Жетісудің жері ежелден ел бастаған көсемдерге, сөз бастаған шешендерге бай болған. Солардың қатарында Әлмерек абыздың ұрпағы, қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғаның бірі – Қашаған би Әуелұлы. Тектіліктің туын тіккен Қашаған бидің рухына Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылында ұрпақтары ас беріп, Құран бағыштап, ұлттық дәстүрге сай дүбірлі бәйге ұйымдастырды. Бұл рухани шара елдік пен бірліктің, ата-бабаға деген құрметтің айқын көрінісі болды. Асқа жиналған көпшілік алдымен Қашаған бидің өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін еске алып, тағылымды әңгімелер айтты. Себебі, оның ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге. «Қашаған би – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің тұтастығын ойлаған, сөзі дуалы, ісі өнегелі тұлға. Бүгінгі ас – өткенге тағзым, келешекке – аманат», - деді жиында сөз алған 95 жасты еңсерген ұрпағы Өмірбай ақсақал. Сонымен қатар елімізге танымал ғалым, тарихшы-саясаттанушы Нұрдәулет Белекұлы сөз алып, жалпы билер институтының мән-мағынасына тоқталып, соның ішінде Қашаған бидің тапқырлығы мен әділдігін паш ететін оқиғалар халықты бір серпілтіп тастады. Осындай игі шараны жүргізген талантты ақын, режиссер Аршын Нұрбақыт мазмұнды сөздерімен көпшілікке рухани әсер сыйласа, Кеген аудандық мәдениет үйінің әртістері домбыраның қоңыр үнімен ән шырқап жұртшылықтың рухын көтерді.

Қашаған би Әуелұлы шамамен 1820 жылы Шелек маңында дүниеге келген. Әкесі Әуел – ел ішінде әділдігімен, ақыл-парасатымен танылған адам болған. Жастайынан зерек өскен Қашаған ауыл молдасынан сауат ашып, ел арасындағы шешендер мен билердің жанында жүріп тәлім алады. Осылайша, ерте есейіп, сөзге шешендігімен, тапқырлығымен көзге түсіп, халық арасында «Бала би» атанады.
1847 жылы небәрі 27 жасында Албан елінің биі болып сайланып, ел басқару ісіне белсене араласады. Оның билігі әділдігімен ерекшеленіп, ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы секілді күрделі мәселелерді бейбіт жолмен шешіп отырған. Қашаған би тек төрелік айтумен шектелмей, халықтың тұрмысын жақсартуға да айрықша көңіл бөлген. Ол Ұзынбұлақ өңірінде егіншілік мәдениетін дамытып, арық қаздырып, көпір салдырған. Ауылдар арасында қатынас жолдарын ашып, сауда-саттықтың дамуына ықпал еткен. Сонымен қатар, халықты отырықшылыққа бейімдеп, тары, бидай ектіріп, өнімін ел игілігіне жаратқан.

Қашаған би 1871 жылы Меркі болысындағы бес ауылдың болыс басшысы болғаны архив деректерінде көрсетіледі. Бұл оның ел ішіндегі беделі мен ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болғанын аңғартады. Ол тек өз руының емес, бүкіл Жетісу өңірінің беделді биі, ақылман ақсақалына айналумен қатар, көрші қырғыз елінде де адал төрелігімен танылған. Халық арасында оның даналығы мен әділдігі туралы көптеген әңгімелері сақталған. Ол әрдайым елді бірлікке шақырып, татулықты ту еткен. «Бірлігі кеткен елдің тірлігі әлсірейді» деген ұстанымы оның өмірлік қағидасына айналған.

Қашаған би 1905 жылы дүниеден өтіп, Ұзынбұлақ ауылындағы ақбейітке жерленген. Оның артында өшпес өнеге, әділ билік, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі қалды.
Қашаған бидің ел алдындағы беделі мен парасатын замандастары да жоғары бағалаған. Соның айғағы ретінде Албанның атақты ақыны Құлмамбет:
«Әлмеректе Әуелдің ұлы Қашаған,
Құдай артық жасаған.
Ел билігін ерте ойлап,
Жау шығармай тасадан» –
деп жырлаған.
Бұл жолдар Қашаған бидің тек әділ би ғана емес, елдің тыныштығын ойлаған көреген тұлға болғанын айқын көрсетеді.
Осындай ұлы тұлғаның рухына арналған ас беру – ұрпақ парызы. Ас барысында ұлттық дәстүрге сай тай бәйге, аламан бәйге өткізіліп, жүйріктер жарысы ұйымдастырылды. Бұл шара ауыл өміріне ерекше серпін беріп, көпшіліктің көңілінен шықты.
Жиын соңында ақсақалдар бата беріп, ас ұйымдастырған ұрпақтарға алғыс айтты. Қашаған бидей елге қызмет еткен тұлғаларды ұлықтау – өткенді қадірлеу ғана емес, болашаққа бағдар екені анық.
Ұзынбұлақтағы бұл игі шара – тарихты тірілткен, рухты жаңғыртқан, ұрпақ сабақтастығын айқындаған тағылымды күн болып ел жадында қалары сөзсіз.
Салтанат Бакеева,
Ұзынбұлақ ауылы.















