«Қасиетті қазақ елі» – Павлодар төрінде өтті

«Қасиетті қазақ елі» – Павлодар төрінде өтті

Қазақ мәдениеті мен өнері шекарамен шектелмейді. Ұлттық төл өнеріміздің туы атамекенде ғана емес, қазақ баласы өмір сүретін барлық жерде желбіреп тұр деуге болады. Бұған жақында Павлодар облысында өткен дәстүрлі «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінде тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Павлодар облысы әкімінің қолдауымен және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» ҚБ мен «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен өтті.

«Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, «Қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» шеңберінде ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді дамыту, шетелдегі дарынды жастарды анықтау және оларды Қазақстанға тарту мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында өткізілді. Сонымен қатар шетелдегі дарынды қазақтардың қолөнерді, сөз өнерін, термешілік дәстүрді меңгерудегі шығармашылық шеберлігіне баса назар аударуды мақсат еткен ұйымдастырушылар, фестиваль арқылы олардың отансүйгіштік, рухани, ұлттық нақышта жасалған бұйымдарын, кәдесыйларын, өлеңдер мен орындаушылық шеберлігін қалың елге насихаттады.   Бұл фестиваль – қатысушылардың өз шығармашылық ойларын жүзеге асыруға, ең бастысы, шетелдегі қандастардың елге оралуына, қазақ жастарын еліміздің университеттер мен өнер колледждерінде кәсіби білім алуына мүмкіндік беріп, жол ашады. 

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған рухани шараға Түркия, Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан қатарлы елдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық қандасымыз келіп, өнер көрсетті. Дәстүрлі фестиваль аясында осымен үшінші мәрте шеттегі қандастардың басын Атажұртта біріктірді. Осы шараның басты ұйымдастырушысы, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» Павлодар облысы бойынша кеңсе басшысы Болат Зауытұлының атап өтуінше, шетелде тұратын қандастарымыз терме, дәстүрлі ән, жыр мүшайрасы және қолданбалы өнер номинациялары бойынша шақырылған.

– Екі күн бойы қарт Ертістің жағасы, көне Керекудің көшесі келісті әуен мен өнерпаздардың легіне толып кетті. Қала тұрғындары мен меймандары тек ән мен жырдың әуезіне малынып қойған жоқ, сөз патшасына жолығып, кәнуә тіккен шеберлер мен неше қилы әшекей соққан зергерлердің бұйымдарына тәнті болды. Халықаралық фестиваль шеңберінде өткен «Шығыс базары» көздің жауын алған бұйымдар мен кәдесыйларға толып, қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан сан алуан полотнолар иелерін тауып жатты, – дейді Болат Зауытұлы.

 Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» төрағасының орынбасары Алпысбай Әділбек  қатысып, алыстан келген меймандарға алғыс білдірді. 

– Біздің өңір әйгілі Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Естай, Иманжүсіп сынды дарынды тұлғалар шыққан киелі мекен. Сондықтан «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің биыл бізде өтуі заңды құбылыс және біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл шараның басты мақсаты – шетелдегі қандастарымыздың басын қосып, ұлттық мәдениетімізді ұлықтау. Осы сәтті пайдалана отырып, алыстан келген бауырларымызға біздің шақыртуымызды қабыл алғандары үшін алғыс білдіреміз, – деді Айзада Амангелдіқызы.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» төрағасының орынбасары Алпысбай Әділбектің сөзінше, шетелдегі қандастардың тілі мен дінін сақтап қалу мақсатында әртүрлі мәдени, рухани іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. 

– Шеттегі қандастарымыз да біздің бір бөлшегіміз. Мәдениетіміз де, тіліміз бен діліміз де бір. Біздің басты мақсатымыз – шалғайдағы талантты жастарға жол ашу, арадағы гуманитарлық байланыстарды нығайту. Біз қай жерде қазақ ұлты болса, сол елдердің барлығымен байланыс орнатып келеміз. Алдағы уақытта осындай ірі шараларға дүниежүзіндегі барлық елдерде тұратын қандастарды шақыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы этникалық қазақтардың Атамекенге деген құрметі зор,  қандай жұмыс жүргізсек те белсенді қатысып келеді, – дейді Әділбек Ыбырайымұлы. 

Дәстүрлі «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің бас жүлдесін Түркиядан келген қандасымыз, опера әншісі Гүлбусэ Шендуран

жеңіп алды. Ол дәстүрлі ән аталымы бойынша өнер көрсетті. Фестивальдың бас жүлдесін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары – Отандастар қоры КеАҚ Қазақ диаспорасымен жұмыс департаментінің басқарушы директоры Әділбек Ыбырайымұлы мен фестивальдың әділ қазылар алқасының төрағасы Бекен Сағындықұлы салтанатты түрде табыстады.     

Аталым бойынша 1-орын ҚХР-дан келген Сайлаубек Қуатберген еншілесе, 2-орынды мәскеулік  Дүсенбаев Тамирлан, 3-орынды моңғолиядан келген Смайл Шұға еншіледі. Арнайы жүлдені ҚХР-дан келген Мәкеш Ерланға байлады,

Жыр мүшәйрасы аталымын Шығыс Қазақстан ақыны Тәттімбек Асханұлына жеңіп алса, 2-орын  монғолиялық Шамшырақ Хуатайқызына, 3-орын  моңғолия азаматы Данагүл Исахұлқызына бұйырды. 

Терме жанры бойынша Ресейдің Орынбор қаласынан келген қандасымыз Айгерім Бижанова жеңімпаз атанды. 2-орын моңғолиялық қандасымыз Сатжан Класханұлына, 3-орын тараздық Сейтқұл Бақтиярға, арнайы жүлде павлодарлық Базарбай Азаматқа бұйырды.

Қолөнер номинациясы Жамбыл облысынан келген шебер Туғанай Жолақоваға бұйырды. Осы аталым бойынша 2-орын жүлдесі – өзбекстандық қандасымыз Нишанбаев Әлібек Абжамилуглиға, 3-орын жүлдесі – ресейлік қандасымыз Артықбай Смағұловқа, арнайы жүлде – павлодарлық Анар Журагатқызына берілді.

– Мен Түркияның Анкара қаласында туып-өстім. Бүгінгі таңда Анкара мемлекеттік консерваториясының опера жанры бөлімінде білім аламын. Біз отбасымызбен өнерге жақынбыз, соның ішінде қазақ өнері мен мәдениетін жиі насихаттап келеміз. Менің анам «Отау» деген өнер тобына жетекшілік етеді. Қазақстаннан келген өнерпаз жастарды шақырып, бірге жұмыс істейді. Түркия халқы қазақ өнерін ерекше құрметтейді және қолдайды. Бүгін Атажұртымызға келіп, қазақ халқының алдында өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Болашақта да байланыс үзілмейді деп сенемін, – дейді түркиялақ қандасымыз Гүлбусэ Шендуран.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлыққа ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ «Қасиетті қазақ елі» фестивалінің төсбелгісі тағылды. Осы күні Ертіс-Баян топырағына әлемнің әр тарабынан келген қандастарымыз фестивальдың гала-концертін тамашалап, зор ризашылықпен тарқасты.

 

Тілеуберді САХАБА
21.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 61
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 60
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 169
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 169
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 312
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 312
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 533
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 483

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9187
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8585
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11813
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9582
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10796