Көңілімізге қуаныш ұялатқаны рас. Газетіміздің ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Ардагерлер кеңесі, «Аманат» партиясы, «Елана» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты дәстүрлі экспедициясы 1-7 қазан аралығында Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарына арнайы барып қайтты.
Халықпен жүздесіп, шаруа адамдарымен кездесіп, ел ішіндегі жетістіктерге марқайып, «Ел іші – өнер кеніші» екеніне тағы бір көз жеткізіп оралды. Сапар барысында білім ордаларына арнайы соғып, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап шығуды да ұмытпады. Бұл жолы экспедиция мүшелері әкімдермен жүздесіп, білім басқармасы және ауылшаруашылығы басшыларымен тілдесіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін саралап, экспедицияны қолдаушы «Аманат» партиясы төрағаларымен арнайы сұхбаттасып отырды. Себебі баяғыдай емес, қазір партия төрағалығы әкімдердің емес, «Аманаттың» берік қолында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз абстрактілі жетістіктерге емес, азаматтардың өмірін нақты жақсартуға негізделген жаңа экономикалық модельге кезең-кезеңімен, бірақ берік әрі батыл көшуіміз керек», – деп атап өткен болатын. Осы тұрғыдан көз салсақ, Арқалық қаласында өркендеу байқалады. Арқалық қаласының бюджеті шамамен 17 млрд теңгені құрайды екен, былтырғы 2022 жылғы бюджетпен салыстырғанда 2,4 есеге өскен. Бұл ретте, қала бюджетінің меншікті кірістері 3 млрд теңге, нысаналы трансферттер көлемі 14 млрд теңгені құраған. Бір қуанарлығы, Арқалық қаласында өңір экономикасының өнеркәсіптік секторын дамыту үшін 340 млрд теңгеге жуық қаражатқа 1 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек, өңдеу секторын дамыту үшін 194 млн теңгеге 39 жұмыс орнын құрумен 2 инвестициялық жоба іске асырылған. Оның біреуі – «Арк СЕРВИС СЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ол құны 35 млн теңге болатын «Үй жануарларына арналған азық өндіру» инвестициялық жобасын іске асырған. Жоба осы жылдың 1 сәуірінде пайдалануға беріліп, бірінші кезең бойынша 5 жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ, өндірісті кеңейте отырып, өнімді сату көрсеткішіне қарай тағы 4 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Екінші – «Torgay Invest Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұлар құны 159 млн теңге болатын «Конвейерлік роликтер өндірісі» жобасын іске асыруда. Жоба осы жылдың 15 маусымында пайдалануға берілді, 10 жұмыс орны құрылған. Осы жылдың соңына дейін тағы 20 жұмыс орнын ашуды жоспарланып отыр екен.
Қала өндірісінің жалпы көлемінде агроөнеркәсіп кешенінің үлесі 70%-ға тең. 2023 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауылшаруашылығында құны 11 млрд 998 млн теңге болатын өнім шығарылыпты. Өңірде қоғамдық қызмет көрсету саласында жоғары белсенділік байқалады. Осы ретте тамақтану және сауда нысандары, аттракцион, сұлулық салоны және басқа да қызмет көрсету орындары ашылуда. Білім беру саласын дамытуға 8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Ерекше айтар бір жайт, Арқалық қаласындағы №10 жалпы білім беретін мектепте 549 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен шарт жасалыпты. Жөндеуді 2024 жылы аяқтау жоспарлануда (2023 жылы – 192,1 млн теңге; 2024 жылы – 357,3 млн теңге; 2023 жылы қасбетті жөндеу, есіктерді, терезелерді, шатыр жабындарын орнату, сыртқы жөндеу жұмыстары жоспарлануда).
Сондай-ақ бұрынғы балалар үйінің ғимаратын 140 орындық балабақша ету үшін 109 млн теңгеге жөндеу жүргізіліпті. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 289 млн теңге бөлінген, оның ішінде:
- жалпы ауданы 6 мың шаршы метрден асатын 3 қалалық және 6 ауылдық мектептерде музыка мектебінің ғимаратын ағымдағы жөндеуге, төбені жөндеуге, сондай-ақ 3 білім беру ұйымдарында жылыту жүйесін жөндеуге және қазандықтарды ауыстыруға 255 млн теңге қарастырылған. Журналист Мұрат Жүнісұлының ақпаратына сенсек, Арқалықта егін қайта көктеп жатыр. Биыл ауа-райының қолайсыздығынан Арқалық өңірінде астықтың сапасы мәз болмай тұр. Жаз бойы құрғақшылық болып, күзде жауған толассыз жауын егінді нақ орып алар шақта қайта көктетіп жіберді. Егіндері көктеп, еңбектері еш боп отырғандардың бірі – Фурманов ауылындағы «Бірлік К» ЖШС. Серіктестік басшысының орынбасары Нариман Омаровтың айтуынша, бидай дәнінің көктеуі болғандықтан, элеваторлар толық қуатты жұмыс істеп, арасында екі-үш күн тоқтауға мәжбүр. Өйткені кептіру жұмыстары ұзақ процесті қажет етеді.
«Жаздай жаңбыр болмады. Қазір енді бүлініп кетті. Бидай көктеп кеткен. Бесінші сұрыпқа да келмейді. Тұқымға қалдыруға да жарамсыз», – дейді ол. Бұл мәселені Арқалық тұқым зертханасы да растап отыр. Зертхана Арқалық қаласымен қатар көршілес Аманкелді, Жанкелдин аудандарына да қызмет көрсетеді. «Зертханаға тұқымның сапасын анықтау үшін қабылдап жатырмыз. Биыл көрсеткіштер бойынша тұқым көктеген болып танылып жатыр. Жаңбырға дейін жинап алған шаруашылықтар да бар. Көбісі жауын-шашынға ұрынды. Соған байланысты, қазір тұқымның сапасы да төмендеп кетті. Егіннің шығымы орташа алғанда 95-96% болғанымен, тұқымға қалдыруға күмәнді. Ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің айтуынша, бұл өте тәуекелді іс. Ертеңгі күні тұқымның сапасының жақсы болуына ешкім анық кепілдік бере алмайды», – дейді Арқалық тұқым зертханасының меңгерушісі Балғадиша Әубәкірова.
Осылайша, өңірде көптеген егін көктеген болып танылды. Көктеген егін мал азығына болмаса, басқа қажеттіліктерге пайдалануға жарамайды. Мамандардың мәлімдеуінше, күмәнді тұқымды сепкен жағдайда масақтың іші бос болуы мүмкін.
Орайы келгенде айта кетсек, қалалық ауылшаруашылық бөлімінің есебінше, жалпы көлемі 297,2 мың га егіс алқаптың 275,8 мың га (92,8%) жинап алынды. Егіннің орташа түсімі гектарына 3 центнерді құрайды. Жоспарланған 20 мың тонна тұқымның 11,9 тоннасы (59,5%) орындалды.
Арқалық – проблемасы мен жетістігі итжығыс түсіп жатқан қала
Экспедиция барысында «AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының төрағасы Тасмағанбет Сабыржан Нұрсалиұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
Соңғы уақыттары «Аманат» партиясының дауысы жарқын-жарқын шыға бастады. Оған дәлел Парламент Мәжілісіндегі фракция өкілдерінің Үкіметке жолдап жатқан депутаттық сауалдары. Ел мен жерді аралап, халықпен тілдесіп келген мәжілісмендер халықтың көкейіндегі ой-пікірлерді заң шығарушы органның мінберінен қаймықпай айтуға мүмкіндік алуда. Бұл – жақсы бастама.
– Өзіңіз төрағалық етіп отырған Арқалық қаласындағы «Аманат» партиясы да халықтың жоғын жоқтауға барын салып жатыр. Істеліп жатқан жұмыс та қыруар. Арқалық қаласының және төңірегіндегі елді мекендердің бүгінгі ахуалына тоқталсаңыз. Халықтың тұрмыс-тіршілігі қалай? Жалпы Арқалық қаласы несімен ерекшеленеді?
– Сұрағыңызға рақмет. Өте жақсы сауал. Арқалық – проблемасы мен жетістігі итжығыс түсіп жатқан қала ғой. Торғай облысы жабылғаннан бері талай-талай кезеңдерден, қиыншылықтардан өтті. Бірақ соңғы екі-екі жарым жылда біраз жұмыс істелуде. Мысалы, қаланың ішіндегі көшелер мен жолдар жаңартылып, үйлердің төбелері жөнделіп, қасбеттері сырланып, бір жаңарып қалды. Бұл өзі бұрын болмаған нәрсе. Сондай-ақ қаламызда көшені жарықтандыру мәселесі де жақсы жолға қойылды. Тіпті кешегі Кеңес заманында болмаған бұл игі іс. Арқалық қаласының көшелерін жарықтандыру бойынша 37 млн теңгеге жұмыстар жүргізілді. Ұзындығы 6 шақырымнан асатын 204 темірбетонды жарықтандыру тіректері мен жарық шамдары орнатылды. Қаланы көше жарығымен қамту 100%-ды құрады. Қаламызда «Самұрық-Қазынаның» қолдауымен, сол жақтың жобасы бойынша «Қолайлы мектеп» қолға алынды. Бұл – екі жылдық жоба. Биыл басталып, келер жылы аяқталады деп отырмыз. Амандық болса, 2024 жылы қаламызда жаңа мектеп ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ қаладағы бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген мәдениет сарайына ерекше назар аударудамыз. Іші-сыртын реттеп, жаңа бейнеде жарқыратып қоюға бар мүмкіндік қарастырылуда. Бұл да екі жылдық жоба. Мәдениет сарайы халыққа, әсіресе жастарға, балаларға керек мекеме. Рухани жағынан да тұрғындардың мерейін көтеретін, қуанышын еселейтін, жандарын жадырататын орын.
Қала көшелерін ғана емес, Арқалық – Державин жолына да қаржы бөлініп, жөнделуде. Бұл өзі бірнеше жыл бойы халықтың жоғарыдан талап етіп келе жатқан шаруасы және орынды талап. Бұл проблема шешілуге таяу. Жол дұрысталып жатыр.
28 ақпан күні біздің қаламызға «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бастаған депутаттар келді. Театр ғимаратында үш жүздей адам жиналды. Халықпен ашық әңгіме-сұхбат жүргізілді. Сол жерде қала тұрғындары көптеген проблеманы көтерді. Соның бірі Арқалық – Державин жолы болатын. Арқалық қаласы тұрғындарының өтініш-тілектерін асықпай тыңдаған Ерлан Жақанұлының қолдауымен, тікелей тапсырмасымен Арқалық – Державин арасындағы жүз шақырым жол жөнделе бастады. Қостанай облысына қарасты 38 шақырым жер толық жөнделіп бітті. Енді Ақмола облысына қарасты қалған жолдың учаскісі де жақын арада бітуі тиіс.
Арқалықтағы тағы бір мәселе жылуға байланысты. Биыл жаз бойы қалалық жылу желілері тексеріліп, жөнделді. Жетпісінші, сексенінші жылдары салынған жер астындағы құбырлар шіріген, әбден тозған екен. Соны жаңарту жұмысы көктемнен бері жалғасып жатыр. Темір құбырларды пластик құбырлар алмастыруда. Пластик құбырлар өте төзімді, мықты келеді. Оны бәріңіз де білесіздер. ТЭЦ-тің өзінде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалаға 27 қыркүйектен бастап жылу жіберілді. Көмірден проблема жоқ. Бірақ, жасыратыны жоқ, Арқалықта шешілмеген мәселелер де аз емес.
– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, ТБРУ жөнінде не айтасыз? Ол туралы да ел ішінде алып-қашпа әңгіме көп.
– ТБРУ жабылды. Себебі баксит қоры таусылды. Ол жердегі жұмыскерлер (КамАЗ жүргізушілер т.б. ауыр техника игергендер) вахталық әдіспен жан-жақта жұмыс істеуде. Әрине, оңай емес.
«Алюминстрой» деген Арқалықта ЖШС бар. Соған жұмысқа тұрғандар бар. Басқа мекемелерге жұмысқа орналасқандар да баршылық. Оның сыртында Қостанай облысының Лисаковка жағында КБРУ деген бар. Сол жерде вахталық әдіспен жұмыс істеп нәпақасын айырып жүргендер қарасы көп. Оның орнына Маятас деген 150 шақырым аймақта кен орны ашылмақ. Мамандар сол жерде алтын қоры мол екенін айтуда. Екі-үш жыл бойы зерттеді. Соған байланысты келесі жылы Маятасқа зауыт салынуы мүмкін. Кен-байыту комбинаты дейді ғой. Егер зауыт салынып жатса, 1000-1200 жұмыс орны ашылады деп күтудеміз.
Арқалықта Мәжілістің және Сенаттың депутаттарымен кездесу өтті. Қалалық мәслихаттың депутаттары тартынып қалған жоқ. Әрқайсысы өзінің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Мысал үшін айтайын, біздің қалада мыңнан астам адам пәтерге кезекке тұр. Неге? Себебі қалада үй салынбайды. Осы мәселені біз көтердік. Бес қабатты үйлер салынуы керектігін айттық. Өйткені қалада халықты сақтап қалудың бір жолы сол.
Сол жолы көтерілген тағы бір проблема – Арқалықта әуежай ашу мәселесі. Студенттерді Арқалыққа көптеп тарту үшін (әсіресе институтқа студенттерді) жол қатынасы кедергі. Мысалы батыс пен оңтүстіктен келіп оқығысы келетіндер саны жылдан-жылға артып тұр. Оларға тиімді жол – әуе қатынасы. Жылдам әрі тез. Ал көлікпен, пойызбен жету үлкен қиындық туғызады. Жол шаршатады. Бұл логистика мәселесі ғой. Егер ұшақ болса, жолаушылар ғана емес, бизнестің де артуына себесін болатыны сөзсіз. Басқа салаларға да оның үлкен ықпалы боларын ешкім жоққа шығара қоймас.
Сол алқалы жиында біз қаланың газдандыру мәселесін алға тарттық. Өйткені көп жылдан бері пайдалануда жүрген ескі баллондар іші тазаланбаған, сырты тат басқан. Оны қолданудың басқа қауіп-қатері де жетеді. Қалада бес қабатты ғана емес, тоғыз қабатты үйлер де баршылық. Ол жерге газ алып шығу, оны сыртқа шығару қаншама қиындық туғызады. Жастарға жарайды, қарт кісілерге обал тіпті. ХХІ ғасырда мұндай тіршілік кешу үлкен ұят деп ойлаймын. Халық қалаулылары айтылған мәселелерді жоғарыға жеткізеді деп сенім білдіреміз. Біздіңше, газды Ақтөбе облысынан тарту керек. Жол-жөнекей Жангелдин және Амангелді аудандары да газдандырылып қалар еді.
Тағы бір мәселе бар. Арқалық тұрғындары Астанаға бару үшін пойызбен бірнеше сағат жүріп барады. 12 сағат. Таксимен де жол ұзақ. Айналма. Атбасар – Есіл қалаларын кесіп өту керек. Болмаса Қима арқылы жол бар. Бәрібір 500-600 шақырым. Ал Орталық-Батыс деген жоба бар. Егер бұл жоба іске асса, Арқалық пен Астананың арасы 350 шақырымға түсер еді. Жол қиындығынан халық құтылар еді. Үш-төрт сағатта Астанаға жетуге мүмкіндік туар еді. Бұл да өте маңызды жоба. Бұл мәселені қазір жаңадан сайланған жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев көтеріп жатыр. Үмітіміз зор. Бұл мәселе шешіледі деген сенім де зор халықта.
– Секе, халық көбіне әділдікті «Аманаттан» іздейді. «Аманаттың» Арқалық қаласындағы төрағасы өзіңіз. Жасырын болмаса, халық қандай мәселемен, қандай сұрақпен алдыңызға көп келеді. Халықты не алаңдатады? Неге көңілдері толмайды?
– Тамыз айында қабылдауыма көпбалалы, аз қамтылған отбасылар көп келді. Мысалы жеті баласы бар, оның екеуін мектепке дайындай алмайды. Амал жоқ бізге келген. Көмек қажет. Сондайда «Аманат» мүшелері бірігіп оларға көмек қолын созуға күш саламыз. Сөйтіп, 111 балаға көмек көрсеттік. Миллион жарым теңгеге оқу құралдарын, сөмке, дәптер, қағаз-қалам, спорттық киімдер, костюм-шалбар, көйлек т.б. мектепке қажетті дүниелер алынды. Олар өз иелерін тапты. Қиналған кісілер не сұрады, біз соны оларға тауып беріп көмек көрсеттік. Арқалық қаласында «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра» сияқты партиялық жобалар іске асырылуда.
Мысалы, Мамыр мерекелері кезінде біз Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Абыл Өмірбекұлы Ерденовпен бірге «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында дәстүрлі түрде Әбжан Нағима Алданазарқызын Жеңіс мейрамымен құттықтадық. Соғыс ардагері Әбжан Тоқай атамыздың бұл дүниеден озғанына біраз жыл болса да, біз батыр жерлесіміздің жолдасы Нағима апайды ұмытпай, мереке сайын келіп, құттықтап тұрамыз. Сол сияқты фракция мүшелері Кәки Шәріпұлы Ақанов, Қайырден Жиенбаев, Константин Иванович Ишутин секілді басқа да тыл ардагерлеріне барып, сый-сияпат көрсетіп, мерекелерімен құттықтап тұрады.
Сондай-ақ, Қарттар күнінде, Жаңа жыл мен Наурыз мейрамдарында және жалпы күнделікті өмірде үлкен кісілер, зейнеткерлер назардан тыс қалмайды. «Бақытты отбасы» атты партиялық жоба бойынша жыл сайын болатын Балалар күні қарсаңында аз қамтылған отбасыларға көңіл бөлінеді. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қала ғимараттарының мүгедектігі бар азаматтарға бейімделуі тексеріледі.
– Арқалықтағы азық-түлік бағасы қалай, оны қадағалап отырасыздар ма?
– Иә, нарықтағы баға қадағаланады. Рейд жасаймыз, мониторинг бар. Біз міндетті түрде кәсіпкерлік бөліммен бірге апта сайын шығып тұрамыз. Арқалықта соншалықты азық-түлік бағасының өсіп кетуі жоқ. Заң бойынша 10-15 пайыздан бағаны асыруға болмайды. Бұл мүлтіксіз орындалуға тиіс. Егер біреу заңға бағынбай тауарды ойына келген бағамен сатса, накладнойларын қарап, бағаны қайта түсіртеміз. Жауапқа тарамыз. Бірақ ондай фактілер өте аз. Көбінесе баға тұрақты деп айтуға әбден болады.
– Қалаға инвестиция тарту мәселесі қалай шешілуде?
– Қазір Арқалыққа инвесторлар келіп жатыр. Жоғарыда кен-байыту комбинатын айттым ғой. Егер зауыт ашылса, бұлар миллиардтаған қаржы құямыз деп отыр. Оның сыртында мал өсіремін деген азаматтар келіп, жер сұрап жатқандар бар. Бәрі ойдағыдай болса, инвестор жоба іске асып жатса, біздің өңірде мал шаруашылығы да дамиды деген ойдамын.
– Уақытыңызды бөліп, сауалдарға жауап бергеніңізге рақмет!
Батыры ұлықталған, халқы тұрақтаған Амангелді
Амангелді ауданы да жайнап, жасара түскендей. Биылғы жыл аудан үшін табысты жыл болғандай. Ұлт батыры, азаттық күресінің басты қаһармандарының бірі Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл және Амангелді ауданының құрылғанына 95 жылдық мерейтойы абыроймен атап өтілді.
Батыр атамыздың 150 жылдық тойының беташары сәуір айында еліміздің бас қаласы Астанадан бастау алып, қыркүйектің 3-9 аралығында Аманкелді ауданының орталығында өз мәресіне жеткені белгілі. Той қарсаңында аудан орталығының күнбатыс жақ бетіндегі ортасы асфальт төселінген жолдың екі жақ қанатына барлығы 34 ақ шаңқан киіз үйлер тігіліпті. Сонымен қатар әр үйлердің алдына арка орнатылып, екі жақ жанарына Аманкелді атамыздың айбарлы суреттері ілініп қойылыпты. Сөйтіп, бір сөзбен айтқанда, орталықтың ажар-көркін одан сайын асқақтатып тұрыпты. Мәдени көпшілік іс-шаралар өтетін орталық стадион, Мәдениет үйі, «Шұғыла» жастар демалыс орталығы және ұлттық спорт ойын түрлері өткізілетін (ат жарыс, көкпар, аударыспақ, күрес, айтыс) «Тойтөбе» ипподромы ерекше жабдықталынып, алыстан мен мұндалап тұрыпты. Бұның сыртында белгілі жиһангер, жерлес ағамыз Сапар Ысқақұлының өз қаражатымен салдырған, облыс бойынша тек Амангелді ауданында ғана бой көтеріп, пайдалануға берілген су бассейні мен әлі құрылысы жүріп жатқан (алайда қазірдің өзінде 3-4 нысаны іске қосылған) көпсалалық туристік кешені келушілерді бірден өзіне баурап алғанға ұқсайды. Той дүркіреп өтіпті. Халықтың арасында жүріп естіп-білгеніміз, осы тойдың аса жоғары деңгейде өтуіне барынша ықпалын жүргізіп, шынайы қолдауын білдірген, басы-қасында болған облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа амангелділік ағайын дән риза.
«Ауыл аманаты – ел аманаты» дәстүрлі экспедициясы қарсаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша ауданда 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні аталып өтілді. Бұл – аға буын өкілдеріне құрмет көрсететін қастерлі мерекелердің бірі. Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Елімізде қарттарға жасалған қамқорлық ерекше. Зейнеткерлердің зейнетақысын көбейту және оларға түрлі жеңілдіктер жасау туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларынан да тыс қалған емес. Өйткені еліміздің өркендеуі, еліміз бейбітшілікте тыныш өмір сүріп жатқаны қарттарымыздың арқасы. Олардың ел үшін, ұрпақ үшін жасаған еңбектері мен жүріп өткен жолдары ұрпағымызға үлгі-өнеге.
Қарттар күніне орай Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде «Қарттарым, аман-сау жүрші» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Аудан әкімі Талғат Карбозов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Дауылбай қазыналы қарияларды мерекемен құттықтап, аудан ардагерлерінің аудан экономикасы мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбектерін атап өтті. Құттықтаулардан соң, аудан өнерпаздары «Қарттарым, аман-сау жүрші» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды. А.Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай түсірілген кино көрсетілді. Сондай-ақ ауданда, ауылдық округтерде әр салада қызмет етіп, зейнетке шыққан ардагерлерге мекеме, кәсіпорын тарапынан сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді.
Тағы бір куә болған нәрсеміз, Амангелді ауданы Қарасу ауылдық округінде бөгеттерді бөгеу жолға қойылыпты. Бұдан бұрын ауыл іргесіндегі жазғы мал суаты «Жырық бөгет» бөгеліп, қажетті техникаларды жалға алуға кәсіпкер Мейрамғали Баймақов пен «Қазақ тұлпары» шаруа қожалығының басшысы Ержан Әбілдин қолдау көрсеткен екен. Нәтижесінде «Құлайғыр» бөгетінің бөгеу жұмыстары аяқталыпты.
– Қарасу ауылдық округі «Ағайдар» елді мекенінде орналасқан «Құлайғыр» бөгеті 2012 жылы су тасқыны кезінде жырылып кеткен болатын. Аудан әкімшілігінің қолдауымен биылғы жылдың 17 қыркүйегі күні «Аман-су» мекемесінің ауыр техникасымен бөгеу жұмыстары басталып, 27 қыркүйек күні бөгеу жұмыстары толық аяқталды. Топырақ ауыр техникамен үйілді. Оның беті нығыздалып, 50 сантиметрдей саз балшықпен жабылды. Бөгелеген жердің жалпы ұзындығы 40 метр, ал жалпақтығы 15 метр болады. Осы іске атсалысқан «Ағайдар», «Кемер» ауылының тұрғындары және Қарасу ауылы «Кәусар» шаруа қожалығының басшысы Сағадат Дәуғарин, «Нұрай» шаруа қожалығының басшысы Әскербек Әділханов жанар-жағармайдан көмектесті. Аудандық «Аман-су» мекемесі «КамАЗ» көлігімен қамтамасыз етті. Саз балшық төсеу кезінде аудан әкімінің көмегімен 40 тонналық қытай көлігі жұмыс жасады.
Алла амандығын берсе, келесі жылы судың мол қоры жиналып, мал суатына және көктемгі су тасқынының алдын алуға да пайдасы зор болады. Бұрындары су тасқыны кезінде Ағайдар ауылына су тасқыны қауіп төндіріп, әбігерге салатын. Енді ауыл тұрғындары алаңдамайтын болады. Осындай ауқымды іс-шарада Кемер ауылындағы Абдісалам Абдуахитов, Ораз Амантаев ағалардың, трактор жүргізушісі Ербол Молдағалиевтің еңбегі ерекше болды. Сол сияқты үлкен қолдау көрсеткен аудан әкімі Талғат Карбозовқа, аудан әкімінің орынбасары Малшыбай Қаласовқа, осы іске атсалысқан барлық азаматтарға ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіремін! – дейді Қарасу ауылдық округінің әкімі Ғасырсейт Қоржынбаев.
Көп жылдар бойы ауыл тұрғындарының мұңы болған бөгеттер бекемделіп, мал суатының қоры молаятын кезең таяу.
Қостанай облысы «AMANAT» партиясы Амангелді аудандық филиалы төрағасы Марал Досымов: «Қостанай облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының біріккен отырысында Амангелді – Қостанай – Амангелді бағытын әлеуметтік маңызы бар жол бағыты ретінде тану мәселесі қаралды. Бұның алдында, облыстық Тарифтік комиссияның қарауына ауданнан автобуспен тасымалдаушы жеке кәсіпкер Ж.А.Нөпіровтың атынан жол шығынының нақты есептері келіп түскен екен. Кәсіпкердің есебі бойынша, қазіргі тарифке сәйкес күнделікті осы бағыт бойынша қатынау оған тиімсіз. Тарифтік комиссия Ж.А.Нөпіровтың есебін тексеріп, қабылдап, аталған жол қатынасындағы бағытты әлеуметтік маңызы бар бағыт деп белгілеген. Әрине, Амангелді ауданы – аймақтың шалғай жатқан аудандарының бірі. Егер бұл көлік қатынасы жабылып қалса, адамдардың наразылығын туғызатыны сөзсіз. Және де, өкінішке қарай, әсіресе жылдың ауа-райы қолайсыз кезеңдерінде жолаушыларды алыс жолға алып шыққан жеңіл көліктер адамдардың өміріне қауіп төндіріп жататыны да, кейде қайғылы жағдайға ұшырататыны да ащы шындық. Сондықтанда алыс жолға асықпай автобуспен қатынау адамдардың қауіпсіздігін және жол ақысының салыстырмалы түрде төмендігін қамтамасыз етеді деген оймен, облыстық мәслихаттың депутаттары күн тәртібіндегі ұсынысты қолдады. Осы орайда айта кету керек, айтылған бағыттағы автобустың қызметін Наурызым мен Әулиекөл ауданының жол бойындағы ауылдарының тұрғындары да пайдалана алады. Бұл мәселені аудан халқымен болған кездесулерде «AMANAT» партиясы өз назарына алған болатын. Облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері осы мәселені бірнеше рет облыстың жолға жауапты басқарма басшыларымен талқылап, шешу жолдарын табуды сұраған еді. Міне, енді бұл тақырыпқа да нүкте қойылды деп айтуға болады».
Ғалым мен палуан ардақталған күн
Жангелдин ауданына экспедиция қарсаңында екі бірдей Торғайдан шыққан аптал азаматқа құрмет көрсетілді. Оның бірі ғұмыры ғибратқа толы ғалым Аймақов Оразхан ағаға арналған кеш Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде өтті. Ал енді бірі – Торғайдан шыққан тұңғыш қазақша күрестен спорт шебері, марқұм Қонысқара Нұрғалиев. Екеуі де қалың қазаққа есімдері белгілі тұлғалар.
Биотехнология – XXI ғасыр мамандығы. Қазақстанда алғаш рет Көкшетау мемлекеттік университетінде осы мамандықты ашқан профессор Аймақов Оразхан ағамыз болатын. Бұл 2002 жыл еді. Кейін басқа өңірлерде ашыла бастады. Ғалым қатерлі ісіктің алдын алуға арналған үш бірдей биомедпрепараттың авторы. Қазір қазақстандық өнім Мәскеуде Н.Н.Блохин атындағы ғылыми онкология орталығының зертханасында сынақтан өткізіліп жатыр. Оразхан Аймақұлы 1941 жылы 15 қыркүйекте Торғайда дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. Бүгінге дейін еліміздегі көптеген жоғарғы оқу орындарында доцент, кафедра меңгерушісі және т.б. қызметтер атқарған. Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым академиясының А.Н.Несмянов атындағы органикалық қосылыстар институтының аға ғылыми қызметкері /1996-1998/, 2003 жылдан бастап кафедра меңгерушісі болды. Химия ғылымына арнаған жиырма шақты кітабы, бірнеше әдістемелік оқу құралдары жарық көрген. Профессордың ЖОО студенттері, магистранттары, докторанттарына арналған «органикалық химияның теориялық негіздері», «Органикалық химияның стереохимиясы», «Фармацевтикалық химия» оқулықтары қазақ және ағылшын тілдерінде басылып шыққан. Сонымен қатар Оразхан ағамыз 5 авторлық куәлік пен үш патенттің иегері. 2006 жылы «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранттың иегері атанған. 1988 жылы Мәскеуде Химия факультетінде органикалық химия кафедрасының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі болып еңбек жасаған. 2014 жылы Астанаға келіп, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің біріккен ғылыми орталығына жетекші болып тағайындалған.
Оразхан ағамыз әлемнің көптеген елдерінде болып, әйгілі білім ордаларында дәріс оқыған. Мәскеудегі Ломоносов университетінде, Польшадағы Краков, Варшава жоғары оқу орындарында Оразхан ағамыздың атында жоғары оқу орындарында ғылыми зертханалар жұмыс жасайды. 2009 жылы Аймақовтың инновациялық ғылыми жобасы халықаралық конкурста жеңіске жетіп, жапониялық өндірістің инженерлік бейіндегі ЯМР-спектроскопия зертханасын ұтып алды. Бұл зертханада қазір отандық ғалымдар ғылыми зерттеулер жасап жүр.
Торғайдан шыққан тұңғыш спорт шебері Қонысқара Нұрғалиевті еске алу кешіне 10 команда қатысты. Оның үшеуі арнайы Астана қаласынан келген палуандар. Және Амангелді, Арқалық, Қостанай, Рудный, Жетіқара, Ұзынкөл ауданы, Жангелдин аудандарынан жиналған командалар атсалысып, бақтарын сынады.
Марқұм Қонысқара Нұрғалиев қазақша күрестен спорт шебері атағын Амангелді Имановтың Арқалық қаласында тойланған 100 жылдығы қарсаңында алыпты. Ол кезде Торғай облысы болатын. Торғайда өткен еске алу кешін шәкірттері ұйымдастырды. Нұрғалиев атындағы турнир келер жылы Қостанай қаласында өтпек.
Екінші республикалық турнирі Торғайдағы «Денешынықтыру сауықтыру спорт-кешенінде өтті. Әнмен әрленген, күймен сән берген турнирге халық көп жиналды. Қонысқара Нұрғалиев тек қана спортшы болған жоқ, ол кісі нақышына келтіріп күй тартатын, шабыттанып кетсе, ән де шырқай жөнелетін сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді... Турнирге келген көзін көрген аға буын спортшы жайлы жылы-жылы естеліктерін де айтуды ұмытпады.
Еске сала кетер дүние, «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша «Жаркөл» ауылдық округі Тәуіш ауылында «Денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені» салыну көзделген. Бұл ауылда Торғайдан шыққан тұңғыш спорт шебері, жылда турнирі республикалық деңгейде аталып өтетін Қонысқара Нұрғалиев ағамыз Қаратүбек орта мектебінде ғұмырының көп кезеңін өткізді. Денешынықтыру пәнінен сабақ берді. Шәкірттер тәрбиеледі. Спорт секциясын ашып, қазақ күресін дамытты. Кешегі алмағайып заманда үдере көшкен ата-бабасы Қостанай облысының Әулиекөл ауданының «Сұлу көліне» тұрақтапты. Қонысқара ағамыз сол мекенде дүниеге келіпті. Заман тынышталған кезде ата-анасы ата-мекеніне оралған.
Сөз соңында айтқымыз келгені, Тәуіш ауылында салынғалы жатқан «Денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені» Қонысқара Нұрғалиев ағаның атымен аталуға әбден лайық. Ол кісінің ауылдың, ауданның, облыстағы қазақ спортының жандануына сіңірген еңбегі де орасан. Халық та мұны қолдап отыр. Билік басында отырған азаматтар, аудандық, облыстық мәслихат және ел сенім артқан «Аманат» партиясы ел аманатына салғырт қарамайды деген ойда.
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК