Қазақ баласын кім қорғайды?

Қазақ баласын кім қорғайды?

Елімізде бала құқығы ұғымы күн тәртібінен түспес отты мәселеге айналғалы қашан! Әсіресе мектептерде бала құқығы басты назарға алынған. Алайда бала құқығының күнделікті өмірде қорғалмай жатқанын көзіміз көріп жүр. Баланың санасын улайтын, оны жұлдызды дертке шалдықтыратын, психологиясына кері әсер етіп, теріс жолға итермелейтін әлеуметтік желілердің көптігі соншалық, бүгінгінің баласы телефонның тұтқынына айналып, ата-анасымен сырласудан гөрі, «қауіпті айнаға» жиі телміретін болды. Бүлдіршіннің де, жеткіншектің де назары түрлі сайттар мен желілерді жүргізетін «блогерлерге» қадалған. Жақсы мен жаманның аражігін ажырататын жасқа жетпеген жеткіншектер әлеуметтік желілерде айтылатын «ертегіге» сенеді, өкінішке орай. Жоғары білім алмай-ақ, «оп-оңай» байлыққа жету туралы қиялға беріледі. Ендігі әңгімеміз түрлі желілердегі бейәдеп әңгімелердің бала санасына қалай әсер ететіні туралы болмақ. Соңғы жылдары үлкен мен кішінің арасында тик-ток әлеуметтік желісі өте танымал. Қай қырынан танымал дейсіз ғой. Қайсыбір тиктокерлер ерсі қылықтарымен қалың көпшіліктің ықыласына бөленіп, әсіресайқымазақтанып жүр. Кейбір көрермендер тілі бейпіл, әрекеті ерсі мұндай «өнерпаздарды» жақтап, «өнерімен өз нанын тауып жүр» деп есептесе, енді бірі қоғамның көзін ашу үшін олардан құтылуға бар. Боғауыз сөзге толы бір минуттық бейнежазбаны парақтап отырғанда, соңына дейін көретін бала бар және керісінше бірден өткізіп жіберетін бала бар. Тәлім-тәрбиеден жұрдай, тек арзан күлкіге шақыратын бейнежазбаларды жиі тамашалайтын баланың санасы қараны ақ деп, терісті оң деп қабылдамасына кіп кепіл? Ата-ананың күнделікті «балам, қайда жүрсең де, қазақша сөйле, таза сөйле, тіліңді жерге таптатпа» деген сөздері балаға ой салып жатыр ма өзі? Өкінішке орай, бұндай байсалды тақырыпта ғибрат қозғамайтын отбасылар да бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал бүгінде өз құнын жоғалтқандай. Себебі, біздің заманымызда тәрбие ұядан гөрі телефоннан көбірек беріліп жатыр. Желідегі жұрттың қалай желпініп жатқанынан жүйелі хабардар болуға барын салатын тек жастар емес, үлкендердің өздері де әлеуметтік желіге байланған. Уақытында «балам, оң жағың мынау, сол жаққа бұра тартпа» деп ақыл айтып, қажет жерінде әрекетімен де үлгі болу кейбір ата-аналарға қияметтің қайымы. Олар бұл әрекеттерін «уақыт жоқ» деген сылтаумен ақтайды. Сөйтіп, баласының болашағын желіде желіккендерге тапсырғанын байқамай да қалады. Бұл – қазіргі жас буынның зиянды ақпараттардан қорғалмай, отбасы институттарының әлсіреп тұрғанының бір дәлелі. Қазіргі балалар жан-жақтан толассыз ағылған қауіпті ақпараттардың нөсерінде қалған. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, жыныстық қатынасқа түсудің «аса тиімді жолдарын» насихаттайтын қыз-жігіттер, өзімшілдікке баулитын коучтар, «бала, өз қалауыңды іске асыр» деп әзәзілдей азғыратын психологсымақтар, «әкем зорлады, ағам қорлады» деп еңіреген әйелдер. Осының барлығын көріп-біліп, құлағы үйренген бала кейін еті өліп, ештеңеден шімірікпес қаныпезерге айналмайды дегенге сене аламыз ба? Тілі орашолақ, шала қазақша бүлініп, елді күлдіріп жүргендердің де тәрбиесінен гөрі кесірі көп. Яғни, қазіргі интернет кеңістігінде ешбір заңның шеңберіне бағынбайтын боғауыздар, жазылушылар санын арттыру үшін ойына келгенін істейтін токтокерлерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр. Заңдық тұрғыдан тыйым болса, мұндай парақшалар баяғыда жабылып қалған болар еді. Заң тұсау салмаған соң, бала кесірлі ақпараттардың ағынында қорғансыз қалып жатыр. Ал, біздегі заң не дейді? ҚР Неке және отбасы заңнамасы «отбасының дамуын Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты ретінде айқындай отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді». Бізде отбасы мүшелерінің құқығын қорғайтын заң бар. Аталған заңның 2-бабының 1-тарауында «Неке және отбасы, ана, әке, бала мемлекеттің қорғауында болады» делінген. Және де баланы ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтармен байыта тәрбиелеу ісі де нақты назарға алынған. Ал, көріп жүрген шындығымыз мүлде бөлек. Бүгінгі бала моральдік қағидалардан алыс, жабайы, тұрпайы құбылыстарға жиі кездесіп отыр. ҚР баланың құқықтары туралы заңын да ашып қарадым. «Балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясат» деп аталатын 2-тараудың 6-бабы «Балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясаттың мақсаттары» деп аталады, әрі 6-тармақшасында «балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету болып табылады» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Белгілі болғандай, баланы зиянды ақпараттан қорғау мемлекеттік басымдылық берілген саясаттарының бірегейі екен. Олай болса, неге желідегі «жындыларға» мүлде заңдық шара қолданылмайды? Көпірген жел сөздің көрігін қыздыратын желі жұлдыздарына қарап отырып, «сөз мәдениеті» және «сөз әдебі» ұғымдарын балаларға сіңіріп көріңіз. Отбасынан, ұстазынан алып жүрген тәрбиесі қаншалықты оң болса да, ала құйын кесапат ақпараттардың теріс ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Дәл осы себептерден де бүгінгі бүлдіршіннің тілі кеш шығып, былдыры түсініксіз халде қалып жатқандары тағы бар. Ал желідегі сыпыртқан боқтықты жиі көрген баланың тілі де соның бір нұсқасына жақындары сөзсіз. Құрығы ұзын заң әділдік орнатып, ауа жайылған жабайы тілділерді түзеп те жатыр. Мұрат Әбділда атымен желіні жарған үлкен кісі боғауыз сөздер мен ерсі қылықтарына толы парақшасы үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бірі соттың бұл шешімін қолдамай, тиктокердің әрекетінде ешбір заңға қайшылық жоқтығын айтып ақтап жатты. Оның оқырманының көптігі соншалық, әлі күнге дейін бұрынғы бейнежазбалары тарап жүр. Деректерге көз жүгіртсем, сол көрермендерінің кем дегенде 60-70 пайызы кәмелет жасқа толмаған балалар. Яғни, оның парақшасына ауқымды аудитория алып келген де осы жасөспірім балалар. Бала психологиясына зақым келтіретін осындай оспадарсыздарға заңдық құрықты кеңінен салу қажет-ақ. Ағынды судай мөлдір бала жанын ластайтын мұндай мәңгүрттердің ел алдына шығып сандырақтауға құқы жоқ. Мен мектеп оқушыларынан сауалнама жүргізіп көрдім. Жауаптары сан алуан. 1-оқушы: – Мен үшін ондай арсыз бейнежазбаларды көру өте ұят, жиіркенішті. Олар өздерінің табысын ғана ойлайды. Ал өсіп келе жатқан балалардың түзу санамен дамуын ойларына алмайды. 2-оқушы: – Тұрпайы сөздер араласса несі бар, көре беремін. Олар мені тілдеп жатқан жоқ. Менің ештеңем кетпейді. Әрі боқауыз әзілдер қазір өтімді келеді. 3-оқушы: – Егер біреуге ашуланып ғайбат сөз айтып, өзінің құқығын қорғау үшін төмен қадамға барса, менің наразылығым жоқ. 4-оқушы: – Мұндай ардан безгендер қазір көбейіп барады. Ара-тұра көзім шалып қалса, әдепсіздіктерінен жүрегім айниды. Баланы қоршаған орта мөлдір болу керек. Меніңше, ондай былапыт сөйлейтіндерді заңмен қатаң жазалау керек. Жасөспірімдер пікірі екіге бөлініп, бірі арсыз күлкіні лайық көрсе, енді біреулері одан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Ұлы Абайдың даналығына үңілсем, хакім күлкі туралы төртінші қарасөзінде былай депті: «Әрбір байқаған адам білсе керек, күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын». Данышпанның сөзінен түйген ойым – мастыққа бергісіз жеңіл күлкіден, астары жоқ мәнсіз әзілден бойды аулақ салу керек. Яғни, ата-ана өз баласының сапалы әзілге күліп, мағыналы нәрсеге езу тартуын қамтамасыз еткені абзал. Бүкіл қоғам, мемлекеттік заң баланың зиянды ақпараттардан қорғалуын жан-жақты қамсыздандыруы – басты мәселе. Әлеуметтік желіде әумесерленген кей жұртқа қарап, заңның құрығы үнемі қатты бола бермейтіні көңіл қынжылтады. Желіден жаны жапа көрген жеткіншектерге ата-аналары кітап оқуға ақыл қосуға да қорқатын райлары бар, «Елу ертегі, жетпіс жұмбақ» кітабында «Дәулет құс» ертегісі берілген. Қысқаша мазмұнында әйелдің «жалған байы» (ертегі мәтінінен) туралы баяндалады. Кішкентай балаға ойнастық туралы ертегіні жазу арқылы қандай тәрбие бермек болды екен? «Дәулет құс» ертегісінің мәтіні сайқалдық, жеңіл жүріске салыну, азғындық әрі ұсынған кертартпалықтарды сипаттаған мәтін тілі өте дөрекі. Ардың ісі – әдебиетке топырақ шашқан мұндай кітаптармен балдырғандарды қалай тәрбиелеуге болады? Кітап шықпай тұрып, ұлттық қүндылық, ұлттық тәрбие тұрғысынан қатаң електен өтуі керек пе деген түйткілді ойға қаламыз. Бұл айтылған жағдай – баланың зиянды ақпараттардан қорғалмай жүргенінің екінші көрінісі. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел иесі. Оған ел болашағын сеніп тапсыру үшін адами болмысына, жеке тұлғалық биігіне сенеміз. Ал желіде отырып мазақ пен күлкіні аңдып өтетін баланың ертеңі де дәл сондай болмасына кім кепіл? Айтқым келгені өтімсіз, сапасы жоқ әзілдерден гөрі әдеби әзілдерді қолдансақ, келешек ұрпақ та әзілдің сапасын түсінер еді. Қазіргі қоғам «балам» демесе, ертең «елім» дейтін өренді таппай, жер шұқып қаларымыз анық. Сондықтан да оң-солын танымаған балаларды зардабы мол ақпараттардан қорғауды ата-ана, мұғалім, билік өкілдері, күллі қоғам болып бүгін қолға алуымыз ауадай қажет.

Қарақат НҰРЖҰМА
25.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 229
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 226
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 728
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 851
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 764

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8921
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8314
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11541
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9298
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10526