Қарабақта дау шықты

Қарабақта дау шықты

Кім кінәлі?

Таулы Қарабақ жерінде қайта дау шықты. Наурыздың 26 күні Ресей Қорғаныс министрлігі Әзірбайжан әскерлерінің әрекеті туралы ақпаратты жария етті. «Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Таулы Қарабақ жанжал аймағындағы ресейлік бітімгершілік контингентінің қызметі туралы ақпараттық бюллетень (2022 жылғы 26 наурыздағы жағдай бойынша)» деп аталатын жазбада Ресейдің бітімгершілік контингенті Таулы Қарабақ аумағында тапсырмаларды орындауды жалғастырып жатқандығын айта келіп, «24-25 наурыз аралығында Әзірбайжан Республикасының қарулы күштері Ресей, Әзірбайжан және Армения басшыларының 2020 жылғы 9 қарашадағы үшжақты мәлімдемесінің ережелерін бұза отырып, Ресейдің бітімгершілік контингентінің жауапкершілік аймағына кірді. Таулы Қарабақ территориясында бақылау бекетін орнатты. Байрактар-ТБ 2 типті ұшқышсыз ұшу аппараты ФУРУХ елді мекені маңындағы Таулы Қарабақ қарулы құрылымдарының бөлімшелеріне төрт рет соққы берді. Қазіргі уақытта ресейлік бітімгершілік контингентінің қолбасшылығы жағдайды реттеу және әскерлерді әуелгі орындарына қайтару шараларын қарастыруда. Әзірбайжан жағына әскерлерін кері шегіндіру туралы үндеу жолданды», – делінген.

Кейбір дереккөздері Ресей Қорғаныс министрлігінің бұл хабарды таратуына Армения әскерилерінің берген мәлімдемесі себеп болды дегенді айтады. Алайда Ресейдің бітімгершілік күштері бұл аймақта өз тапсырмаларын орындауды жалғастырып жатқанын бірнеше рет хабарлады. Яғни орыс әскерилерінің ештеңені көрмей тұрып, армениялықтардың ақпаратына сенім артуына негіз жоқ сияқты. 

24 наурыз күні Армения тарапы Қарабаққа жеткізілетін газ құбырын әзірбайжандардың қасақана тоқтатып тастағаны туралы шағымданған болатын. Ресей қорғаныс министрлігі сайтындағы тағы бір ақпаратта 24 наурыз күні Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың Армения Республикасының Қорғаныс министрі Сурен Папикянмен телефон арқылы сөйлесіп, «Ресей бітімгершілік күштерінің Таулы Қарабақта тапсырмаларды орындап жатқан аудандардағы ағымдағы жағдайды, сондай-ақ өзара мүдделі басқа да мәселелерді талқылағандығы» туралы хабарлады. Ал сол күннің ертесінде Сергей Шойгу Әзірбайжанның Қорғаныс министрімен телефон арқылы сөйлескендігі туралы хабар таралды. Онда, «Таулы Қарабақтағы бітімгершілік операциясы аймағындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Әзірбайжан республикасының қорғаныс министрі генерал-полковник Закир Гасановпен телефон арқылы сөйлесті. Әскери ведомстволардың басшылары Таулы Қарабақтағы жағдайды тұрақтандыру және Қап тауындағы қауіпсіздікті сақтау жолдарын талқылады. Сонымен қатар тараптар бітімгершілік операцияның барысы және оны жүзеге асыру аймағындағы гуманитарлық жағдай туралы пікір алмасты», – делінген еді.

Осыдан бірер күн өткенде Ресейдің құзырлы мекемесі әзірбайжандар оқыс қимылға көшті дегенді ресми түрде жаһанға жария етті. Дегенмен Армения тарапының газдан басталған дауы мен әскери қимылдары туралы хабарларына қарата Әзірбайжан тарапы да батыл үн қатып, «бұл өңірден Армения әскері толық әкетілетіні туралы келісімді орындауды» ұсынған. Әзірбайжандар сонымен қоса Ресей Қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеге де жауап қатты. Әзербайжан Қорғаныс министрлігі  Ресей Қорғаныс министрлігінің «Әзербайжан армиясы Қарабақтағы Феррух ауылынан әскерлерін шығарды» деген  мәлімдемесінің шындыққа жатпайтынын білдірді.

Қарабақ қырғынына нүкте қойылды ма, әлде... | Zhasalash

Министрлік мәлімдемесінде «Егеменді Әзербайжан территориясының бір бөлігі болып табылатыны Феррух ауылы мен оның айналасындағы төбелердегі позицияларда ешқандай өзгеріс болған жоқ. Әзербайжан әскерлері ешқайда шегінбеді. Сондай-ақ Ресей Қорғаныс министрлігінің «атысты тоқтату туралы шартты Әзербайжан бұзды» деген уәжінің негізсіз екендігін» мәлімдеді. Әзірбайжан территориясында «Таулы Қарабақ» деп аталатын әкімшілік аймақтық бірлік жоқ. Ресей Қорғаныс министрлігінің бұл сөзді қолдануы Әзірбайжанның аумақтық тұтастығына құрметсіздік болып табылады», – делінген.

 

Бұл шиеленіс қалай шешілмек?

Таулы Қарабақ жанжалы: Тарихы, себебі және салдары

2020 жылы 10 қарашадан бастап бұл аймақта 3 елдің келісімі арқылы атыс тоқтаған еді. Содан бері 2 жылға жуық тыныш тұрған Қарабақта дау қайта өршіді. Оған 8 наурыз күні Әзірбайжан иелігі арқылы жеткізілетін газ құбырынан шыққан ақау себеп болған сияқты. Шетелдік ақпарат көздерінің хабарлауынша Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан аймақтағы шиеленіс күшейген кезде құбыр «қираған» делініп, газ жеткізу уақытша тоқтаған. Жергілікті шенеуніктер Әзірбайжан әскері құбырды жөндеуге кедергі жасап жатқанын айтыпты. Табиғи газ құбырының жабылуы аудан тұрғындарын жылытудың басқа әдістерін қолдануға мәжбүр етіп, ауданда электр қуатының үзілуіне себеп болды. Армян тарапы аймаққа газ цистерналарын жедел жеткізіп, мәселені уақытша жеңілдеткен. Хабарламада жергілікті табиғи газдың 19 наурызда қайта жанданғаны, бірақ 21 наурыз күні кешке қайта үзілгені айтылған. Жергілікті шенеуніктер Әзірбайжанды клапанды әдейі жапты деп айыптап: «Газ құбырын жөндеу кезінде Әзірбайжан бірнеше сағат бұрын газ беруді тоқтатқан клапан орнатты деп айтуға толық негіз бар. Ауарайының қолайсыздығы, сөзсіз, гуманитарлық проблема туғызады. бұл қылмыс», – деген. Әзірбайжан сыртқы істер министрлігі бұл айыпты жоққа шығарып, оны «негізсіз» деп атады.

Ал соңғы жаңалықтарда Әзірбайжан әскерлерінің «шекара сызығынан аттап өткендігі» айтылып жатыр. Осының салдарына кішігірім қақтығыс болған. 26 наурыз күні Нака облысындағы жергілікті ақпарат көзі NKR InfoCenter аймақта әскери жағдай енгізілгенін хабарлады. Хабарларға қарағанда, сенбі күні Әзірбайжан қарулы күштері Нака аймағына қарай ілгерілеуін жалғастырып, Армения әскерімен қақтығыс болып, үш армян әскері қаза тауып, 15-і жараланғанын хабарлады. 

Соңғы ақпараттарға қарағанда халықаралық сарапшылар бұл шиеленіс жөнінде бірнеше жорамал айтып жатыр. Дегенмен олардың көпшілігі әзірбайжандарды кінәлі еткісі келетін сияқты. Қазір Армения ақпарат көздері Накаға жеткізілетін газ құбырының қайта-қайта жабылуы, шекара сызығынан аттау сынды әрекеттердің барлығы армияндарды соғысқа итермелеу арқылы арандату деп жазып жатқан көрінеді. Ал келесі бір «жауырыншылар»: «әзірбайжандар орайлы сәтті пайдаланып жатыр. Себебі Ресей Қарабақтағы әскерлерін Украина майданына аттандырып жатыр. Қазір бітімгершілік күштері азайды. Әзірбайжандар осы сәтті пайдаланып, Қарабақққа толығымен иелік етуді көздеп отыр» дейді.

Таулы Қарабақтың Әзірбайжан териториясы екендігін көптеген елдер мойындағандығы белгілі. Алайда 1991-1994 жылдары болған соғыста жеңіліс тапқан әзірбайжандар 2020 жылы болған 45 күндік ұрыста Қарабақтың басым бөлігін өз иеліктеріне алған еді. Алайда бұл аймақта толық шешім таппаған мәселелер әлі сақталып отыр. Бұл бейбіт келіссөздер арқылы біте ме әлде қарумен шешіле ме ол алдағы күннің еншісінде... Дегенмен Қап тауының оңтүстігі әлем назарына қайта ілігетін сияқты.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
01.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 191
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 184
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 694
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 816
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 730

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8886
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8281
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11509
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9265
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10493