалам ұстаған қарымды журналисі Сәуле Мешітбайқызы осылайша қазақтың көші-қоны үшін «қанатымен су сепкен қарлығаштай» шырылдап келеді. Қадірлі Сәуле Мешітбайқызы, келіп жеткен мерейлі 75 жасыңыз құтты болсын! Сізге мықты денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін!