«Қаралы қаңтардың» ащы сабақтары немесе халыққа жасалған қастандық

«Қаралы  қаңтардың» ащы  сабақтары немесе халыққа жасалған қастандық

Биылғы жылдың басы қаралы күнмен басталды. Еліміздің бірнеше қаласында қан төгілді. Арты үлкен қасіретке ұласты. Қазақ руханиятының бас қаласы ару Алматы отқа оранды, бүлікшілікке ұшырады. Қаншама жазықсыз жандар оққа ұшты, өлім құшты. Алатаумен таласқан  зәулім ғимараттар қирады, дүкендер, банктер, қару-жарақтар тоналды. Шаһар аяусыз басып-жанышталды. Біздің жүрегіміз қан жылады. Алматы шаһарының сол сәттегі сүреңсіз кейпі әлі көз алдымда –тынысы тарылған, шынысы шағылған. Оның осы бейшара келбеті Алматыны өзімнің сүйікті қалам деп есептейтін талайлардың жанын ауыртқаны анық. 

Содан кейін-ақ  аласапыран күйге түсті. Бір күдік, бір үміт теке-тіресті, жақсылық пен жамандық өліспей беріспеді. Біреулер жанашырлықпен шын күйзелді. Еркіндігімізге сәт сайын қауіп төніп келе жатқанын, еліміздің азаттығы қыл үстінде тұрғанына жандары қалмай шырылдады. Ал екінші біреулер ... отқа оранған қаланың жалынына қойының басын үйтіп алғысы келді.

 

Кімге сенеміз – ресми ақпаратқа ма, әлеуметтік желіге ме?

Қаңтар айының басында әлеуметтік әділетсіздік салдарынан туындаған жаппай наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан кезде билік оған «мемлекеттік төңкеріс талпынысы» деп баға берген болатын. Одан кейін билік «сыртқы күштер» мен елге әртүрлі жолмен бойтасалап кірген «20 мың гастербайтер содырлар» туралы айтқанымен, оған әлі күнге қоғамды сендіретіндей дәлел келтірген жоқ. Дәлел келтірмеген соң, жұртшылық ресми билік келтірген «ресми деректер мен мәліметтерге» күмәнмен қарамай тұрмайды. Сондықтан қаралы қаңтардағы қасіреттер салдары жұртқа кеңінен мәлім болғанымен, оның түпкі себептері қоғамдағы әртүрлі пікірлерге сеп болып жатыр. Мысал ма, мінекейіңіз. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігі «басы кесілген екі полицей» жөнінде ақпарат таратты. Яғни 6 қаңтар күні «Қазақпарат» агенттігі  Алматыда  «басы кесілген екі полицейдің  денесі табылғаны» туралы алғаш рет ақпарат жариялады. Оны Ресей ақпарат құралдары  жерден жеті қоян тапқандай сол замат іліп әкетті. Олар мемлекеттік «Хабар» арнасына сүйене отырып, «басы кесілген құқық қорғау қызметкерлерінің мәйіті табылғаны» жөнінде кеңінен хабарлағанын айта кету керек. Ал 10 қаңтарда өткен ҰҚШҰ отырысында президент Қ. Тоқаев «басы кесілген күштік құрылым өкілдері» жайында ресми түрде мәлімдеді. Кейін де бұл фактіні көптеген ресми билік өкілдері бірнеше рет тілдеріне тиек етті. 

Ал арадан 37 күн өткен соң (17.02.2022 ж.) Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов қаңтар оқиғасы кезінде «наразы топ екі полицейдің басын кесіпті» деген ақпаратты жоққа шығарды. «Басы кесілген полицейлер туралы ақпарат шын мәнінде өтірік болып шықты. Мұны жоғары лауазым шенеунігі Р.Әбдрахмановтың өзі айтты. Ал бұл оқиғаны Тоқаев «исламшыл террористердің әрекеті» деп сипаттаған еді, елге ҰҚШҰ әскерін кіргізуге де негізгі себеп осы оқиға болған-ды» деп жазды журналист Аслан Мұхамеджанов «Facebook» жүйесінде.

Қаңтар трагедиясы кезінде болған бұл жантүршігерлік қатыгездік туралы айтқан президенттің жазбасы кейін күтпеген жерден жоғалып кетті. Өкінішке қарай, халық арасында Алматы қаласында орын алды деген осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Егер «наразы топ екі полицейдің басын кесіпті» деген ақпарат жалған болса, бұл жалған ақпаратты кім ойлап тапты? Не үшін ойлап тапты? Бұл жалған ақпарат ең алдымен кімнің аузынан шықты? Полицейлердің «басын кесу» кімдердің ойына келуі мүмкін? Бейбіт шерушілер осыншама қатыгездікке баруы мүмкін бе? Бұл жалған фактіні президенттің аузына кім салды? Бұл фактіні бір айдан соң «жалған ақпарат» деп жоққа шығаруға не  себеп болды? Сонда бұл тек ҰҚШҰ әскерін елге кіргізу үшін ғана ойлап табылған жалған факті болғаны ма? Әлі де басқа себебі бар ма? Ендеше президент жазбасы неге жоғалып кетті?.. Міне, қоғам нақты жауабын күтіп отырған сұрақтардың бірсыпырасы – осы. 

Осындайда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі еске түседі. Шерушілер мен солдаттар бетпе-бет келіп, бір-біріне бата алмай тұрғанда, «қазақтар орыс балабақшасына шабуыл жасап, балаларды бауыздап өлтіріп жатыр» деген жантүршігерлік ақпарат сол кезде солдаттар арасында желдей есті. Бұл сөз солдаттардың ызасын тудырып, қанын қайнатты. Ақырында ашуға берілген сарбаздар көз алдымызда шаш ал десе бас алатын жендетке айналып, көтерілісшілерді аяусыз басып-жаныштағаны белгілі. Бірақ кейін қазақтардың «орыс балабақшасына шабуыл жасап, орыс балаларын өлтіргені» туралы фактілердің жалған екені дәлелденді. Қазақ жастарының бейбіт шеруін аяусыз қанға бөктіруге түрткі болған бұл жалған ақпараттың авторы сол бойда белгісіз қалды, ол үшін ешкім жазаға тартылмады. Біреулер «солдаттарға дем беру үшін «үш әріптің»  ойлап тапқан амалдарының бірі» деп жүрді, кім білсін. Көрдіңіз бе, қолтаңбасы соған дәлме дәл ұқсас оқиға алдымыздан тағы да шығып отыр. 

Декабрьским событиям 23 года: О чем умалчивается? И почему?

Осы тақырыпта тағы бір әңгіме. Ереуілден кейін әлеуметтік желілерде ортағасырлық үлгідегі жазалауға арналған азаптау камералары туралы ақпараттар тарады. Кейін тұтқында отырған күдіктілердің өздері азаптау камераларында тергеушілердің өздерін қалай ұстағаны, қалай  ұрып-соққаны, қолдарын арқанға асып жазалағаны, тырнақ астына ине сұққаны, ыстық үтік басқаны, тіс сындырғаны, тағы басқадай түрлі жазалау түрлерін қолданғаны туралы өз ауыздарымен айтқан видеолар көрсетілді. Тергеу кезіндегі азаптауды көтере алмай, сынып кеткендер де болыпты, «ұрланған өлі денелер» туралы да ақпараттар тарады. Бірақ... ҚР ІІМ Қылмыстық – атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағанбетов баспасөз маслихатын өткізіп, бұл ақпараттарды да «жалған» деп мәлімдеді. «Қазіргі уақытта ақпараттық кеңістікте тергеу изоляторында жасалған азаптаулар туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар тарату жаппай жүріп жатқаны байқалады. Біз бұл ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін, сондай-ақ мұндай жалған хабарламалардың қоғамды әдейі адастырып, болған оқиғаларды бұрмалайтынын ресми түрде әрі үлкен жауапкершілікпен мәлімдейміз», – деді генерал. («Eqemen Qasaqstan», 17 ақпан 2022 ж.).

Мәселе осы жерде туындайды. Егер әлеуметтік желілерде көрсетіліп жатқан видеолар, тарап жатқан ақпараттар «шындыққа сәйкес келмесе, қоғамды әдейі адастыру үшін болған оқиғаларды бұрмалап жатса», «жалған» хабарламалар таратуымен айналысса, неге оларды қылмыстық жауапкершілікке тартпайды? Қылмыстық жауапкершілікке тартпаса, яғни, бұл жерде ресми емес ақпараттар мен көрсетілімдердің  астарында бір шындықтың болғаны ғой. Жауапқа тартуға асықпайтын себебі де сол болса керек. Бұл – бір. 

Екіншіден, «ресми емес ақпараттарға сенбеуге шақырған» мемлекеттік күштер өкілдері мәлімдеген ресми ақпараттарының «қоғамды адастырмайтын, болған оқиғаларды бұрмаламай жеткізетін» хабарламалар екеніне қалай сенуге болады? Яғни, мемлекет шенеуніктері өз мәлімдемелерінің «жалған ақпарат» еместігіне қалай сендіреді? Қоғам оның рас-өтірігін қайдан біледі? Қалай ажыратады? Мәселен, халық мемлекеттік шенеуніктердің аузынан шыққан ресми ақпараттарға отыз жыл бойы алғаусыз сеніп келді. Бірақ, ол ресми ақпараттар сенімді ақтады ма? Ақтаған жоқ. «Ресми ақпараттан басқаға сенбеуге шақырған» мемлекеттік шенеуніктер 30  жыл бойы шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпараттар таратумен айналысып келгенін қазір өздері де мойындауда. Соңы не болды? «Ресми ақпараттарға бала сияқты алданып қалғанымызды енді біліп жатырмыз» деп тағы да бізді бала сияқты алдарқатып жатыр. Айтыңызшы, сонда 30 жыл бойы алданған халық кімге сенуі керек – болған оқиғаны алдымен президенттің аузына салып, халыққа кеңінен таратып, бір айдан соң оны теріске шығарған ресми ақпаратқа ма, әлде әлеуметтік желідегі ақпаратқа ма? Сондықтан жылдар бойы алданған қоғамды, енді «ресми ақпараттардан басқаға сенбеуге шақырамыз» деп алдарқату, сендіру қиын. Өйткені сенімге селкеу түсті. Қоғамның сеніміне кіру үшін мемлекеттік құрылымдарға деген халықтың сенімін ұялату керек. Қазірше ол сенім ұялаған жоқ. Сенімге  кіру үшін, уақыт керек және көп жұмыс жасау қажет.

Айтпақшы «Қаңтар дүрбелеңі» кезінде бейбіт шерушілерді баудай түсірген бурят снайпері туралы да әртүрлі ақпарат тарады. Бірақ оның анық-қанығына байланысты ресми ақпарат әлі  ештеңе айтқан жоқ. Ал, әлеуметтік желілер бурят снайперінің аты-жөні, тұратын мекенжайы туралы ақпарат жариялап үлгерді. Агамалан Цевихметов – Ресей әскери қызметінің сержанты (келісім –шарт бойынша), 15.07 1989 жылы туылған. Танхай поселкесі (Улан-Удэ қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан), Красный Чпкой көшесі, 62-а үйінде тұрады.

Қоғам әлеуметтік желі арқылы тараған бұл ақпарат туралы да егжей-тегжейлі білгісі келеді.  «Халық қаласа, хан атын сояды» сөз бар қазақта. Олай болса, халықтың қалауы да, талабы да орынды.

 

НӘН-нің ескерткіші құлады, құлатқан кімдер?

Қаралы қаңтар: Назарбаевтың ескерткішін құлатқан жігіт істі болды -  ҚАЗАҚСТАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫҚаңтар қасіреті кезінде қаншама азаматтарымыз оққа ұшты, қаншамасы қыршын кетті. Тіршіліктің тұрлаусыз, бақтың баянсыз, достың опасыз, дүниенің жалған екенін көрдік. Қаңтар дүрбелеңінде қоғамның назарын өзіне аударған ерекше оқиға  – Талдықорған қаласында болды. Көшеге бейбіт шеруге шыққандар қала орталығындағы алаңда орналасқан елбасы Н.Назарбаевтың биік тұғырлы ескерткішін құлатты. Кейін ескерткішті құлатуға қатысқаны үшін Азамат Батырбаев тұтқынға алынды. Тұтқынға алынған Азаматты құқық қорғаушылар тергеу амалдарын жүргізу барысында зорлық-зомбылық көрсетіп, әбден азаптап қинаған. Әсіресе, арқасына үтік басып, шала үйітілген халі көпшілікті әрі үрейлендірді, әрі ашындырды. Қоғамның төбе шашы тік тұрды. Бұл мәселе президент Қ.Тоқаевтың «Qasaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында да арнайы сөз болғанын айта кету керек. 

 

Аманат комиссиясының құрамында 

Талдықорған изоляторына арнайы барып тексеру жүргізген белгілі адвокат Абзал Құспан оның себебін былайша түсіндірген еді: «...Бұл не өзі? Бұл – құқық қорғау қызметкерлерінің әдетіне айналған, ғайыптан тайып қолдарына түскен, тырнақтарына іліккен адамдарды ұрып-соғу ма? Азаматтан қандай да бір өш немесе кек алу ма? Жоқ, біздің ойымызша, бұл –  халыққа жасалған қастандық. Бұл әркеттерді ол адам бейнесіндегі айуандар Азаматқа тән  жарасын жасау үшін жасаған жоқ, бұны олар халыққа жан жарасын салу үшін жасаған! Бұл – тек Азаматты ғана азаптау, сабау емес, қалың елді, қазақты азаптау, сабау! Бұны жасағандар кімдер, қандай пиғылмен жасады, кімнің бұйрығымен жасалды, оны тергеушілер анықтай жатар».

 

 

Бұл оқиға сол замат мемлекет басшысының жеке бақылауына алынып, азаптау деректері бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Кейін беттестіру кезінде жәбірленуші Азамат өзін аяусыз азаптап денесін үтікпен күйдірген құқық қорғаушыларды таныды, көп кешікпей «полиция формасын жамылған» қылмыскерлер өз жазасын алды.

Біздің айтпағымыз бұл емес, біздің айтпағымыз – тұғырдағы ескерткішті құлату жайлы мәселе. Енді соған ойыссақ. Поляк тарихшысы Станислав Ежи Лецтің «Ескерткішті құлатқанда, тұғырына тиіспеңдер, қажет болуы мүмкін» деп әзілдейтіні бар. Әзіл де болса, шындықтан алыс кетпейді. Билік ауысса, заман өзгерсе, қаһармандарға деген көзқарас та  құбылып шығатыны белгілі. Оны сан  елдің тәжірбиесі дәлелдеген. Мәселен қазір соғыс өрті шарпыған Украина елі тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа идеологиялық саясатқа сай кеңес дәуірі көсемдерінің, ал АҚШ-та қол бастаған отарлаушылар мен конфедераттардың ескерткіштері жермен-жексен етіп құлатылды. Сөйтіп ұзақ жылдар көсем болған «таңдаулылар» керексіз қалып, мүсіндері тас-талқан болып қирады.

Мәліметтерге жүгінейік. Украина билігіне В.Ющенко келгеннен (2005ж) кейін ұлттық тарихқа деген мемлекеттің көзқарасы күрт өзгерді. Украинаны отар елге айналдыруда көп еңбек сіңірген Ленин, Сталин, Жуков, т.б. тарих бетінен өшіріліп, орнына бүкіл саналы ғұмырын Кеңес Одағына қарсы күреске арнаған Степан Бандера ұлттық қаһарманға айналдырылды. Оған көптеген ескерткіштер орнатылды, көшелерге аты берілді. Тіпті 2010 жылы  президент жарлығымен Украинаның ұлттық батыры атанды. (Алайда көп ұзамай Донецк қаласының соты ол жарлықтың күшін жойды). Жаңа саяси бағыт жаңа қаһармандардың ескерткіштерін тұрғызып қана қоймады, ескілерін құлатып, қоқысқа апарып тастады. Сонда нысанаға бүкіл дүниежүзі пролетариатының көсемі В.Ленин бірінші болып ілікті. 

 

Қолда бар деректерге сенсек, 1991 жылы бүкіл елде «күн көсемнің» 5500-ден астам ескерткіші қасқайып тұрыпты. Ал 2013 жылы олардың саны 2178-ге дейін кеміген. Бұл саясат билікке П.Порошенконың келуімен одан әрі қарқын алады. Қазір Ленин ескерткіштерінің жалпы саны мыңның ар жақ бер жағында қалған деседі. Онда да көпшілігі ресми Киевке бағынбайтын, жақында ғана Ресей тәуелсіздігін таныған ДНР және ЛНР аумақтарына тиесілі екен. Ұмытпасам, 2019 жылы Харьков қаласының орталығында тұрған маршал Жуковтың мүсіні тұғырынан тайдырылды. Мұны істеген Украина ұлтшыл ұйымдарының мүшелері деген ақпарат тараған сол кезде.

 

Осыдан екі жыл бұрын ескерткіштермен кескілескен күрес АҚШ-та да жүрді. 2020 жылы 25 мамырда өзінің қызметін асыра пайдаланған полицейдің қолынан көз жұмған Джордж Флойдтың өлімі бұл елді үлкен дүрбелеңге салған болатын. Кезекті қара нәсілді азаматтың полицей қолынан қаза болғаны тұрғындардың (әсіресе қара нәсілді) қатты ашуын туғызды. Ызалы жұрт тау қопарып тастауға дайын еді. Олар Black Lives Matter қозғалысының бастауымен шықты көшеге. Расизмге қарсы бейбіт шеру алдымен ереуілге, сосын жаппай тәртіпсіздікке, құқық қорғаушылармен қақтығысқа, дүкендерді тонауға ұласты. Федералды билік ереуілшілерге қарсы ұлттық гвардия жауынгерлерін шығаруға мәжбүр болды. Алайда ереуілді басу әдісіне байланысты мәселеде штат губернаторлары мен бұрынғы президент Д.Трамптың көзқарастары бірдей болмай шықты. Трамп демонстранттарды тарату әдісіне қатаң жолды таңдаса, штат жетекшілерінің көпшілігі қатаң күш көрсетуді құп көрмеді. Тіпті Вашингтон қаласында бір көшеде ірі әріптермен қозғалыстың ұрандары жазылғаны белгілі. 

Алайда ереуілші топ ұран жазумен ғана шектелген жоқ. Олар енді 1861 – 1865 жылдары болған азамат соғысында қара нәсілділердің құлдық мәртебесін сақтап қалу үшін күрескен оңтүстіктегі конфедраттар қолбасшыларының құрметіне қойылған ескерткіштерді аяусыз құлатуға кірісті. Одан басқа расизмге қатысы бар деген тарихи тұлғалардың да мүсіндерін тұғырынан тайдырды. 

Қара нәсілді тұрғындардың бас көтерулерінен кейін барлығы болмаса да құлдық символдарға  байланысты біраз өзгерістер жүзеге асты. 

Енді өзіміздің Қазақстанға оралсақ, бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Тәуелсіздік алғаннан соң еліміз кезінде жергілікті халықты басып-жаншып, тонаған, қырғынға ұшыратқан Ресей империясы мен Кеңес Одағының қорқынышты естеліктерінен арылу саясатын жүргізіп келеді. Ленин, Сталин, Дзержинский сияқты пролетариат көсемдері, Октябрь революциясы, тағы басқа келмеске кеткен кеңес кезеңінен қалған, құлдықты, отаршылықты еске түсіретін ескерткіштерді тұғырынан түсіргені қашан. Дегенмен бұл «идеологиялық  тазалау» үрдісі солтүстік, шығыс аймақтарды өте баяу жүріп жатқаны ащы да болса ақиқат. Ал, кеңес дәуірін көксеп, «күн көсемдерге» жел тигізбей, көкірегімен қорғауға даяр кісілер әлі күнге дейін кездеседі десек, жала-жапқанымыз емес. Ал, оңтүстік пен батыс өңірлер бұл мәселелерде өте ширақ және бір сөзді. Сонау 90-жылдардың басында Сәтбаев қаласында қанішер басқыншы Ермак ескерткішін құлату кезіндегі текетірескен айқай-шу да әлі құлақтан кеткен жоқ. Әнеу бір жылы Тұздыбастау ауылындағы (Алматы облысы)  соңғы большевиктердің бірі Калининнің мүсінін құлатқанда, қуанбаған қазақ қалмаған шығар. Осы уақытқа дейін Жетісу жерінде «бүкілодақтық старостаның» ескерткіші қалай аман тұрғаны түсініксіз. Сол секілді қазақ зиялыларын «қойдай тізіп» өлімге айдаған Мирзоянның мүсіні де Ақтөбе жерін де көпке дейін «өз дегенін» жасап келіпті. Ол тас тұғырды тек 2018 жылы ғана босатты. Бұған да шүкір! Босатпай қойса, не болар еді?..

Негізгі тақырыпқа келсек, жыл басындағы дүрбелең кезінде Талдықорғанда шерушілер орталық алаңда тұрған Н.Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Сұрақ: Неге басқа емес, халықтың ашу-ызасына бірінші болып елбасының ескерткіші ілінді? Оған өшігуге не себеп?

Әр көтерілістің қозғаушы күші мен тарихи сахнасы болатыны сияқты, әр оқиғаның себебі  мен салдары болады. Сөз жоқ, қаңтар қақтығысы – әлеуметтік әділетсіздікке қарсы наразылық акциясы. Одан да анығырақ айтсақ, қаңтар қақтығысы – халыққа жасалған қастандық. Сонда мұндай әлеуметтік әділетсіздік жағдайына кім жеткізді? Халықты кедейшілікке кім әкелді? Мұншама қайыршылыққа кім ұрындырды? Азаматтарды конституциялық құқынан кім айырды? Әрине Назарбаев режимі.  Шын мәнінде, қаралы қаңтарда халық осы деспоттық режимге қарсы көтерілді. Диктатуралық билікке қарсы шықты. Бұл не деген сөз? Яғни, қаңтар ереуілі – 30 жыл бойы халықты сүліктей сорып, алдап-арбап келген Назарбаев режиміне қарсы шығу деген сөз. «Шал, кет!» деп ұрандатты. Бірақ шал кеткісі келмеді. Күш халық жақта екеніне көнгісі келмеді.  Нәтижесінде – клептократиялық жүйенің басты «жендетін»  тұғырынан күштеп түсіруге тура келді. Қазақстанда Назарбаев режимі осылай құлады! Себебі талдықорғандықтар 30 жыл бойы елді билеп-төстеген, халықты алдап-арбаумен, тонаумен айналысқан диктатордың ескерткіші қазіргі жаңа Қазақстан құру құндылықтарымен сәйкес келмейді деп шешсе керек.  Расында, тоталитарлық режимді, ұрлықты, артта қалушылықты, тоғышарлықты, бойкүйездікті насихаттайтын, деспотизмді еске түсіретін мұндай символдар мен ескерткіштер бізге керек пе?..  Керек емес.  Ендеше, «ғасыр ұрлығын» еске салып тұратын Назарбаев ескерткішінің де бізге түкке де қажеті жоқ! 

 

***

Қаңтар қасіреті қаншалықты ауыр болса да, біздің  тарихымыздың бір бөлігі. Қазір қоғам әлдебір рухани күйзелісті бастан кешіріп жатыр. Эмоцияға беріліп артықтау кетіп жатқандар да бар. Кейбір әлеуметтік топтардың жүйкесі сыр бере бастағаны да байқалады. Сондықтан, бейбіт шеруге шыққан аңқау елді пайдаланып, өздерінің арам пиғылдарын іске асырмақ болғандарды тез арада тауып, тиісті жазасын беру – бірінші кезектегі мәселе болуға тиіс. Әсіресе, осы қаралы қаңтардың «бас дирижері» табылып, тиісті жазасын тартса, сөйтіп қанды шеру сыры ашылса, әр нәрседен үрей шақырып отырған қара халықтың жан жарасы жеңіл тартар еді.

Ең басты мақсат – елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтау. Оның құны қандай ауыр  және қаншалық қымбат екенін қаңтар оқиғасы анық байқатты.

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ
10.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 81
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 603
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 720
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 632
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 642

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8779
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8179
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11408
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9162
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10392